38-БИЛЕТ: Абайдың сыншылдық көзқарасы: қарасөздері, өлеңдері арқылы талдау Абайдың сыны әр тарапты, әрі ауқымды: адамның мінез-құлқын ғана сынамайды, қоғамдық, әлеуметтік, әдеби де өнерлік, ғылыми, ұстаздық болып келеді. Алдымен ұлт мінезін қатал сынайды: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз...» - дейді жиырма төртінші сөзінде. Міне, ұлы ойшылдың арманы - осылай асқақ, көксеуі - күрделі, сыны - сындарлы. Ақынның сыншылдығын, негізінен, үш салаға даралаймыз. Бірінші - әлеумет өміріне, заманға көзқарасы. Екінші - өнер мен әдебиетке, ғылымға көзқарасы. Үшінші - жеке адамның мінез-құлқын адамшылық, имандылық, ұстаздық тұрғысынан бағалауы.... Абайдың көркемдік көзқарасы:«Әсемпаз болма әрнеге,Өнерпаз болсаң, арқалан,Сен де бір кірпіш дүниеге,Кетігін тап та бар, қалан!»-деген өлең жолдарынан-ақ көрінеді. Өнерге деген өрелі талғамынан оның сыни талап-тілегі туындап отырады. Ұлы ақынның поэзияға талабы «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы...» «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы. Сонда да солардың бар таңдамасы». «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын, Қазақтың келістірер қай баласы?». Абай осылай көркемдік шартын алға тартып қана қоймайды. Қолына домбыра алып, «топта сарнап мақтау өлең айтушыларды» көр-жерді құрастырушы, мақал-мәтелшіл ескі билерді де қатты шенейді. «Мал үшін біреуді алдап, біреуді арбаушы», сөз қадірін келтірушілердің қайыршылығын әшкерелеп берген. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегенде, көркем сөз қадірін біліп, бағалаушыны талғау, таңдауын көтеруді көздеген. Ойшыл ақын Он сегізінші сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады,» - дейді. Абайдың мінез-құлық, тәлім-тәрбиелік - ұстаздық сыны осы тұрғыдан әр тарапты, сан сипатты болып келеді. Сөз құдіретімен көркемдік қалыпқа құйғанда, сол сыны - жүрекке жылдам жетерлік ыстық леп, қызу қуатты немесе жиреніш сезімін оятарлық улы, зәрлі, кейде күлкілі, аянышты, күйінішті. Ақынның жоғарыдағы сынын негізінен екі салаға бөліп зерттеуге болады. Біріншісі - надандық, еріншектік, жалқаулық, мақтаншақтық, қулық-сұмдық, залымдық, парақорлық, жарамсақтық, ұрлық-қарлыққа байланысты жеке адамды сынауы, шенеуі, мысқылдап күлкі қылуы. Екіншісі - ғылымға, тәлім-тәрбиеге байланысты, қазақтың ұлттық керенаулығын, бойкүйездігі мен күншілдігі сияқты сүйекке сіңген көпе-көрінеу мінез-құлқын сынауы, мысқылдап, ызалы әжуа қылуы. Абайдың бүл сындары әр тарапты. Солардың бірі - сәнқойлық немесе кербездік. «Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі - бет пішінін, сақал-мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі - атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейінгілерге «әттең дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?! дейтұғын болмаққа ойланбақ» - деп, мысқыл етеді ақын. Бұл мінезден күйреп жатқан адам да, қоғам да жоқ. Ең қатерлісі - құныққан тойымсыздық. «Араны барған сайын қатты ашылып, жердің жүзін алуға ой ойлады». Ұлы ақын өр мінезді таныта суреттеп, тап басып сынайды. «Өтірік пен өсекке бәйге атындай аңқылдаушылар» бір топ, «Бойы бұлғаң, сөзі жылмаңдар», «ата-анасын малға сатқандар» осы топқа жатады, «бірадар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүргендері» бар, «қулық сауып, көз сүзіп, өнерсіз жерген иттер» мен «законшыл», «мал мен бақтың дұшпаны, кеселді пысықтар» өз жөнімен, «өзі көрген қоймасын ашып берер» сатқындар, «жау жағадан алған күн, өздері иттей тақымдар», «күн жауғанда қойныңда, күн ашықта мойыныңда жүретін» алаяқтар, «жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып ыржаң қаққандар», «сабырсыз, арсыз еріншектер» қосылғанда, қаншама мінез, қаншама нұсқан - ұсқын көз алдыңыздан өтеді. Міне, ақынның ашына сынап, ызалы күлкіге айналдыратындары. Осылардың арасынан «Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып, қас керіп, мойын бұрмақ, қоразданбақ» деп суреттелетін ұсқын - типтерді де көреміз.