35 Тақырып: "Зарзаман" ағымы өкілдерінің идеологиялық құндылықтары. Оқу мақсаты



бет2/3
Дата25.01.2022
өлшемі247,5 Kb.
#114386
1   2   3
Байланысты:
35зар-заман окілдері тақырып

3. Дулат Бабатайұлы. Ол Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында дүниеге келген. Отарлық озбырлықтың күшейгенін, 1822–1824 жылдары хандық биліктің жойылуын, округтік орталықтар құрылуын, 1867–1868 жылдардағы әкімшілік реформаларды, ұлт-азаттық көтерілістерді көзімен көріп, жанымен сезінген Дулат Бабатайұлы өз өлеңдерінде халқының басына түскен ауыртпалықтарды жырлайды. «О, Сарыарқа, Сарыарқа» атты өлеңінде қазақтың ауыр жағдайын суреттейді. «Кеңесбайға», «Бараққа» деген өлеңдерінде әкімдердің жағымсыз образын сипаттап ашық айтады. Өз халқын жаудай талаған, сатылған әкімдерді отарлаушылардың қолшоқпарына айналды деп айыптайды. Ақын ұлы Абылай заманындағы Қазақ хандығы қалпына келтірілген күндерді армандайды. Ол өзінің шығармаларында халықтың еркіндігі үшін күрескендерді мадақтап өтеді.

  Ақын «Өсиетнама» өлеңінде халықтың өткен өмірін жырлады. Ол кезеңде далалықтардың өмірін реттеп отыратын салт-дәстүрлер, әдеп-ғұрыптардың заңнамалық маңызы зор еді. Жаңа дәуірде дәстүрлі қазақ қоғамы дағдарысқа ұшырап бара жатқанын ақын күйінішпен жеткізеді. Дулат Бабатайұлы біртұтас Қазақ хандығының жерін Ресей империясына беріп қойған хандар мен сұлтандардың іс-әрекетін, патшалық үкіметке қызмет еткен жергілікті шенеуніктерді сынады.



  4. Шортанбай Қанайұлы. Зар заман кезеңінің белгілі ақыны Қазақстанның оңтүстік өңірінде дүниеге келген.

  Ол өз дәуірінің көрнекті ақындарының бірі. Өзінің жырларында ақын қоғамның әлеуметтік құрылымының өзгеріске ұшыраған сырын ашып, кедей және байға жіктелудің күшейгені туралы айтады. Ресей империясының отарлау саясаты салдарынан халық саяси, экономикалық және рухани езгіге ұшырады. Осы кезеңнің ауыртпалықтары туралы Шортанбай Қанайұлы «Зар заман» атты өлеңінде мұңды жыр толғайды. Ел ішінде кең таралған осы өлеңнен бастап, олар «Зар заман» ақындары ретінде таныла бастады.

  Ақын өлеңдерінде елдігінен, мемлекеттік жүйесінен айырылған, отарлық жағдайға түскен халқының ащы зары мен өшпес өкінішін жырлайды. «Зар заман» өлеңінде қазақтардың Ресей бодандығына қабылдануы үрдісіне қарсылығын білдіріп, патша үкіметі отарлау саясатының теріс салдары: шоқындыру, шаруалардың жаппай қоныс аударуы, әскери шептер мен бекіністер салынуын батыл айыптады. Шортанбай қазақтың егіншілікке көшуімен дәстүрлі малшаруашылығына нұқсан келеді деп түсінді. Ақын жаңа өмір салты халықтың қалыптасқан сана-сезіміне қайшылық әкелгенін, елдің психологиясы мен тұрмыс-тіршілігіне жағымсыз өзгерістер туғызғанын сынға алды.

  «Билер, пара жемеңдер» деген өлеңінде ақын ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді жырға қосып, төрелік айтатын билердің парақорлық қылықтарын айыптады.

  Шортанбай әрдайым дін қағидаларын тірек етіп, діннен қорғаныс іздейді. Ол азаматтарға ислам құндылықтарын естен шығармай, парыздарын орындау қажеттілігін еске салады. Ақын өз дәуіріне риза болмай үмітсіздіктен өкініп жырға қосты:

Зар заман, зар заман,
Зарлап өткен бір заман.
…..
Жөн білмеген жамандар,
Ел билеген бек болды,
Көтере алмай билігін,
Ұласқан үлкен кек болды.

  Шортанбай өз замандастары арасында суырыпсалма айтыскер ақын ретінде де танымал еді. Кезінде ол Орынбай, Шөже ақындармен сөз сайысына түсіп, елдің есінде қалған. 1888 жылы Шортанбай ақынның кейбір шығармалары («Қисса Шортанбай», «Бала зары») Қазан қаласында жарық көрді. Кейінгі жылдары олар бес рет қайта басылып шықты.

  5. Мұрат Мөңкеұлы. Дәуірдің айтулы өкілдерінің бірі Мұрат Мөңкеұлы болды. Ақын «Қазтуған», «Үш қиян» жырларында елде жаппай қоныстанушылар пайда болып, қазақтардың жерінен айырылғанына қатты күйінді. Бұдан құтылудың бірден-бір жолы – жайсыз мекеннен құтты мекенге көшу, қолайлы қоныс іздеу. Ақын елдің бірлігін, жерін сақтаған бұрынғы дара билеушілер саясатының арқасында отарлауға жол берілмеген өткен күнді еске түсіреді. «Сарыарқа» өлеңінде Мұрат Мөңке ұлы отаршылдық саясатының салдарынан туған халқының ежелгі қонысынан айырылғанын ашық түрде айыптайды. Сонымен бірге ақын күнделікті өмірдегі исламның алар орнына зор мән береді. Ол мұсылмандықты күшейтуді рухани қорған ретінде көреді.

  Мұрат Мөңкеұлы «Үш қиян» өлеңінде Ресейдің Қазақстанды жаулап алуы мен отарлауы кезіндегі қазақ халқының ауыр жағдайын шынайы суреттейді:

Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны.

  «Үш қиян» толғауымен жер, құтты қоныс жайлы «Әттең, қапы дүние-ай», «Қазтуған» жырлары үндес келеді. «Оқудан қайтқан азаматқа» өлеңінде білімді игермейінше елдің өркендемейтінін айтады. Ақын елінің тәуелсіздігін аңсап, отаршылдық билікке қарсы жыр жолдарын арнады. «Кең қоныс қайдан іздеп таптырады?» атты жыры ақынның отаншылдық өршіл рухын білдіреді.

  6. Әбубәкір Кердері. Аса дарынды ақындардың бірі Әбубәкір Кердері қазіргі Батыс Қазақстан облысында дүниеге келді. Ол өз заманының оқыған, білімді азаматы ретінде Орал, Ақтөбе, Ор қалалары маңындағы қазақ ауылдарында ұстаздық етіп, бала оқытты. Оның өлеңдер жинағы 1905 жылы Қазан қаласында басылып шықты.

  Ақын өз поэзиясында бұрынғы ел бірлігін, қазақтың ешқандай алауыздыққа бой алдырмаған кезін аңсайды. Ел үшін жан аямай күресуге шақырады: «Жаман қалып, жақсының еті қызар, Алаштап қырға шық та, ұран шақыр!»

  Ақын өзінің шығармаларында ислам іліміне көп назар аударып, қазақ даласында дінді нығайтуды қолдады. Ол мықты хан билігі кезеңін аңсады. Ақын өлең-жырларында отандастарын оқу мен білім, ғылым мен өнерді меңгеруге шақырды. Қоғам өміріндегі білімнің орны мен маңызы туралы: «Бай білімсіз болса кедейшілікке ұшырайды», – деп ескертеді.

  «Зар заман» ақындары елдің жай-күйін ойлаған ұлт қайраткерлері ретінде танылды, ұлттық әдебиет тарихында лайықты орын алды. Олар өлеңдері арқылы патша үкіметінің әскери-отаршыл әрекеттерінен бұрынғы емін-еркін өмірінен айырылған қазақ халқының қайғылы тағдырын кейінгі ұрпаққа жеткізді.


1. «Зар заман» ақындарының мақсаты қандай еді?
2. «Зар заман» кезеңі қазақ мемлекеттілігі үшін күрес болды» деген пікірмен келісесіңдер ме?
3. Бүгінгі әдебиетте «Зар заман» ақындарының ықпалы байқала ма?



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет