Ойранды даласы
Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындардың қатарына жататын Ойранды даласы Т. Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылының тұсындағы тау шатқалына кіреберістегі жазықты алқапты алып жатыр.
Бұл аумақтың Ойранды деп аталуы бекер емес. Ол қазақтың «ойран болды», «ойраны шықты» – деген сөздерімен мағыналас. Ертеректе бұл алқапта жоңғарлардың қалың қолы қазақ жасақтарынан жеңіліп, ойраны шыққан жер болған.
Ойранды аумағындағы соғыс алаңында ірі-ірі тастар қатарынан тізбектіліп қойылған. Бұлайша, тізбектелген тастар жоңғарлармен соғыс кезінде жау аттарының екпінін қайтару үшін қойылған.
Осы маңдағы «Ойранды», «Ақсарай», «Қалмаққия» деген жерлерде үлкен соғыс болған. Жоңғарлардың шапқыншылығы қазақ елінің тәуелсіздігіне мейлінше қауіп төндірді. Қазақ халқын талқандауды мақсат еткен жоңғарлар өздерінің жоспарын тезірек іске асыруға талпынды.
Тарихи аңыздардың бірінде қалмақтар осы Ойранды даласында жеңіліп, асудан қашқан екен. Олардың алдынан қазіргі «Ақсарай» деген жерде жауды күтіп алған қазақ жасақтары, тағы да соққы берген. Асуға барар жол қазақтардың қолында болғандықтан жоңғарлардың «Қаратас» жанындағы бітеу шатқалмен қашуына тура келген. Асу құз, жартасты болғандықтан қашарға жер таппған жау әскері ойраны шығып жеңілген екен.
Тағы бір аңыздарда Ойранды өзенінің маңында бір кездері қырғыз – қазақтың арасында қарулы соғыс болған көрінеді. Екі жақтан да адам шығыны көп болғандықтан бұл жерді «Ойран болады», «Ойранды» деп атап кеткен екен.
Белгілі қазақ қаламгері Әбіш Кекілбаев, қалмақпен шешуші соғыс Жамбыл облысындағы, «Тұтқынсай» деген жерде болғандығын және бұндағы Әулие бұлақ маңы қазіргі «Ойранды» - деп баяндайды.
Расында, шатқалдың етегінде «Әулие бұлақ» деп аталатын бастау ағып жатыр. Жергілікті халық жиі келіп бұлақтың көзін ашып, зиярат жасайды.
Әдебиеттер:
Жамбыл облысының топонимикалық анықтамалығы. – Алматы: Арыс, 2014. – 155 б.
Өрнек қалашығы
Өрнек қалашығы – Т. Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылының оңтүстігінде 7,7 шақырым қашықтықта, Алтынсу өзенінің жағалауында, Сұлутөр шатқалында орналасқан. Қалашық VІІІ-ХІІ ғғ. жататын археологиялық ескерткіш. 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени Мұралар тізіміне және 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.
Қалашықтың орналасқан жері мен ескі атауына қатысты там-тұм мәліметтер ортағасырлық жазба деректерде кездеседі. Араб деректерінде аты кездесетін Құлшұб қаласы осы Өрнек қалашығы болуы ықтимал деген жорамал бар. Олай болса Өрнек қарлұқтардың қарауындағы саяси-стратегиялық орталықтардың бірі болғандығы айқын.
Қалашықтың топографиялық құрылымы мен ішкі құрылыстарында жүргізілген қазба жұмыстары отырықшылық пен қолөнердің барынша жоғары деңгейде қалыптасқандығын көрсетеді. Сонымен қатар мықты бекіністердің, мешіттің, бай мазарлардың болуы, бұл ескерткіш ірі қалалық орталықтың болғандығын дәлелдейді.
Әлбетте қалашықтың қалыптасуы мен даму тарихында Ұлы жібек жолының маңызы жоғары екендігі даусыз. Күре жолдың бойында орналасқан Өрнек қалашығы да заманында ерсілі-қарсылы ағылған жиханкездер мен саудагерлердің ат басын тірейтін тұрақты мекені болған. Талай тарихи оқиғалар мен тақ таласының, жойқын соғыстардың куәгері болған ескерткіш тарихымыздың баға жетпес қазынасы болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |