Жанартаулық тау жыныстары – жанартау атқылауынан түзілген тау жыныстары. Екі түрі бар:
1)төгілген тау жыныстары жер бетіне шығып жайылған лаваның қатуынан пайда болады (базальт, андезит т.б.);
2)атпа тау жыныстары: жанартаулық бомба, күл, құм.
Жан басына шаққан өнім – бүкіл шығарылған өнімді ақшамен есептеп немесе сол қалпында (тонна, кВт/сағат т.с.с.) бүкіл халықтың санына бөлгенде әрбір жеке адамға тиетін үлес.
Жартылай фабрикат – шикізатты өңдеу арқылы жасалынған, бірақ әлі де әрі қарай өңдеуді қажет ететін бұйым.
Желбағдар (флюгер) – метеорологиялық станцияда желдің бағыты мен жылдамдығын өлшеу үшін қолданылатын құрал.
Жер бедері – жер беті бедерінің жиынтығы.
Жер сілкіну – жер беті алқабының табиғи себептермен тербеле қозғалуы.
Жон – төбесі жайпақ, беткейлері түйетайлы, ұзынша келген аласа қырат.
Жылым – қыста мұз құрсап жататын теңіз, көлдің немесе өзеннің түрлі себептерден қатпайтын жері.
Жылымшы – мәңгі тоң аймағындағы ойдымдар. Жыл бойы температурасы 0°-тан жоғары, суы сұйық күйінде болады.
Жунгли– тропиктік және субтропиктік аймақтардағы ағаш, бұта және биік шөп өсімдігі араласып өсетін, шырмауық аяқ аттап бастырмайтын қалың орман.
Жүк айналымы – көліктің жүк тасу жөніндегі жұмыс көлемі. Тасылған жүктің жалпы салмағы тасу қашықтығына көбейту арқылы анықталады (тонна/километр).
З
Зенит – Жер бетінің кез келген нүктесінде тұрған бақылаушының тас төбесіндегі нүкте, тіп-тік жүргізілген сызықтың аспан күмбезіне тірелген жері.