Қадағалау тәртібінде шағым мен наразаылықты қарастырушы соттар. ҚР АІЖК-нің 384-бабына сәйкес заңды күшіне енгеннен кейін:
1) бірінші сатыдағы соттың шешімдері;
2) апелляциялық және қадағалау сатысындағы соттардың қаулылары;
3) бірінші сатыдағы соттың істің одан әрі жылжуына кедергі келтіретін ұйғарымдары;
4) істе тараптар болып табылмайтын адамдардың мүдделерін қозғайтын сот актілері сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.
Бірінші сатыдағы саоттың заңды күшін енген сот бұйрықтары, ұйғарымдары сот қадағалауы тәртібімен қайта қарауға жатпайды.
Заңды күшіне енген, талап сомасы 5 мың есептік айлық көрсеткіштен кем болған жағдайда жеке тұлғалардың және талап сомасы 20 мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған жағдайда заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты шешімдер, ұйғарымдар (қаулылар) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасында қайта қарауға жатпайды.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қадағалау алқасының қаулылары қабылданған қаулының адамдардың өміріне, денсаулығына не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігіне орны толмас ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін екені туралы деректердің анықталуына байланысты ерекше жағдайларда қайта қаралуы мүмкін.
Соттың заңды күшіне енген шешімдеріне, ұйғарымдарына, қаулыларына тараптар және апелляциялық шағымдар беруге құқығы бар іске басқа да қатысушылар істі қадағалау тәртібімен қайта қарауға өкілетті сотқа тікелей шағымдана алады. ҚР АІЖК 385-бабына сәйкес, сот актілеріне:
ҚР Бас Прокуроры – облыстық және оған теңестірілген соттың қадағалау алқасына, ҚР Жоғарғы сотының қадағалау алқасына;
ҚР Бас Прокурорының орынбасарлары – облыстық және оған теңестірілген соттың қадағалау алқасына;
облыстық прокурор мен оған теңестірілген прокурорлар – облыстық және оларға теңестірілген соттың қадағалау алқасына наразылық білдіруге құқылы.
Істі қадағалау тәртібімен қарайтын соттарға төмендегілер жатады:
ҚР АІЖК 386-бабына сәйкес, облыстық және оған теңестірілген соттың қадағалау алқасы:
аудандық және оған теңестірілген соттардың заңды күшіне енген шешіміне, қаулысына, ұйғарымына;
облыстық және оған теңестірілген соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының апелляциялық қаулыларына қадағалау шағымдары, прокурор наразылықтары бойынша істерді қарайды.
ҚР Жоғарғы Сотының қадағалау алқасы:
бірінші сатыдағы соттардың шешімдеріне, ұйғарымдарына, қаулыларына;
облыстық және оған теңестірілген соттардың шешімдеріне, ұйғарымдарына, қаулыларына;
Қазақстан Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының апелляциялық тәртіппен шығарылған қаулыларына қадағалау шағымдары, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылықтары бойынша істерді қарайды.
ҚР АІЖК 387-бабына сәйкес, наразылық беруге құқылы уәкілетті тұлғалар, сонымен бірге аудандық және қалалық прокурорлар өз құзыреті шегінде тиісті соттардан қадағалау тәртібінде наразылық келтіру үшін негіздерді анықтау мақсатында істерді беруді талап етуге құқылы.
Егер наразылық беру туралы өтініште соттың материалдық немесе процессуалдық–құқықтық нормаларды өрескел бұзушылықтары туралы сенімді дәлелдері келтірілсе, іс қадағалау тәртібінде тексеру үшін сұратылады. Іс материалдары сұрау салысымен дереу жіберілуге жатады.