Меркі-түркі ғұрыптық кешені Дала мәдениетінің бір ерекшелігі адам мен табиғат арасындағы тылсым қарым-қатынасында. Қазақ даласын мыңжылдар бойы қоныстанған халықтар өзінің туып-өскен жерін қызғыштай қорып, кие тұтқан. Міне дәл осындай тарихы терең, табиғаты тамаша, қасиетті өңірдің бірі Меркі жері. Осынау өлкені бағзы замандардан бері мекен еткен ежелгі тұрғындардың артында тұрмысы мен тіршілігінен хабар беретін ескерткіштер қалған.
Сақ тайпаларының жерлеу орындары мен ортағасырлық түрік дәуіріне дейінгі аралықты қамтитын тас мүсіндер, жартас суреттері мен таңбаларды қамтитын көне ғұрыптық ескерткіштер тұтас кешенді қамтиды. Ғұрыптық кешеннің құрамына Меркі ауылының солтүстік шетіндегі обалы қорым мен петроглифтер және Сандық шатқалында орналасқан түркі дәуіріне жататын ғибадатхана мен басқа да тарихи-мәдени ескерткіш нысандары кіреді.
Кешен облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне және 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген.
Орталық Азияның далалық мәдениетіне тән жерлеу орындары мен қайталанбас өнер туындылары түрік халықтарының ерекше культтік және мемориалдық ескерткіштері болып табылады. Бұл таңғажайып туындыларды дүниеге әкелген жегілікті халықтың бір жағынан ата-бабалар рухына деген құрметі болса екінші жағынан олардың дүниеге деген көзқарасы және өздері өмір сүріп отырған қоршаған табиғатпен байланысын байқатады.
Ежелгі түріктер заңғар көкті, жер мен суды тіршіліктің көзі деп білген. Олар бар болса молшылық та бар, ал оның құдайы Ұмай деп құрмет көрсеткен. Барлық қоршаған орта тау, бұлақ, ағаш, жан - жануарлардың рухы бар деп саналып, табыну нысандары болды. Сондықтан олар тіршілігіне жайлы мекенді киелі жер санап, құрмет тұтты. Ата-бабаларының құрметіне арнап тас мүсіндер мен балбалдар орнатты. Ол жерде табиғи және өмірлік циклдің қайталанып келетін уақыттарда, жыл мезгілі ауысқан кезеңдерде мейрамдар өткізіп, осы бір ерекше сәттерді еске саларлық суреттер салған. Кейін осы жерге келіп салт-жоралғылар өткізіп, еске алған.
Әдебиеттер:
Досымбаева А. Батыс Түрік қағанаты. Қазақ даласының мәдени мұрасы. – Алматы, 2006. – 168 б.