2.3 Университет студенттеріне академиялық қолдау көрсету кешенін ұйымдастырудың құрылымдық-теориялық моделі
Педагогикалық ғылымда соңғы жылдары В.Г. Афанасьев [160], В.А. Веников [161], Б.А. Глинский [162], Ю.А. Конержевский [163], Ф.Ф. Королев [164], Н.В. Кузьмина [166], И.Б. Новик [167] сияқты ғалымдардың еңбектеріне негізделген моделдеу әдісі кеңінен қолданылады. Моделдеу-зерттеу объектісінің мәнін толық айқындауға мүмкіндік береді. Модель сөзі грек тілінен «modus, modulus» өлшем, бейне, әдіс деген ұғымдарды білдіреді. Ал, ғылымда кең тұрғыда модель сөзі кейбір шартты жағдайларда зерттеу жұмысының түпнұсқасының қасиеттерін қайта жасайтын аналог, түпнұсқаның орнын басушы (ақиқаттың үзіндісі) деген мағынаны білдіреді. Мысалы, В.А.Штофф [168] «модель -бейнелеу, қайта жаңғырту арқылы теориялық немесе тәжірибелік түрде жүзеге асатын жүйе негізінде, зерттеу объектісі туралы жаңа ақпараттар, ғылыми ой тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді»-деген анықтама береді.Бұл анықтамадан моделдің төрт белгісін айқындаймыз:
- ойша бейнеленетін немесе тәжірибеде жүзеге асатын жүйе;
- зерттеу объектісін қайта жасайды немесе бейнелейді;
- объектінің орнын басады;
- объект туралы жаңа ақпарат береді.
Сонымен, «модель әдісі» зерттеу объектісіне ұқсас болып келетін, оның құрылымын, қасиеттері мен байланыстарын кішірейтіп көрсетететін сызба, кесте және т.б. түріндегі жасанды бейне. Басқаша айтқанда, модель, таным үдерісі кезінде, негізгі зерттеу объектісі туралы жаңа ақпарат беретін қосымша құрал. Олай болса, моделдеу дегеніміз зерттеу үшін таңдалған, бір объектінің негізгі белгілерін екінші бір объектіде елестету. Моделдеу әдісі педагогикалық объектінің формалары, құрамы мен қызмет ету құрылымы немесе дамуын оның құрамдас бөліктері мен ішкі байланыстардың негізінде бейнелеу арқылы қамтамасыз етеді.
Осы зерттеу жұмысында АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесіндегі академиялық қолдау көрсету үдерісінің ерекшеліктерін айқындап, оның тәжірибесін жүйелілік тұрғыдан қарастыру негізінде Қазақтанның университеттерінде қолдануға мүмкін болатын студенттерге академиялық қолдау көрсетудің құрылымдық-теориялық моделін жасауды жүйе тұрғысынан қарастырамыз. Осы жағдайда басты назар аудартатын категория «жүйе» ұғымы болғандықтан, онын мәнін анықтауды қажет етеді.
Жүйе – белгілі бір тұтастықты құрайтын өзара байланысқан және өзара әрекеттесетін элементтердің жиынтығы [ 169]. Т.Т. Ғалиев жүйені «қойылған мақсатқа жету үшін жобаланатын заңдылықпен байланысқан және өзара әрекеттесетін элементтердің жиынтығы» деп нақтылайды [170].
Сонымен, ғалымдардың «жүйе» ұғымына берілген анықтамаларына сүйене отырып, АҚШ тәжірибесін зерделеу негізінде жасалған, университет студенттеріне бағытталған академиялық қолдау көрсету компоненттерін бір-бірімен байланысқанда, тұрақты бірлік құрайтын элементтерден тұрады деп қорытынды жасай аламыз. Зерттеуіміздің міндеттеріне орай, АҚШ–тың жоғары білім беру жүйесіндегі студенттерге академиялық қолдау көрсету тәжірибесінің озық бағыттарын, бағдарламаларын, қазақстандық кредиттік оқыту технологиясында студенттердің жеке оқу траекториясын жүзеге асыруға ықпал ету мақсатымен енгізілген жаңа педагогикалық, академиялық қызметтердің іс-әрекетін ескере отырып, кредиттік оқыту технологиясында университет студенттеріне академиялық қолдау көрсету кешенін ұйымдастырудың құрылымдық-теориялық моделін құрдық (cурет 12). Құрылымдық-теориялық модель, университет студенттеріне академиялық қолдау көрсету іс -әрекетінің мақсаты мен мазмұны, академиялық қолдау көрсету қағидалары, компонентері, бағыттары, субъектілердің әрекеттесу формалары мен құралдары, академиялық қолдау көрсетудің нәтижесі мен рефлексия элементтерінен тұрады.
Университет студенттеріне академиялық қолдау көрсету кешенін жүйе ретінде құруда мынандай негізгі дидактикалық талап қойылады.
Академиялық қолдау көрсету жүйесі, негізгі дидактикалық міндеттерді шешуге, яғни студенттердің университет қабырғасына бейімделуіне, студенттердің оқу-танымдық қабілеттерін дамытуға, студенттің кәсіби таңдау жасауы, жеке оқу траекториясын саналы қалыптастыруға ықпал етуі қажет.
Жүйе теория мен практиканың байланысы, түсініліктілік пен жүйелілік, саналылық пен шығармашылық белсенділік, жоғары ғылыми деңгейде білім беру қағидаларының талаптарына сай болу керек.
АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесіндегі, оның ішінде студенттерге академиялық қолдау көрсету бағдарламаларына теориялық, тәжірибелік талдау жүргізу, олардың жеке бір ұйымдасқан студенттерге қолдау көрсету орталығы ретінде жұмыс атқаратынан аңғартады. Демек, білім алушылардың субъектік позициясын белсендіру, жекедараландыру, оқу-танымдық дағдыларын, дербестігін, студентке өмір бойы білім алу дағдыларын қалыптастыруды көздейтін кредиттік оқыту технологиясында студентттерге академиялық қолдау көрсетуді кешенді түрде жүргізуіміз қажет. Сонда ғана, бұл жаңа бағыт оң нәтиже береді. Себебі, академиялық қолдау көрсету , студенттің жеке оқу траекториясын саналы қалыптастыру арқылы, оны жүзеге асыру үдерісін жеңілдетіп, білім алушының жекетұлғалық, кәсіби дамуына оң ықпалын тигізеді. Білім алушыларға академиялық қолдау көрсету кешенін ұйымдастыру барысында институттың мақсаты мен міндеттері, студенттердің академиялық, әлеуметтік қажеттіліктері, факультеттің мүмкіндіктері, оқу бағдарламалары мен курстарының күрделілігі, университеттің қаржылық жағдайы, құрылымы сияқты маңызды мәселелерді ескерген жөн.
Соған сәйкес, зерттеуде біз академиялық қолдау көрсетуді ұйымдастырудың қосымша (Supplementary Model) моделін ұстанамыз. Факультеттің кеңесшілері, эдвайзерлері, тьюторлары студенттің оқу барысындағы қиындықтары мен кемшіліктерін шешуге атсалысады, сонымен қатар, әрекеттесу субъектілері (студент немесе кеңесші) қосымша ақпарат немесе кеңес алу үшін университетке ортақ, арнайы студентке қолдау көрсету орталығына жүгіне алады.
Университет студенттеріне академиялық қолдау көрсетудің құрылымдық- теориялық моделі
Студенттерге академиялық қолдау көрсетудің мақсаты: кредиттік оқыту технологиясында білім алушылардың академиялық кедергілерінің алдын –алу, жеке оқу траекториясын саналы қалыптастыруға әсер ету
жағымды әсер ету,
Академиялық қолдау көрсету қағидалары: адамгершілік құндылықтардың басымдылығы, еріктілік, икемділік, бірлесіп жұмыс атқару (кооперация), жекедараландыру, студенттің субъектік позициясын белсендіру, тең құқықтық
Академиялық қолдау көрсету компоненттері
Студент
Академиялық қолдау көрсету компоненттерінің функциялары: cтуденттің кәсіби дамуына әсер ету; жобалау; басқару; рефлексия, білімін жетілдіру.
Білім алушының жеке оқу траекториясын саналы қалыптастыру, жүзеге асыру барысында кезіктіретін академиялық қиыншылықтарын шешу мақсатында академиялық қолдау көрсету мамандарымен бірлескен белсенді субъективтік позициясындағы іс- әрекеті
Дамытушы академиялық эдвайзер
Тьютор
Академиялық қолдау көрсету компоненттерінің бағыттары
студенттің университет қабырғасына бейімделуі;
студенттің оқу үдерісінде өзін - өзі ұйымдастыруы;
университеттің оқу үдерісіндегі студенттің өздік жұмысы;
студенттің кәсіби таңдау жасауы
студенттің оқу- танымдық дағдыларын дамыту
Ментор
Бағыт-бағдар курстары
Академиялық қолдау көрсету формалары: академиялық кеңес беру, модерация, тренинг, коучинг, практикалық сабақтар, дамытушы оқу пәндері
Академиялық қолдау көрсету құралдары: жеке-дара кездесулер,шағын топта кездесулер, электрондық пошта, форум, телефон
Академиялық қолдау көрсетудің нәтижелері:
- білім алушылардың іс –әрекетіндегі субъектілік қарым-қатынасы, дербес білім алу, жеке оқу траекториясы мен кәсіби өзін-өзі анықтауында белсенділік, жауапкершілік, бастамашылық (инициатива) сияқты қабілеттердің көрінуі;
- академиялық қиындықтарды шешу және жеке оқу траекториясын жобалау мен жүзеге асыруда жағымды оқу-танымдық мотивациясының қалыптасуы;
- академиялық проблемаларды шешуді саналы түрде ұғынуы;
- оқу үлгерімінің артуы;
- меңгерілген тәжірибені дербес анализдеу және рефлексия жасауға үйренуі.
Сурет 12 - Университет студенттеріне академиялық қолдау көрсетудің құрылымдық- теориялық моделі
Орталық қызметкерлері академиялық қолдау көрсету мамандарын, қажетті оқу әдістемелік кешенмен қамтамасыз етіп, кәсіби біліктілігін арттыру семинарлары мен дәрістерін жүргізеді, олардың жұмысының нәтижелілігін бағалайды. Теориялық зерттеулерге сүйене отырып, студенттің кәсіби дамуына, кредиттік оқыту технологиясының студентке қоятын басты талаптарының бірі - өзіндік білім алу дағдыларына, жеке оқу траекториясын саналы қалыптастыруға жағымды жағдай жасайтын академиялық қолдау көрсетудің қосымша моделінің (Supplementary Model) таңдалғанын нақтылаймыз. Дегенмен, кафедра оқытушыларының студенттерге академиялық қолдау көрсету іс- әрекетіндегі басымдықтарына қарамастан, оның кемшіліктеріде бар. Көбіне, олар кафедраға, факультетке қатысты ақпараттарды жете біліп, жүйелесе де, жалпы университеттік ақпараттарды жеткілікті біле бермейді. Себебі, академиялық қолдау көрсету, профессор-оқытушылар құрамының міндеттерінің бір бөлігі, қосымша қоғамдық жұмысы ретінде жүзеге асады. Сонымен қатар, оқытушылардың оқу жүктемесіне байланысты жұмысбастылығынан, студентке қосымша кездесулер ұйымдастыру қиынға соғады, студентке кеңес беру әдістері мен техникаларына ие бола бермейді. Осыған байланысты, жеке академиялық қолдау көрсету орталығы кафедра, факультет кеңесшілеріне әдістемелік, ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етуі тиіс.
Қазақстан университеттінің үшсатылы білім беру бағдарламасына көшу жағдайында бакалавриат студенттеріне академиялық қолдау көрсетудің ұсынылып отырған моделі тиімді болады деп қорытындылаймыз, себебі кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, арнайы ұйымдастырылған орталықтан, ақпараттық, әдістемелік материалдармен қамтамасыз етіледі, соған сәйкес олардың білім алушылардың жеке оқу траекториясын саналы қалыптастырудағы әрекеттесу үдерісінің сапасы артады. Ендігі кезекте, университет студенттеріне академиялық қолдау көрсету кешенінің құрылымдық моделінде көрсетілген әрбір элементтерін жекелеп қарастырып, түсініктеме беруді қажет етеді.
Студенттерге академиялық қолдау көрсетудің мақсаты: кредиттік оқыту технологиясында білім алушылардың академиялық кедергілерінің алдын –алу, жеке оқу траекториясын саналы қалыптастыруға әсер ету. Осы орайда, академиялық қолдау көрсету субъектілерінің әрекеттесуінің басты мақсаты, студенттің дербес жеке оқу траекториясын құруда, кәсіби қалыптасуында кездескен қиындықтарды студенттің пайдасына шешуге жағдай жасау.
Ғылыми әдебиеттерге теориялық анализ жасаудың негізінде, сонымен қатар студенттік жас кезеңінің ерекшеліктерін (ересектік жасқа өту, дербестікке қажеттілік, өзін-өзі басқару, өзін-өзі жетілдіру, осы жас кезеңіне тән мінез бітістері мақсаттылық, батылдық, белсенділік,оқу іс әрекетінің көмегімен өмірлік мәселелерін жетуге дайындығы, әлеуметтік тәжірибе жинау) ескере отырып, білім алушылардың жеке оқу траекториясы мен білім алу дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасайтын төмендегідей студентпен академиялық қолдау көрсету қызметкерлерінің әрекеттесу қағидаларын айқындадық:
Адамгершілік құндылықтарының басымдылығы қағидасы - жекетұлға үнемі даму жағдайында болып, білім берудің ең құнды субъектісі ретінде қабылданады, олай болса, академиялық қолдау көрсету барысында студенттің қажеттіліктері мен мүмкіндіктері басты орында болады.
Еріктілік қағидасына сәйкес, студент академиялық қолдау көрсету қызметкерлеріне күрделі мәселелерді шешу, жеке оқу траекторияны құруда бірігіп шешім қабылдауда, кеңес алуға жүгіну мәселелерінде өзіндік дербес шешімдерді қабылдайды.
Субъектік ұстанымын белсендіру қағидасы - академиялық кеңесші студенттің үздіксіз білім алуына жауаптылығын арттыруға, оқу іс-әрекетін, оқу траекториясын аса ұқыптылықпен жоспарлауға, таңдау жасауға, дербес шешім қабылдауға, өзінің жетістіктерін бағалауға жағдай жасауы қажет. Бұл жағдайда, студенттің кеңесшімен бірігіп жұмыс атқаруға ұмтылысы, маңызды болады.
Теңқұқықтық қағидасы (субъект-субъектік қарым-қатынас)- академиялық кеңес беру үдерісінде әрбір қатысушы белсенді субъект ретінде қабылданады. Академиялық кеңес беру, студент пен кеңесші іс-әрекеттің нәтижесіне бірдей жауапты. Кеңесшінің басты міндеті, студентке өзін-өзі тануға, түсінуге, қабілеттерін, қызығушылықтары мен бейімділігін айқындауға, саналы дербес таңдау жасауға, мәселелерді шешу, және оларды жүзеге асыруда өзінің мүмкіндіктерін бағалауға көмектесу.
Икемділік қағидасы – оған сәйкес, академиялық қолдау көрсету үдерісі ситуативті,себебі, әрбір студент өзіндік ерекшеліктері бар жеке тұлға, соған сәйкес, оларда бірдей академиялық жағдай немесе қиыншылықтар туындамайды, және әртүрлі жағдайда оларды шешуге бағытталған,студенттің кәсіби дамуына, жауаптылығын арттыруға әсер ететін әмбебап әдістер де жоқ. Осыған байланысты, студентке университет жағдайында қолдау көрсету үдерісі дайын шешімдер мен әдістерді пайдалану мүмкін емес; ол академиялық қолдау көрсету субъектілерін дербес анализ және үнемі рефлексивті іс-әрекет жасауға мәжбүрлейді.
Бірлесіп жұмыс атқару (кооперация) қағидасы - академиялық қолдау көрсету студенттің толыққанды кәсіби қалыптасуымен, жеке оқу траекториясын құруға қамтамасыз ететін үдеріс. Дегенмен, академиялық қолдау көрсету қызметкерлері, студенттің кәсіби қалыптасуына әсер ететін жеке буын емес екенін ұмытпай, өзіндік біліктілігінің мүмкіндігін адекватты бағалап, қажетті жағдайда студентті басқа ұйымдарға, университет қызметтеріне бағыттауы керек.
Жекедаралану қағидасы – білім алушылардың академиялық қиыншылықтарын шешуде жағымды жағдай жасау үшін, олардың жеке-дара қызығушылықтарын, білім алу қажеттіліктерін, мүмкіндіктерін ескеру қажет.
АҚШ университеттеріндегі озық академиялық қолдау көрсету бағдарламаларына талдау жасау барысында, іріктеліп алынған академиялық эдвайзер, тьютор, ментор бағдарламалары мен бірінші курс студенттеріне арналған бағыт-бағдар беруші курстары, университет студенттеріне академиялық қолдау көрсету кешенінің құрылымдық моделінің компоненттерін құрады.
Дамытушы академиялық эдвайзер (Develepmental Academic advising) - қолдау көрсетудің негізгі компоненті ретінде, білім алушылардың жеке - дара сенімі мен көзқарастарына сыйластықпен қарау негізінде, студенттің қажеттілігі мен университет талабы арасындағы қарама - қайшылықтарды екі жақтың пайдасына шешуге, студенттің әлеуметтік, әлеуеттік, отбасылық, жас және жеке дара, ұлттық, гендерлік ерекшеліктеріне назар аударуға, студенттің академиялық мүмкіндіктерін біртіндеп айқындау арқылы , жеке оқу траекториясын саналы қалыптастыруға, жүзеге асыруға университет ресурстарын жүйелілікпен пайдалануына, кредиттік оқыту технологиясының студентке қажетті тұстарын, басымдықтарын, студенттің кәсіби маман ретінде қалыптасуына әсер ететін күнделікті университетішілік іс-шараларды телефон, электронды пошта, жеке-дара кездесулер арқылы жеткізуге жауапты болады. Сонымен қатар, университет студенттеріне академиялық қолдау көрсетудің маңызды компоненттері бірі, академиялық эдвайзерлердің кеңес беру іс- әрекетінде J.D.Bransford and B.S.Stein [162] ұсынған академиялық кедергілерді шешу технологиясының (IDEAL) бес кезеңін қолданылады: диагностикалық (I- Identify) (академиялық мәселелерді айқындау, белгілеу); ізденістік (D-Define) (себептерін іздестіру); келісімдік (E- Explore) (академиялық кедергілердің шешу стратегиясын қарастыру, жауапкершілікті бөлу, қадамдық жоспарын әзірлеу); іс-әрекеттік (A-Anticipate and Act) (айқындалған жоспардың мүмкін болатын салдарын алдын-ала болжау), рефлексивтік (L- Look back and learn) (іс-әрекетке кері байланыс жасау).
Тьютор қызметін, оқытушылар, немесе ерікті түрде (волонтер) оқу үлгерімі бойынша жоғары көрсеткіштер көрсеткен жоғары курс студенттері, немесе магистратура, докторантура білім алушылары атқарады. Тьютор қызметі, пәндердің силлабусы негізінде, оқу курсының күрделі тақырыптарын, немесе студенттің өздік жұмыстарын жеке-дара, немесе шағын топта, білім алушылармен бірлесіп талдаудан, пікірталас жүргізуден тұрады. Тьютор бағдарламасының мақсаты - белгілі бір пән бойынша студентің оқу тәжірибесін арттыру, академиялық артта қалушылықтың алдын алу арқылы студенттің жеке оқу траекториясының саналы жүзеге асыруына әсер ету.
Ментор қызметін, кафедра оқытушылары, немесе ерікті түрде (волонтер) университеттік тәжірибесі мол жоғары курс студенттері, немесе магистратура, докторантура білім алушылары атқара алады. Тьютор бағдарламасының мақсаты – 1, 2 курс студенттерін, жоғары білім беру жүйесіне өтуін (transfer), бейімделуін оңайлату; студент- оқытушы байланыс жасауын жетілдіру; бірінші курс немесе ауысып келген студенттерді университеттің бір мүшесі ретінде сезіндіру; оқу мотивациясын арттыру; достық қолдау және көтермелеу көрсету; оқу мәселелері бойынша пайдалы кеңестер беру.
Бірінші курс студенттеріне арналған бағыт-бағдар курсының мақсаты, білім алушылардың кәсіби дамуы мен жеке оқу траекториясын құруға кедергі келтіретін академиялық мәселелер мен кедергілердің алдын алу, университет ортасына бейімделуге әсер ету; студенттің өзбетімен білім алуда субъектік позициясын белсендіру. Курстың соңында студенттер, университет саясаты; студенттер ісімен айналысатын университет қызметтері мен функциялары, академиялық қолдау көрсету қызметкерлері эдвайзер, тьютор т.б. университеттің оқыту үдерісі; ЖОО-да өздік жұмысты ұйымдастырудың мақсаты, міндеттері; оқу-танымдық дербес іс-әрекетті ұйымдастыруды жоспарлау; оқу- танымдық іс- әрекетті басқару және бағалау; ақыл–ой еңбегінің мәдениетін қалыптастыру; жеке оқу жоспарын саналы құру туралы түсініктер қалыптасуы қажет. Бағыт-бағдар беру курстарын, арнайы дайындықтан өткен академиялық эдвайзерлердің жүргізілуі міндетті.
Жеке-дара оқу траекториясын жүзеге асыру, оқуға арналған уақытты рационалды пайдалануда, әртүрлі бағыттағы өздік жұмыстарды орындау үшін жоғары білім беру жүйесі білім алушылардан белсенділік, бастамашылық, жауапкершілік, дербестік сияқты жекетұлғалық қасиеттерін көрінуін талап етеді. Аталған міндеттер мен жүктемелер әсіресе бірінші курс студенттері үшін қиындықтар туындатады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенттерімен жүргізілген сауалнама қорытындысының эмпирикалық мәліметтерін анализдеу, сонымен қатар студенттер мен оқытушылармен жүргізілген сұхбаттасуларға сүйене отырып, студенттердің академиялық қиыншылықтарын шартты түрде төртке бөлуге болады:
университетке бейімделу – (университет құрылымының, оқу үдерісінің ерекшеліктері, саясаты, студенттің құқықтары мен міндеттері туралы білімдерінің жоқтығы);
оқу үдерісінде өзін-өзі ұйымдастыру – (уақытын ұйымдастыруға, жекебастық немесе оқумен байланысты қиындықтарды шешуге дайынсыздығы);
студенттің өздік жұмысы – (әртүрлі формадағы өздік жұмыстарды орындауда оқу дағдысының жеткіліксіздігі);
университеттің білім беру үдерісінде таңдау жасау – (жеке оқу траекториясын, элективті оқу пәндерін таңдаудағы сенімсіздік немесе еліктеу, өмірлік және кәсіби жоспарларын нақты айқындай алмау, мақсат қоюды қажетсінбеу).
Бұл бағыттар студенттің кәсіби дамуының негізі болатын жеке оқу траекториясын жоспарлау мен жүзеге асырудағы негізгі кедергілер, сондықтан академиялық қолдау көрсету қызметтері мен студенттің әрекеттесуі осы мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс.
Зерттеу аясында бейімделу үдерісін, жай ғана тұлғаның жаңа ортаға тез арада үйренуі емес, керісінше, кредиттік оқыту технологиясында жеке оқу траекториясын саналы қалыптастыруға мүмкіндік беретін, университетте білім алуға қажетті білімдер мен біліктіліктер жүйесін меңгеру, бейімделуші іс-әрекетке қажетті маңызды сапаларды қалыптастыратын белсенді саналы іс-әрекет ретінде қарастырамыз.
Жоғарыда айтылғандай, жоғары білім беру жүйесінің үрдісін талдау, кредиттік оқыту технологиясын пайдалану арқылы оқу үдерісін ұйымдастырудың негізгі міндеттері: білім көлемін біріздендіру, оқытуды барынша дараландыру үшін білім алушыларға жағдай туғызу, білім алушылардың өзіндік жұмыстарының рөлі мен тиімділігін күшейту және т.б. талаптары мен басымдықтарын, сонымен қатар, ақпараттық технологиялар даму жағдайында студенттердің талаптарын ескере отырып, академиялық қолдау көрсету қызметінің келесі функцияларын айқындадық: cтуденттің кәсіби дамуына әсер ету; жобалау; басқару; рефлексия және өз білімін жетілдіру.
Студенттің кәсіби дамуына әсер ету функциясы студенттің жеке оқу траекториясын жобалауда және жүзеге асыруда болатын кедергілер мен күрделі мәселелерді шешу; студенттің дербестік, жауапкершілік пен шығармашылық қасиеттерінің көрінуіне жағдай жасау; үздіксіз өзбетімен білім алуға, өзін-өзі кәсіби дамытуға ынталандыру; оқыту үрдісінде студенттің қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін айқындау; студенттің субъектік тәжірибесіне сүйену; оқыту үдерісінде қиындық немесе түсініксіздік танытатын жағдайларда көмек көрсету; шешімін табуға әсер етуден тұрады. Дегенмен студентің кәсіби дамуына әсер ету, жобалау студенттің жеке-дара оқу траекториясын құрастыруда тығыз байланыстылықта болады. Әсер ету және жобалау функциясы студенттің жеке оқу траекториясын бірігіп жобалауда тығыз байланысты.
Басқару функциясы университетішілік әріптестерімен, басқа да академиялық қолдау көрсету компоненттерімен (тьютор, ментор), оқытушы-профессор құрамымен, сонымен қатар басқа жоғары оқу орындары мен ұйымдармен, кәсіби мекемелермен тығыз байланыста болуды қажет етеді. Себебі, университеттің студенттер ісімен айналысатын қызметтерінің ынтымақтаста бірлесіп жұмыс істеуінсіз, студенттерге толыққанды академиялық қолдау қызметімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Білімін жетілдіру және рефлексия функциясына өзіндік іс-әрекетін талдау, академиялық қолдау көрсету компоненттерінің (эдвайзер, ментор, тьютор) кәсіби іс-әрекетінде мақсатты және дербес түрде жаңа кәсіби білімдер мен дағдыларды үйренуге, біліктілігін арттыруға дайындығы жатады.
Академиялық қолдау көрсету үдерісінің формалары мен құралдары, олардың компоненттері мен студенттің әрекеттесу мақсатымен, сонымен қатар кеңес беру мазмұнына сай іріктеліп, жүргізіледі.
Студенттік жас кезеңінде жоғары білім алу, студенттің қоғамдық байланыс пен міндеттерді ескере отырып, өмірлік мақсаттарды жүзеге асыру құралы болуымен ерекшеленеді. Соған байланысты, академиялық қолдау көрсету формаларына кеңес беру, модерация, трениг, коучинг, практикалық сабақтарды жатқыза аламыз. Әрине, әрбір әсер ету формасы академиялық қолдау көрсету мамандары мен студенттің әрекеттесуінің мақсаты мен мазмұнына сай таңдалады.
Кеңес беру - студент пен эдвайзердің, ментордың, немесе тюьтордың оқыту үдерісіне немесе жекетұлғалық мәселелерге қатысты әртүрлі жағдаяттарды анықтау, олардың мүмкін болатын шешімдерін табуда екіжақты сыйластық пен бірлесіп жұмыс атқаруға негізделген әрекеттестігі болып табылады. Академиялық кеңес берудің мақсаты - университеттің білім беру ортасы мен мүмкіндіктері туралы қолжетімді ақпаратты жеткізу, студентке проблемалық жағдаяттардың мәнін ұғынуға көмектесу, тиімді шешімдерін көрсету, бірақ білім алушы үшін ұйғарым жасамау. Академиялық қолдау көрсету компоненттерінің мақсаты, берілген ақпарат көздері, кеңес беру және шешімдер нұсқау арқылы білім алушылардың өзін-өзі тану, академиялық қиындықтардан альтернативті шешімдер іздестіру, жағдаяттарды зерттеу, анықтау жолдарын үйрету, меңгерту.
Модерация арнайы техникалар, әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы топтық жұмысты мақсатты және құрылымды етуге бағытталған форма. Модератормен жүргізілетін коммуникацияның мақсаты, студенттің ішкі мүмкіндіктері мен әлеуетін айқындау арқылы сауатты шешімдер жасауға әсер ету. Модерацияның мақсаты, пікірталас субъектілерінің белсенді өзін-өзі көрсетуіне әсер ету болғандықтан, топтық жұмысты модерациялау (жетілдіру) барысында қатысушылардың әрекеттесуі мен ынтымақтастығы, сыни пікір мен кемшіліктер айтусыз жүргізіледі. Модераторға топтық қарым-қатынастың ұйымдастырушысы ретінде келесі талаптар қойылады: модерациялаудың әдіс-тәсілдерін жете және дер кезінде қолдана білетін, топтағы рөлдерді тиімді бөлу, жекетұлғалық қарым-қатынасты басқаруда бағыт-бағдар беру, белгілі бір ережелерді сақтау, топтың эмоционалдық және интеллектуалдық ресурсын жаңалау, кейде қалпына келтіру үшін «ресурстық орталық» функциясын жүзеге асыру да әлеуметтік қарым- қатынас жасау дағдыларын меңгерген маман болуы қажет. Академиялық кеңес беруді топтық формада ұйымдастырудың көптеген басымдықтары бар. Студентаралық тәжірибемен бөлісу арқылы, әрбір топтың қатысушы, өздерін басқа қырдан көре алады, қатысушылардың шешу жолдары мен ұстанымдарын талдау арқылы өздерінің проблемаларын түсінуге, орындауға үйренеді.
Тренинг сөзі (ағылшын тілінен train – тәрбиелеу, оқыту, үйрету, машықтандыру) – бұл жұмыс нәтижесіне және қажетті машықты дамытуға қолжеткізуге бағытталған, машықтану және қандай да бір саладағы жүйелі тапсырмаларды, әрекеттерді немесе ойындарды орындай білу. Тренинг- белгілі бір арнайы ұйымдастырылған жағдайда қатысушылардың білімі мен біліктілігін, тәжірибесін дамытуға бағытталған студенттер пен тренердің әрекеттестігі. Студенттер, тренингтің белсенді техникалары арқылы өзінің қалыптасқан «Мен-концепциясын» қайта қарастырып, академиялық мәселелердің шешімін табудың жаңа әдіс-тәсілдерін дербес табуға үйренуі тиіс.
Коучинг – жеке жұмыс режимінде өткізіліп, әрбір білім алушының дербес кәсіби білім алу және дамуға әсер етеді. Коуч ретіндегі академиялық эдвайзер, тьютор немесе ментор өзінің клиентін (біздің жағдайымызда студент) сұрақтар қою арқылы, әртүрлі жағдаяттарда дұрыс шешімдер жасауға бағыттайды. Коучингтің нәтижесінде студенттердің қойылған міндеттерді орындауға деген мотивациясы, дербестігі, жауапкершілігі артады.
Практикалық сабақтар - белгілі бір ортақ мақсаттарымен біріктірілген студенттер тобымен жүргізіліп, университет саясаты; студенттер ісімен айналысатын университет қызметтері мен функциялары, академиялық қолдау көрсету қызметкерлері эдвайзер, тьютор және т.б. университеттің оқыту үдерісі; ЖОО-да өздік жұмысты ұйымдастырудың мақсаты, міндеттері; оқу-танымдық дербес іс-әрекеті ұйымдастыруды жоспарлау; оқу-танымдық іс-әрекетті басқару және бағалау; ақыл–ой еңбегінің мәдениетін қалыптастыру; жеке оқу жоспарын саналы құру туралы берілген жүйелі ақпараттарды бекіту, нақтылау үшін, студентің субъектілік позициясын белсендіру үшін жүргізіледі.
Ұсынылып отырған әрбір академиялық қолдау көрсету формаларының басымдықтары мен шектеулері бар. Олардың ұтымды пайдалануы проблемалық жағдайдың, білім алушыларға әсер ету ерекшеліктеріне байланысты жүргізіледі. Студент пен академиялық қолдау көрсету компоненттерінің әрекеттесуінде әртүрлі құралдарды қолдану, академиялық кеңес беру үдерісінің мазмұнынын сипаттайды. Технологиялық мәдениет дәуірінде ақпараттық коммуникация құралдары (интернет, электронды пошта, форум, чат, блок, телефон, факс және т.б.) студент пен академиялық қолдау көрсету персоналдарымен үнемі байланыста болуға мүмкіндік береді. Дегенмен, ақпараттық коммуникативтік технологиялар, бетпе-бет қарым-қатынас жасауды алмастыра алмайды, біздің моделімізде қосымша байланыс жасау құралы ретінде қарастырылады.
Академиялық қолдау көрсетудің нәтижесі, білім алушының жеке оқу траекториясын саналы қалыптастыруда, жүзеге асыруда кезіктіретін академиялық проблемаларын мақсатты орындауда біртіндеп шешімін тауып, келесі түрде беріледі:
- білім алу үрдісінде субъектік қарым-қатынас, дербес білім алу, жеке оқу траекториясы мен кәсіби келешегінде белсенділік, жауапкершілік, бастамашылық (инициатива) көрсетуі.
- академиялық қиындықтарды шешу және жеке оқу траекториясын жобалау мен жүзеге асыруда жағымды мотивацияның қалыптасуы;
- академиялық мәселелердің орнауы және оны шешуді саналы түрде ұғынуы;
- оқу үлгерімінің артуы;
- меңгерілген тәжірибені дербес анализдеу және рефлексия жасауға үйрену.
Академиялық қолдау көрсету нәтижелеріне талдау жүргізу және рефлексия (кері байланыс) орнату академиялық қолдау көрсету моделінің негізгі компоненті болып табылып, академиялық қолдау көрсету үлгісін тиімділеуге, субъектілердің өздерінің іс-әрекетін сырт көзбен бақылауға, кеңес берудің басымдықтары мен кемшіліктерін ескеру, студент пен эдвайзер немесе тьютордың болашақтағы біріккен іс- әрекетіне түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.
Ендігі кезекте, диссертациялық жұмыстың міндеттерін біртіндеп логикалық шешу мақсатымен, Университет студенттеріне академиялық қолдау көрсетудің құрылымдық-теориялық моделінің негізгі компоненттерінің (дамытушы академиялық эдвайзер, бағыт-бағдар курстары) тиімділігін тәжірибелік эксперимент барысында тексеруді талап етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |