Хайуанаттар саябағы
Сабақтың мақсаты: балалардың хайуанаттар жайындағы түсініктерін жетілдіру. Оларға қамқорлық көрсету, сүйіспеншілік сезімдерін ояту. Аңдардың бейнесін сурет салу арқылы бейнелеу, іскерлік дағдыларын қалыптастыру. Көркемдік талғамын арттыру. Түрлі қимыл-қозғалыс жасау арқылы дене сымбаттылығын, түзілісін дамыту. Тепе-теңдік сақтау. Іс-әрекет барысында бір-біріне қарым-қатынасын, жағымды мінез-құлық, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу. Балалардың шығырмашылық белсенділігін арттыру, дербестікке баулу, тілін дамыту, логикалық ойлауына ықпал ету.
Көрнекіліктер: қағаздан жасалған аңдар бейнесін, аңдар суреттері, құрылыс материалдары, қиынды бөлшектер және сурет салуға, қимыл-қозғалыс жасауға қажетті құрал-жаблықтар.
Сөздік жұмысы: борсық, сусар, сілеусін, арыстан, жолбарыс, ну орман, жасыл желек т.б.
Әдіс-тәсілдері: ойын, сұрақ-жауап, көрсету, түсіндіру, өлең-тақпақтар, жұмбақ-жаңылпаштар.
Алдын-ала жүргізілетін жұмыстары: Хайуанаттар саябағына арнайы саяхат ұйымдастыру. Жабайы жануарлардың суреттерін көрсетіп әңгімелету. Балалар аңдар тіршілігі жайында білетін ертегілер айтып беруді сұрау. Жеке жұмыстарды қағаздан (цилиндр, конус пішінді) әр түрлі аңдар бейнесін жасату.
Сабақтың барысы: балалар саяхатта көргендерін естеріне түсіреді. Үстел үстінде бос уақыттарында жасаған аңдарды «хайуанаттар саябағына» орналастырып аңдар тіршілігі жайында әңгімелету. Түр сипаты, ерекшеліктеріне назар аудару. Аңдардың суретін салу жолдары, ойын жаттығулардың бірнешеуін көрсетіп, бүгін өздері көрген аңдардың суреттерін салатындықтарын ескертеді. Алдымен үлкен дене бөлігі, басы, аяқтары, құйрығы, содан кейін көздері, тұмсығы т.б. салу реті айтылады. Қылқаламмен, бояумен уақытында жұмыс істеу барысы қадағаланады. Кейбір балаларға көмектесіп, жеке нұсқау беріледі. Жұмыс аяқталған кезде балалардың еңбек нәтижесіне талдау жасалып, сипаттап, өзі салған аңдар жайында әңгімелеп немесе қандай өлең-тақпақ білетінін айтқызу.
Бой сергіту сәті (музыка әуенімен)
Аңдардың қимыл-қозғалысын әуен сазымен бейнелеу. Балалар сергіту сәтінен кейін тәрбиешінің шығармашылық әңгімесін тыңдайды.
Бір топ бала ойнап жүріп адасып кетіпті. Алдарыннан қалың ну орман кездесіпті. Орманға кірсек, онда әрі адасамыз дейді біреуі тұрып, екіншісі бәрібір өтуіміз керек дейді.
- онда балалар, ойланыңдаршы, қалай өтуге болады? (тапсырма)
- бірінші бала: ағаштарды біртіндеп кесіп, бәрін тауысамыз дейді (аралап екі-екіден ағаш кесуді бейнелеп, қозғалыс жасайды); осы тәсіліміз дұрыс па? Балаларға сауал. Ойландыру.
Дұрыс емес. Орманды қорғау керек.
- екінші: ағаштардың арасымен аралап өтеміз (әр жерге қойылған кедергілер немесе кедергі заттардың арасымен қағылмай-соғылмай, бір-біріне кедергі жасамай өтеді;
- үшіншісі: ұшақпен немесе тікұшақпен (вертолет) ұшып өтеміз (қолдарын жандарына созып ұшақтың ұшуын бейнелейді);
- өзен-көлдерден, тау-тастардан өту керек болса ше? – деп тәрбиеші ұсынып тастайды.
Балалар жан-жақтарына қарап, құрал-жабдықтардың ішінен өздеріне қажеттісін алып, ирек жіптің үстінен, гимнастикалық тақтайшадан тепе-теңдік сақтап өтеді. Ну орманнан өту жолдарын көрсетіп өздері өтіп болған соң қол ұстасып дөңгелене шеңбер құрып ойын ойнайды, ән салады, би билейді, жұмбақ шешеді, ауызша есептер жаңылтпаш айтады.
- «Ормандағы аңдардың бәрін көрдік қане, аюдың қандай ерекшелігін айта аласыңдар, қасқыр туралы не айтуға болады, түлкі, қоян, кірпі, тиінді сипаттап беріңдерші» - деп балалардың хайуанаттар жайындағы түсініктерін тиянақтау. Өз бетінше әрекетінде алған білім, дағдыларды бекіту мақсатында әр түрлі мозайкалық ойындар, қиынды қағаздардан аңдар, құстар, үй жануарларын құрастыру, құрылыс материалдарынан оларға қора соғу, ұя жасау ұсынылады.
Достарыңызбен бөлісу: |