5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті»


Өзін өзі тексеру сұрақтары



бет5/10
Дата04.07.2018
өлшемі0,68 Mb.
#47016
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1 Әдебиет тарихында елеулі мән-мағынаға ие болған қандай туындылар бар екен?

2.Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау» Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе», «Жұлдызды көпір»

романдары кімдерге арналған?

3.1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Аманкелді Имановтың жастық шағына

арналған романды кім жазды?

4.Өнер адамының өмірін суреттеуге арналған қандай шығармалар бар?

Әдебиеттер:

1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998

2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977

3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968

4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975

5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б

6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994

7.Тоқсамбаева А.Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық;Семей, 2011ж;«Интелл». –279б.

8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.

9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

11. Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971 ж.

12. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979 ж.

11 ДӘРІС І.Есенберлиннің, М.Мағауиннің, Ә.Кекілбаевтің тарихи тақырыптағы

шығармалары

Дәрістің мақсаты:Осы жазушылардың тарихи шығармаларының оқиғаларын

салыстырып түсіндіру .



Дәрістің жоспары:

1. I. Есенберлиннің тарих беттеріне арнаған «Қаһар» (1969) романына тоқталу.

2. І. Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазған соңғы шығармасы – «Алтын орда» атты үш

томдық романы жайлы.

3. Қазақ-Ресей қарым-қатынастарын суреттейтін шығарма Мұхтар Мағауиннің

«Аласапыран» атты екі томдық романы.

4.Қазақ-орыс қарым-қатынасының кейінгі тарихын суреттейтін Ә.Кекілбаевтың «Үркер»

(1981), «Елең-алаң» (1984) романдары.

Елуінші жылдардың бас кезіндегі қазақ тарихына байланысты талқылаулар, көрнекті тарихшылар мен ғалымдардың қуғындалуы әдебиет алдында тарихи тақырыпты біржола жауып тастағандай еді. Орыс халқымен достықты жазған жекелеген шығармалар болмаса, қазақ тарихының көптеген күрделі мәселелері жабық жатты. Әсіресе, Кенесары қозғалысының кертартпа-реакциялық тұрғыдан бағалануы халық тарихындағы азаттық идеясын көтеруге тыйым болды. Осындай ұзақ үнсіздікті алдымен, алпысыншы жылдардың аяғында

I. Есенберлин бұзды. Оның ең бір даулы, қиын тарих беттеріне арнаған «Қаһар» (1969) романы әуелде көп адамды шошытты, әрі таң қалдырды. Әуелгі әсер біртіндеп басылды, роман оқылды, орнықты. Көп дауға түскен жоқ. Бұған бірінші себеп - қоғамдағы идеологиялық бақылаудың әлсірей бастағаны болса, екіншіден жазушының Кенесары қозғалысын бағалаудағы екі жақты көзқарасы болды. Патша отаршылдығының күшейіп, халықтың тұрмыс-тіршілігінің ауырлауы жағдайында көтерілген Кенесары қозғалысының алғашқыда халықтық сыпат алғанын, тілектес жұрттың оның соңынан ергенін көрсете отырып, Ілияс Кенесарының хан көтерілгенінен кейін көтерілістің халықтық сыпаты әлсіреп, жеке бастың хандық мүддесі үстем бола бастағанын суреттеді. Кенесары соңынан ергендердің одан қол үзіп, айырыла бастауы да осыған байланысты. Мұндай концепция билеуші идеология саясатына онша қиғаш та келмейтін еді. Олар көтерілістің осылай бағалануына келіскендік білдірді. Негізінен, Кенесары қозғалысының екі жақты сыпаты жайлы осындай пікір ұстана отырып, Ілияс ресейдің отаршылдық саясатының қазақ халқының өмірін ауырлатып жібергені, Кенесары көтерілісінің туу зандылықтары, Кененің жеке басының әскери басқарушылық таланты жайлы жазды. Онда халық адамдарының арман-мұраты мен өкініші, күйініш-сүйініші, олармен тілектес ел басшыларының (Кене және оның айналасы) бейнесі жаңаша ұғым-түсінікте жасалды.

Сөйтіп,"Қаһар"тарихта қайта қозғаудың басы болған, халықтың отаршылдыққа қарсы азаттық күрестері жайлы елдің есіне салып,оның санасын оятуға көмектескен шығарма боп тарихқа кірді.Қазақ халқының XVғасырдан бергі тарихы жайлы жаңа романдар («Алмас қылыш», «Жанталас»)жазған Ілияс кейін «Қаһарды» осы серияның үшінші кітабы етіп қосты.Бәрі бірігіп «Көшпенділер» деген трилогияны құрады.«Алмас қылыш» (1971) дешті Қыпшақтың ханы Әбілқайырдың билігінде болған қазақ руларының топтасуын, олардың билікке таласып, Жәнібек, Керей бастаған қазақтардың бөліну үрдісін көрсетуге арналса, «Жанталаста» (1973) қазақ хандығының жоңғарлардың шабуылынан қорғану тарихынан мол мәлімет береді. Онда Хақназар, Тәуекел, Есім, Абылай хандар тұсындағы қазақ елінің жайы суреттеледі. «Алмас қылыштың» идеясы қазақ руларының бірігуі, бөлек ел болуы жайына құрылса, «Жанталаста» қазақ халқының елін қорғау және ұлттық мемлекетті орнықтыру жолындағы күресі негізге алынады. Екі роман да қазақ халқының саяси-экономикалық ахуалы мен көшпелі елдің рухани өмірін кең суреттейді. Халықтың ел қорғаған батырлары мен шешен билерінің бейнелерін жасайды. Роман стилінде халық әдебиетінің, эпостың бейнелеу тәсілдері байқалады. Қазақ елінің ұзақ (ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар) тарихын көркемдікпен танытуға арналған шығармада хроникалық сыпат та мол. Сөйте тұра, «Көшпенділер» қазақ тарихының негізгі кезеңдерін, ондағы дамудың бағыты мен оқиғаларын, тарихи қайраткерлері өмірін кеңірек түсінуге жол ашқан тың шығарма болды. Ол бүгінгі ұлттық мәдениетімізге жаңа леп әкелді.

Ілияс Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазған соңғы шығармасы – «Алтын орда» атты үш томдық романы (1983). Мұнда XIII-ХҮ ғасырларда күшті мемлекет болған «Алтын Орданың» саяси-қоғамдық, мәдени өмірі суреттеледі. Орыс тарихы мен әдебиетінде кездесетін (кейде оқиғаларды сыңаржақ көрсететін) еңбектер болмаса, бұл тақырыпқа бұрын бірде-бір қазақ қалам тартып көрген емес. Осы жағынан алғанда, I. Есенберлин романы - біздің тарихи көркемдік ой-пікірімізде жаңа сөз. Онда Алтын Орданың біртұтас мемлекет болып қалыптасу, кемелдену кезі, құлау жолы қамтылған мол материал пайдаланылған. Қаншама оқиғалар, аты-жөні аңыздар мен шежірелерде сақталған кейіпкерлер нақты іс-әрекетімен көрінеді. Бату, Бірке, Өзбек хан, Орыс хан, Әмір-Темір, Тоқтамыс, Едігелер қатысуымен өткен тарих кең сурет тапқан. Алтын Орданың Ресей, Қырым, Кавказ, Мауереннахр, Иран мемлекеттерімен байланысы ашылған.

Роман ертедегі тарихқа, аңызға сүйеніп жазылғандықтан онда аңыз, әңгімешілдік стилі көбірек пайдаланылды. Оның оқиғалық жүйесі тарихи хроникадан, шежіреден тұрады. Жазушы осы материалдарды көркемдік толғамнан өткізіп, әлеуметтік, психологиялық суреттермен байытқан.

Қазақ-Ресей қарым-қатынастарының басталуы мен күрделі жағдайда өрістеуін суреттейтін үлкен бір кең тынысты шығарма – Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» (1981 -1983) атты екі томдық романы. Әуелді көне дәуірден қазақ, әдебиетін зерттеуші болған Мұхтар XV-XVIII ғасырлардағы қазақтың жыраулық поэзиясын аша жүріп, "Аласапыранның" уақиғасына тап болғанға ұқсайды. Роман XVI ғасырдың аяғы, XVII ғасырдың бас кезіндегі қазақ ордасы мен Ресей мемлекеті арасындағы қарым-қатынас тарихын қозғайды. Мұнда қазақ ханы Тәуекелдің немере інісі Ораз-Мұхамед сұлтанның аңдаусызда Сібірдегі орыс воеводасының қолына түсіп, Мәскеуге апарылуы, орыс патшасының қарамағында жұмыс істеуі, еліне қайтуға рұқсат бермегенмен, патшаның оны құрметпен ұстауы, Ресейдің сыртпен соғысына қатысып ерліктер көрсетуі, ақыры Қасымов хандығына тағайындалуы, сондағы өмірі, өлімі суреттеледі. Орталық кейіпкер сол болғандықтан романда орыс-қазақ қатынасының көп мәселелері, Ресейдің қоғамдық өмірінің шындығы–бәрі Оразмұхамедтің сезімімен, ой-пікірі арқылы суреттеліп отырады. Көрші елдердің құрметті адамдарын қолға ұстап, сол арқылы қарым-қатынасты жөндеу, біртіндеп бағындыру сол тұстағы Ресей саясаты болғаны да анық көрінеді. Бұл арқылы жазушы орыс-қазақ елдері байланысының ұзақ және күрделі тарихы бар екеніне көңіл аударады. Алғашқы қазақ жеріне келген орыс елшілігі жайы сөз болады. Ал, орыс мемлекетінде Оразмұхамед куә болған тарихи оқиғалар шындығы елдің ішкі мәселелеріне қоса, Борис Годунов өлгеннен кейінгі аласапыран кезеңді қамтиды. Роман осыдан төрт ғасырдай бұрынғы, бүгін ұмытыла бастаған тарихты жаңғыртып, көп адамдардың бейнесін аша білуімен ерекшеленеді. Әсіресе, Қасымов хандығының құрылу тарихы, онда халықтардың қарым-қатынасы, қайшылықтары тартымды суреттеледі. Шығарма Мұхтардың суреткерлік өнерін де кең паш етті. Елден алыс қалған Оразмұхамед пен оның маңындағы адамдардың сағыныш сезімі, көңіл күйі, қуанышы мен қайғысы жан тебіренерлік суретке түскен. Роман бұл жанрдың ең тартымды туындыларының қатарына кіреді.

Қазақ-орыс қарым-қатынасының кейінгі тарихын (XVIII-XIX ғасырлар) Ә.Кекілбаев жазды. Оның «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары Қазақстанның Ресей құрамына кіруі мен содан кейінгі алғашқы дәуірдің күрделі қарым-қатынасын суреттейді.

Бұл – Әбіштің тарихи тақырыпқа алғашқы қалам тартуы емес сді. «Аңыздың ақыры» (1974) атты тұңғыш романын ол халық жадында сақталған аңыз сюжетіне құрып, тарих туралы философиялық толғаныс жасаған. Бас-аяғы екі-үш-ақ адамның (хан, кіші ханша, шебер) іс-әрекетіне негізделген роман кейіпкерлерінің ішкі сезім күйін, жан әлеміндегі толғанысын суреттеуге құрылады. Хан жорықта жүргенде, оны құрметпен күтіп алғысы келген кіші ханша мұнара салғызады. Мұнараны салушы шебер ол арқылы кіші ханшаға іңкәрлығын бейнелейді. Оған қызғаныш танытқан хан шеберді жазалайды. Жазушы ішкі монологты пайдалана отырып, характерлерді сыртқы әрекет емес, шикі ой-сезім арпалысы арқылы ашады. Хан характерінде де күйініш-сүйінішін сездірмегенмен, толғаныс басым. Ханша мен шебер мұнара тілімен сөйлеседі. Мұнара - шебердің жан сезімі, құмарлығы. Оны түсінерлік, өсімдікті танырлық сезім ханшада да мол. Ханға хабар өзегін құрт жеген қызыл алма арқылы беріледі. Ойлы хан әлемді тебіренткен әміршілік әрекетінің өткіншілігін, опасыздығын түсініп, ханшаға қызғаншақтық танытады. Бұл да ұсақ дүние. Ойлап қараса, дүние опасыз екен, қызғаныш пен сабыр, өкініш пен үміт, қанағат пен тойымсыздық қатар жүреді екен. Хан осыған талдау жасайды.

Осыдан бастап ішкі монолог Әбіштің жазу мәнеріне еркін кіргенін байқаймыз. «Үркер» романындағы қазақ тарихының мәселелері (қазақ хандығының көшпелі салтанаты, дербестігі, ел ішіндегі жағдайлар, алауыздық, Әйтеке, Төле, Қазыбек билердің бірлік үшін күресі, т.б.) де Әбілқайырдың ойлауы, еске түсіруі ретінде беріледі. Бірақ тиянақ таппаған тарих елді тағы да тығырыққа тіреп отыр. Жоңғар шабуылы тықсырып барады. Осыдан Әбілқайырда Ресей мемлекетіне бодан боп кіру идеясы туады. Жеке елдің ханы боп тыныштық таппаған Әбілқайыр орыстың панасына кіріп, сән түземек, аброй-атаққа ие болмақ. Роман Әбілқайырдың орыс патшасына елші жіберуі, Тевкелев бастаған елші келуі, оның қазақ ру басшыларынан ант алуы оқиғаларына құрылады. Әрине, бұл оп-оңай іске аса салмайды. Әбілқайыр шешіміне наразы ру басшыларының тартысы, ханның айла-амал қолдануы, т. б. жайлар романда кең суреттеледі. Романда сонымен бірге ел тағдыры, оны ұстаудың жайы, орысқа бағынудың себеп-салдары сияқты мәселелер маңында ой толғақ мол. Ондағы адам характерлері де жарқын жасалған.

«Елен-алаң» «Үркердің» жалғасы. Онда орыс елшілігі мен Әбілқайырдың, арасында қиыншылдық пен іске асқан келіссөзден кейінгі екі елдің ара қатынастарының ширай түсуі сөз болады. Роман оқиғасында қазақ делегациясының Петербургке баруы, Орынбор экспедициясының құрылуы мен қазақ даласына сапары, Ор өзені бойында бекініс салу, Татищев пен Әбілқайырдың кездесуі, Әбілқайырдың бодандыққа беріктігіне қайтадан ант беруі сияқты жайлар қамтылған. Башқұрттар көтерілісі, оның қазақтарға әсері негізгі арнаға қосылып суреттеледі.

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1. I. Есенберлиннің тарих беттеріне арнаған «Қаһар» (1969) романы не туралы?.

2. І. Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазған соңғы шығармасы қалай аталады, шығарма

не жайлы?

3.Қазақ-Ресей қарым-қатынастарын суреттейтін шығарманың атау және жазылу себебі не?

4.Қазақ-орыс қарым-қатынасының кейінгі тарихын суреттейтін шығарманың авторы кім ?



Әдебиеттер:

1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998

2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977

3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968

4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975

5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б

6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994

7. Тоқсамбаева А. Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық; Семей, 2011ж; «Интеллект». –279 бет.

8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.

9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

11. Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971 ж.

12. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979 ж.
12 ДӘРІС Кеңестік дәуірде жарық көрген қазақ романдары.

Дәрістің мақсаты:Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуірінде жарық көрген романдардың

негізгі проблемасын түсіндіру.



Дәрістің жоспары:

1. Соғыс кезіндегі ел өмірі шындығы суреттелетін Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін»

(1981) романы жайлы.

2. Тақырыбы – соғыстың өзі емес, оның алыс қазақ ауылындағы жаңғырығы

Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» (1961) романында сөз болады.

3. Соғыс кезінің шындығын Н.Ғабдуллин де «Жігер» (1983) романына арқау еткен.

4. Қ.Қазыбаевтың «Ызғар», Ш.Мұртазаның «Қара маржан» романдарына тоқталу.

5. Қазіргі қазақ романдарындағы проблемалық сипаттарға шолу жасау.

Бірқатар қазақ романына кешегі өткен соғыс пен соғыс кезіндегі ел өмірінің шындығы негіз болды. Соғыстағы адамды оның дәуірімен, өмір сүрген ортасының шындығымен қат-қабат байланыста көрсету – бұл тақырыптағы романдардың негізгі проблемасы. Адам тағдырына әлеуметтік және адамгершілік тұрғыдан қарау және оның философиялық сырын ұғыну ғана соғыстың шындығын түсіндіреді, адамның өмір мен өлім шекарасында өзімен өзі кездесуін аша алады. Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» (1981) романы соғыс шындығы арқылы көрінетін адамдық қасиеттерді бекіте түсетін осындай шығармалардың бірі. Жазушы мұнда соғыс алапатын суреттей отырып, адамның өзі үшін, тіршілік үшін күресін көрсетеді. Қамқа әжесінің «Шырағың сөнбесін» деген екі сөзде «отың өшпесін», «өмірің, ұрпағың жалғаса берсін» деген мағына барын роман кейіпкері Нәзира соғыс үстінде ұғынады. Қанша қиындық көрсе де, екіқабат жас әйел осы сөзді есіне алады.

Роман оқиғасы соғыстың өзінде емес, майдан мен елдің шекарасында өтеді. Кейіпкерлері әскери адамдар емес, елге қайтарылған офицерлердің әйелдері, бала-шағасы. Соғыс басталып кеткенде елге көшірілген адамдардың көрген, бастан кешкен қиындықтары арқылы жазушы оларды соғыспен бетпе-бет кездестіреді. Соғыстың өзі емес, ұшқыны, түскен жау бомбасының өзі талай елді жалмап, елге жеткізбей жатқанын көреді. Жайшылықта әскери адамдардың күнделікті тіршілігіне көмектесуден басқаны білмеген әйелдердің өлмеу үшін күресі осылай басталады.

Оқиға Нәзираның естелігі арқылы дамиды. Қазақ ауылынан бірінші рет Қасымбекке еріп, ұзап шыққан қазақ әйелі әлі бұйығы, нәзік, көп нәрсені көріп үлгермеген. Өзі жүкті әйел соғыс басталған соң елге қайтады. Жолшыбай жау бомбасы түсіп, вагон өртенеді, көпір бұзылады. Адамдар кейін қарай жаяу шұбырады, немістердің қоршауында бет-бетімен тарау, т. б. Нәзираның тағдыры, көрген қиыншылығы осы жағдайда өрістейді. Ол үлкен өмір мектебін өтеді. Соғыстың біреулерді айырып жатқанын, біреулерді жаңадан кездестіріп табыстырып жатқанын көреді, өлім де түрлі-түрлі болады екен. Нәзира тағдыры арқылы Тахауи осы шындықты жұмсартпай, шынайы суреттейді. Ол осыны жеңе білген адам рухының биіктігіне ден қояды. Ол адамды қайғылы оқиғалар легінде шебер ашады.

Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» (1961) романының тақырыбы – соғыстың өзі емес, оның алыс қазақ ауылындағы жаңғырығы. Соғыстың оған қатысушылар үшін ғана емес, тылдағы ел үшін де үлкен апат, дүрбелең болғанын, сол тұстағы жоқшылық, қысаңшылдық өмірді жазушы кең суреттейді. Сол арқылы соғыс кезінде майданмен тең сынға түскен ел бейнесі, ел намысын қорғаған жандардың адамдық кейпі жайлы мәселе қозғайды.

Роман оқиғасы алыстағы қазақ ауылында өтеді. Ауылдың бас көтерер азаматтары әскерге алынған. Ауыл шаруашылығы жұмысын атқару әйелдер мен жас балалардың мойнына түскен. Тұрмыс жүдеу, әрі жетіспейді. Осы жағдайда адамдар қандай күйде болды? Жазушыны осы толғандырады. Біреулер ел, майдан мүддесіне адал қызмет етіп, азаматтардың аман оралуына тілектес боп жүр, біреулер жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, тіршіліктің оңай жолына ұмтылады. Соғысқа жарамды ерлер әскерге алынғанда, оған жарамсыз боп қалғандар енді кісімсініп, бала-шағаға билік жасағысы келеді. Ауылдың байлығына, қоғам мүлкіне солар ие боп шығады. Осы тектес проблемаларды Бердібек нақты бейнелер арқылы ашып, соғыстың адамға, адамдыққа сынақ болғанын көрсетеді. Өз кейіпкерлерін адамдықтың тезіне салып өлшейді.

Романның өзіндік әп-әдемі формасы бар. Ондағы оқиғалар Еркіннің әңгімесі арқылы өрбиді. Романның үш дәптері (әр бөлімі бір-бір дәптер) оның өмірінің үш кезеңі ретінде алынып, негізгі сюжет Еркіннің қоғамдық ортадағы тіршілік-тартысын бейнелейді. Басқа адамдар онымен қақтығыста, әр түрлі жағдайда кездесу арқылы танылады. Жазушы ашқан өмір шындығы мен адамдар тағдыры нанымдылығымен бағалы. Роман кейіпкерлерімен де, стильдік, суреткерлік ерекшеліктерімен де ешкімді қайталамайды, өзіндік өнерін танытады.

Соғыс кезінің шындығын Н.Ғабдуллин де «Жігер» (1983) романына арқау еткен. Мұнда «Айнакөл» атты колхоз еңбеккерлерінің сол кездегі қиыншылықтағы өмірі, ерлік еңбегі көрсетіледі. Мәуия атты келіншек екіқабат күйінде күйеуі Сейтақты әскерге аттандырған екен. Ол босанған күні күйеуінен қара қағаз келеді. Қатты қайғыны Мәуия қайсарлықпен көтереді. Ешкімнің ырқына көнбей колхоз жұмысына қатысады. Сейтақтың інісі Мәжен жараланып елге оралады. Оның әйелі Сәруар бір жігітпен жеңіл жүріске түсіп кетеді. Мәжен бұл жағдайда қатты күйзеліске түседі. Ақыры отбасы ыдырайды. Жазушы соғыс апаты адамдар тағдырына қалай әсер етіп, сынға алып жатқанын суреттей отырып, адамдардың көбі жігер танытып, сол сыннан аброймен өткенін ашады. Онда адамдық борыш пен осал мінез, ар мен намыс, намыссыздық тартысқа түседі. Нығымет кейіпкерлерін осындай тартыстың легінде, олардың бойындағы психологиялық жайларды аша бейнелейді.

Осы үлгідегі тартыс пен ұқсас оқиғаларды Қ.Қазыбаевтың «Ызғар» романынан да көреміз.

Қазақ романы ішінде біздің замандастарымыздың бейнесін олардың өндіріс орындарында істеп жүрген мамандығымен, ондағы өзіндік қарым-қатынастары арқылы көрсетуді де мақсат еткен шығармалар аз емес. Өндіріс – Қазақстанның экономикасын көтеріп, кен орындарын игеру, онда жаңа қалалар тұрғызу сияқты үлкен жұмыстардың орталығы. Онда істейтін еңбек адамдарының да өмірі, проблемасы бар. З.Қабдоловтың «Жалын» (1970), Ш.Мұртазаның «Қара маржан» (1976), М.Сәрсекеевтің «Жаңғырық» (1979), А.Жақсыбаевтың «Егес» (1975), «Қорған» (1991), «Бөгет» (1981), Р.Сейсенбаевтың «Өмір сүргің келсе» (1978) атты романдары осындай мәселелерді қозғайды. Бұл романдарда тартыс негізінен өндірістік проблемалардың төңірегінде өрбиді. Жаңа типті іскер маман адамдар сол тартыс арқылы ашылады, өседі. Олардың адалдығы, адамгершілік қасиеттері танылады. Мысалы, «Жаңғырық» романында зауытта сынаққа қойылған металл қорытатын электротермия пеші жарылысқа ұшырағаны сөз болады. Зауытқа шығын келеді, кісі өлімі де болады. Мерзімі бітпеген бұл пешті министрлік пен зауыт басшылары соның алдында ғана асығыс өндіріске қабылдатып, пеш авторларын мемлекеттік сыйлыққа ұсынады. Сынақ мерзімі бітпей қабылдауға қарсы болған цех бастығы Таубаевты демалысқа жібереді. Жарылыстан кейін себептерін ашып әуре болмай-ақ, басшылық пешті «дұрыс пайдалана білмеген» жұмысшыны жазалауға кіріседі. Әуелде «адал тексеріңдер» деп нұсқау берген министр де, комиссия бастығы да, түптеп келгенде, шындықты айтуға бармайды. Осындай тартысты шындықты цех бастығы Таубаев қана айта алады. Роман тартысында адамның адалдығы үшін күрес бар. Ол мансапқорлыққа, даңқ құмарлыққа қарсы қойылады.

Ш.Мұртазаның «Қара маржан» романының кейіпкерлері Нариман мен Жарас – қатар өскен жас инженерлер. Бірақ өз басын көбірек ойлайтын Жарас Нариманды ылғи дұшпан көреді. Сондықтан оның жолын бөгеп алдын орап отырады. Бұл жолы да солай, ол Нариман іске асырмақ болған кен орнындағы жарылысты апатқа (басқа дәрі қолдандыру арқылы) айналдырады. Нариман сүрінгенмен, құламайды. Өйткені шындық жолы берік. Жазушы осы тартыс негізінде рухани күшті адамды жақтайды. Р.Сейсенбаев та «Өмір сүргің келсе» романында іскер, қабілетті, күшті ұйымдастырушы зауыт директоры Бекен Ысқақовтың кесек бейнесін жасауды көздеген. Мұндағы тартыс та осындай ірі тұлғаны көре алмаған адамдардың іші тар, күйкі қызғаншақтығынан туады. Романның жазу үлгісінде кино туындыларына еліктеу байқалады. Суреттеуден гөрі баяндау, іс-әрекет қозғалысына мән беріледі.

А.Жақсыбаев «Егес» романында бүкіл оқиғаны басты кейіпкер Батырбектің маңына топтайды. Оны әр нәрсеге ой көзімен қарайтын қызу қанды инженер етіп көрсетеді. Ол адамдардың енжарлығына төзбейді. Осыған ұқсас мінез «Қорған» романының кейіпкері Жандос басында да бар. Ол ел басқару, шаруашылықты жүргізудегі келеңсіз көріністерге қарсы шығады. Бірақ қолдау таппай күйзеледі. Оны қабылдап, мән-жайды ұғынған адамдардың өзі шындықты түсінгенімен, үйренген дағдыны бұза алмайды. Жазушы Кеңестік ел билеу жүйесіндегі осындай енжарлықты тап баса көрсетеді.

Ахат романдарының бітімі жинақы, ықшам келеді. Жазушы көп сөзді емес. Алайда оларда кейіпкер басындағы психологиялық күйлер терең ашыла бермейді.

Қазіргі қазақ романында проблемалық сипат молайғанын ауыл өміріне арналған шығармалардан көреміз. Өмірде барды тізе бермей, дамудың жаңа кезеңі күтіп тұрған мәселелерге көңіл аудару, адамды сондай жаңалық үшін күресте көрсету бұл жанрдың тәуір үлгілеріне тән. Осындай ауылды өркендетудің саяси-әлеуметтік ойларын түйіп өскен жаңа адамдар бейнесін жасауда К.Ахметбековтің «Ақдала» (1975), М.Сүндетовтің «Қызыл ай» (1978), Д.Досжановтың «Дария» (1976) романдарының елеулі орны бар. Бұларда шаруашылық проблемаларын фон етіп алып, рухани әлемі бай, қоғамдық іске жауапкершілігі мол, адамдық, азаматтық қылықтары көңіл толтыратын кейіпкерлердің жаңа бейнелерін ашуға ұмтылыс бар. К.Ахметбековтің Бекмахановы – қазіргі заман басшыларының соны типі. Шаруашылық басшылары ішінен Таусаровтың да бейнесі жарқын көрінеді. Мағзұм романында Жайық бойындағы ауылдың өскелең бағыты, тіршілігі мен мәдениетінің өсуі, ел дәулетін жасап жатқан адамдар көрсетіледі.

Қазіргі роман тақырыбы жағынан шектеуге келмейтін дәрежеде өсіп келеді. Ә.Таразидың («Тас жарған», «Кен»), Қ.Ысқақовтың («Қара орман», «Тұйық», «Ақсу-жер жаннаты»), Р.Тоқтаровтың («Ертіс мұхитқа құяды», «Жердің үлгісі», «Ғасыр жаны»), Ж.Нәжімеденовтің («Даңқ пен дақпырт»), М.Сүндетовтің («Ескексіз қайық»), Ө.Қанахиннің («Құдырет»), С.Досановтың («Тау жолы») романдары негізінен адам тағдырын нысана етіп, қоғамдық ортаның әрқилы сырын танытуға ұмтылысымен бағалы. Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, Ө.Қанахин адам сезімі мен жан толғанысын, күйзелісін ашуға құмар.

«Құдырет» – отбасылық романдар үлгісімен жазылған. Онда

кейіпкерлердің отбасылық өмірі, махаббаты суреттеледі. Роман оқиғасы әкесі өліп, сүйенішсіз қалған жетім қыздың профессор Бекмырзаның көмегімен оқуға түсуіне, сөйте жүріп өзінен 32 жас үлкен профессорға күйеуге шығуына, әуелде жастықпен ойланбаған қыздың кейін күйеуінен суынып, махаббатын іздеуіне және оның сәтсіз аяқталуына құрылады. Оның басты кейіпкері Гүлнұр – өмірден орнын таппай күйзелген, адал сүйіспеншіліктен күйік тартқан, сөйтіп барып морт сынған қайшылықты бейне. Оның қылығына сын көзімен қарап отырсаң дау түптеп келгенде, айыптай алмайсың, махаббатқа еліткен жазықсыз жанды мүсіркейсің. Жазушы кейіпкерін үлкен психологиялық толғаныста көрсете алған.

Сонымен қатар бүгін көп жазылып жатқан қазақ романынының жетіспеушілігі де осы шығармалардан көрінеді. Олардың көбінде шын романға тән тұтастық, ойлау мен түйіндеудің кеңдігі жетісе бермейді. Роман боларлық үлкен мақсат қойылмай, әр нәрсенің басы бір шалынады Мұны К.Ахметбековтің «Қасірет» (1991) романынан анық байқауға болады. Бір қарағанда онда проблема көп сияқты. Тұрмыстық суреттен басталып, әлеуметтік жайға ауысатын роман көріністерінде ойландырар мәселелер аз емес. Ол қала тіршілігінің кейбір сәттерін қозғайды. Қала үйлерінде ит асырау (бала емес), таңертең сүт кезегіне баратын, үй шаруасын істейтін еркектер, ардагерлер, қазақ мектебіне таң сәріден баласын сүйретіп жүрген ата-ана, т. б. «ШаҺарлы жердің тіршілігінде жүйкеге де, діңкеге де тиетін нәрсе аз емес» дейді автор. Ауылда мал бағу, қиындап кеткені, жайылымдық жерлердің жыртылып тасталғаны, колхоздың құрып кетуі, ауылдағы қазақы дәстүрлердің өрісі тарылып бара жатқаны сөз болады. Осылардың бәрі белгілі бір романдық оқиғаларға, характерлерге сіңсе, бір сәрі. Сондай тұтастық, романға тән ойлау мен кеңдік жетісе бермейді.

С.Досанов шығармасына интелигенция өмірін арқау етеді. Онда таланттылар да, әркімнің алдын орап кететін талантсыз жылпостар да бар. Бірақ соның бәрін жинақтайтын тұтас идея, композициялық тұтастық жоқ.

Бұл романдар, негізінен, сексенінші жылдардың орта кезіне дейін жазылған. Ол – Кеңестік идеологияның күшті кезі, сондықтан оларда суреттелген өмір шындығы негізінен Кеңестік дәуірдің «артықшылығын» мойындауға құрылады. Жаңа адамдар, өмірді жақсарта түсу жолындағы ой-пікірлер – бәрі де сол идеяның төңірегінде қызмет етеді. Социалистік реализм өмір шындығын бір жақты ғана, тек күнгей жағын алып көрсетуді, социализм қоғамдық дамудың ең биігіне жеткен шыңы екенін дәлелдеуді мақсат етті де, сол өмірдің екінші беті – көлеңкелі жағы ескерілмеді. Бұл ұғымға сексенінші жылдардың орта тұсында біздің қоғамымызға кірген – қайта құру идеясы біраз өзгерістер кіргізді. М.Горбачев КОКП XXVII съезіндегі баяндамасында шындықтың жалпылама емес, нақты түсінік екенін, ол жасампаздықпен бірге қоғам дамуының қайшылықтарынан, жеңістермен бірге сәтсіздіктерден де көрінетінін еске салды. Бұл Кеңес қоғамы өткен сәтсіздіктерге, тарих сабағына да көңіл аударуға, оны суреттеуге болады деген сөз еді. Ал, Қазақстан тарихында мұндай сабақтар аз емес-ті. Байларды тәркілеу мен шаруаларды колхозға күштеп кіргізудің зардаптары, аштық пен жоқшылық, 1929, 1937, 1954 жылдардың қазақ зиялыларын қанды қырғынға ұшыратқан зобалаңы, мезгіл-мезгіл ұлт өкілдерін тежеуге салып, ұлтшылдықпен қорқытып отыратын партия саясатының науқандары тарихтың өмірде болмағандай, ұмыт боп келе жатқан беттері болатын. Халықтың ұлттық санасы оянып, ел тәуелсіздігі идеясы күн тәртібіне қойыла бастаған кезінде қазақ қаламгерлері де сол бір жылдардың оқиғаларына бетбұрыс танытты. Осындай игі бір бастаманы Б.Қыдырбекұлының «Алатау» (1986-1991), С.Елубаевтың «Ақ боз үй» (1989) романдарынан көреміз. Балғабек романының екінші кітабында Жетісу бойындағы колхоздастыру шараларының әсіре белсенділікпен жүргізілгенін, салығын төлей алмаған шаруалардың азын-аулақ малын, қолда бар астығын тартып алып, өздерін аш қалдырғанын, көктемде егін егуге көлік болмай, соқаны адам жегіп айдауға жол берілгенін, 1932 жыл аштығының қайғылы оқиғаларын суреттейді. Оқуға қиын, сезімге ауыр тигенмен, қазақ халқы бастан кешкен қайғылы кезеңнің шындығы. Абақ (роман оқиғасы соның аузынан айтылады) өзі көрген осы сұмдықтарды егіле отырып әңгімелейді.


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет