163
ЕЛДІҢ ЖАЙЫ
Біздің Түркістанның аймағындағы қазақ-қырғыз елінің өткен күздің басынан бері қарай-ақ
Түркістан қазақ-қырғызы өмірінде көрмеген ауыртпалықтарды көріп келеді. Түркістан
қазақ-қырғызының арасына ашаршылық бәлесі кіріп, қырылып жатқанның үстіне
Россиядағы большевик кесапаты тағы қоса беткей болып, жығылғанның үстіне жұдырық
болды.
Күздің ала басынан бері қарай ашаршылықтан шұбырып, қала-қалаға жиналған түрлі
Алаш балаларының есебі жоқ. Олардың нағыз ажалсыз болып, бір-бір себеппен аман
қалғандары болмаса көбі-ақ шыбын есебінде қырылып жатыр.
Осы күні Түркістан аймағының қай шаһарында болса да көше-көшені толтырып, қайыр
сұрап жүрген сорлы Алаш балаларынан адам аяқ алып жүре алар емес. Өң жоқ, түс жоқ
аруақтай қуарып, аяғын әрең басып жүрген, балаларын ертіп, көшені толтырып жүрген аш
балаларын көргенде адамның тұла бойы мұздап, құйқа тамыры шымырлайды. Кез келген
жерде аштан бұралып жатып қалып, біржолата жан берушілер де толып жатыр.
Мұндайлар он емес, жүз емес әр шаһарда неше мыңдап бар. Бұларды көргенде басыңа
бүкіл Алаш аштықтан босып, қайыр сұрап кеткен бе деген ой келеді... Расынан да
Түркістанда Алаштың барлық бұқарасы осы күйге түсті. Бұларға жаны ашып, жәрдем
қолын созатын ағайын әр шаһарларда орыс, сарт халықтары ептеп жәрдем қылған болып
жатыр. Бірақ олардың бұл жәрдемдері әлгі есепсіз көмекке ешнәрсе болмайды.
Шаһарларға шұбырып келген бұл сорлылардың арасында аштықтан жаман рақымсыз ауру
өршіген. Оған қарсы шара қылудың қамына кіріскен де ел жоқ. Шаһар халқы болса,
әсіресе, сол ауруынан шошынып, зар-зар етеді. Сол себепті Ташкентке келген аш
қазақтарды большевиктер айдап қуып жатыр. Большевиктер оларды шаһардан аулақ бір
жерге орнатып, тамақ беріп тұрмақ болған екен, соңынан олардың берген тамағына місе
қылмай,
сорлылар қашып отырып, қалаға қайтады.
Алаштың нашары, бұқарасы осындай күйге түсіп жатқанда елдегі қарны тоқ, иіні
бүтіндердің істеп жатқандары тіпті адамгершілікке сияр емес. Олардың ел ішінде не істеп
жатқаны һәм қазіргі қожайын большевиктердің халыққа не марқадам көрсетіп тұрғаны
төмендегі тілші хатынан ашық көрініп тұр. Ақмешіт үйезінде большевиктердің істеп
жатқан істері туралы тілші жазады:
«Біраздан бері елге солдат шығып, жұрттың малын хаттап, оннан бір салық алып жатыр.
Олар малдың нарығымен алса да жарар еді. Ол жоқ. Солдаттардың кесімі малдың
нарқынан жоғарылап, мысалы, біреудің көрсеткен 8 түйе, бір атын он мың сомға шағып,
большевиктер бір мың сом салық алды. Осы күні мал арзандап кетті: түйенің ең
жарамдысы 500 сомнан аспайды.
Мұндай құбыжықты көрген соң жұрттың көбі солдаттармен шығысып, ел аралатпай
ауылнайға 4 мың — 5 мыңнан беріп жатыр. Бұ күнде халықтан бұл «оннан бірді»
большевиктер тегіс алып болды.
Өзара бір ауыз болмай, бүлінген істер шамадан тысқары төледі. Хәтта бір ауылнай 28
мың, тағы бір ауылнай 140 мың сом төлеп әрең құтылды.
«Мұндай да қасқыр қарап қалсын неге» дегендей арам-адалды талғамай, лай суда балық
ұстап жатқандар да аз емес.
164
Ел арасында кәдімгі мықты жұт, ашаршылық салдарынан жарлы-жақпайдың көрген күнін
адам баласына бермесін, ел ішінде аштан өліп жатқандардың саны күннен күнге өсіп
барады.
Большевиктер бұрынғы халық ұйымдарының бәрін құртқан, жоқ қылған. Көбінің құр аты
болмаса ешбір қызметі жоқ. Барлық тізгін, барлық ықтияр «совет» қолында. Ақмешіт
советінің председателі бұ күнде Құдайдан соңғы халықтың қожайыны.
Түрмеде бос орын қалмаған соң енді жұрттың көбін үйге қамап «домашний арест» қылып
жатыр.
Большевиктердің бұл ісі ел ішіндегі бұзықтарға өте жағып тұр. Осы күні Құдай солардың
тілеуін берді. Ақмешіт үйезінде сондай бұзақылардың бірсыпырасы большевик жаққа
шығып алып, көңілдеріне жақпаған адамдарды тасырлатып қиратып жатыр.
Сөздің қысқасы, жұрттың басына қара тұман түсіп, қара күн туды. Ал енді әлгі айтқандай
бірсыпыра адамдар көрмеген драманы көріп, көңіліне келгенін істеген қилы-қилы заман
болды. Қарағай басын шортан шалды деген заманға ұшырадық қой. Құдай ақырының
қайырын берсін...
Достарыңызбен бөлісу: