Мал майынын ішінде жылқының майы ең төмен температурада ериді, ол өсімдік майына жақын, .жылқы етінің бір айырмашылығы – онда холестерин аз 12-60 мг аспайды, бұл жылқы етінің емдәмдік өнім екендігін сипаттайтын фактор. Ал сиыр етінде холестериннің мөлшері 75-110 мг құрайды. Мал майының биологиялық құндылығы сол малдың қоңдылығына тікелей байланысты. Майдың еру температурасы төмен болған сайын, мал майының сіңімділігі де жоғары болады. Мал майының құрамында триглицеридтерден басқа аз мөлшерде белок, фосфолипидтер (лецитин), липаза ферменті, А және Е витаминдері кездеседі.
Сүйек тіні құнды болмағанымен, сүйек майы құнды өнімге жатады. Сүйекті майды ерітуге және сорпа дайындауға қолданады. Сүйек тінінің құрғақ заттегінде 26-дан 52% дейін органикалық заттектер және 48-ден 74% дейін минералдық заттектер (кальций, магний тұздары) кездеседі. Сүйек майы консистенциясы жағынан басқа мал майларына қарағанда жұмсақ, көпқанықпаған май қышқылдары көп кездеседі. Құрамында каротин болғандықтан май сарғыш түске боялады.