Қазақтың эпостық мұрасының қомақты бір бөлігі - әлеуметтік-тұрмыс эпосы, оны кейде лиро-эпостық поэмалар дейді. Бұл шығармаларда ерлік, батырлық, ел қорғау мақсаты емес, жекебастың мүддесі — махаббат еркіндігі мәселесі алға шығады. Кезеңдік дамуы жағынан алып қарағанда, ғашықтық жырлар — архаикалық, қаһармандық эпостан кейін туындаған шығармалар. Фольклортанушылардың пікірінше, лиро-эпостық мұра — көне эпостан жазбаша романга өтер жолдағы аралық саты, аралық деңгей.[2]
Соңғы кезге дейін қазақтың лиро-эпосы ретінде «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман — Шолпан» секілді санаулы жырлар ғана ауызға ілініп келген. Соңғы жылдары мұндай шығармалар қатарына қазақ халқына кең тараған, түп-төркіні Шығыс елдерінен келсе де, қазаққа төл туындысындай етене жақын болып кеткен бір топ ғашықтық жырларды да жатқызып жүр. Олар: «Жүсіп — Зылиха», «Ләйлі — Мәжнүн», «Құсрау — Шырын», «Сейфілмділік», «Таһир — Зухра», «Бозжігіт», т.б. Лиро-эпостың жырлардан, әсіресе тіні қазақ топырағында қалыптасқан жырлардан халықтың әдет-ғұрып, салт-санасы туралы ұшан-теңіз мәлімет алуға болады. Әлі де болса тарихшы-этнографтар халқымыздың өмір салтының, әдет-ғұрыптарының осы бір деректерін толық пайдалана алмай келеді.[2]
Батырлар жыры
Батырлық жырлар, батырлар жыры — ауыз әдебиетіндегі ең бай да көне жанрлардың бірі. Қаһармандық эпос деп те аталады. Батырлық жырлар халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстарды бейнелеп береді. Бірақ онда тарихи оқиғалар тізбегі өмірде болған қалпында емес, жырдың көркемдік шешіміне лайықты өріледі. Бас кейіпкердің жүріс-тұрысына, өзге елге ерлік сапарға шығуына және өз елін жаудан азат етуіне байланысты оқиғалар бір қаһарманның маңына топталып, соның бейнесін ашуға қызмет етеді. Эпос желісі белгілі бір тарихи дәуірге табан тіреп, соны көрсетіп отырғанымен, оған көбіне түрлі заманның оқиғаларын бір қаһарманға теліп жырлап беру тән.