Көлеңкелі экономика – бұл мемлекетке салық төлеуден жалтаратын және заңсыз түрде пайда табуды көздейтін экономикалық қызмет. Ғалымдар көлеңкелі экономиканың элементтеріне мыналарды жатқызады:
Заңсыз жүргізілетін қызмет түрлері – есірткі бизнесі, қару-жарақ саудасы, жезөкшелікпен айналысу, т.б.
Табыс табатын жұмыссыздар – жұмыссыз болып тіркеліп, мемлекеттен жұмыссыздыққа байланысты түрлі жәрдемақы алатындар. Олардың табыс көздері болғандықтан, жәрдемақы алуға құқықтары жоқ.
Қосымша жұмыс істейтіндер, мұндай әрекетке баратындар қосалқы қызмет орнында салық төлемейді.
Қолма-қол ақша немесе затпен төлеу. Кейбір жалданып жұмыс істейтіндер жұмыс уақытында қолма-қол ақшаға жеке мәмілелер жасайды (көпшілік жағдайда олар жалгердің құрал-жабдықтарын жеке мүддесіне пайдаланады) немесе пара алу.
Алдау қызметі – табысты заңсыз түрде иемдену: материалдық байлықты ұрлау, тұтынушылармен дұрыс есеп айырыспау, тауарды дұрыс жеткізбеу.
Заңсыз іскерлік шығындар – қосымша жеке шығындардың іскерлік шығындар ретінде рәсімделуі.
Көлеңкелі экономика ауқымын және оның аясындағы табыс көлемін анықтау өте қиын, алайда сарапшылардың бағалауынша ЖҰӨ-гі оның үлесі шамамен АҚШ-та – 8-14%, Англияда – 6-8%, Франция мен Канадада – 5-8%, Швеция мен Норвегияда – 6-17%, Италияда - 30%-ды құрайды.
Шетелдік мамандардың бағалауынша, бұрыңғы КСРО-ның «жасырын экономикасы» дүниежүзіндегі дамыған 20 елдің қатарына кірген. Олардың есептеуінше, ЖҰӨ-нің 5-7%-ы «көлеңкелі» секторда өндірілген. Көлеңкелі экономиканың мұндай ауқымы мемлекеттік меншіктің монополиялық үстемдігіне байланысты болған.
Көлеңкелі экономиканы бақылау және есептеу мүмкін болмаса да, оның бар екенін анықтаудың қарапайым екі әдісін бөліп көрсетуге болады:
Егер ұлттық деңгейде шығындар табыстан артса, онда шығындар мен табыстар арасындағы айырмашылық арқылы.
Өте ірі ақша белгілеріне сұраныстың өсуі.
Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономиканың қазіргі экономикада мынадай элементтері орын алып отыр: жасырын меншік түрлері мен негізгі тәсілдері көптен бері қалыптасқан жалған экономика субъектілерінің әрекет етуі. Олармен күресу шараларын арнайы құқық сақтау органдары жүргізеді. Отандық ғалымдар көлеңкелі экономикамен күресудің бірден-бір тәсілі болашақта жаппай электрондық ақша жүйесіне көшу деп санайды.