1. Атабаев Қ. Қазақ тарихының деректанулық негіздері. Алматы, 2002ж. 2. Атабаев Қ. Деректану. Алматы, 2007ж.,
Деректану саласында зерттеген Шоқанның қандай еңбектерін айтуға болады?
Ә.Бөкейханов еңбектерін неше салаға бөліп қарастыруға болады?
«Әдебиет танытқыш» деген еңбекте кімнің деректанушылық ойлары келтірілген?
№11 дәріс
Тақырыбы: Ежелгі жазба тарихи деректер. Дәрістің мазмұны:Соңғы орта ғасырлардағы Қазақстанның тарихын зерттеу негізінен алғанда Шығыстың шектес және алыс елдерінен шыққан авторлар жазған жазбаша деректемелердің материалдарына негізделеді. Нарративтік шығармаларда: ең алымен парсы тілінде жазған тарихи, мемуарлық, географиялық шығармаларда аса маңызды материал бар, оларды шағатай, ескі өзбек (түркі), сондай-ақ араб тілдерінде жазылған еңбектер толықтырады. Бұл деректемелер ақпараттарының дәрежесі әртүрлі, көршілес Орта Азияның (Мауаранахрдың), сондай-ақ Иранның, Шығыс Түркістанның авторлары мейлінше хабардар, оның үстіне олардың неғұрлым көлемді де дәл мәліметтері Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанға қатысты. Мысалы, Моғолстаннан айырмашылығы арнайы Қазақ хандығының тарихына арналған деректеме жоқ.
Қазақстан жөніндегі мәліметтер шығыс авторларының шығармаларында үзік-үзік келтірілген, негізінен алғанда саяси тарихқа, оның халқы мен билеушілерінің көрші мемлекеттердің халықтарымен өзара қатынастарының тарихына қатысты әр түрлі әулеттен тараған хандардың шежіресі келтірілген. Этникалық құрамы, шаруашылық кәсібі, рухани және материалдық мәдениетінің элементтері жөнінде бытыраңқы мәліметтер де бар. Шығыс деректанушылардың материалдарын батысеуропалық, кейініректе – орыс саяхатшыларының, елшілерінің, ғалымдардың хабарлары, сондай-ақ орыс жылнамалары мен мұрағаттарының мәліметтері толықтыра түседі.
Монғолдардың жаулап алуы түрлі тілдегі ауқымды әдебиетті өмірге келтірді. Оңтүстік Қазақстандағы, сондай-ақ Орта Азиядағы моңғолдар жаулап алуын зерттеуде басты деректеме Ала ад-дин Ата Мәлік Жувейнидің «Тарих-и джахангуша» («Әлемді бағындырушының тарихы») деген еңбегі болып табылады. Шығарма 1260 жылы аяқталған. Автор Түркістанға, Ұйғырияға, Монғолияға өзі барған, монғолдардың ауызша әңгімелерін пайдаланған. Жувейни Отырарды қоршау, Сырдариядағы басқа қалалардың талқандалуы туралы хабарлайды. Шағатай, Жошы, Үгедей жұрттарының Қазақстан аумағында орналасуы, ХІІІ ғасыр ортасында Шағатай ұлысында болған қырқыстар мен бүліктер туралы деректер келтіреді.
Фазаллах Рашид ад-Диннің «Жами ат-таварих» («Жылнамалар жинағы», 1310-1311 жылдары аяқталған) деген тарихи еңбек ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы монғол және түрік тайпалары мен халықтарының тарихы жөніндегі мейлінше елеулі еңбек болып табылады. Рашид ад-Дин шығармасының негізіне ресми монғол хроникалары, монғолдар жаулап алған түрлі елдердің тарихи шығармалары, оқиғаларға қатысушы хабарламашылардың материалдары алынған. Әдет-ғұрып, діни нанымдар, көшпелі тұрмысы туралы мәліметтер алуан түрлі. «Жылнамалар жинағының» екінші томында тайпалардың этникалық құрамы, Қазақстан монғол ұлыстарының құрамына кірген кездегі оның топонимикасы, тарихи географиясы, оның саяси тарихы жөніндегі деректер, Орда Ежен ұлысының тарихы, оның ұрпақтарының, басқа да Жошы ұрпақтарының генеологиясы жөніндегі мәліметтер келтірілген.