Қазақстанның Америка Құрама Штатымен қарым-қатынасындағы ең маңызды салаларды атаңыз? Дамушы елдер қатарына енетін Қазақстан үшін АҚШ сынды нарықтағы беделі жоғары елмен қарым-қатынаста болу өте маңызды. Екі ел арасындағы байланыс 1991 жылы 25 желтоқсанда – АҚШ Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін таныған кезден бастау алады. Ал 1997 жылы Қазақстан мен АҚШ арасында экономикалық әріптестік бағдарлама жасалған болатын.
Одан кейінгі байланысты нығайтуға бағытталған ресми кездесулер ортақ сауда және экономикалық шешімдердің нәтижесін берді. Мысалы, 1999 жылы қол қойылған екі ел арасындағы келісімде АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты ары қарай дамыту, еліміздің демократиялық және экономикалық өркендеуіне қолдау көрсету сынды шаралар қарастырылған.
Сонымен қатар, АҚШ Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі тарапынан қолға алынған "Болашақ" бағдарламасы аясында ел азаматтарының Нью-Йорк, Вашингтон, Бостон және Сан-Франциско сынды қалаларында білім алуларына мүмкіндік туғызды. Бұл – еліміздің болашағы үшін қажет білікті мамандарды даярлау бойынша үлкен қолдау.
Қазіргі кезде, Қазақстан өзінің әлеуметтік жағдайы мен әлемдік экономикаға кірігу мүмкіндігін нығайту мақсатында АҚШ-пен саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірдің барлық салаларында тең серіктестік қатынастарын белсенді дамытуға тырысуда.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, екі ел арасындағы ресми байланыс 1991 жылдан бастау алды. АҚШ сол кезеңде енді ғана өз тәуелсіздігін алып, дербестігін таныта бастаған Қазақстанмен қарым-қатынасын дамытуға қызығушылық білдіріп, алғашқылардың бірі ретінде елшілік қатынастарын ұсынған. Алғашқы күндерден бастап, Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы ортақ байланыс үлкен қарқын алып, бүгінге дейін жоғары деңгейде сақталып келеді.
АҚШ елінің Қазақстанға басты назарын қаратудағы мақсаты – қазақ елінің ядролық қарудан бас тартуы. 1992 жылы мамыр айында еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған алғашқы іс-сапары кең көлемді ынтымақтастықты дамытуға негіз болды.
Тарих беттерінен дерек келтіре кетсек, Қазақстан 1992 жылы 20 мамырда Португалияның Лиссабон қаласында стратегиялық шабуыл қару-жарақтары туралы келісімнің тең құқылы жақтарының бірі ретінде, ортақ хаттамаға қол қойып, ядролық қарусыз ел болуға міндеттеме алған. Сонымен бірге, Қазақстан басшылығы ядролық қаруды бөлшектеу және пайдаға асыру барысында АҚШ мемлекетімен ынтымақтастық жасаудың маңызын түсініп, ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастыққа жаңа негіз жасау жөнінде жүйелі қадамдар жасауға кірісті. Осылайша, 1995 жылы 26 мамырда Қазақстан аумағындағы ядролық қару мәселесіне нүкте қойылды.
1994 жылы 14-16 ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-та ресми сапармен болып, оның барысында Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасында серіктестік қатынастарды дамыту және тереңдету үшін негіз жасайтын басты құжат — "Демократиялық серіктестік туралы хартияға (құжатқа)" қол қойды. Бұл ортақ құжат 17 баптан тұрады. Құжатта саясат, қауіпсіздік, экономика, мәдениет, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, ғылым, денсаулық сақтау мәселелері мен өзге салаларда екі мемлекеттің мақсаттары мен міндеттері нақты баяндалды.
Қазір Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасының жаңа бір "көзі" – әлемдік қауіпсіздік мәселесі. Қазақстан қазір АҚШ-тың ықпалымен өзіндегі бар мүмкіндіктерін пайдалана отырып, терроризмге қарсы күреске қосылуда. Ал, АҚШ осы межеде, өз кезегінде Қазақстандағы өтіп жатқан реформалар үшін қолдау көрсетіп келеді. 2006 жылдың мамыр айында АҚШ-тың вице-президенті Дик Чейнидің Қазақстанға сапары кезінде, еліміздің жетістіктеріне өз ризашылығын білдірген. "Қозғалыстың бағыты анық: демократиялық және экономикалық реформаларды жалғастыру, заң билігін күшейту, жемқорлықпен күресті кеңейту, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру – қауіпсіздіктің сенімді саясаты", – деді Чейни.
Соңғы жылдары Қазақстанға тартылған $45 миллиард инвестицияның үштен бір бөлігі АҚШ тарапынан бағытталуда. Қазіргі кезде Қазақстан аймағындағы энергетика саласында 300-ден аса америкалық компаниялар жұмыс жасап келеді.
Ал, 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі лаңкестік әрекеттерінен бері Қазақстан АҚШ-қа терроризммен күрес және Ауғанстанды қалпына келтіру салалары бойынша кең көлемді қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан халықаралық коалиция құрамында Иракқа өзінің әскери контингентін жіберген Орталық Азиядағы жалғыз және санаулы ғана мұсылман елдерінің бірі болды. Осы сынды аспектілер бойынша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық белсенді дамып келеді. АҚШ – Қазақстандағы ірі шетелдік инвестор. Мұнда 400-ден астам АҚШ компаниялары жұмыс істейді. Олар елге 15 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салған.
Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің 17-18-інде Нью-Йоркте БҰҰ мерейтойлық сессиясы ауқымында АҚШ Мемлекеттік Департаментінің басшылығымен келіссөздер жүргізді. АҚШ Мемлекеттік Хатшысының адам құқықтары жөніндегі орынбасары Глен Дэвиспен кездесу барысында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы біздің еліміздің АҚШ-пен қатынастарды дамытудың негізгі ұстанымдарына тоқталып, Елбасы Н.Назарбаевтың демократияландыру үдерісін дамытуға және 2005 жылғы Президент сайлауын әділетті әрі еркін өткізуге бағытталып қолға алған іс-шаралары туралы хабарлады. Қ.Тоқаев ҚР Президентінің әңгіме болып отырған тақырыпқа қатысты жуырда айтылған сөздерінің негізгі қағидаларын баяндап, мемлекет басшысының алдағы президент сайлауы туралы жарлығының мазмұнымен таныстырды.
Содан кейін, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райсты қабылдады. Кездесу барысында халықаралық және аймақтық мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, Ауғанстандағы жағдайды оңалту, Ирактағы ахуалды тұрақтандыру, Кавказдағы шиеленісті реттеу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, Орталық Азияның даму болашағы келіссөздің өзекті тақырыбына айналды. Бұл ретте Кондолиза Райс Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатын қолдап, Орталық Азияның ішіндегі Қазақстанның ертеңгі күнінің шуақты болатынына мол сенім білдірді.
2009 жылдың 7 сәуірінде Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ыстамбұл қаласында өткен Өркениеттер альянсының ІІ форумы шеңберінде АҚШ Президенті Барак Обамамен жүздесіп, АҚШ басшысын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан аумағында бейбіт мақсатта пайдалану үшін Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттігінің бақылауындағы ядролық отын банкін орналастыруға дайындығы жөніндегі мәлімдемесі туралы хабардар етті. Сонымен қатар, Барак Обамаға Елбасының елімізге ресми сапармен келу туралы шақыруын тапсырды. “АҚШ-тың Қазақстанмен қарым-қатынастары стратегиялық сипатта” екендігін тағы бір қуаттаған Барак Обама өзінің Орталық Азия аймағына сапармен шығуды жоспарлап отырғандығын, сол сапарда алдымен “АҚШ-тың досы мен сенімді әріптесі” саналатын Қазақстанға келетіндігін жеткізген болатын.
Енді экономикалық ынтымақтастық мәселелері туралы әңгіме қозғайтын болсақ, Америка Құрама Штаттары –Қазақстанның ірі сауда әріптестерінің бірі. 2009 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2 миллиард АҚШ долларын құрады (экспорт – $612,6 миллион, импорт – $1,4 миллиард). Бұл Қазақстанның жалпы тауар айналымының 3,3 пайызына тең. Сауда айналымының 2008 жылмен салыстырғанда, 500 миллион АҚШ долларына төмендеуі дүниежүзілік экономикалық дағдарыс салдары екені түсінікті.
АҚШ-пен сауда-экономикалық ынтымақтастықта Қазақстан үшін инвестиция тартудың маңызы зор. Бұл фактор – елдің тұрақты және қарқынды дамуына себепші және қазақстандық көп қырлы саясатты тиімділікпен пайдалануда жемісті қызмет етеді. Мәселен, 1993 жылдың маусымынан бері АҚШ-тың Қазақстанға салған тікелей инвестицияларының жалпы көлемі 30 миллиард долларға жеткен екен. Өткен жылдың 9 айында ғана осы елден 1,5 миллиард АҚШ доллары тікелей инвестиция болып келген. Бұл 2008 жылдың осы мерзіміндегіден 6,3 пайызға артық.
Қазақстанда АҚШ капиталының қатысуымен 350-ден астам кәсіпорындар жұмыс істейді. Аталған кәсіпорын негізінен шикі мұнай мен ілеспе газ өндіру, құрылыс, фармацевтикалық тауарлар сату, қонақ үйлерге қызмет ұсыну, көлік-экспедициялық қызмет көрсету, геологиялық барлау мен іздеу (ғылыми зерттеулерсіз) жұмыстарын және басқа да салаларды қамтиды.
"ШевронТексако", “ЭксонМобил”, “КонокоФиллипс”, “Орикс/КеррМакГи” сияқты америкалық компаниялар еліміз экономикасының дамуына көмегін беріп, алдыңғы орындарды иеленуде. Америкалықтардың қатысуымен құрылған “Теңізшевройл”, “Аджип ККО”, “Каспий тұрба құбыры консорциумы”, “Қарашығанақ интеграциялық ұйымы” сияқты компаниялар мен бірлескен кәсіпорындар еліміздегі ірі жобаларды жүзеге асыруға белсене үлес қосып келеді.
Сонымен қатар, энергетика саласындағы Қазақстан мен АҚШ әріптестігі жөніндегі арнаулы комиссия 7-8 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Осы уақытқа дейін бұл комиссия алты отырыс өткізіп, оларда мұнай-газ, электр және атом энергетикасы, ядролық технологияларды таратпау, қоршаған ортаны қорғау секілді маңызды мәселелердегі әріптестік қатынастарды одан әрі дамытудың жолдары қаралды.
26 Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін жариялауды жылдамдатқан факторларды анықтаңыз?
27