Ұлттық проблеманың бәрін тек интернационалдық тәрбиені жақсарту
арқылы ғана шешуге болады деп пайымдалды. Бұл бағыттағы тәрбие нақты
өмірден алшақ жүргізілді, интернационализм идеяларын насихаттаумен
шектелді. Осы мағынада алғанда интернационалдық тәрбие ұлттық саясаттың
орнына жүрді немесе бүтіндей оны ауыстырды.
Түрі ұлттық мәдениет, оқу мен тәрбие іс жүзінде аударма болды. 1970-80
жж. ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көбірек дәріптелді. Қоғамдық-
саяси өмірде еуропоцентризм басым еді. КСРО
халықтары мен ұлттарының
дамуындағы орыс мәдениетінің рөлін асыра бағалау етек алды. Біздің
тарихымыздың бөліп алуға болмайтын бөлігі болып табылатын көшпелілік
өркениеті мен шығыс мәдениетінің бүкіл қабаты жауып тасталды, адамдардың
тарихи санасын жою процесі жүрді. 1917 ж. Қазан төңкерісіне дейінгінің бәрін
ұмытуға табандылықпен мәжбүр етілді. Бұған керісінше Кеңес дәуірінің тарихы
барынша дәріптелді. Ресми органдар мен насихат қазақ халқының және
Одақтың басқа халықтарының нағыз тарихы тек 1917 жылдан басталады деп
жұртты сендірді.
Шұғыл интернационалдандыру, ұлттық мүдделерді есепке алмай
бюрократтық және күштеп қудалау әдістерімен
біртұтас совет халқының
қалыптасуын шапшаңдатуға тырысу ұлт саясатында өрескел ағаттықтар мен
елеулі қателіктер жіберуге әкеліп соқтырды. Ал шынайы интернационализм
«өз» ұлтыңның да және басқа ұлттардың да ұлттық мүдделерін түсініп,
мойындамайынша мүмкін емес еді. Ұлтшылдық ең алдымен ұлттық мүдделерді
кемсітуден пайда болады.
Қазақстанда тіл саясатында да кемсітушілік орын алды. Орыс тілін
республикада қазақтардың 60%-і меңгерсе, қазақ тілін орыстардың 1%-нен де
азы меңгерді. Қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектеліп, іс жүргізуде,
мемлекеттік,
дипломатиялық,
әскери
өмірде,
жоғары
мектептерде
қолданылмады. Кітаптың 95% орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының
70% эфирге орыс тілінде шықты. Бұрынғы КСРО-дағы империялық тіл саясаты
ең алдымен орыс тілін білмейтін адамдардың әлеуметтік өсу мүмкіндіктерін
шұғыл тарылта беру мақсатын көздеді.
Ұлт саясатындағы бұрмалаулар,
саяси ахуалдың қаталдандырылуы, еркін
ой-пікір айтуға өкіметтің төзбеушілігі, әсіресе, зиялылар арасында наразылық
туғызды. Ол түрліше көрінді. Студенттер, шығармашылық және ғылыми
интеллигенция арасында республиканы орыстандыру саясаты айыпталды, қазақ
тілінің
жағдайына,
республиканың
егемендік
құқының
жоқтығына
алаңдаушылық білдірілді.
Партиялық-мемлекеттік құрылым қызметінің 70-80-жж. басындағы өзекті
бағыты
бұрынғыша ұлтшылдыққа, жершілдіктің көріністеріне және
патриархалдық құрылысты дәріптеуге қарсы күрес болды. Өзгеше ойлаудың
барлық түрі қудаланды. Өмір сүріп тұрған жүйенің идеологиясы мен жаттанды
догмаларына сай келмеген өз көзқарастарын әдебиет пен өнер шығармаларында
бейнелеген интеллигенцияның өкілдері қудалауға ұшырады. Мысалы, ақын
О.Сүлейменовтың «АзиЯ» деген талантты кітабы осындай қасіретке ұшырады.
О.Сүлейменовтың оппоненттері «Молодая гвар- дия», «Москва», «Звезда» және
басқа журналдардағы мақалаларында кітаптың идеологиялық бағыты мен
мақсатына күмән келтірді. Ол ұлтшылдық, пантюркистік шығарма және орысқа
қарсы деп айыпталды.
Кеңестік билік ғалымдар арасындағы ой-пікір бостандығына барынша
тыйым салып отырды. Мысалы, 1976 жылы философия институтының авторлар
ұжымы даярлаған «Дәстүрлі қазақ өнерінің дүниетанымы» деген кітапты басып
шығаруға тыйым салды. Антрополог О.Исмағұловтың «Қазақстанның этностық
геногеографиясы» деген кітабы идеялық тұрғыдан зиянды деп табылды.
Авторға әдістемелік қате жіберген, ру-тайпалық факторларды бүгінгі заманмен
байланысты біржақты баяндаған деген айып тағылған. Кейінірек бұл айыптың
бәрі алынып тасталды.
1979 жылы жазда Ақмолада болған оқиға ұлттық қатынастардағы ұлғая
түскен қарама-қайшылықтардың көрінісі еді. Ол ұлттық қатынасты түпкілікті
халықтың мүдделерін есепке алмай орталықтың әміршілдік
әдіспен реттеуінің
мезгілі өткенін көрсетті. Қазақстанда 1979 жылы неміс автономиясын құру
әрекеті және оған қазақ тұрғындарының қарсы шығуы республиканың саяси
тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Қазақстанда неміс автономиялы
облысын құру туралы шешім 1979 жылы көктемде КОКП Орталық Комитеті
Саяси Бюросының мәжілісінде республиканың үкіметі мен Жоғарғы Кеңесінің
келісімінсіз қабылданды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол
кездегі бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың куәлік етуіне қарағанда, қазақ жерінің
қақ ортасынан неміс автономиялық облысын ашу туралы шешім қабылдауға
КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ю.Андропов
мұрындық
болған көрінеді. Бұл автономиялы облысқа Ақмола, Павлодар, Қарағанды және
Көкшетау облыстарының бірсыпыра аудандары беріліп, Ерейментау қаласы
оның орталығы жасалмақ болып белгіленді.
Автономиялы облыс құру туралы мәлімет республикаға тез тарап, қазақ
халқының заңды қарсылығын туғызды. Маусымның 16 күні таңертең негізінен
облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен техникумдарының
студенттері қатарындағы қазақ жастары қаланың орталық алаңына жиналды.
Жастар қазақ және орыс тілінде «Қазақстан бөлінбейді!», «Неміс автономиясы
болмасын!» және басқа ұрандар жазылған транспоранттар алып шықты.
Митинг Кремльдің неміс автономиясын құру туралы шешімін айыптаған үндеу
қабылдады. 19 маусымда Ақмолада тағы бір демонстрация болды. Оны
аудандардан келген соғыс және еңбек ардагерлері бастады. Оған 2 мыңнан 4
мыңға дейін адам қатысты. Демонстрацияға қатысушылар облыс басшыларына
автономияны құруға қарсы үндеу тапсырды. Ақмоладан кейін шағын
митингілер мен демонстрациялар Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда өтті.
КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының
бұл шешіміне ре- спубликада
тұратын немістердің өздері де қарсы болды. Олар «Қазақстаннан шаңырақ
сұрағанымыз жоқ, кеңес немістерінің ту тікпек жері Еділ бойы, автономия
алсақ, о бастағы «ата» қоныстан ірге көтереміз»,-деп отырып алды. Бұл жерде
еске салып кететін жағдай: бұрын Волга бойында, нақтырақ айтсақ Ресейдің
Волгоград және Саратов облыстарының аумағында
неміс автономиялық
облысы бар болатын. Ол 1941 жылы гитлерлік Германия әскерлері КСРО-ға
басып кіргеннен кейін Кеңес үкіметінің шешімімен таратылып, оның мыңдаған
азаматтары Қазақстан жеріне жер аударылған еді. Республика халқының
наразылығының нәтижесінде орталық өз шешімін өзгертуге мәжбүр болды.
Сөйтіп, Қазақстан жерінде неміс автономиялық облысын құру жөніндегі шешім
іске аспай қалды. Бұл бой көрсетулерден соң жазалау науқаны шектеліп
жүргізілді (бұл тоқырау заманы үшін болмаған оқиға) және тіпті әкімшілік
істері бойынша да сот процесі жүрген жоқ. Алайда республиканың басшылығы
және Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті демонстрация туралы хабардың кең
тарап кетпеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Баспасөз беттерінде бұл
оқиғалар туралы ештеңе жазылған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: