Азаматтық іс жүргізу құқығының қағидалары – азаматтық істер жүргізу құқығы нормаларында бекітілген идеялық-саяси, басшылыққа алынатын ережелер, олар процесстің құрылымын, табиғатын анықтайды, процессуалдық құқықтың әрбір нормасы мен институты қағидаларға сүйеніп құрылады (Осипов Ю.К.).
Қағидалардың құқықшығармашылық үшін, құқық қолдану соттық практика үшін де маңызы зор.
Азаматтық іс жүргізу құқығы қағидаларының жүйесі – бұл құқық саласының реттелген, логикалық өзара байланысты барлық қағидалардың жиынтығы.
Азаматтық іс жүргізу құқығының қағидалары Конституцияда, Сот жүйесі және судьяның мәртебесі туралы Конституциялық заңда бекітілген.
Нормативтік қайнар көзінің сипатына байланысты жіктеледі:
1) конституциялық, яғни ҚР Конституциясында бекітілген қағидалар. Мысалы, заң мен сот алдындағы теңдік (14-бап), сот төрелігінің тек қана сотпен жүзеге асырылуы (75-бап).
2) салалық, яғни салалық заңдарда бекітілгендер. Мысалы, жариялылық, сот өндірісінің ауызша және тікелей жүргізілуі.
М.А. Гурвичтің құқықтық реттеу объектісіне қарай жіктеуі бойынша екі топқа бөлуге болады:
1) сот төрелігін ұйымдастыру қағидалары (ұйымдастырушылық). Оған мына қағидалар жатады: сот төрелігінің тек сотпен жүзеге асырылуы; соттардың тәуелсіздігі және тек қана Конституция мен заңға бағынуы; судьялардың тағайындалуы; әркімнің заң мен сот алдындағы теңдігі; жариялылық; сот өндірісінің мемлекееттік тілі.
2) сот пен процесске қатысушылардың процессуалдық қызметтерін анықтайтын қағидалар (функционалдық, қызметтік). Оған мынадай қағидалар жатады: заңдылық; диспозитивтілік; сайысушылық: тараптардың теңдігі; сот талқысының ауызша және тікелей жүргізілуі.
Бұл ұсыныс көптеген ғалым-процессуалисттердің тарапынан қолдау тапты.