Жұмыр құрттар немесе алғашқы қуысты құрттар типі – Nemathelminthes немесе Ashelminthes Жұмыр құрттардың көптеген түрлері теңіздер мен мұхиттарда, тұщы суларда, топырақта қозғалып өз бетімен тіршілік етсе, біразы өсімдіктер мен жануарлардың, адамның паразиттері. Бұлардың планета биосферасында кездеспейтін ортасы жоқ. Сондықтан бұлар космополиттік топ болып табылады.
Жұмыр құрттардың жалпақ құрттардан айырмашылығы, ішкі мүшелерінің арасында дене қуысының болуы. Бұл қуыстың өзіндік қабырғасы болмағандықтан оны алғашқы қуыс немесе схизоцель деп атайды. Сондықтан кейде жұмыр құрттарды алғашқы қуыстылар деп атайды. Денесінің ішкі қуысындағы сұйық заттың біркелкі қысымда болуы оның дене жұмырлығын тұрақты етеді. Құрттардың денесі жұмыр болып келетіндіктен типтің аталуы да солай.
Типің негізгі сипаты:
денесі бөлшектенбеген (сегменттелген);
зәр шығару жүйесі дамымаған, зәрді денеден тері бездері шығарады немесе протонефридиялы;
дара жыныстылар, жыныс жүйесінің құрылысы өте қарапайым.
Жұмыр құрттар типі 5 класқа бөлінеді:
Нағыз жұмыр құрттар класы – Nematoda
Аденофореа класс тармағы – Adenophorea
Сецерненттер класс тармағы – Secernentea
Құрсақ кірпікшелілер класы – Gastrotricha
Киноринхалар класы – Kinorhyncha
Түкті құрттар класы – Nematomorpha
Коловраткалар класы - Rotatoria
Нағыз жұмыр құрттар немесе Нематодтар класы – Nematoda Нематодтар түр саны жағынан (27000-нан астам), кеңістікте таралуы сипаты жағынан да ең жоғарғы тұрған топ. Бұлардың бүкіл әлемде кездеспейтін ортасы жоқ. Мұхиттар мен теңіздер түбінде, тұщы суларда, топырақ арасында еркін қозғалып тіршілік етсе, паразиттік түрлері өсімдіктер мен жануарлардың барлық мүшелерінде кездеседі. Құстар мен насекомдардың паразиті ретінде олар ауа қабатын да меңгерген деп айтуға болады. Айналамызда жүріп жатқан шіру процесінің барлығы осы нематодтардың қатысуы арқылы жүреді. Кеңістікке таралуы тұрғыдан оларды бактериялар мен бірклеткалы организмдермен салыстыруға болады.
Нематодтардың тіршілік ету орталарының алуан түрлі болып келуіне қарамастан құрылыстары бірдей.