Құстар
Сабақтың мақсаты: құстарды сүйіп, оларға қамқорлық жасап, қорғай білуге үйрету. Табиғат құбылыстарынан бақылағандарын әңгімелеп, айту арқылы сөздік қорын молайту, тілін дамыту. Құстар үнін, қимыл қозғалысын бейнелеп дене түзілісін қалыптастыру. Сөздік дидактикалық ойындар, ауызша қарапайым есептер шығару арқылы логикалық ойлауын, қиялын, есте сақтау қабілетін дамыту. Құстардың бейнесін қағаз бетіне түсіре білу іскерліктеріне машықтандыру. Талдау кезеңінде математикалық ұғымдармен байланыстыра еңбек нәтижесін қорытындылау.
Көрнекіліктер: құстардың жыл мезгілдерінің көркем суреттері (әңгімелетуге). Сурет салуға қажетті құрал-жабдықтар: техникалық құралдар: үн таспа немесе күйтабақ.
Әдіс-тәсілдер: көрсету, түсіндіру, құстар бейнесіне талдау жүргізу, сызықтармен салу жолдарына бағыт беру.
Сөздік жұмысы: Құстарға қамқорлық, аялау, қыстап қалатын құстар т.б.
Алдын-ала жүргізілетін жұмыстар: құстардың келуі, қайтуын бақылату, құстар тіршілігі жайында әңгімелесу.
Сабақтың барысы: жыл мезгілдерінің ерекшеліктері жайында әңгімелесу. – Қыста қыстап қалған қандай құстарды білесіңдер? Қазір қандай құстар ұшып келді? Әлі келмеген, өздерің көрмеген қандай құстарды білесіңдер? (аққу, қаз, бүркіт, тырна т.б.). құстар жайында кім жұмбақ біледі?
1 бала Өз атын өзі шақырады
Сөйтіп күнді батырады
(көкек)
- Балалар, өткенде серуенде құстарға ұя жасап ағаштың басына іліп, құстарға бақылау жасағанда ұя салатын және ұя салмайтын құстар бар деп айтып едім, ұя салмайтын, жұмыртқасын өзге құстың ұясына салатын қандай құс? (көкек).
Өткенді ұмытпасаңдар, енді тағы кім жұмбақ айтар екен.
2-бала Көкте ұшады тізіліп
Біз қараймыз қызығып
(тырна)
3-бала Ақ сарайын талқандап
Шықты біреу талтаңдап
(балапан)
Балалар, жұмбақты жақсы біледі екенсіңдер, әрі тапқырлықтарыңды көрсетіп шешуін дұрыс таптыңдар, енді мен жұмбақ жасырайын.
Қос қанатын иіп ап,
Жарға келіп қонады.
Қара киім киіп ап.
Балшықтан үй соғады.
(қарлығаш)
Шешуін тапқан балалар мадақталады.
Тәрбиеші сауалы: - құстар туралы қандай ертегі естіп, тыңдадыңдар? Естеріңе түсіріп көріңдерші. Балалар: - «Әтеш пен тоты», «Қарға мен лашын», «шымшық пен көгершін», «Екі қаз бір бақа», т.б. (бір баладан ертегі айтып беруді өтінеді). Ертегі аяқталған соң бой сергіту сәті. Құстардың дыбысын, қимыл қозғалысын көрсетеді (жем шоқып жеуі, қораз тәрізді, қанатын жайып ұшу, торғай сияқты секектеп жүру, т.б.). Барлық балалардың қатысуы қадағаланады. Іс әрекет аяқтала бастаған кезде үн таспадан немесе күй табақтан үні естіледі. (Күйтабақтан «Құстар әнін» тыңдау). Өздері бірлесіп айтуға ұсыныс жасау.
Балалардың зейінін тәрбиеші өзіне аударып, «Сөз ойла, тез ойла» ойынын ойнайтындықтарын айтып шартын таныстырады.
Бұл сөздік дидактикалық ойында өздері білетін және білмейтін құстардың аттарын атап, білімдерін тиянақтау. (Қарлығаш, көгершін, тотықұс, аққу, лашын т.б.). Ең тапқыр, жылдам сөз ойлаған балаларды мадақтап осы аталған құстардың ішінен өздерінің ең жақсы көретін құстың қазір суретін салып берулерін сұрайды. Балалар сурет салуға қажетті құрал жабдықтарын алып іске кірісер алдында көрнекті көркем суреттер көрсетіп қысқаша әңгімелету. «Құс базары», «Үй құстары», т.б. Құстардың дене бітімін беруді еске түсіру (денесі сопақша дөңгелек, басы дөңгелек, тұмсығы ұшбұрыш т.б.). Тырналардың үшбұрыш жасай ұшып келе жатқанын немесе ұясының жанындағы қара торғай бейнесін тәрбиеші қарапайым сызықтармен салудың жолдарын ауада немесе тақтада бормен сызып салып көрсетеді. Сурет салуды алдымен қағаз ортасын белгілеу, үлкен бөліктерінен бастап бейнені ұсақ бөліктермен толықтыруды және бояу түсін дұрыс таңдауды ескертеді. Жұмыс басталғанда кейбір балаларға жеке нұсқаулар беріп, жалпылама бақылау жасап жүріп басшылық етеді. Еңбек нәтижесін балалармен бірлесе талдау жасағанда қанша құс салынғаны, санау ұғымдарымен тиянақтау. Көлемі мен пішініне мән беру. Мысалы: ауызша есеп шығарту. Гүлжан бір қара торғай салыпты, Асқар бір қарлығаш, Елдос үш тырна салған, барлығын қосқанда қанша құс болды? Осылайша балалардың шығармашылықпен ойластырған есебі балалардың ойлануына және жұмыс сапасына көңіл бөлінуіне бағыттайды. Балалар құрал- жабдықтарын жинап орындарына қояды, іс әрекет барысын, қортындылап, көктемде келген құстарды бақылауға серуенге шығып, таза ауада қимылды ойындар ұйымдастырды. «Қарлығаш пен қаршыға», «Ұшты- ұшты» т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |