3. ТЫҢ ЖӘНЕ ТЫҢАЙҒАН ЖЕРЛЕРДI ИГЕРУ
XX ғасырдың 50 - жылдарында елде астықтың тапшылығы айқын байқалды. 1953 жылы 31 миллион тоннаға жетер - жетпес астық дайындалды, бiрақ 32 миллион тоннадан астам астық жұмсалды. Әсiресе азық - түлiк дақылы – бидай өте тапшы болды. Мал шаруашылығының жағдайы да мәз емес болатын.
Ендеше Кеңес үкiметi дағдарыстан шығудың жолы тың игеру деп тұжырымдады. Сонымен КОКП ОК –нiң 1954 жылғы Ақпан -Наурыз Пленумында Қазақстанда, Сiбiрде, Оралда, Солтүстiк Кавказ және Қиыр Шығыстың кейбiр аудандарында жаңа тың және тыңайған жерлердiң есебiнен астықты дақылдар егiстiгiнiң көлемiн кеңейту көзделдi. Пленум Қазақстанның және Сiбiрдiң ұжымшарлары мен кеңшарларында әр гектардан 14 -15 центнерден астық алуға және екi жылдан кейiн қосымша 1 млрд. 200 млн. пұт астық өндiруге толық мүмкiндiк бар деп санады.
Пленумда 1954 - 1955 жылдары жалпы елде кемiнде 13 млн. га, оның iшiнде 6,3 млн. га жердi Қазақстанда жырту көзделдi. 1954 жылы 13 тамызда қабылданған партия және үкiметтiң «Астық өндiрудi молайту үшiн тың жерлердi онан әрi игеру туралы» қаулысында аталған жерлердiң аумағын 1956 жылы 28 - 30 млн. гектарға жеткiзу белгiлендi. 1955 жылы елде игерiлген жаңа тың және тыңайған жерлер көлемi 29,7 млн. гектар, соның iшiнде Қазақстанда 18 млн. гектарға жеттi.
Тың белсендi игерiлген 1954 - 1960 жылдарда РКФСР-да 16,6 млн. гектар, ал Қазақстанда 25,5 млн гектар тың және тыңайған жерлердiң игерiлгенi қазiр мәлiм болып отыр.
Республика бүкiл егiстiгiнiң көлемi 1953 жылы 11 млн. гектардай едi, ендi тың игерiлгеннен кейiн оның көлемi 36 млн. гектардан асты.
Достарыңызбен бөлісу: |