1.6. Орфоэпия
Сөз дыбыстары – тілдің табиғи материалы. Яғни дыбыс – сөздің материалдық қабығы, егер ол болмаса, тіл де өмір сүрмек емес. Сөз, сөз тіркесін құрайтын дыбыстардың айтылу нормасы тілдің фонетикалық құрылысына сай келуі керек. Айталық, қазақ тілінде сөйлейтіндер негізгі дыбыстардың сапалық қасиетін, белгілі жағдайда, тіркестерде айтылғанда өзгеріске ұшырайтынын айыра біледі. Мысалы, ерін үндестігі заңы бойынша: түбірдегі еріндік дауысты дыбыстың өзінен кейінгі езулік дауысты дыбысқа әсер етіп, айтуда өзіне ұқсата үйлестіріп естіртеді: өжет-өжөт; жүрек-жүрөк, ұтыс-ұтұс, өлең-өлөң болып айтылуы қазақ әдеби тілінің орфоэпиясына тән құбылыс. Сөйлегенде, дауыстап оқығанда бұл қалыптасқан заңдылық мұқият сақталуы тиіс.
Сондай-ақ, қазақ тілінің орфоэпиялық нормасы бойынша сөздердің аралығында келген екі дауысты дыбыстың бірі түсіп қалып айтылады. Мысалы: сарала (сары ала); аротыр (ары отыр); білсекен (білсе екен) т.б.
Сөйтіп әр халықтың әдеби тілінде айтылудың жалпыға бірдей ортақ қалыптасқан нормасы болады. Осылар жайындағы ережелердің жиынтығы орфоэпия деп аталады. Орфоэпияның практикалық мәні зор. Мәдениеттілік, сауаттылық тек дұрыс жазуда емес, сонымен бірге ана тілінің сиқырлы сазын құлаққа жағымды, өзінің жағымды қалпын бұзбай жеткізуде деп түюіміз керек. Өйткені тіл қоғамда қатынас құралы болғандықтан, оның әлеуметтік қызметі өз дәреже-деңгейінде тұрып қана іске асады, жалпыға бірдей қатынас құралы қызметін атқарады.
Балалар бақшасындағы тәрбиеші-педагогтардың сөзі ешбір мүлтіксіз болуға тиіс. Сәбилер сөйлеуді үлкендерден үйренеді. Олардың бұрыс ұққан сөздерін түзеу қиынға соғады, сондықтан балалар бақшасында істейтін адамдардың сөзінде ешбір қате болмауы керек. Сонда ғана дұрыс сөйлеп үйренуге мүмкіндік туады. Сөйтіп, тәрбиеші-педагогтың үлгілі сөзі сәбилердің ана тілін үйренетін бірінші әліппесі болмақ.
Орфоэпияның басты ережелері.
Дауысты дыбыстардың айтылуы
Қазақ тіліндегі дауыстылардың
Қазақ тіліндегі дауыстылардың негізгі ерекшелігі – жуан, жіңішке болып жұп келуі: (а-ә, о-ө, ұ-ү, ы-і). Ал-әл, от-өт, тұр-түр, ыс-іс т.б.
2. Үндестік заңы (сингармонизм). Тіліміздегі байырғы сөздердің басым көпшілігі не біркелкі жуан, не біркелкі жіңішке айтылады. Бұл – дауыстылармен байланысты сингармонизмнің түр-түрін жасауға арқау болатын дауыстылар. Мысалы: бала-лар-ға, терезелер-ге, жұмыс-шы, сурет-ші т.б.
3. Ерін үндестігі. Мұнда түбірдегі еріндік дауысты дыбыстың өзінен кейінгі езулік дыбысқа әсер етіп, айтуда өзіне айналдырады. Мысалы: жазылуы өзен – айтылуы өзөн, жазылуы үлкен – айтылуы үлкен, жазылуы көне – айтылуы көнө т.б.
4. Элизия (мүлдем түсу). Қатар келген екі даусты дыбыстың біреуінің түсіріліп айтылуы. Сарыарқа (Сарарқа).
5. Редукция (сусу, сәл айтылу).
Мысалы : әділет , дәрігер – жазылуы; айтылуы - әдлет, дәргер т.б.
6.Протеза (сөз алдында дауысты дыбыс қосып айту).
Мысалы: Рымбике, Риза жазылуы ; айтылуы – Ырымбике – Ырыза т.б.
Сөз басында е, о, ө дыбыстары дифтонгті ерекшелікпен айтылады. Мысалы: ел- йел; ол- уол; өз- уөз.
Жергілікті тіл ерекшелігіне байланысты е (і) міне – міні, б (ұ) (қолдану – құлдану), ү (і) (үндемеу – індемеу), ә (а) (және – жаңа) т. б. дыбыстар алмасып айтылады. Алдынғылары - әдеби тіл нормасы.
Ж, й мен ш, й дыбыстары аралығында келген а дыбысы жіңішке айтылады (шай –шәй, жай – жәй, жайық – жәйыұ т. б.)
Достарыңызбен бөлісу: |