Ғ. Мүсiреповтың «Оянған өлке», Ғ. Мустафиннiң «Қарағанды», «Көз көрген» романдары қоғамдық өмiрдегi қайшылықтың, солақайлықтың салқынына ұрынды. Мәдениетке қарсы науқан басында сол кездегi мемлекет басшылары республикалық партия комитетiнiң 1-хатшысы Исмаил Юсупов пен идеология хатшысы Нұрымбек Жандилдин тұрды. Соңғысы ұлттық мәдениеттi еуропалық мәдениетпен ауыстыруға бағыт алды. Әрине, мәдениеттiң озық үлгiлерi қашанда барлық ұлттар үшiн ортақ, дегенмен ұлтты өзiне тән дәстүрi, өнерi, мәдениетiнен бас тартқызу шектен шыққан зомбылық екендiгi күмәнсiз. Ол өзiнiң шайқасын алдымен қазақ домбырасымен, ұлт аспаптар оркестрiмен жауласудан бастады. Оны түбi таратып, симфониялық оркестрмен ауыстыру, сол арқылы еуропалық мәдениеттiң дәрежесiне жету қажет екенiн дәлелдеуге тырысты.
1958 жылы Мәскеуде қазақ әдебиетi мен өнерiнiң он күндiгiне Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрiн апару әлде апармау мәселесi туындағанда, онкүндiктi өткiзу жөнiндегi комиссияның төрағасы Кәрiпжанов «Оркестрдi апарудың қажетi бар ма? Мәскеуде ол кiмге керек!» деген екен. Өрескел, тұрпайы ойдың қаншалықты негiзсiз екенiн оркестрдiң бүгiнгi күнде республика өнер сахнасында алатын орнымен түсiндiрiлмек.
Әдiлетсiз сынның, қиянаттың ұшы Ахмет Жұбановқа да тидi. Қазақтың музыкалық өнерiнiң негiзiн қаласқан ғалым, сазгер «КСРО халық әртiсi» деген атаққа ұсынылмады, белсендi идеологтар мен еуропалық мәдениетке талпынған басшылар оның бұл атақты алуына қарсы болды, ұлттық өнер жалпы одақтық атаққа жарамайды деп санады.