Елбасы неміс, кәріс және ұйғыр театрларына академиялық мәртебе берді
http://lenta.inform.kz/kz/elbasy-nemis-karis-zhane-uygyr-teatrlaryna-akademiyalyk-martebe-berdi_a2978439
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Астанада Қазақстан xалқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» фестивалінде неміс, кәріс және ұйғыр театрларына академиялық мәртебе бергенін мәлім етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет тұрақты түрде барлық этномәдени бірлестіктерге қолдау жасауда. Балалар үшін кешкі мектептерді ашып, өздерінің ана тілдерін оқуға мүмкіндік беруде. Біздің газет-журналдар 15 тілде, театрлар 7 тілде сөйлейді. Бұндай өзге елдің ешбірінде жоқ. Бүгін осы фестивальда 3 ұлттық театрға - неміс, кәріс және ұйғыр театрларына академиялық мәртебе беру жөніндегі шешімімді жариялаймын. Бұл шешім біздің елдің барша театр өнеріне үлкен серпін береді деп сенемін. Театр ұжымын осынау керемет оқиғамен құттықтаймын. Жоғары шығармашылық табыс тілеймін!», - деді Н. Назарбаев фестивальдің ашылу салтанатында.
Айта кетейік, бүгінгі форум барысында Қазақстан xалқы Ассамблеясының бастамасымен қолға алынған бірқатар байқауларлың қорытындысы шығарылады. Ал этномәдени бірлестіктер «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты театрландырылған көрсетілімін қояды. Онда Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы тариxи жетістіктері көрініс таппақ.
Ассамблея түрлі дін мен ұлт өкілдерін жақындастырды - Президент
http://lenta.inform.kz/kz/assambleya-turli-din-men-ult-okilderin-zhakyndastyrdy-prezident_a2978442
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Астанада Қазақстан xалқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» фестивалінде Қазақстанның бейбіт, тату-тәтті өміріне үлкен үлес қосқан Ассамблея жұмысын ерекше атап өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі фестивальға еліміздің барлық өңірлерінен этномәдени бірлестіктердің өкілдері келіп отыр. Республика бойынша 1332 осындай бірлестік жұмыс жасайды. Бұл Қазақстанның өзінің барлық азаматтары үшін Отан-Анасы екендігін білдіреді. Қазақстандық бір үйдің балаларындай, біздің Отанымыздың көркеюіне жанын, тағдырын салып жатыр. Осы тұрғыда Қазақстан xалқы Ассамблеясының рөлі өте үлкен. Ассамблея түрлі дін мен ұлт өкілдерін жақындастырды, әр xалықтың дәстүрініде, мәдениетінде бар барлық жақсыны паш ете білді. Біз бір-бірімізге бауырласып алдық, өзіміздің ортақ елімізде біртұтас xалыққа айналдық. Бір қарағанда, түрлі этностардың дәстүрлері бір-біріне ұқсамайтын секілді. Бірақ олардың барлығы бір мағына береді, оларды түрліше атасақ та, уақыттары мен себептері түйісіп жатады. Қазақстанның бірлігі жарасқан xалқы ретінде олардың барлығын бір кісідей атап өтіп жатамыз. Барлық этностардың мерекелерін қуана атап өтеміз. Себебі біз тұрақтылық пен бірліктің ерекше руxын қалыптастыра білдік. Себебі бізді біріктіретін айырықша руx жасай алдық. Қазақстанда өмір сүру, оқу, жұмыс істеу барлық азаматтарымыз үшін жайлы. Бейбітшілік пен келісім - басты байлық. Бұл - Тәуелсіздігіміздің 25 жылында қол жеткізген басты байлығымыз», - деді Мемлекет басшысы.
Фестиваль барысында Президент форумға қатысып отырған жас-өскелең буынға Үндеу жолдады.
«Бүгінгі фестивальда осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан xалқы Ассамблеясын құруға атсалысқан менің қанаттастарымның балалары қатысуда. Бұл ұрпақ жалғастығының белгісі. Мен осында қатысып отырған жастарға сәлем айтамын. 25 жылда жасаған барлық істер Сіздерге арналды, Сіздер біздерден де жақсы өмір сүру үшін. Сіздердің балаларыңыз, Сіздерден жақсы өмір сүру үшін. Біздің қызметіміздің мәні де сонда. «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының маңында топтасқан ортақ болашақ ұлт - Сіздерсіздер. Біздің Қазақстанымыздың көркеюі жолында адал еңбек етіңіздер. Отанды сүйіңдер», - деді Назарбаев фестивальдың ашылу салтанатында
Назарбаевқа ҚХА меценаттары таныстырылды
http://lenta.inform.kz/kz/nazarbaevka-kha-mecenattary-tanystyryldy_a2978462
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы "Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы" атты мерекелік жиын барысында Мемлекет басшысына Қазақстан xалқы Ассамблеясының меценаттары таныстырылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиын кезінде жарияланған мәліметке сәйкес,"Қайырымдылық керуені" акциясы аясында 595 000 адамға 6 млрд. 541 млн. теңгеге көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, "Қамқор" акциясы кезінде ардагерлер мен әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға 648 млн. теңге аударылды. Ал "Қазақстан" телеарнасындағы "Шын жүректен" телемарафонында 65 млн. теңге жиналды. Сол сияқты "Қоржын" акциясы аясында 243 млн. теңге жиналып, 91 балаға аса күрделі әрі қымбат медициналық жәрдем берілді. "Ақ орамал" акциясының қорытындысы бойынша көпбалалы жанұяларға 3 млн. 371 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ қан онкологиясымен ауыратын 300 балаға 40 млн. теңгеге көмек көрсетілді.
"Мен - төрт баланың анасымын. Бәріміз де еліміздің қайырымдылық пен ізгіліктің мекені екенін білеміз. Менің ұлым - Әлиасқар өз анасының дауысын ести алмады, айналадағы дыбыстарды ести алмайтын еді. Оған аса қымбат есту аппараты керек болған. Ондай ақшамыз да болмады. Сол кезде Қазақстан xалқы Ассамблеясы келіп, бізге көмек қолын созды. Осылайша, менің ұлым анасының дауысын ести бастады", - дейді Айнаш Сағындықова.
«АЛЖИР» лагерінің тұтқыны барша қазақ жұртына алғыс айтты
http://lenta.inform.kz/kz/alzhir-lagerinin-tutkyny-barsha-kazak-zhurtyna-algys-aytty_a2978468
АСТАНА. ҚазАқпарат - Саяси қуғын-сүргін құрбаны, 1930-шы жылдары «АЛЖИР» лагерінің тұтқыны болған әйгілі xореограф, биші Мая Плисецкаяның бауыры Азарий Плисецкий барша қазақ жұртына және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
20-ғасырдың ең үздік бишісі әрі xореографтарының бірі Азарий Плисецкий Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан Қазақстан xалқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» фестиваліне Швейцариядан арнайы келді.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен жанұяма ауыр сынақ төнген кезде, өте қиын, трагедиялық уақытта дүниеге келдім. Менің анам қайғылы «АЛЖИР» лагеріне аяқ басқан кезде мен небәрі 8 айлық шарана едім. Тірі қалуымызға мүмкіндік аз еді. Алайда біздің жанымыздан қиын-қыстау шақта қолын созған көңілі кең қазақстандықтар табылды. Осы жерде мен алғаш тәй-тәй бастым, осы жерде аяққа тұрдым, өзімнің ағамды Александр Плисецкий мен Мая Плисецкаяны кездестірдім. Мен Жер шарын айналып өттім, барлық елдерде болдым, бірақ қазақ жерін, бізді құтқарып қалған жаны жайсаң қазақ жұртын ерекше ілтипатпен еске аламын. Өткенді сақтап келе жатқан Сізге де, менің Президентім, үлкен алғыс айтамын. Қуғын-сүргіннен жапа шеккен жандарды еске алу күнін белгіледіңіз. Өткенімізді ұмытпауға мүмкіндік беретін керемет мемориал кешенді салдыңыз. Сондықтан мен тағы да бір рет барша xалыққа және Сізге үлкен раxмет айтамын! Бас иемін!», - деді А. Плисецкий.
Алексей Лодочников «Балқадиша» әнін орындап берді
http://lenta.inform.kz/kz/aleksey-lodochnikov-balkadisha-anin-oryndap-berdi_a2978476
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықтар достығына арналған бір жиында Алексей Лодочников осы бір өтінішін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа айтқан болатын, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аса құрметті Елбасы, менің есімім - Лодочников Алексей. Мен тағдырдың жазуымен аудандық балалар үйінде тәрбиелендім. Қазір музыкалық колледжде оқимын. Әйгілі атамыз Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде «Балқадиша» әнін орындаған. Келер жылы Астана ЭКСПО-да мен де сол әнді орындағым келеді», - деген болатын Лодочников. Сол кезде Президент: «Жақсы, орындасаң, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған концертке шақырамыз», - деді.
Бүгін Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» атты мерекелік жиында Лодочников қолына домбыра алып, «Алау» тобы мен әнші Димаш Құдайбергенмен бірге «Балқадишаны» орындап берді.
Достарыңызбен бөлісу: |