Бір ауылда халықты әрдайым жаман сөзімен ренжітетін бір жігіт болған екен. Ауылдың жасы үлкен қариясы бір күні оны қасына шақырады.
4-мәтін
Ботагөз бен Қарагөз апалы-сіңлілі. Бір күні олар жаңа үйге көшетін болды.Әкесі бірнеше жігітті ертіп келіп, үлкен машинаға үй жиһаздарын тией бастады. Ботагөз бен Қарагөз де жүктерді тасуға көмектесті. Көңілдері көп нәрсені қимайды.
Олар жолға шықты. Бірер сағатта машина бейтаныс әсем үйдің ауласына келіп тоқтады.
- Міне, біздің үйіміз осы, - деді аналары. Ботагөз бен Қарагөз жаңа үйді тамашалап, аралауға кірісті. Бір кезде Қарагөз терезе жақтауындағы қарлығаштың ұясын көріп:
- Алақай! – деп қуана айқайлап жіберді. Аң-таң болған Ботагөз жүгіріп сіңлісінің қасына келді. Екеуі қарлығаш ұясын ұзақ тамашалады. Жып-жинақы. Тостаған секілді. Қандай шебер жасалған! Ішінде қарлығаш балапан басып отыр. Жәудіреп екі қызға кезек қарап қояды.
Әкесі:
- Қарлығаш – адамға ең жақын жүретін құс. Ұясына тиіспеңдер, қайта ертең балапандары шықса, жем-су құйып, қамқорлықтарыңа алыңдар,- деді.Осыдан кейін екеуі күн сайын ұя алдына жем -су қоятын болды. Мұны қарлығаш түсінді. Қыздарға
бауыр басып кетті. Көп ұзамай балапандар да шыға бастады. Шиқ-шиқ етіп тамақ сұрайды. Ана қарлығаштың жұмысы тіпті көбейді. Күні бойы құрт-құмырсқа, шегіртке тасумен әуре.
Бір күні аулада ойнап жүрген қос қыз дәл жандарынан зу-зу етіп өте шыққан қарлығаштарды байқады. Қараса, аспанда төрт қарлығаш түгелімен ұшып жүр. Екеуі қол шапалақтап мәз болды. Қарлығаштар да оларды айнала ұшады. Қуанғаны болар.
5-мәтін
Түркістан- Қазақстанның
көне қалаларының бірі. Бұл қала еліміздің оңтүстік аймағында орналасқан.Түркістан қаласы қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. ХІІ-ХҮІ ғасырларда Түркістан қаласы Шабғар, Яссы деп аталған. ХҮІ ғасырдың ортасынан бастап қалаға жаңа атау берілді.Ол – Түркістан. Түркістан қаласы ХҮІІІ ғасырға дейін қазақ хандарының ірі орталығы және ресми ордасы болды.
Қожа Ахмет Йасауи кесенесі қаланың көне тарихынан сыр шертеді. Қожа Ахмет Түркістанда дүниеге келіп, өмірінің басым бөлігін осы арада өткізген. Ғұлама Қожа Ахметтің мазарына жыл сайын мыңдаған адам ағылып келіп жатады. Қасиетті Түркістанды «Екінші Мекке» деп атаған.
1903 жылы Түркістанға алғаш рет темір жол келген. Қазір Түркістан- тарихи және туристік қала.Түркістанға келгендер алдымен Қожа Ахмет Йасауи кесенесіне барады. Бұл кесене – сәулет өнерінің ең озық үлгісі. Кесене отыз бес бөлмеден және сегіз бөліктен тұрады. Кесененің жанында шығыс моншасы бар. Жер астында қырық төрт бөлмеден тұратын «қылует» деп аталатын ғибадатхана салынған.Түркістан қаласы Қожа Ахмет Йасауи атымен әлемге әйгілі болды.
Бүгінгі Түркістан- туристердің назарын аударып отырған қала. Түркістан қаласында туризмнің дамуына мүмкіндіктер мол. Туризмді экономиканың бір саласы деуге болады.
6-мәтін
Айша ұйқысынан бір түрлі мазасызданып тұрды. Оның бұл халін сезген анасы маңдайынан ұстап, қызуын тексеріп еді, денесінің қызып тұрғанын көріп, оны дереу дәрігерге алып бармақшы болды. Айша дәрігерден қатты қорықса да баруына тура келді. Себебі: “Егер мектепке бармасам достарымды, ұстаздарымды қалай көретін боламын?” деген үреймен тез жазылып, мектебіне оралғысы келді. Дәрігер ағай Айшаны тексеріп жатқанда, ... қатты қорқудың аса қажеті жоқ екенін түсінді.
Өйткені, дәрігер ағай оның температурасын ғана өлшеп, тамағын тексеріп, жүрек қағысын тыңдап көрген болатын. Негізінде Айша ауруының себебін өзі де білетін. Анасы мен ұстазы: “Терлеп тұрып су ішуге болмайды. Әйтпесе ауырып қаласың” деп үнемі айтса да, кеше мектепте әбден ойнап жүгіріп, терлеп тұрып мұздай су ішкен болатын. Енді міне ауырып отыр. Өзі де айтқанды тыңдамағанына қатты өкінді. Бұл ауру – оған бір сабақ болды. Дегенмен дәрігердің жазып берген дәрілерін ішіп, жақсылап тынығып, бірнеше күннен кейін оқуына оралды. Айша толық жазылып, достарына және ұстаздарына қауышқанына өте қатты қуанды.
Достарыңызбен бөлісу: