Грамматикалық кідіріс деп – мәтіндегі тыныс белгілеріне тоқталып оқуды айтады:
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, //
Күз болып,// дымқыл тұман жерді басқан./
Білмеймін,// тойғаны ма,// тоңғаны ма,//
Жылқы ойнап,// бие қашқан, тай жарысқан,// (Абай)
Бұл үзіндіде тыныс белгілеріне кідіріс «//» жасап оқу көрсетілген.
Логикалық кідіріс деп – сөйлемнің мағынасына бірден, тез түсіну үшін, ондағы кейбір жеке сөздерді немесе белгілі сөз тізбегін өзге сөздерден бөліңкіреп, нығырақ, ой-пікірді сазына мән бере кідіріс жасап оқуды айтады. Былайша айтқанда, кідірістің бұл түрі көбіне аяқталған, тиянақталған ойды білдіреді, сөйлемдердің арасын, тіпті мәтін бөлімдерін жалғастырады, яғни тиянақты ойдан кейін, сөйлем соңындағы тыныстау болып есептеледі.
Бұған мысал ретінде 6-сыныпта өтілетін А.Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді алайық:
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге...
Ғалым болмай немесе,
Балалықты қисаңыз...
Алғашқы екі тармақ грамматикалық кідіріс заңымен оқылса, соңғы қос тармақтар бір-бірінен тұтасып («Құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге», «Ғалым болмай немене балалықты қисаңыз»), тыныс белгілеріне көңіл аударылмай, екі жол жалғасып оқылады.
Кейде ұзақ толас психологиялық кідіріске айналып кетеді де, көркем сөйлеудің мәнерлі тәсілі ретінде сөз мағынасын күшейтеді. К.С.Станиславский: «Психологиялық кідіріс – ойды үнсіз емеурінмен тап басып дәл жеткізу тәсілі. Үнсіз толас жасаудың өзінде салмақты мән жатыр, өйткені ол сөзді көзқарастың түрлі өзгерісімен, пішіннің құбылуымен; сондай-ақ қарым-қатынас жасауда өзінен-өзі не әдейі қолданылатын болар-болмас қимыл әрекеттерімен толықтырады», - деген-ді.
Сөйтіп, логикалық кідірісті текстің мағыналық түйінін меңзеуге, ойды ұштауға қолдансақ, психологиялық кідірісті тыңдаушылардың көңіл күйіне әсер ету үшін пайдаланамыз.
Ал енді психологиялық кідіріс дегеніміз не? Көркем шығарманың әрбір бөлімін бірінен-бірін көңіл күйіне қарай айыру үшін, сөйлемдер мен үзінділерге психологиялық мән-мағына беріп күшейте түсу үшін жасалатын кідірісті психологиялық кідіріс дейміз. Кідірістің бұл түрінде шаттық, қуаныш, күйініш, ашу-ыза, кекесін-сықақ, шындық өрелі ойды білдіретін жеке сөз, тармақтарға екпін қойылады. Бұған мысал ретінде 5-сыныптың оқулық-хрестоматиясында берілген И.А. Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысал өлеңіндегі автордың, шегірткенің және құмырсқаның сөздеріне мөлшерде психологиялық кідіріс жасалады.
Немесе Абайдың «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» өлеңіндегі:
Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,
Адам үшін батысып қызыл қанға, -
Деген үзіндіден» жарқ-жұрқ етіп» тіркесіне көңіл аударайық. Бұл бүркіт пен түлкінің арпалысқан айқасын от шашыратқандай етіп көз алдымызға елестетеді. Сондықтан оған ерекше сипат беріп оқу, баса назар аудару, салмақ түсіре айту сол тармақтардың немесе бүкіл лириканың мазмұнын ашады.
Оқу кезіндегі меңгерілген дауыс кідірістері оқушылардың ойын әсерлі жеткізуіне көмегін тигізетіндігі сөзсіз. Мәнерлеп оқуды дұрыс жолға қою жұмысы көркем шығарманың эмоциялық жақтарын білдіре оқумен де тығыз байланысты. Шығарманың мазмұнына қарай мәтіннің бір жері қуанышты, шаттық сезіммен оқылса, екінші бір жері – жарамсақтық мінез-құлықпен, үшіншіден біреуі ызғарлы, қатқыл ашулы мәнермен оқылады. Әрине, мұны талап етіп тұрған жазушының немесе ақынның сөз қолданысы, яғни кейіпкерлердің бойына құйған қуаныш-қайғысы, толғаныс-тебіренісі, қасірет-мұңы болып табылады. Сол үшін көркем сөз мәтінін оқыған уақытта автордың және кейіпкерлердің ой-сезімінің түрлі реңкін сазына келтіріп оқи білуге жаттықтырылады.
Психологиялық кідіріс сөйлеушінің толғаныс-тебіреністерімен байланысты келеді. Бұл – көркем сөз орындаушының хабарлап тұрған жайтқа деген өз көзқарасына, сөз төркініне, сөз астарына байланысты болады. Сөйтіп бұл жайт оның творчестволық жұмысын сипаттайды. Мұндай кідірістер мәтіннің басында, ортасында, соңында келе беруі ықтимал. Ол тыныс белгілерімен дәл келуі де, келмеуі де мүмкін. Өйткені ол мәтіннің психологиялық мазмұнына байланысты болмақ. Мысалы, мына шағын мәтінді талдап көрейік.
Достарыңызбен бөлісу: |