1. Заңды күшіне енгеншешімдер, ұйғарымдар мен қаулылар жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.
Туындаған немесе орын алған, алайда олар туралы сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін белгілі болған, бұрын қаралған істі дұрыс шешу үшін айтарлықтай маңызы бар заңды фактілер шешімдерді, ұйғарымдарды және қаулыларды жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін негіздер болып табылады.
2. Шешімдерді, ұйғарымдар мен қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін:
1) заңды күшіне енген сот үкімімен, қаулысымен, қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың қаулыларымен анықталған куәгердің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс аудармау, заңсыз не негізсіз шешім шығаруға әкеп соққан құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы;
2) заңды күшіне енген сот үкімімен, қаулысымен, қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың қаулыларымен анықталған тараптардың, іске қатысатын басқа да адамдардың не олардың өкілдерінің қылмыстық құқық бұзушылығы немесе судьялардың осы істі қарау кезінде жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы;
3) осы шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны шығаруға негіз болған сот шешімінің, үкімінің, ұйғарымының немесе қаулысының не өзге де мемлекеттік орган қаулысының күшін жою негіздер болып табылады.