Ноғай Ишан кесенесі,
Ноғай Ишан ХІХ ғ.емші, молда кесенесі - Талас ауданы, Ойық ауылынан 1 шақырым солтүстікте, жазық жерде орналасқан.
Кесенені 1950 ж. архитектор В.В.Константинова, 1975-1985 жж. «Қазжобалауқайтажаңғырту» институты, 2000 ж. НИПИ ПМК зерттеген.
Құрылыс жергілікті аңыз бойынша атақты халық емшісі, молда қабірінің үстіне салынған. Құрылыс ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басындағы Оңтүстік аймақта қалыптасқан діни құрылыстарға тән. Қыш кірпіштен тұрғызылған. Қабырғаларының жоғарғы жағы, іргесі және күмбез қаптамалары біршама бұзылған. Құрылыс тең шамадағы күмбездермен жабылған жобасында төртбұрышты екі бөлмеден тұрады.
Күмбез барабанында жарыққа арналған тесіктер бар. Қасбеттері кірпіш қаландысымен өрілген. Негізгі қасбет үлкен аркалы қуыс порталымен және екі бұрышындағы жартылай дөңгеленген бағаналарымен ерекшеленеді. Оңтүстік-шығыс қасбет тегіс қаланған, оның батыс бөлігінде үлкен емес кірер есік орналасқан. Қалған екі қасбеттерде қабырғаның биіктігіне дейін аркаланып өрілген қуыстары бар. Күмбезге өту көрінісінде күмбез астының әсерлі көркемдігін қалыптастырған арка мен қабырғадағы арнайы қуыстар жүзеге асқан. Қабырғалар сыланып, ақталған. Солтүстік бөлмеге 1997 ж. сағана қойылған.
Құрылыс алғашында мешіт болып, 1930 ж. тұсына дейін жұмыс істеп келген. Кеңестік жүйеге байланысты мешіт сағана мазар болып қалған. Сонымен қатар, 1961 ж. шыққан топографиялық 1000-дық масштабтағы картада осы құрылыс нысаны мешіт деп берілген.
Ноғайбай би Дәулетбақұлы кесенесі.
Ноғайбай Дәулетбақұлы би, шешен, дипломат (1834-1910) - кесенесі Қордай ауданы, Шарбақты ауылында, Ырғайты өзенінің сол жағалауындағы зиратта орналасқан.
Кесене бір камералы құрылыстан тұрады. Көлемі 5х5 м, биіктігі 8 м. Кіре берісі аркалы қуыспен дараланған. Бұрыштары төртқырлы мұнаралар түрінде жасалып, жоғарғы жағы күмбезделген. Кіре беріс есіктің үстіне мәрмәр тақта орнатылып, онда Ноғайбай Дәулетбақ ұлының өмір сүрген уақыты жазылған.
Ноғайбай Даулетбақұлы 1834 ж. Жамбыл облысы, Қордай ауданында Сұлутөр өңірінде дүниеге келген. Ол үш жүздің басы қосылған жиындарда, аты әйгілі Мәті би атанған– Малдыбай Тауасарұлының тікелей ұрпағы, шөбересі.
Жастайынан алған тәрбиесінің, парасаты мен ақылының арқасында Ноғайбай дарынды шешен, саясатшы, би, дипломат деңгейіне көтеріледі. Осындай дәрежеге жетуіне өскен ортасының, әсіресе, әкесі Дәулетбақ би мен ұлы жүз, орта жүз арасындағы дауларды шешуге аянбай ат салысқан ұстазы – Кебекбай бидің де үлесі зор.
Ноғайбай би алмағайып заманда өмір сүрді. ХІХ ғ. Ұлы жүз жерінің оңтүстігіндегі Жетісу өлкесі мен Іле өзенінің сол жағалауы бөлігі Қоқан хандығының билігінде еді. Қоқан бектерінің зорлық-зомбылығына шыдамаған қазақ - қырғыздар әр жерде қарсылық көрсете бастайды.
1865 ж. патша үкімімен қазақ даласы мен Түркістан өлкесіне Дала Комиссиясы шығарылып, басқару туралы «Ереженің» жобасын даярлауға кіріседі. Жаңа әкімшілік жүйе енгізу қарсаңында Ұлы жүз қазақтарын руластық негізде ауылдарға және болыстықтарға бөле бастайды. Бұдан кейін де бірнеше мәрте реформа жасайды. Сөйтіп, Жетісу өлкесіндегі жасалған әкімшілік-аумақтық реформаға сәйкес, қазақ ауылдарының руластық негізінде 22 болыстық құрылады. Соның ішінде құрылған Қасқарау-Сырымбетте Ноғайбай Дәулетбақов болыс болып тағайындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |