Саңырық батыр кесенесі
Саңырық Тоқтыбайұлы (1692-1740) - батыр, қолбасшы. Мемориалдық кесене Талас ауданы, Үшарал ауылының ішінде, Тоғызкент ауылына барар жолдың бойында орналасқан.
Кесене жобасында төртбұрышты (8,5х8,4 м), ақ силикат кірпіштен өрілген, төбесі күмбезделіп жабылған. Шу-Талас өңірінде тән діни сәулеттік құрылыс үлгілеріне ұқсас келеді. Ескерткіш 1993 ж. батырдың туылғанына 300 жыл толуына байланысты тұрғызылған.
Саңырық Тоқтыбайұлы 1692 ж. Талас өңірінде дүниеге келген. Әкесі Тоқтабай да батырлығымен бірге, сөзден таймас турашылдығымен, әділдігімен елге танылып, аты шыққан. Әкенің осы қасиеті балаларына да жұғып, Саңырықтың ағасы Дәнен де, інісі Сарымерген де батыр болған.
Саңырықтың ерекше қасиеті – құралайды көзге атқан мергендігі болған. Алғашқыда атағы осы мергендігімен шыққан. Саңырықтың батырлық жолы әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін басталады. Бұланты – Білеуті шайқасында Саңырық кіші жүздің Тайлақ батырымен тізе қосып жоңғарлардың қалың қолын ойсырата жеңеді. Саңырық пен Тайлақ осыдан кейін де жұп жазбай Аңырақай шайқасына да бірге қатысады. Бұл қос батырдың ерлігі Қожаберген жыраудың «Елім – ай» дастанында, жазушы Ә.Әлімжановтың «Жазушы», С.Сматаевтың «Елім – ай» романында кеңінен суреттелген. Саңырық батыр, Талас өңірін жаудан азат етіп, Ақкесене мен Көккесенені әскери қосынға айналдырған, жоңғарларға жиі – жиі шабуыл жасап, қолбасшылық шеберлігін танытқан. Оның Ақкесене, Көккесене деп аталатын екі мұнара түбіндегі шайқастағы ерлігі ел аузында аңызға, жыр – дастанға айналған.
Саңырық батырдың ерлігіне ризашылық танытқан Төле би оған арнайы кісі жіберіп, дарынды қолбасшыларға ғана тиесілі сый – кеудеге тағатын айырықша белгі тартып, батасын берген. Батырға Сандалкөк атты ат мінгізіп, беліне таңдаулы шеберлер соққан Исфаһан қылышын байлайды. 1740 ж. соңына қарай қанды шайқастардың бірінде Саңырық батыр ауыр жарақат алып, соның салдарынан көз жұмады.
Әдебиеттер:
1. Жамбыл облысы энциклопедиясы. – Алматы, 2003.– 453 б.
2. Қазақ даласының ежелгі тарихы. –Алматы, 2002.- 170 б.
Достарыңызбен бөлісу: |