Сын-қимыл (бейне) үстеуі
Іс-әрекеттің амалын, сынын, бейнесін, тәсілін білдіріп, қалай? қайтіп? қалайша? кімше? деген сұрақтарға жауап беретін үстеу сын-қимыл (бейне) үстеу деп аталады. Мысалы: зорға, өздігінен, емін-еркін, шалқасынан, кенеттен, жол-жөнекей, т.б.
Күшейткіш үстеу
Іс-әрекеттің немесе сынның белгісін, сапасын күшейтіп не солғындатып көрсететін үстеу күшейткіш үстеу деп аталады. Мысалы: ең, тым, өте, аса, орасан, нағыз, әбден, дәл, керемет, т.б.
Күшейткіш үстеулер көбінесе сапалық сын есімдермен тіркесіп жұмсалады да сын есімнің күшейтпелі шырай категориясын жасауға негіз болады. Мысалы: тым жақсы, өте әдемі, аса биік, ең үлкен, орасан зор, т.б. Күшейткіш үстеулердің біразы етістікпен тіркесіп келеді де қалай? деген сұраққа жауап беріп, қимылдың сипатын күшейтіп не солғындатып көрсетеді. Мысалы: сәл тыңда, әбден титықтатты, мүлдем білмейді, т.б.
Мақсат үстеу
Іс-әрекеттің мақсатын білдіріп, қалай? не мақсатпен? деген сұрақтарға жауап беретін үстеу мақсат үстеу деп аталады. Қазақ тілінде мақсат үстеулердің саны онша көп емес. Оған әдейі, әдейлеп, қасақана сияқты сөздер жатады. Мысалы: әдейі келді, әтейлеп шақырды, қасақана істеді, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |