2 ҚҰЛАҚтандыру



Pdf көрінісі
бет166/227
Дата06.05.2020
өлшемі1,47 Mb.
#66289
1   ...   162   163   164   165   166   167   168   169   ...   227
Байланысты:
alash kosemsozi 10 tom
Бауыржан Омарұлының кітабына рецензия
ЖАҚАЙ БАЙЫРОВ 
 
ҚЫМБАТШЫЛЫҚ НЕДЕН, БҰҒАН НЕ ЛАЖ? 
Бұрын  соғыстың,  бертін  келе  саясат  майданында  әр  түрлі  толқындардың  салдарынан 
Россия  мемлекетінің  әрбір  мүшесін,  буынын  алған  жалпы  қымбатшылық  бұл  күнде 
күшеймесе,  әлі  басылған  жоқ.  Біздің  байқауымызша,  бұл  қымбатшылық  жуырда 
басылатын көрінбейді. Өйткені, мұны туғызып отырған саясат, шаруа жүзіндегі матасқан 
себептер  күннен  күнге  күшеймесе,  әлі  сөнетін  емес.  Қымбатшылықты  туғызып  отырған 
себептер  қайсы?  Қайтсе  қазақ-қырғыз  жұрты  шаруа  жүзінде  ұтылмай,  осы 
қымбатшылықта  қол  шаруасын  бұзып  алмай,  ашаршылық  шекпей,  аман-есен  күнелтуге 
болады? Осы сұраулардың асты-үстін тексеріп білуіміз керек. 
Қымбатшылықты туғызып отырған себептер мыналар: 
1. Фабрика, зауыттардың тоқталуы
2. Темір жолдың нашарлауы; 
3. Жұмыскерлердің араны ашылып, ақысын шектен тысқары көтеруі; 
4. Қолдағы алтын-күміс азайып, қағаз ақша көбейіп, ақша бағасының кемуі
5. Дағдылы егін ауданы кеміп, астықтың кем шығуы
6. Араны ашылған байлардың керек заттарды тығып қойып, бағасын көтеруі. 
Осы  айтылған  себептер  бірімен  бірі  матасулы.  Және  де  мұның  әрқайсысын  туғызып 
отырған  өз  алдына  тағы  себептер  бар.  Фабрика,  зауыттардың  бұрын  соғыс  жабдығына 


139 
 
кірісіп, халыққа керек заттарды жеткілікті қылып істеп шығарудан қалған еді. Бұл күнде 
бұлардың тоқтап отырған себебі: 
1)  Петроград  және  шеткі  гүбірнелердегі  фабрика,  зауыттардың  немістен  қорқып,  ішкі 
Россияға таман тасынып, көшпешілікке ұшырағандығынан; 
2) Бұлардың істеп шығарып тұратын заттары (мақта, тері, жүн, темір һәм басқалар) темір 
жолдың нашарлығынан уақытымен жеткілікті болып жетісе алмағандығынан; 
3)  Фабрика,  зауыттарды  қозғалтып,  жан  беретін  көмір,  нефтьтердің  кейбірі  Кавказ 
Украина  қолында  қалып,  тапшылануынан  (тас  көмір,  темірдің  төрт  бөліктің  үшеуі 
уысынан  шығып  отыр.  Россия  қолтығынан  шыққан  жерлерде  қалғанын  өткен  нөмерде 
жазған едік); 
4)  Октябрь  толқынынан  бері  фабрика,  зауыттар  жұмыскерлер  қолына  көшіп,  бұрын 
пайдасын  көріп,  пұл  беріп  жүргізіп  тұрған  капиталист-байлар  сыртқа  тебіліп,  пұлсыз 
қалғандықтан  қазына  ақша  егіп  отырған  жоқ,  жеткілікті  көмек  көрсете  алмайды.  Байлар 
болса  пұлын  бермей  қашып,  қолындағысын  қолтығына  қысып  «ертеңгіге  сеніп»  кірісе 
алмайды. 
Темір жолдың нашарлаған себебі  — соғыстың ылаңынан отарбаның жүзден 75-і есептен 
шығып, қалған 25-і жоғарыдағы міндетті атқарып тұруға шамасы келмейді. Бір жерлерде 
мол  нәрсе  екінші  бір  жерлерде  тапшы,  темір  жолдың  шамасы  аздығынан  мол  нәрсені 
тапшылық көріп отырған жерге ауыстыра алмай отыр. 
Октябрь  толқынынан  бері  мемлекет  билігі  жұмыскерлер  қолына  тиіп  отыр.  Мемлекет 
ішінде жұмыскерлер кіріспеген бір тесік жоқ. Өзі қожа болған соң, өзі билеп төстемек; өзі 
пішіп-кеспек.  Алатын  ақысын,  істейтін  уақытын  —  бәрін  кесетін,  шешетін  өзі.  Алатын 
ақы көбейіп, күндік жұмыс уақыты азайса, істелген нәрсе бірінші қымбат түспек, екінші, 
керегіне жетімсіз, өнімсіз болмақ. Бұрын бір күнде дайын болатын нәрсе бұл уақытта екі-
үш күнде дайын болады. 
Қымбатшылыққа  үлкен  бір  себеп  болып  отырған  қағаз  ақшаның  көбеюі  дедік.  Ғылым 
көзімен  қарағанда  қағаз  ақшаның  саны  қолдағы  алтын,  күміспен  барабар  болуға  тиісті. 
Қағаз  ақша  —  қазынаның  берген  куәлік  қағазы.  Осы  қағазды  ұстап  келген  кісіге 
казначействолар  тиісті  бағасын  күміс,  я  алтынмен  беруге  міндетті.  Соғыс  басталғаннан 
бері  қолдағы  алтын,  күміс  азайған  соң  хүкімет  қағаз  ақшаны  дамылсыз  баса  берген  еді. 
Осы күнде мемлекет қазанында бір жарым миллиард (бір миллиардта мың миллион бар) 
алтынға 20 миллиардқа таяу қағаз ақша жүр. Не нәрсенің бағасы болсын, алтын, күміспен 
өлшенеді. Сондықтан бұрынғы бір сом тұратын нәрсе бұл күнде 10, яки 20 сом тұратын 
болды. 
Қағаз ақша өз ішімізде ғана жүреді. Шет мемлекеттермен алыс-беріс алтын-күміспен ғана 
атқарылады.  Фабрика,  зауыттарымыз  өзімізге  керек  нәрселерімізді  шығарып  бере 
алмағандықтан  біреудің  қолына  қарап,  ішкі  майды  шет  мемлекеттерге  сорғызып,  алтын-
күмісімізді азайтып отыр. 
Егін салуға жер керек, азамат күші, машина, ат, өгіз, пұл күші керек. Соғыстың ылаңынан 
мұжықтың азаматтарының бірсыпырасы майданда құрбан болды, бірсыпырасы кем-кетік, 
жарымжан болып қайтып, тамаққа ғана ортақ болды. Қолдағы машиналар тозды. Машина 
істейтін  зауыттардың  жайын  жоғарыда  жаздық.  Шеттен  келуі  тағы  тоқталды.  Соғыс 
алабындағы мұжықтар ат, өгіздерінен айырылып, құралсыз қалды. Қанша көлік, машина, 
пұлмен  мың  десятиналап  егін  салатын  байлардың  мал-мүлкін,  машиналарын,  жерін 
мұжықтар бөлісіп алып, бұларды қозғалтпай қойды. Егіннің кені  аталған қара қыртысты 


140 
 
көп  жерлер  бітім  шарттары  бойынша  Россияның  билігінен  шықты.  Міне,  осындай 
себептермен дағдылы егін ауданы кеміп, астыққа тым тапшы болдық. Жоғарыда тізілген 
себептердің  шумағы  дүниені  күйгізіп,  әр  жерден  ашаршылық  шығарып,  қазіргі 
қымбатшылықты туғызып отыр. 
Шаруа,  саясат  жүзіндегі  тартыстарды  ежелден  өмір,  тұрмыс  туғызады.  Крестьяндар 
қымбатшылықпен  былай  алысты:  астығын  базарға  әкелуді  қойды,  сендерге  астық  керек 
болса,  бізге  кездеме,  шай,  қант,  сабын,  темір  керек  еді.  Ақшаға  ешнәрсе  бермейміз, 
айырбас  қылсаң  кел  деді.  Астыққа  кемтар  қалалар  крестьяндардың  айтқанын  қылды: 
қолындағысын беріп, керегін алды. Мұндай істі атқаратын крестьян қалаларында екі түрлі 
ұйым бар: 
1) Әлеумет дүкендері. Мұнан крестьян керек-жарағын алады; 
2) Уақ қарыз серіктігі. Мұнан кезегінде ақша алады — бір; өзінен артылған астығын һәм 
басқа заттарын бір қолдан өткендей осы ұйым арқылы бағасын көтеріп, сыртқа сатады — 
екі.  Қысқасы,  крестьяндар  бір  ұйымнан  керегін  алып,  бір  ұйым  арқылы  бар  астығын 
қымбаттатып,  керегіне  айырбас  қылып,  күш  біріктіріп,  қымбатшылықпен  арпалысып, 
алысып отыр. 
Тұрмыс  жүзінде  бір  таптың  шаруасы  бір  таптікіне  қайшы  келіп  отырмақ:  жұмыскерлер 
астықты  арзан  алғысы  келеді,  істеген  нәрсесінің  қызмет  ақысын  артылтқысы  келеді. 
Крестьяндарға бұл жақпайды. Астығын қымбат сатып, нәрсені арзан алтысы келеді. 
Енді өзімізге келейік: бай да, крестьяндар да, жұмыскерлер де біздің қазақ жұртын шаруа 
жүзінде ұтып отырғандығы жоғарыда жазылғаннан ап-айқын көрінеді. Киіп отырған киім, 
ішіп отырған астық, шай, қант — бәрі біреудікі. Көбінесе, бұлар қолға түспейді. Өзімізден 
шыққан  нәрсеге  көз  жіберсек  қолдан  шыққан  соң  көзден  пыр-пыр  ұшып,  кеше  өзімізде 
қадірсіз, базарда құтылғанша асық болатын нәрселеріміз біраз жол жүріп, іс көріп, қайта 
келіп  өзіміздегі  бір  сомдық  қолымызға  жаттан  келіп,  жүз  сомға  түседі.  Соғыстан  бұрын 
бір қойға келетін нәрселер бұл күнде сол қойға келмейді. Қазақ шаруа жүзінде ұтылуда. 
Шаруамыздың  кірісінен  шығысы  көбейіп,  жұлын  тұтамыз  созылып,  бақайшығымыз 
шағылысуға айналды. Қазақтың қолында аз нәрсе отырған жоқ. Қазақта мал еті, май, жүн, 
тері  сияқты  заттар  бар,  мұның  бірсыпырасы  фабрика,  зауыттарға  керек  нәрселер, 
бірсыпырасы басқа жұрттың ішіп-жеміне, шаруасына керек нәрселер. Мұнсыз еш қала күн 
көріп отырған жоқ. 
Крестьян  астығын  қандай  пұлдаса,  қазақ  қолындағысын  сондай  пұлдауға  шамасы  бар. 
Шаруа жолында басқадан ұтылмау үшін әзір уақытша екі түрлі жол бар деп ойлаймыз: 1) 
керек нәрселердің санын қолдан келгенше азайту. Мысал үшін, крестьянның астығын қор 
көріп  отыруды  қойып,  соқа  ұстап  егінге  кірісу;  2)  крестьяндардың  жолына  түсу  керек. 
Ақшаға ешнәрсе табылатын емес; табылса айырбасқа ғана табылады. Ел-елде сатылатын 
мал, тері, жүн қазақ шаруасының басқа сүмелері әрбір ұйым арқылы бір қолдан өткендей 
атқарылып,  ұсынған  керек-жарағын  қазақ  айырбастап  алып  отырса  —  бір;  екінші,  қол 
шаруасының  сүмелерін  ұқсатып  пайдаланса,  мысалы:  машиналар  алып,  қолөнерін 
арттырса (шекпен, шәлі тоқу, басқалар), сүт машинасын алып, май айырып пайдаланса — 
сонда  ғана  қазақ  шаруа  жүзінде  ұтылмай  тіресуге  жарайды.  Жоқ,  өйтпей  бет-бетімен 
қолдағыны  базарға  апарып  құтылғанша  асық  болысып,  тастай  қашып  отырса,  шаруа 
жүзінде қазақ қолма-қол болмақ тоқсан тоғыз жерден бостандық тусын, көзі ашылмақшы 
емес.  Естеріңде  болсын,  қазақ  жеріндегі  байлардың  жиған-тергені  сорлы  қазақтың 
маңдайының тері, бақайшығының майы, табанының тілінген еті. 
Осы  күнде  мемлекет  күйі  тағы  бір  түрге  түсті.  Мемлекет  ішінде  әр  жерден  ашаршылық 
шыға бастады. Қолы бос қалған жұмысшылардың саны күн санап көбеюде. Ашаршылық, 


141 
 
қымбатшылық һәм соғыстың салдарынан ішкі Россиядан біздің қазақ облыстарына таман 
ағыл-тегіл  келе  жатқан  босқындар  жуырда  тоқтайтын  емес.  Бұлар  келген  соң 
қымбатшылық шаруа тұрмыс жолы тағы бір түрге түспек. Сондықтан жоғарыда айтылған 
сөзді қазақ-қырғыз баласы тез арада қолға алып, тез іске асыру жағын қарастыру керек. 
5  майда  облыс  сиезінің  қолға  алатын  әрі  жұмысының  бірі  осы.  Бұған  қамданып  келу 
керек. 
Дүниеде  шаруа  жүзіндегі  құлшылық  жаман.  Шаруа  жүзінде  ұтылып,  біреудің  ауызына 
түссек  қазақ-қырғыз  тобы  бытырап,  ұлт  мүшесінен  айырылады.  Сағым  сияқты  көзге 
елестеген асыл ұлт мақсаттары көзден пыр-пыр ұшады. Саясат, шаруа жүзіндегі теңдіктер 
бірімен  бірі  егіз.  Қай-қайсысы  болсын,  ар-намысымызбен,  жүрек  тілегіміздің  бірлігімен, 
ұлт  рухының  күшімен  аламыз.  Алаш  ұранды  қазақ-қырғыз  баласы  мұны  әсте  естен 
шығармау керек. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   162   163   164   165   166   167   168   169   ...   227




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет