Дәрістің қысқаша мазмұны: Оқушы тілін ұстарту жұмыстарының негізі объектісінің бірі – шығарма жазу. Шығарма көркем әдебиет, ғылым салалары, саяси-қоғамдық мәнде түрлі публицистикалық тақырыптарда жазыла береді. Оқушыға шығарма жаздырудағы мақсат – оның ойын, пікірі әдеби тіл мен жатық, сауатты жаза білуге және шығармашылық ізденіске баулу, логикалық ой-өрісін кеңейтуге машықтандыру.
Шығарма жазу барысында оқушы ойын еркін жазуға, сөздерді орынды қолдануға, сөйлемдерді жинақты етіп, жай сөйлеммен бере білуге және күрделі ойды құрмалас сөйлем арқылы жазуға дағдыланады .
Шығарма және оның түрлері. Мектепте жүргізілетін шығарма дегеніміз – белгілі бір тақырып бойынша өз ойын жоспарлы түрде баяндау. Оқушы тақырып бойынша мәтінді өзі құрап, өзінше жазады.
Мектепте жазатын шығарма түрлерін мынадай топтарға жіктеуге болады:
оқушылардың оқыған яки естіген әңгімелеріне байланысты;
экскурсия бойынша;
өнер саласына (сурет-кино, қуыршақ театры) байланысты;
Оқушының өз іс-әрекетіне (ойын, еңбек) байланысты тақырыптар
Шығармадағы оқушылар өз ойларын қандай көлемде көрсетуіне ерікті бола тұрғанымен, әр сыныптағы шығарма көлемінің шамасы мына сияқты: ІІ сыныпта 20-30 сөз, ІІІ сыныпта 30-60 сөз, ІҮ сыныпта 60-тан 130-ға дейін барады.
Оқушылар жазған шығармаларында өздерінің шығармашалақ ізденістері мен білімін, ойын сауатты жаза білу қабілетін, сөздерді сөз тіркестерін соншалықты орынды үйлесімді қолдана білетіндігін аңғартады.
Оқушының ауызша, жазбаша тілін дамыту әрқашан мазмұндамадан басталады. Мазмұндама текст оқу, сұрақтарға жауап беру, баяндау, әңгіме айтуға дағдыландырудан шығады [3, 134].
Мазмұндама тексін мұғалім өзі сыныпта мәнерлеп оқып береді. Одан соң мәтін мазмұны қысқаша айтылып ондағы түсініксіз сөздер түсіндіріледі. Оқушылар текст мазмұнын баяндағанда (ауызша, жазбаша) мұғалім айтқан қалпында қайталамай өз ойы, өз топшылауы, өз сөзімен құрастырып жазуы талап етілуі керек. Оқушылардың ізденістерін арттаруды өз көзқарастарын баяндап жазуда мазмұндама тексіне мынадай талаптар қойылады:1. Оқушының өз ойы, өз топшылауы болу керек. 2. Текстің баяндалуы жағын өзгертіп бере білу керек. 3. Текст мазмұнына байланысты оқушы өз тарапынан қосымша оқиға қоса білуі де қажет.
Мазмұндама жаздырудың өзіндік әзірлігі: жаздыру амал-тәсілі, мазмұндама сапасын анықтау, тексеру, бағалау жұмыстары болады. Соңынан мазмұндама сыныпта талданады. Жазба жұмысын сыныпта талдаудың үлкен мәні бар. Оларды бірнеше топқа бөліп, әр топтағы жазба жұмыстарының ұқсас жақтары, өзіндік ерекшеліктері арнайы сөз болады. Мазмұндама жұмысынан үзінділер оқылып, олардың дұрыстығын оқушыларға үлгі етіп, ұсынуға болады. Мазмұндама жұмысының қандай тұрғыда, қандай дәрежеде орындалғанына баға беріліп, қорытындыланады. Мазмұндаманың мынадай түрлерін көрсетуге болады: дайын әңгіме бойынша мазмұндама, сурет бойынша мазмұндама, кино, диафильм бойынша мазмұндама. Дайын әңгіме бойынша мазмұндама. Мазмұндаманың бұл түрі, атына лайық, белгілі бір алдын ала дайындалған әңгіме бойынша жаздырылады. Дайын әңгіме бойынша мазмұндама көлемі шағын, мазмұны жеңіл әңгімелер арқылы жүргізіледі. Мысалы, «Қарлығаш пен торғай» әңгімесін алайық. «Қарлығаш ұя салды. Дайын ұяға торғай орналасып алды. Торғайға қарлығаштың жалғыз өзінің шамасы келмеді. Ол көмекке басқа қарлығаштарды шақырды. Қарлығаштар түгел жиналды. Олар торғайды ұядан қуып шықты. Сөйтіп, қарлығаш өз ұясына қайтадан қоныстанды». (33 сөз).
Бұл мәтін сабаққа дейін тақтаға жазылып қойылады. Не болмаса мұғалім үлкен қағазға алдын ала жазып, дайындап алып келеді де, тақтаға іле қояды. Сабақ басталғаннан кейін дайын мәтінді балалар оқып шығады. Мәтіннің ішіндегі түсініксіз сөздер түсіндіріледі. Бұл сөздер синонимдері арқылы (дайын – әзір, шамасы келмеу – әлі жетпеу, күші жетпеу, орналасып алу – ұяға кіріп алу, ұяны меншіктеніп алу, ұяны иемденіп т.б.) ұғындырылады. Сонан кейін балаларға орфографиялық жағынан қиындық келтіретін ұя, қарлығаш, орналасып алды, шамасы келмеді, көмекке, қоныстанды, дайын, торғай сияқты сөздер тақтаға жазылады.Орфографиялық қиын сөздерді немесе сөз тіркестерін сыныптарда түбір күйінде я тұйық рай формасында бермей, мәтіндегі формасында берген жөн.Ал кейбір әр түрлі жалғанып, бірнеше рет қайталанып, түрлі тұлғада кездесетін сөздерді түбір күйінде немесе тұйық рай формасында көрсетуге болады. Мәтінді балалар екі қайтара оқып шығады. Мұнда балалар мәтіндегі сөйлемнің құрылысымен, көптеген сөздердің жазылуымен танысады, көру, есту анализаторлары қызмет атқарады.
Мәтін оқылып болғаннан кейін сыныпқа сұрақ қойылады. Сұрақ алдымен ауызша қойылып, оқушылар тақтадағы мәтіннен ол сұрақтарға жауап табады. Мәтін сұрақ бойынша талданып болғаннан кейін, мұғалім мәтінді тұтас бір оқып шығады. Осындай жұмыстардан соң, мұғалім тақтадағы тексті жауып қойып, екінші тақтадағы алдын ала жазылып қойылған сұрақтарды ашады.
Мазмұндаманың бұл түрінде мәтін былайша қойылатын сұрақтар мәтіннің құрылысын, тәртібін өзгертпей, тек ондағы сұраулардың орнына ғана бір-екі сөз қою мақсатын қамтиды. Мысалы, жоғарыдағы мәтін бойынша мынадай сұраулар қоюға болады: Қарлығаш не салды? Ұяға не орналасып алды? Қарлығаш басқа қарлығаштарды неге шақырды? Көп қарлығаш ұядан нені қуып шықты? Қарлығаш қайда қоныстанды?
Жазуға кірісер алдында тақтадағы сұрақтардың құрылысы мен тәртібін өзгертпей, ондағы сұраулардың орнына ғана сөз тауып жазу керектігін балаларға аңғартқан дұрыс.
Дайын әңгіме бойынша жүргізілетін мазмұндаманың ІІ түрі.
Мұнда мәтіннің мазмұн тәртібі сақталады да, сыртқы түрі аз-кем өзгертіліп жазылады. Мазмұндаманың бұл түрінде балалар қойылған сұрақтардың кейбір сөздерін қайталайды да, негізінен сұрақтарға өз сөздерімен жауап қайтарады.
Дайын әңгіме бойынша жүргізілетін мазмұндаманың ІІІ түрі. Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, сыртқы түрін өзгертіп жазу. Мұнда оқушылар 1 жақпен баяндалған оқиғаны ІІІ жақпен, немесе, керісінше мазмұндап береді.
Дайын әңгіме бойынша жүргізілетін мазмұндаманың ІҮ түрі – ықшамдап мазмұндау. Бұл кейде әдістемелік әдебиеттерде қысқаша түрде мазмұндау деп те қолданылады. Мазмұндаманың алдыңғы түрлері сияқты, ықшамдап мазмұндау да балаларды шығармашылық жұмысқа дағдыландырады. Мұнда оқушылар мәтінді емін-еркін игеріп, қажетті жерін алып, өз ыңғайына икемдеп, қажетсіздерін қалдырады. Ал мұның өзі мәтіндегі негізгі ойды аңғаруға, мәтіннің мазмұнын сұрыптап, таңдап, талғап алуға үйретеді,, ойды аз сөзге сыйғызу, сөзді таңдап қолдануға, сөйлем құрауға дағдыландырады,тілдерін дамытады.
Мазмұндама нормалары:
5-сынып: 100-150 сөз; 6-сынып: 150-200; 7-сынып: 200-250; 8-сынып: 250-300; 9-сынып: 300-350; 10-сынып: 350-400; 11-сынып: 400-450;
Дайын әңгіме бойынша жазылатын мазмұндаманың Ү түрі – толықтырып мазмұндау. Бұл керісінше аз сөзден көп мағына тудыру, жаңа ойлар тапқызу мақсатында беріледі. Мұнда әңгіменің жеке бөлімдерін сипаттайтын бірнеше сөйлем беріледі. Сол сөйлемдерді қосып, толықтырып балалар әңгіме етіп жазып беруі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |