Анафорада (грекше: anaphora – жоғарыға шығару) – өлеңнің әрбір жолы, яки ой ағымы бір сөзбен басталып, қайталанып келіп отырса, эпифорада (грекше: epiphora – үстеме, қайталау) – әрбір өлең жолының яки ой ағымының соңғы сөзі қайталанып отырады.
Анафораға мысал:
Ой деген у –
Ауызға алсаң қандырар.
Ой деген у –
Жанды есінен тандырар.
Ой деген у –
Ішсең мас боласың.
Ой деген у –
Ішесің де соласың.
Ой деген у –
Қап-қара боп тебіренер.
Ой деген у –
Толқындана күңіренер.
Ой деген у –
Шетсіз, түпсіз, тұңғиық.
Ой деген у –
Жан түседі, жан қиып.
Ой деген у –
Жаным ессіз, жаным мас.
Ой деген у –
Жүректе зар, көзде жас.
Ой деген у –
Көмір болды жүрегім.
Ой деген у –
Сарғаямын, сөнемін!
(Мағжан. Ой)
Эпифораға мысал:
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда
Үш шарбақты, үш кентті
Ноғайлы деген жұрт өтті.
Бір замандар болғанда
Ауыр дәулет мал кетті,
Жарлылықтың зары өтті.
Халқы жарлы болған соң,
Жігітінен әл кетті.
Жап-жалаңаш жүрген соң,
Әйелінен ар кетті.
Сол ноғайлы жұртында
Жортақыға мінбеген,
Түстік жерге жүрмеген,
Кірлі киім кимеген,
Аллаға тілі тимеген,
Бес намазын қоймаған,
Бір құдайды ойлаған,
Қара басы хан болған,
Байлығы жұртқа аң болған,
Малы Алашқа таң болған
Бозмұнай аттты бай болған.
Байлығының белгісі:
Тоқсан қара құлы бар,
Тоқсан тоғай малы бар.
Сол дүниеқор зор байдың
Дүниеде жалғыз мұңы бар:
Сол Бозмұнай қартайып,
Алпыс жастан өткенше,
Құдай қосқан қосағы
Елу жасқа жеткенше
Бір перзентке зар болған.
А.Байтұрсыновтың « Жұртыма» өлеңінен үзінді:
Бірлік қып іс іс істеуге шорқақ жұртым,
Табылса оңай олжа ортақ жұртым.
Сияқты қара қарға шуылдаған
Үрейсіз қоян жүрек қорқақ жұртым.
Эллипсис ( грекше: ellepsis – қалдырып кету, түсу) – шығарма ішінде бір сөздерді әдейі айтпай тастап кету. М. Мағауиннің «Қант пен ірімшік» әңгімесінен мысал келтірейік:
«Ас алмадың, ғой қарағым...», – деді әжем. «Қант пен шай қандай астан болмасын қуатты, – деді першіл. – Құрт-ірімшік жемей жүріп жатқан жұрт та бар. Қой сауып, құрт қайнатқан деген не? Ол – феодализмнің қалдығы, ол надандық. Ал қант деген – ол... қант деген – мәдениет! Қант деген – социализм! Соғыс бітеді, шаруашылықты қалпына келтіреміз, социализм түпкілікті жеңіп шығады, сол кезде жұрттың бәрі қант пен шай ішетін болады. Ал коммунизм орнаған кезде қант дегеніңізді – мынандай құмшекер емес, кесек-кесек шақпақ қантты бала-шағаға дейін қалтасына салып жүріп, кеміріп жейтін болады. Ү-ү-пп! Тағы бір шыны шешей!..».
Менің шайым да суыған болуы керек. Ептеп ұрттадым. Тәтті. Керемет тәтті! Өмірімде мұндай тәтті шай көргем жоқ. Қант деген осы екен ғой! Қант...»
Сұрақтар:
1. Тіл байлығы. Троп пен фигура.
2. Бөтен сөздердің көркем шығармадағы атқаратын қызметі.
3. Шағатай тілі. Оның қазақ әдебиетіндегі орны. Ол тілде жазған қазақ ақын-жазушылары.
4. Мағжанның «Батыр Баян» шығармасындағы теңеудің қолданыс табуы.
5. Абайдың «Қара сөздеріндегі» діни термин сөздер.
6. Ж. Аймауытовтың «Қартқожа» романындағы орыс сөздері.
7. М.Дулатовтың «Оян, қазақ» шығармасындағы орыс, араб, парсы сөздерінің қолданыс табуы.
8.Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» әңгімелер-циклындағы троптың пайдаланылуы.
Достарыңызбен бөлісу: |