1 тақырып. Қазіргі әлемді түсінудегі әлеуметтану



бет28/51
Дата28.09.2023
өлшемі208,33 Kb.
#182902
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   51
Байланысты:
Тезисы Социология каз.

Теңестіру (идентификация) – қандай да қауымдастық мүшесі екенін сезіну. Өзін теңестіру арқылы бала ата-аналарының, ағайын- туыстарының, достарының, көршілерінің және т.б. әрекет-қылық үлгілерін, олар бойындағы құндылықты өнегелерді өзінің меншікті сапа-қасиеттері ретінде қабылдайды.
Психологиялық ұқсау мен теңестіру ұнамды тетіктер ретінде танылған, себебі бұлар белгілі әрекет-қылық қалыптарын қабылдауға бағдарланған. Ал ұят пен кінә – кейбір әрекет-қылық үлгілерін қабылдауға шек қояды немесе тіпті қабылдатпайды, осыдан мұндай тетіктер болымсыз не кері деп есептеледі.
Ұят, әдетте, адамды масқара, әшкере ету сезімімен бірге жүреді.
Бұл сезім тұлға әрекетін басқалар көзімен бағалауға негізделген.
Кінә сезіну – әр адамның өз айыбын өзі бағалауымен іштей күйзеліске түсуі. Адам өз жазасын өзі береді, ал мұны қадағалау әр тұлғаның өз ар- намысына байланысты.
Амеркан психологі Ч.Кули бала санасы мен оның өзіндік санасының қалыптасуында сол баланы қоршаған бастапқы ұжымдардағы өзге адамдар (ата-аналар, туыстар, көршілер, достар және т.б.) пікірлері мен түсініктерінің маңызды болатынына назар аударады.
Қоршаған орта адамдарының пікірлері тұлға үшін соншалықты маңызды да мәнді, себебі солардың ықпал-әсері арқасында тек өкілінің «Мен» сезімі дамиды. Ч. Кули бұл құбылысты «айналы (зеркальное) Мен» деп атаған.
Өзге адамдар – тек өкілінің көрінісін беретін айна іспетті, осы өзге адамдармен ұдайы қарым-қатынасқа келуден баланың өз «Мені» қалыптасады, яғни адам «Мені» әрбір тек өкілінің басқалармен ықпалдасты байланысынан туындайды.
Шынында да «айналы Мен» баланың өзіндік санасының маңызды элементі есептеледі. Осының арқасында балада өзіндік баға беру қабілеті дамиды, өз бойына басқалар көзімен қарауға үйреніп, өзін олардан саналы түрде ажырата біліп, өз қадірін мақтанышпен тануға немесе өз «Менін» қадірлемеуге дағдыланады.
Уақыт өтумен, бастапқы ұжымдардғы әлеуметтік ықпалды байланыстардың кеңеюімен субъективті «Мен» нығайып, тұрақтана бастайды: қоршаған адамдар ықпалымен тек өкілінің өзіндік қадағалау, бақылау қабілеті артады, әлеуметтік топ қалыптары мен құндылықтарын жоғары дәрежеде игеруге қол жеткізеді.
Ч. Кули теориясының ұнамды тарапы – адами «Мен» қалыптасуында әлеуметтік қарым-қатынастарға үлкен мән беріп, кіші әлеуметтік топтардың (ата-аналар, жақын-жуықтар, көршілер және т.б.) ықпалын жоғары бағалауында. Дегенмен, ол бала өміріндегі «Мен» дәрежесінің кемелденуінде бастапқы ұжымдардың ролін әсірелей отырып, әлеуметтік мекемелер (оқу, білім, тәрбие орындары) ықпалына ақау түсірді. Мемлекеттік тапсырыс және арнайы тәрбие болмаған жерде болымды «Мен» қалыптаспайтынын Ч.Кули ескермеді.
Американдық ғалым- психолог Дж.Мид баланың әлеуметтік кемелденуінде әлеуметтік қарым-қатынастармен бір қатар, адамдармен араласу барысында қолданылатын рәміздер және ым-ишараларды түсініп әрі пайдаланудың үлкен маңызды болатынына баса назар аударды.
Өзара түсінісу мен әлеуметтік қатынастарға келуде Дж.Мид балалық шақтағы басқа адамдар рөлін қабылдау қабілетіне байланысты екеніне ден қойды. Мұндай қабілеттің орнығуында балалық шақтағы ойындар маңызды болатынын алға тартты. Ұжымдық ойынға енуден бала белгілі рөлді атқаруға кіріседі, соң өсіп тәжірибе жинақтай отырып, ол ойынға қатысқан бірнеше адамдардың рөлін орындауға тырысады.
Сонымен бірге, оның ақылы, өзіндік санасы дамиды, келе-келе әлеуметтік топ қалыптары мен құндылықтарын меңгере бастайды, өзіне болған талаптар мен ұстанымдардың мәнін түсінетін болады.
Кемелге жетіп, «Мен» дәрежесіне көтерілген тұлғаның көрсеткіші – әлеуметтік топ қалыптары мен құндылықтарын, сол әлеуметтің өзіне қойған талаптары мен ұстанымдарын қабылдауы, яғни Дж. Мид пікірінше, бұл нақты тек өкіліне қойылған талаптар мен ұстанымдардың жалпыланған ұжымдық бейнесі.
Өзі қатысып отырған әлеуметтік топ талаптары мен ұстанымдарын қабылдағаннан бастап, тек өкілі өзінің кемелденген субъектив «Меніне» ие болады.
Осы сәттен бастап, ол топтың басқа да мүшелерімен бірге топ мүдделеріне ортақтасып, жалпы проблемаларды шешуге араласады.
Э.Эриксонның пікірінше, даму кезеңінің дәл сол қоғамға лайық тұлғадан күтетін бір үміті бар. Жеке тұлға үмітін ақтауы да, ақтамауы да мүмкін, сонда ол қоғамға сіңіп кетеді немесе қабылданбайды. Эриксон бойынша әр кезеңде лайықты мәселелердің шешілуі тұлғаның психомоторлық даму деңгейіне байланысты, сондай-ақ тіршілік етіп жатқан қоғамдағы рухани атмосфераға да байланысты. Эриксонның осы ойлары оның тұжырымын түсіндіретін екі маңызды түсініктің негізі, ол «топтық ұқсастық» және «эго-ұқсастық» түсініктері болып табылады. Өмірінің бірінші күнінен бастап баланың тәрбиесі көзделген әлеуметтік бір топқа енгізуге бағытталған, міне, осы бағыттың арқасында топтық ұқсастық қалыптасады. Эго – ұқсастық, топтық ұқсастықпен бірдей қатарласып қалыптасады және де субъектінің тұрақтылық сезімін тудырады. Адамның өсуіне, дамуына байланысты өзгерістерге қарамастан өзінің «Мен» деген сезімі үздіксіз тұрақтанады. Тұлға тұтастығының, яғни эго-ұқсастықтың қалыптасуы оның бүкіл өміріне созылады, және бірнеше кезеңнен өтеді.
Әміршіл-әкімшіл қоғамдағы әлеуметтену – жас әулеттің ересектер ұстанымын бұлжытпай қайталап, орындауы. Ал өркениетті демократияшыл қоғамдағы әулеттер арасындағы қатынастар теңдік пен қызметтестік негізінде болып, жаңа әулеттің жалпыадамзаттық құндылықтар шеңберінде дамуына жол ашуы басты шарт.
Тек өкілінің әлеуметтік мұраға ортақтасуы – оның қоғам мәдениетін қабылдауы.
Мәдениет – бұл рухани және материалды құндылықтарда, әлеуметтік және тұлғааралық қатынастарда көрініс берген адам- зат табысы. Адамдардың әрқилы өмір саласындағы (еңбек, тұрмыс, қоғамдық және саяси тіршілік, т.б.) қажетті әрекет-қылық, қалып, талаптарының бәрі – мәдениетте көрінеді. Тек өкілінің әлеуметтену нәтижесі оның әлеуметтік құнды деп танылған ерекшеліктерінде: ақыл, мінез, іс-қимыл әрекеттерінде, тәрбиелілігі мен оқымыстылығында, қоғамдық бейімдесе білуінде байқалады.
Тек өкілінің әрқилы жас даму кезеңдеріндегі психикасы белгілі сапалардың дамуына бейім келеді. Әлеуметтену үдерісінде тұлғаның өмірлік ұстанымдары мен мінез бітістері, жалпыланған әрекет-қылық әдістері мен принциптері қалыптасады.
Сонымен, әлеуметтену – бұл әлеуметтік мекемелердің арнайы бағытталған жағдайларында немесе тұлғаға болған әртүрлі өмірлік шарттардың кездейсоқ ықпалынан туындайтын әлеуметтік құндылықтар мен әлеуметке бейімдескен әрекет-қылық әдістері жүйесін игеру үдерісі (сонымен бірге – нәтижесі).
Әлеуметтенудің келесідей кезеңдерін ажырата көрсетуге болады:
1. Бейімделу кезеңі (туғаннан жасөспірімдік шаққа дейін бала әлеуметтік тәжірибені ойланбастан қабылдайды, соған бейімдеседі, икемделеді, еліктейді).
2. Даралану кезеңі (басқалар арасынан өзін бөле көрсету ниеті пайда болады, қоғамдық әрекет-қылық қалыптарын сындарлы ой қалыбына сала, қабылдайды).
3. Бірігу (интеграция) кезеңі (қоғамдағы өз орнын табу ниеті пайда болып, қоршаған ортамен үйлесім табуға ұмтылыс жасайды).
4. Еңбеккерлік кезеңі (адам тек әлеуметтік тәжірибені меңгеріп қана қоймастан, өз еңбек әрекетімен қоршаған дүниеге ықпал жасап, сол тәжірибені қайта жасайды, өңдеп жаңа өнімге айналдырады).
5. Еңбеккерліктен соңғы кезең (әлеуметтік тәжірибені қайта жасауда әрі оны келесі әулетке өткізуде үлкен де маңызды үлесімен танылатын адамның егде жасы).
3.Тұлғаның әлеуметтену процесі. Жоғарыда көрсетілгендей, тұлға дегеніміз, жоғары шарықтап дамыған, жан-жақты, терең жетілген адам. «Тұлға» ұғымы адамның әлеуметтік дамуының сапалық көрсеткіші. Бұл адамның биологиялық табиғи қасиеті емес. Ол тек қана адамның әлеуметтік орта жағдайында ғана пайда болады, яғни тұлға-қоғамдық қатынастардың жемісі. Сондықтан индивидті тұлғаға айналдыру процесін әлеуметтендіру дейміз. Тұлғаның қалыптасуы белсенді іс-әрекет, қызмет істеуде және басқа адамдармен қарым-қатынас жасауда іске асады. Тұлға – белгілі тарихи-мәдени ортада өмір сүретін, қалыптасқан әлеуметтік-психологиялық және моральдық (яғни адамгершілік) қасиеттерді бойына сіңірген, шынайы өмірді тануға және өзгертуге бағытталған жасампаз іс-әрекет субъектісі. Басқаша айтқанда, тұлға қоғамның өмір тәжірибесін бойына сіңіріп, жан-жақты жетілген адам.Тұлғаны одан әрі әлеуметтендіру процесі тек қана адамдардың алуан түрлі бірліктері мен топтық шеңберінде болуымен шектелмейді. Тұлғаны әлеуметтендіру оны өз бетімен еркін адамзаттың алдыңғы қатарлы тәжірибелеріне, мәдени бағалы құндылықтарына, нысандарына, бағыттарына, т.б. белсенді араласып, оларды терең игеруге, бойына сіңіруге, өндеуге мәжбүр етеді. Бұларды игерудің нақтылы жолдары болады. Олар: а) іс-әрекет, қызмет, бұған ойын, оқу, еңбек ету жатады; ә) қарым-қатынас, бұл – адамдардың бір-бірімен ұдайы, үздіксіз алуан түрлі қоғамдық қатынастарда болуын керек етеді.; б) өзіндік сана–сезімді дамыту, бұған ми мен жүректің өз бетінше қызмет, іс-әрекет етуі жатады..
Осылардың негізінде тұлғаның ерекшелік қасиеттері одан әрі тереңдей түседі, оның әлеуметтік тұрғыдан өзін-өзі тануы, өзінше бағалау қасиеттері қалыптасады. Әлеуметтік тәжірибеде, мәдениетте сабақтастық болады. Бұл бағалы, құнды нысана-бағыттарды, тәжірибелерді, іске бейімделуді, мұраттарды ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру, бұларды толық игеріп, меңгеру, өмірде нақты қолданумен тығыз байланысты. Құндылық, бағалық мұраттар, бағыттар адамның нақты дүниедегі бағалы, құнды қатынастарын анықтайды, өйткені бағалық-құндылықтар адамның талап-тілегін, мұқтаждығын, мүддесін қанағаттандырады, ал, ол екінші жағынан, адамның белсенді іс-әрекеттерінің, қызметінің көзі болып саналады. Осындай жағдайларға байланысты әрбір адамды әлеуметтендіру қоғамның дамуындағы көкейтесті мәселелердің қатарына жатады.
Адам тұлғаға айналуында екі үлкен кезеңнен өтеді. Біріншісі–тұлғаннан ер жеткенге дейін. Екіншісі–ер жеткен, кемеліне келгеннен кейінгі кезең. Бірінші кезенде жасөспірім бала сыртқы дүние туралы белгілі бір деңгейде білім жиынтығының жүйесін, негізгі бағалы, құнды бағыттар мен нұсқауларды игеріп, меңгереді. Ол бірнеше әлеуметтік рөлдер атқарады.Екінші кезеңде тұлғаның бүтін, біртұтас көзқарасы, идеологиясы және белсенділігі, өмірлік құбылыстарға байланысты бағыты қалыптасады. Осы екінші кезеңде тұлға әлеуметтік сипатта болады, оның өмірлік стратегиясы және өзіндік ерекшелігі басым көрінеді. Тұлғаға айналудың бірінші кезеңі барлық адамдарда бар, бірақ, екінші кезеңнің сипаты барлық адамдарда байқала бермейді.
Тұлға әлеуметтенуінің негізгі көздері:
1) ерте балалық шақ тәжірибесі – психикалық қызметтер мен әрекет- қылықтық қарапайым формаларының қалыптасуы;
2) әлеуметтік мекемелер – тәрбие, оқу, білім жүйелері;
3) қарым-қатынас және іс-әрекет үдерісіндегі адамдардың өзара ықпал-әсері.

4. Девиантты мінез құлық әлеуметтануы. Адамның іс-әрекеті деп, оның мұқтаждығы мен алдына қойған мақсатты жүзеге асыруға бағытталған әрекеттердің жиынтығын айтамыз.


М.Вебер атап көрсеткендей, адамның мінез-құлқы деп, оның іс-әрекетінің, қызметінің сыртқы көрінісін айтады. Оның негізгі үш түрі болады: а) инстинктивті; ә) қарапайым; б) әлеуметтік. Мінез-құлықтың бірінші және екінші түрі көбінесе саналы, ерікті емес түріне жатады да, оның әлеуметтік мәні болмайды.
Мінез-құлықтың мұндай түрлерін, психология ғылымы зерттейді. Екінші жағынан, кейбір осындай тәртіптің түрлерінде әлеуметтік жақтар болуы мүмкін. (Мысалы, білместіктен, байқаусыздан жасалған қылмыстар). Мінез-құлықтың саналы өз үлгісі тек адамға ғана тән. Ол адамның ақыл-ойының көмегімен еркін бақылауы арқылы іске асырылады. Сондықтан оның әлеуметтік маңызы және әлеуметтік мәні болады. Мұндайды әлеуметтік мінез-құлық деп санайды.
Әлеуметтік мінез-құлық әр түрлі болады, олар:
а) индивидуальды (яғни, жеке адамның мінез-құлқы);
ә) ұжымдық – бұл жалпы мұқтаждығы, талап-тілегі және іс-әрекет мақсатының бірлігі негізінде құрылған үйымдасқан топтың мінезі-құлықтары;
б) бұқаралық – бұл бір типті, әрі үйымдаспаған үлкен бұқара тобының мінезі-құлқы.
Жеке адам мінез-құлығының құрылымы үш элементтен тұрады:
а) мотивация, мұқтаждық пен себеп-дәлелдердің көкейтесті мәселелері;
ә) шешімдер, яғни шешімнің мақсаты, оны іске асырудағы құралдарды іріктеп алу, жоспарлау;
б) іске асыру, өмірге ендіру. Бұл қоршаған ортаға әсер ету, болатын нәтижені талдау, іс-қимылдарды жүзеге асыру.
Әлеуметтік мінез-құлықтың өлшемі болып қылық (поступок) саналады.
Қылық–бұл іс-әрекет. Мұның әлеуметтік маңызы және мәні болады. Мысалы, анасы баласына уақытында тамақ бермесе? Бұл жағымсыз қылық болып есептеледі.
Әлеуметтанулық бiлiмнiң шеңберінде арнайы, жеке әлеуметтанулық теория – девиантты мiнез-құлық әлеуметтануы қалыптасып, дамуда. Ғылымның бұл саласының негізін қалаушы болып Эмиль Дюркгейм есептеледi, сондай-ақ, оның дамуына Р. Мертон, А. Коэн, Т. Селлин, Г. Беккер, Д. Китсус, К. Эриксон, т.б. ғалымдар әсерін тигізді. Әлеуметтанулық бiлiмнiң бұл саласы қоғамдағы девиантты (лат. deviatio – ауытқу) мiнез-құлқын зерттеуге бағытталған.
Әлеуметтануда девиантты мiнез-құлыққа өте көп анықтама берiледi. Көбiнесе «девиантты мiнез-құлық қоғамдағы қалыптасқан нормалар мен типтерге сәйкес келмейтiн әрекеттер» ретінде анықталады.
Тар мағынада девиация дегеніміз индивидтiң немесе адамдар тобының нормалардан жағымсыз ауытқуы (мысалы, заңнан ауытқу). Н. Смелзердiң ойынша, девиантттылық – бұл iс-әрекеттердiң әлеуметтiк күтулерге сай келуi немесе келмеуi, сонымен бiрге, «топтың нормаларынан ауытқуы болып табылатын және оқшаулауға, емдеуге, түзетуге немесе басқа жазаға әкеп соғатын мiнез-құлқы».
И. С Кон бойынша девиантты мiнез-құлық екi үлкен категорияға бөлiнедi. Бiрiншiден, девиантты мiнез-құлық – бұл психикалық денсаулық нормаларынан ауытқу, мұның негiзiнде анық немесе көрiнбейтiн психопатология жатыр. Екiншiден, девиантты мiнез-құлық қоғамға қарсы мiнез-құлық болып табылады. Мұның негiзi әлеуметтiк, мәдени және құқықтық нормалардан ауытқу арқылы құрылады.
Бұл әрекеттер аса маңызды болмаған жағдайда оларды құқық бұзушылық деп атайды. Ал қатал және қомақты жазаланатын әрекет болса оны қылмыс деп атап, әңгiме делинквенттi мiнез-құлық туралы болады. Сонымен делинквенттi мiнез-құлық дегенiмiз ресми белгiленген нормалардан ауытқу .
Әлеуметтiк күрделi ауытқуды «әлеуметтiк патология» деп атайды. Мұның салдарынан қоғам мен тұлға мүдделерiне үлкен зиян келедi. Әлеуметтiк патологиялық құбылыстар деп қоғам үшiн едәуiр қауiптi әлеуметтiк ауытқуларды, мысалы, қылмыс, нашақорлық және миға зиян келтiретiн заттарды пайдалану, өзiн-өзi өлтiру, алкоголизм және т.б.
Я. И. Гилинскийдiң айтуынша, әлеуметтiк ауытқу қоғамға пайдалы да болуы мүмкiн. Оның мысалы жаңалық енгiзу, әлеуметтiк шығармашылықты жатқызады. Көбiнесе девиантты мiнез-құлықты бұзылған норманың түрiне байланысты (құқық, мораль, дiни, саяси, т.б. нормалар) бөледi. Сонымен бiрге сыртқы ортаға бағытталған экстравертивтi (ол мiнез-құлық мақсатты немесе аффективтi болуы мүмкiн, мысалы, қинау себебiнен қылмыс жасау) және өз-өзiне бағытталған интравертивтi мiнез-құлықтарды бөледi (мысалы, iшу, нашақорлық,өзiн-өзi өлтiру).
Сондай-ақ, девиантты мiнез-құлықтың институционалданған формалары, яғни оны мәдениет элементi ретiнде қарау, кең таралған мысалы өзiн-өзi өлтiру, (харакири, сати, т.б.), жезөкшелiк (ежелгi храмдар), наша қабылдау салттары.
Ауытқу адамдар санасы мен мiнез–құлқында бiртiндеп қалыптасады, сондықтан «алғашқы және екінші ретті девиация» түсiнiктерін бөледі. Алғашқы девиация – маңызды емес немесе адамгершiлiкке жатпайтын әрекеттер жасауды білдіреді. Кейбiр ауытқуларға қоршаған адамдар көз жұма қарайды, ал кейбiр ережелердi мойындамайтын адам өзiн оларды бұзушы ретінде қарастырмайды. Бiр уақытқа дейiн мұндай әрекеттерге мән берiлмейдi, мысалы, спирттiк iшiмдiктердi кездейсоқ адамдармен iшу.
Ауытқу мiнез–құлқының екiншi деңгейiнде адамды қоршаған әлғуметтiк орта немесе ресми ұйымдар ашық түрде мораль мен құқық нормаларын бұзушы деп мойындайды. Мұның нәтижесiнде оның әрекеттерiне белгiлi бiр жауап болады. Ауытқу мiнез-құлқын қарастырғанда жеке және топтық девиация түрлерін бөлуге болады. Жеке девиация мораль мен құқық нормаларын бiр адамның бұзуын айтады, ал топтық девиация кей әлеуметтiк топтың әрекетiнiң бейнесi болып табылады, мысалы, қылмыстық топ немесе жағымсыз секталардың субмәдениеті. Ғылыми әдебиеттерде ауытқу мiнез-құлығын зерттеуге бағытталған теориялық концепциялар өте көп. Кем дегенде үш теориялық-методологиялық көзқарасты айтуға болады, бұлар әлемдiк әлеуметтануда және психология шеңберiнде дамыды. Бiрiншiден, әлеуметтiк құрылымдық әдiс, бұл ең алдымен Маркс пен Энгельстiң әлеуметтiк дау теориясы мен экономикалық детерминизм теориясын, құрылымдық функционализм теориясын, әлеуметтiк дезорганизация мен аномия теориясын қамтиды. Екіншіден, девиантты мiнез–құлықты зерттеудегi мәдениеттанулық көзқарас, оған Р. Мертонның социомәдени аномия теориясы, Т. Селлиннiң мәдениеттер конфликтiсi теориялары жатады. Үшіншіден, тұлғалық көзқарас – Ч. Ламброзоның антропологиялық үлгiсi, Э. Сатерлендтiң дифференциациалану теориясы, Э. Фроммның әлеуметтiк сипат және және адамның деструктивтiлiк теориясын енгiзуге болады.
Рұқсат етілген, яғни қоғаммен мақұлданған мінез-құлық деңгейінің маңызды көрсеткіштері болып қоғамның, топтар мен индивидтердің мәдениетінде, өмір сүру салтында бекітілген әлеуметтік нормалар табылады, олардан ауытқуды патология ретінде қарастырады.
Санкциялар – әлеуметтік нормалардың сақталуына кепілдік беретін жазалаулар мен марапаттаулар. Құндылықтар – жақсылық, әділеттілік, патриотизм, достық, т.б. не екені туралы көпшілік адамдардың әлеуметтік мақұлдайтын және бөлісетін көзқарастары.
5. Әлеуметтік бақылау дегеніміз, оның ішінде құқықтық түрде де реттеу арқылы әлеуметтік жүйені құрайтын элементтердің өзара әрекетін реттеу жолымен қамтамасыз етеді және сол жүйенің өздігінен басқарылу тәсілі болып табылады.
Сол сияқты әлеуметтік бақылау дегеніміз–ол жеке дара адам мен (индивидтің) қоғамның, азамат пен мемлекеттің өзара қатынастарын реттейтін құрал. Әлеуметтік бақылау шеңберіндегі әлеуметтік қатынас дегеніміз, ол – субъект (адам, адамдардың алуан топтары мен бірлестіктері, т.б.) мен объектінің (сырт дүниенің), жай ғана қатынасы емес, бұлар әр түрлі сипаттағы элементтердің өзара қарым-қатынастары.
Сөйтіп әлеуметтік бақылау дегеніміз, ол индивидтердің әлеуметтік тәртібін тек саяси мекемелердің ғана тұрғысынан емес, сонымен қатар басқа да әлеуметтік мекемелердің (яғни, білім берудің, мәдениеттің, мораль, т.б.) тарапынан да реттеу болып табылады.
Әлеуметтік бақылау – топтың, ұжымның, қоғамның тұрақтылығын, бірлігін сақтайды.
Ережеге бағынуға ынталандыратын күштер мен процестер әлеуметтік бақылау деп аталады. Әлеуметтік бақылау үш форма арқылы жүзеге асады:
• өз-өзімізді іштей бақылау арқылы;
• бейресми бақылау арқылы: достарымыз бен жақындарымыз ережеге бағынганымызды құптап, ереже бұзғанымыз үшін жазалайды;
• ресми бақылау арқылы: мемлекет немесе басқа органдар ереже бұзушылықты тыйып отырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   51




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет