«Тұтқынсай», «Қалмаққия», «Ақсарай» - жауды қайтарған тарихи орындар. «Тұтқынсай», «Қалмаққия», «Ақсарай» аталатын тарихи орындар Т.Рысқұлов ауданы, Тұтқынсай сайында орналасқан.
1970 жылы Семейде Абай Құнанбаевтың 125 жылдық мерей тойында Әбіш Кекілбаевтың баяндамасында: «Қалмақпен шешуші шайқас Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, «Тұтқынсай» деген жерде болған еді» - деп көрсетілген.
Аталмыш тарихи орындар Әулие бұлақ жеріндегі Ойранды өңірінде орналасқан. Қалмақтардың шапқыншылығы Қазақ елінің ұлттық болмысына, тәуелсіздігіне мейлінше қауіп төндірді. Қазақ халқын талқандауды мақсат еткен қалмақтар өздерінің жоспарын тезірек іске асыруға талпынғандығы тарихымыздан белгілі.
Осы жерде Тоғызақ батырдың өз жасақшыларымен тізе қосып жауға үлкен батырлықпен, ерлікпен тойтарыс беріп жеңіске жеткендігін ақын Кәріпжан Нүсіпов «Сырсандық» деген кітабындағы «Қалмаққия» деген толғау өлеңінде жазып кеткен.
Бұл шатқалда, қазіргі кезге дейін сақталған, тізбектеле, қатар қойылған көптеген үлкен қызыл тастар бар. Тарихи деректер бойынша қалмақтар осы тұста жеңіліп, асудан асып қашқан. Қазақ жасақтары қазіргі «Ақсарай» деген жерде жауды күтіп алып, екінші рет соққы берген. Асуға барар жол қазақтардың қолында болғандықтан жауға «Қаратас» деген жердегі бітеу шатқалмен қашуға тура келген екен. Дегенмен жау әскері бұл жерге келгенде тығырыққа тіреледі. Өйткені бұл асу – құз бен жартас болатын.
Ел арасында осы оқиғаға қатысты әңгімелерде, қалың әскерінен айрылып, асуған келіп жол таппай қиналған қалың қалмақтар, барымтаға түскен боз биені шыңғыртып, шыңырауға айдап салған екен. Осы кезде бүкіл жылқы біткен бие соңынан еріп, шаба жөнеледі. Жартастан құлағаны құлап, құламағаны қия – қиямен жол тауып артынан ілескен жаудың біраз бөлігі қашып құтылған екен. Содан бері бұл асу «Қалмаққия» аталынып кеткен.
Шақпақ әулие үңгірі Шақпақ әулие үңгірі, Жуалы ауданы, Шақпақата елдімекенінің 600 м. оңтүстігінде, ортағасырлық Шақпақ қалашығының шығыс беткейінде орналасқан, шоғыр тау жыныстарындағы үңгір.
Тарихшы Ә.Байбатша: «Б.д.д. заманның соңында өмір сүрген Шақпақ әулие мекендеген жер Шақпақата елдімекені болды» деп көрсетеді.
Шақпақ әулиенің үңгірінің тереңдігі 5,5-6 м, биіктігі 2,5 м құрайды. Жергілікті жұрт оны «Шақпақ әулие» атап, ауру - сырқаулар мен тумаған әйелдер басына түнеп зиярат етіп жатады. Үңгір алдындағы шеттікке ырым етіп шүберек байлайды.
Шақпақ әулие үңгірінің маңындағы тастарда шақпақ тасты жыныстар көп. Шақпақ әулиеге байланысты әртүрлі аңыз әңгімелер айтылады.
Соның бірінде Шақпақ әулие Шақ және Пақ деген егіз кісі екен. Осы жерде оларды қарақшылар өлтіріп кетіпті. Олардың әруақтары түйе болып, тазы болып осы маңда жүреді екен делінеді.
Шақпақ әулие үңгірінің төңірегіндегі тастарда аппақ, бір - біріне ұрғыласа от шығатын шақпақ тастары кездеседі. Тас дәуірінде осы тастардың ортасына мақта қойып ұрғылау арқылы от тұтатқан екен.
Шақпақ әулие Жүсіп Баласағұнидің шәкірті болған деген дерек бар. Ол Қашқариядан шығып Бұқара, Самарқанд жерінен өтіп осы өңірге келгенде қайтыс болыпты. Оның жерленген жері (моласы) тәңірлік нанымға байланысты «әулие» аталған. Жазушы, тіл маманы С. Дүйсебайұлының айтуына қарағанда «Шақпақ» сөзі қазақтың архаизм сөзіне жатады. Шақпақ сөз тіркесі «биік», «шоқтықты» деген мағынаны білдіреді. Бұрынғы ат баптаушы сыншылар «аттың үш шақпағы болады» - дейді екен: басы, шоқтығы, сауыры. Осы белгілеріне қарап аттың жүйріктігін болжаған деп те түсіндіреді.
Әдебиеттер
Байбатша Ә. Қазақ даласының ежелгі тарихы. - Алматы: Санат, 2002, - 105 б.
Байдалиев Д.Д. Жуалы өлкесінің ежелгі тарихы. Тараз, 2007, 145 б.