137
АШЫҚ ХАТ
Биыл 24 мартта шыққан «Үш жүз» газетінің 9 нөмерінде өзіне өзі «Қайғылы» деп өтірік ат
қойған біреу «Ырғызбай, Топай жылап жатыр» деп бастап, бір сөз жазыпты. Соның ішінде
менің ар-намысыма тиіп, жалған жала сөзі болған соң алыстан естіген ағайындар, «әлде
рас шығар деп ойлар» деп төмендегі сөзді жаздым. Әйтпесе газет бетін дау қағазы
қылғанды ұнатпаушы едім. Жазатын сөзім мынау:
Біләл қатын алғанда мен Семейдегі бір облыс қазақ кеңесіндемін. Үйге барған соң ешбір
Топай адамы маған келген жоқ, оны өздері де айтар, ар-иманымнан ұялар. Топайлар,
Кәкітай марқұмның жесір қатынын еріксіз алып барған соң, өздері жақын көретін бір
інілерімізді жібергенім рас. Сондағы сөзім мынау:
«Кәкітайдың қатыны разылығымен барған болса, ауыз естіп кел, болмаса еріксіз адамды
байламай қайырғаны жөн ғой» дедім. Ол туралы Біләлдағы қатынды қайтарамын дегенім
жоқ. Оны айтпағаным қатын да, Біләл да Семейге кетіп қалған, оны өздері де анық біледі.
Және мен қайтарамын дегенмен шариғатта да, низам бойынша да байсыз, жесір қатынның
оз еркі өзінде болатынын білмейтұғын соқыр болмасам керек қой.
Оның соңында Топайлар Тұрағұл мырзаға ара ағайыннан кісі жіберіп, ара ағайын ортаға
жүріп, бітім айтқан; ешкім еріксіз біткенін көргенім жоқ һәм өзім бір тиын пайдаланғаным
жоқ. Оны барша халық біледі.
Онан кейін күні бүгінге шейін бір Топай адамы наразылық көрсетіп, ешбірі маған келген
емес, ар-иманын, бір Алласын ойласа, өздері де танбас.
Бұл іс туралы «Қайғылы» атты мырза менен басқа да талай адамға жала жауып,
қаралайды. Әркім өзін-өзі біледі. Олар үшін мен сөз айтар орным жоқ.
Егер «Қайғылы» мырза осы сөзін рас десе, не сот алдында, халық алдында шын атымен
жауаптасса екен. Әйтпесе, адамның арын ойыншық қылып, көрінгенге күйе жағамын
дегенмен ақты қара қыла алмас.
Достарыңызбен бөлісу: