2.Өндірістік негізгі қорлардың жіктелуі
Өндірістік процеске қатысу сипатына қарай негізгі қорлар өндірістік және өндірістік емес деп бөлінеді.
Өндірістік негізгі капиталға өндіріс процесіне тікелей қатысатын нысандар жатады, олардың көмегімен өнімді әзірлеген кезде еңбек құралдарына (машина, құрал-жабдық, құрал-саймандар және т.б.) әсер ету арқылы жүзеге асады немесе өндірісті жүргізу үшін қажет материалдық жағдайын жасайды (ғимараттар, беріліс қондырғылары). Негізгі өндірістік құралдар - өзінің натуралдық формасын сақтай отырып, өндіріс процесіне ұзақ уақыт бойы қатысатын, ал олардың құны дайындалатын өнімге тозу шамасы бойынша біртіндеп берілетін өндірістік құралдардың бөлігі. Олар күрделі салымдар есебінен толықтырылады.
Өндірістік емес негізгі құралдар – бұл кәсіпорын балансындағы тұрғын үйлер, балалар және спорт мекемелері, басқа да мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету нысандары. Өндірістік құралдардан айырмашылығы олар өндіріс процесіне қатыспайды және өзінің құнын өнімге көшірмейді, өйткені ол өндірілмейді. Олардың құны тұтыну кезінде жоғалады.
Өндірістік емес негізгі құралдар өндіріс көлеміне, еңбек өнімділігінің өсуіне тікелей ықпал етпегеніменде, олардың ұлғаюы кәсіпорын жұмыскерлерінің тұрмыс жағдайының жақсаруымен, олардың өмірінің материалдық және мәдени деңгейінің жоғарылауымен үздіксіз байланысты. Мұның өзі кәсіпорын қызметінің нәтижелеріне әсер етеді.
Иелігіне қарай негізгі капитал меншіктік және уақытша жалға алынған болып бөлінеді.
Меншіктік капитал дегеніміз субъектіге тиесілі және оның балансында бейнеленетін негізгі капитал. Белгіленген мерзімге сәйкес басқа субъектіден алынған негізгі капитал жалға алынған құралдар болып есептеледі.
Өндірістік-шаруашылық қызметтегі пайдаланылу барысына қарай негізгі қорлар жұмыс жасайтын, жұмыс жасамайтын және сақтауда тұрған деп үш топқа бөлінеді. Жұмыс жасайтындарға өндіріс процесіндегі, яғни қолданыстағы негізгі капитал жатады. Екінші топқа тоқтатылып қойылған, белгілі себептермен әзірге басқа жаққа берілмеген басы артық жабдықтар жатады. Сақтауда тұрған негізгі капиталдың қатарына алдағы уақытта тозуына немесе басқа жағдайларға байланысты істен шығатын негізгі капиталдың орнына пайдалануға арналған құрал-жабдықтар жатады.
Заттық құрамына қарай негізгі капитал мүліктік және мүліктік емес болып бөлінеді. Мүліктікке заттай көрінісі бар, яғни санауға және өлшеуге болатындар (үйлер, ғимараттар, машиналар, жабдықтар) жатады. Мүліктік еместерге пайдаланылатын жер, орман алқабы, су ресурстарына күрделі қаржы салымы, яғни заттық нысаны жоқ шығындар жатады.
Өнеркәсіптің негізгі өндірістік құралдары – бұл өзінің экономикалық біртектілігіне қарамастан материалдық-заттай формасымен, мақсатты бағытымен, қызмет мерзімімен ерекшеленетін еңбек заттары. Осыдан өндірістік бағыттағы әрқилы қорлар түрлерінің спецификасын ескеретін белгілі бір топтар бойынша негізгі қорларды жіктеу қажеттілігі туындайды.
Әрекет етуші жіктеу бойынша кәсіпорындардың негізгі құралдары келесі түрлерге бөлінеді:
Жер – субъект меншігіне сатып алған жердің көлемі мен құны. Жерге меншік құқығы бар болса, онда ол құқықтық актімен расталуы керек;
Үйлер – халыққа еңбек етуге, тұруға, әлеуметтік-мәдени қызмет көрсетуге және материалдық құндылықтарды сақтауға арналған әлеуметтік-құрылыс нысандары;
ғимараттар – еңбек заттарын өзгертпейтін белгілі бір қызметтерді орындау арқылы өндіріс процесін іске асыруға арналған инженерлік-құрылыс нысандары (шахта ұңғысы, мұнай мұнарасы, бөгет, көпір, автомобиль жолы);
беріліс қондырғылары – электр, жылу немесе механикалық энергияны өткізу қондырғылары;
машиналар мен құрал-жабдықтар . Негізгі капиталдың бұл тобы бес ішкі топтан тұрады: күш беретін машиналар мен жабдықтар; жұмысшы машиналар мен жабдықтар; өлшеуіш және реттеуіш аспаптар мен қондырғылар және зертхана жабдықтары; есептеу техникасы; басқа машиналар мен жабдықтар. Күш беретін машиналар мен жабдықтарға өнеркәсіптің барлық саласындағы бу машиналары мен қазандықтары, турбинаның барлық түрлері, атомдық реакторлар, электр қозғалтқыштар мен электр генераторлары, жылжымалы электр станциялары және т.б. кіреді. Жұмысшы машиналар мен жабдықтар тобына конвейерлер, траулерлер, көтергіштер, крандар жатады. Өлшеуіш және реттеуіш аспаптар мен қондырғылар және зертхана жабдықтары тобына барлық түрдегі диаметр, аудан, қалыңдық, салмақ, қысым, уақыт, қуат, кернеу және т.с.с. өлшеулерді жүргізуге арналған әртүрлі аспаптар мен құралдар, электрлік, пневматикалық және гидравликалық реттеу құрылғылары, автоматты басқару, бақылау және дабыл беру пульттері, сондай-ақ завод және ғылыми-зерттеу зертханаларының қондырғылары мен құрал-жабдықтары енеді. Есептеу техникасының тобына әртүрлі ЭЕМ-дар, басқару, аналогтық және сандық есептеу машиналары мен құрылғылары, ақпарат жинауға арналған көмекші жабдықтар енеді. Басқа да машиналар мен жабдықтар тобына телефон станцияларының, радио тораптарының жабдығы, өрт сөндіргіш машиналар жатқызылады.
транспорт құралдарына адамдар мен жүктерді тасымалдауға арналған әртүрлі құралдар жатады, яғни теміржол, теңіз, өзен, әуе жолдары және заводішілік көліктің барлық түрінің жылжымалы құрамдары енгізіледі. Транспорт құралдарына сондай-ақ магистральды мұнай-газ құбырлары, сұйық және газ тәріздес заттарды тасымалдау құралдары енеді;
инструмент тобына барлық қолмен атқарылатын және механикаландырылған құралдар кіреді: кескіш, соққыш, жаншу құралдары т.б.;
өндірістік және шаруашылық инвентарь тобына еңбекті қорғауға көмектесетін заттар, сұйық, сусымалы материалды сақтауға арналған сиымды заттар, кеңсе заттары, шаруашылық мақсатта тұтынылатын заттар кіреді;
жұмыс және өнім беретін малға ат, өгіз және басқа жұмысқа пайдаланылатын малдар мен өнім беретін малдар жатады;
көп жылдық екпелер мен көшеттерге қолдан егілген көп жылдық өсімдіктер жатады;
жерді, көп жылдық ағаштарды жақсартуға жұмсалған күрделі салымдар;
басқа да негізгі қорлар – кітапхана қорлары, спорт мүлкі және басқа да салымдар.
Достарыңызбен бөлісу: |