Алдын ала жүргізілетін жұмыстар: саябаққа, скверлерге мақсатты серуендер ұйымдастырып құстардың келуін бақылау.
Сабақтың барысы: көктем кезіндегі құстардың келуі бейнеленген иллюстрациялық суретті көрсете отырып, балалардан сурет мазмұнын сұрау, мәнерлеп айта білу талап етіледі.
Құстарға арнап ұя жасап жатқан балалар суреттерін көрсетіп, әңгімелетеді.
Қыз баланың құстарға жем шашып тұрған, ағаш бұтақтарына құстарға арнап жем салғыштар іліп жатқан суреттер жайында кезек пен кезек әңгімелеткен соң өздері серуен кезінде көргендері мен байқағандарын әңгімелейді.
- Көктемде құстар келіп жатыр, сендер осы келген құстарды қалай қарсы алар едіңдер? – деп тәрбиеші сұрайды.
Балалар: - Жем шашамыз.
Құстар алыс жақтан ұшып келеді. Қағазға түсіріп көрейікші. Қане, кім айтады, алыстағы зат қалай көрінеді?
-Зат алыстан кішкентай болып көрінеді.
- Ал, жақын жердегі зат ше? – Үлкен болып көрінеді.
Аспан мен жердің айырмасын қалай саламыз? (қалай бейнелеуге болады). Қағаз ортасынан түзу сызық жүргіземіз, осы сызықтың жоғарғы бөлігі аспан болады да, төменгі бөлігі жер. Өте жақсы.
- Құстар қай жақтан ұшып келеді деп ойлайсыңдар? (Тақтада қағаздан көрсету).
Біреуі шығып оң жақ бұрышын нұсқайды.
-Ә, мына жақтан келе жатыр екен, міне құстар – деп тәрбиеші қарапайым дақ түсіре отырып қылқаламмен қағаз бетіне ұшбұрыш жасай ұшып келе жатқан құстарды салып көрсетеді. Мұнда құстардың бағыты бері қарай беріледі. «Енді осы құстарға өз дайындықтарыңды бейнелейсіңдер» - деп тапсырма береді. Жұмысқа кірісер алдында балалардың біреуі тақтаға шығып салып көрсетеді. Бұдан кейін балалар тапсырманы орындауға кіріседі. Төменгі бөлігіне балалардың өздері құстарды қарсы алудағы іс әрекеттерін бейнелейді, кейбір балаларға жеке нұсқаулар беріп, жұмысты бастауға бағыттайды. Балалардың сурет салып отырған кезде шаршағандықтары байқалған, сәтте тәрбиеші балалардың назарын тақтаға аударып, келе жатқан құстардың соңғы жағынан басқа бағытқа қарай тағы бір құсты салып көрсетеді де, «мына құс неге басқаларынан бөлек ұшып барады?» - деп сұрайды.
Балалар: - Ол құс басқа жаққа ұшып барады.
«Ол шаршап қалды. Ол адасып қалды» т.б. балалардың жауабынан кейін тәрбиеші (балалардың жауабын қостап) осы адасып қалған құсты басқа құстарға қосылу үшін бәріміз, көмектесейік – деп орындарынан тұғызады:
Іздеуге шығамыз бәріміз
(орындарынан тұрып жүреді)
Құс болып ұшамыз, ұшамыз,
(қолдарын жанына созып ұшады)
Алысқа көз салып қарайық
(қолдарын көлегештеп мойындарын созып жан-жақтарына қарайды).
Біз құстардың легін табайық – дейді де, адасқан құс өз табын тапты ма балалар? – Жоқ, әлі тапқан жоқ. Онда тағы іздеп көрейік. Екінші рет қайталағанда тақтадағы жеке салынған құсты өшіріп, соңына құстар легіне қосылды – деп, тағы бір құсты және оның құстарға қосылғанын бейнелеңдер – деп тапсырма береді. Балалар орындарына отырып, жұмыстарын жалғастырады. Салып болған суретті тақтаға іліп, балалармен талдау жасалады. Талдау кезінде тапсырманы қалай орындағандарын, кеңістіктегі орналасуына байланысты сурет мазмұнын өзгертетінін атап өтіп жақсы салынған суреттерді мадақтайды. Самат құстарға жем шашып тұрған өзін бейнелепті. Асқар ұя жасапты. Ұлжан құстар келгенде қонатын ағаштардың суретін салыпты, өте жақсы бейнелегендерін айтып, енді келген құстар жайында қандай тақпақ білесіңдер – деп сұрайды. Бірнеше бала білетін тақпақтарын айтады.
Қар су болып жөнелді –
Қалды дала жалаңаш,
Күн нұрына келеді,
Бүршік атып бар ағаш
Келіп көктем құстары
Бау-бақшада ән салды,
Оларды жас достары
Ұя жасап қарсы алады – деп суретте салынған бейнелерді көрсетіп, ең таңдаулыларын мадақтайды. Көктемде келген құстарды көру үшін жануарлар саябағына баратындықтарын айтып балаларды қуантып қояды. «Құс келді» Б.Қозыкеевтің шығармасын оқып балалардың жұмыстарын көрсете тұрып сабақты қорытындылайды.