Мәдениеттану пәніне кіріспе. Мәдениет морфологиясы. Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1. Мәдениет ұғымының тарихи қалыптасуы
2.Мәдениеттану ғылымы
3.Мәдениет пен өркениет
Дәрістің қысқаша мазмұны: Мәдениет ұғымының тарихи қалыптасуы. Мәдениет туралы ғалымдардың тұжырымдамалары. Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениет ұғымына берілген анықтамалар. Мәдениеттің түрлері, функциялары. Мәдениеттану ғылымы, пәні, зерттеу нысаны, бөлімдері. Қазіргі заманғы ғылымдар жүйесінде мәдениеттанудың алатын орны. Мәдениет және өркениет.
«Мәдениет дегеніміз не?» деген сұраққа жауап беру үшін бұл сөздің этимологиясына, яғни осы бір күрделі ұғымды білдіретін сөздің шығу тегіне тоқталуды жөн көрдік. Қазақ тіліне бұл термин арабтың «маданият» – қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл ортағасырлардағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Мәдениетке берілген көптеген анықтамаларды альтернативтік (қарсы қоюшылық) деп атауға болады. Бұл жерде алдымен көзге түсетіні мәдениет пен табиғатты «культура» мен «натураны» қарсы қоюшылық.
Алғашында «Сultura» сөзі латынның – «жерді өңдеу» деген мағынаны білдірген. Кейінірек, дәлірек айтқанда, Цицеронның еңбектерінде (б.э.д. 45 ж.) бұл сөздің мағынасы тереңдеп, «жанды жетілдіру» деген ұғымды білдірді. Уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде мәдениет сөзі «білім беру», «даму», «қабілеттілік», «құрметтеу» сияқты мағыналарға ие бола бастады. Уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде мәдениет сөзі «білім беру», «даму», «қабілеттілік», «құрметтеу» сияқты мағыналарға ие бола бастады.
Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке төмендегідей анықтамалар берілген:
Мәдениет адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері (палеолит мәдениеті, критмикен мәдениеті, қазақ мәдениеті және тағы басқалары;
Мәдениет адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті және тағы басқалары);
Агро мәдениет (дәнді өсімдіктер мәдениеті, цитрустық мәдениет және тағы басқалары).
Қазіргі таңда мәдениет терминіне көптеген ғалымдар анықтама берген. Мысалы ағылшын ойшылы Эдуард Бернетт Тайлор (1832-1917): «Мәдениет пен өркениет кең, әрі этнографиялық мағынада – білімнен, наным-сенімдерден, өнерден, адамгершіліктен, заңдардан, салт-дәстүрлерден және қоғамның мүшесі ретінде адамның игерген дағдылары мен түрлі қабілеттерінен құралады».