1.3. Тарихты оқыту әдістемесінің педагогикалық-психологиялық пәндермен байланысы
Тарихты мектепте оқытудың әдістемесінің міндеттері оның мазмұны мен педагогикалық ғылымдар жүйесіндегі орнына байланысты болады. Әдістеме мұғалімдерді тиімді тарихи білім беруге қажет оқытудың мазмұнымен және педагогикалық құралдармен, біліммен және іскерліктермен қаруландырады.
Мектепте тарихи білім берудің құрылымы мен мазмұнының проблемасы арасында факті мен теориялық тұжырымның арақатынасы, оқушы санасында тарихи түсінік және қоғамдық даму заңдарын түсінуді қалыптастыру, тарихи үдерістер мағынасын ашу маңызды орын алады.
Әдістеменің маңызды міндетінің бірі – оқушылардың ойлауын дамыту. Оқушылардың тарихи ойлауын дамыту, олардың ойлау тәуелсіздігін қалыптастыру міндеттері өздеріне сәйкес әдістер және оқу құралдарын қажет етеді.
Тарих курсында концентрациялық түрде адамзаттық өндірістік, әлеуметтік-саяси және адамгершілік тәжірибесі көрсетілген. Оқытудың әдістемесінің өзекті міндетінің бірі – тарихтың мектеп курсының тәрбиелік мүмкіндігін ашу, тарих сабақтарында тәрбиелеудің міндеттін тиімді шешудің жолдарын анықтау. Сөйтіп, тарихты оқыту барысында тәрбие беру, білім беру, дамыту мақсаттарын біріктіре жүзеге асыру.
Тарихты оқыту әдістемесі оқушыларға жаңа материалды меңгеру кезінде өздерінің бұрын алған білімдерін неғұрлым толық пайдалануға мүмкіндік беретін жолдарды іздестіреді, сондықтан, әр тақырып беретін білімнің өзектілігін іздестіру барысында курсішілік және пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру проблемасы пайда болады.
Әдістеме мектеп тәжірибесін зерттеуге негізделеді. Әдістемелік зерттеулер бақылау және тәжірибе қою тәсілдері арқылы жүзеге асырылады.
Бірінші жағдайда зерттеуші оқыту үдерісіне ықпал етпейді, керісінше тарихты оқыту іс-тәжірибесіндегі жетістіктер мен кемшіліктер туралы білім жинақтайды. Оқыту іс-тәжірибесін талдау мынадай бөліктерден құралады:
Педагогикалық басылымдарда жарық көрген іс-тәжірибелерді оқып-зерттеу;
Оқыту нәтижелерін көрсететін құжаттарды, мұғалімдер баяндамасы, мәлімдемелері, оқушылардың жазба жұмыстары, сабақ конспектілері мен оны талдау хаттамаларын және анкеталарды оқып-зерттеу;
Оқыту барысын тікелей бақылау (сабаққа қатысу, мақсат, мазмұн, оқытуды ұйымдастыруды және басқаларын анықтау).
Тарихты оқытудың педагогикалық іс-тәжірибесін талдау әдістемелік зерттеуге материал береді.
Тәжірибе қоя отырып зерттеу кезінде тәжірибені жасаушы арнайы, белгілі-бір мақсатты көздеп оқыту үдерісіне кіріседі және зерттеу мақсатына орай оқу үдерісін қайта құрады, оның мазмұнына, құралдарына, оқыту тәсілдеріне жаңа өзгерістер енгізеді. Алайда, оқытудың үдерісінің кез-келген өзгертілуі барысында оның жалпы заңдылықтары әрқашан есте болуы тиіс.
Материалдық әлемнің тұтастығын, оның құбылыстарының бірлігі мен қарама-қайшылығын оқушылар мектеп пәндерімен танысқан кезде бірте-бірте сезіне бастайды. Алайда, бұл білімдерді синтез жасамаған жағдайда бөлек-бөлек болып қала береді. Жүйелі бьілімдерді қалыптастыру, дүниетаныдық идеялоарды түсіну үшін пәнаралық байланыстарды орнату маңызды. Пәнаралық және пәнішілік байланыстарды пайдалану жалпы тарих курсының біртұтастығын және маңызды түсініктер мен дүниетанымдық идеяларды меңгеруді қамтамасыз етеді.
Пәнаралық байланыстар пәндерге ортақ фактілер, түсініктер, идеялар, іскерліктер мен дағдыларға орай қалыптастырылуы қажет. Сондай-ақ, пәнаралық байланыстар әмбебаптық сипатта болады. Өйткені олардың қызметі мен ықпалы барлық пәндерге жалпы, ортақ болып келеді.
Пәнаралық байланыстарды жүзеге асырмайынша дүниетанымдық көқарастың біртұтастығын сақтау мүмкін емес. Пәнаралық байланыстарты жүзеге асыру күрделі, өйткені, бұл мұғалімнің тек өзінің ғана пәнін білуді ғана емес, сондай-ақ жалпы мәдениетінің тереңдігін, пәнаралық байланыстар орнатылатын пәндерден хабардар болуды талоап етедлі.
Түсініктер бойынша пәнаралық байланыс құру үшін, біріншіден, мазмұны мен құрылымын білу және осы түсініктің жалпы білім қатарында алатын орны қандай екендігін білу керек. Екіншіден, осы түсініктің қандай белгілері басқа пәндерге қарастырылатынын білу маңызды.
Байланыс бағыттары тек қана мазмұн мағынасы ғана емес, сондай-ақ, оқушылардың осы түсінікпен немесе оның белгілермен әрбір пәнде таныстыру кезегімен де анықталады. Сондықтан, пәнаралық және пәнішілік байланыстар ретроспективалық, мерзім жағынан сәйкес және перспективалық болып бөлінеді және пәнаралық байланыс орнатылып жатқан тарих сабағының үстінде оқушыларға осы түсінік туралы білім аяқтаймыз, жаңғыртамыз немесе алғашқы білім бөлшектерін беруді бастаймыз.
Перспективалық байланыстарды туыстас пәндерде қайталауды болдырмас үшін ескерген жөн.
Тарихтың көптеген маңызды түсініктерімен заңдылықтарын қоғамтану пәні де оқып-таныстырады. Сондықтан, бұрыннан оқушыларға белгілі материалды жаңа қырынан көрсету түсінікті неғұрлым толық, әрі барлық қырынан ашуды мүмкін етеді.
Үдерісінде көптеген байланыстар сабақ мазмұнына байланысты саналуан бағытта дамуы мүмкін. Бұл байланыстардың ретсіз шашылып кетпеуі үшін пәнішгілік байланыстарды орнату маңызды. Сондықтан, тарих курстарында көркем әдебиеттің дамуының бағыттарын, қалыптастыруын, дамуын біле отырып, тарихпен байланыстырып отыру керек.
Пәнаралық және пәнішілік байланыстарға сүйеніп отыру көптеген жалпы қорытындылар жасауға мүмкіндік береді. Алайда, көркемшығарма туындыларын оқушылардың теориялық білімімен ғана қамтамасыз етіп қана тоқталатын деңгейде емес, олардың ішкі жандүниелік тұрақты позициясына айналатындай жеткілікті көлемде таныстыру қажет. Пәнаралық байланыстар іскерліктер мен дағдыларды қалыптасту да ескеріліп, орнатылады. Пәнаралық байланыстың бұл түрі оқушыны дамыту ісі үшін маңызды. Оқу жылы барысында оқушы тек білімінің белгілі-бір мөлшерін ғана алып қоймай, сондай-ақ олармен оқып танысу барысында оқу еңбегінің бірқатар іскерліктерін меңгереді. Оқу жылы барысында меңгеретін іскерлік пән бағдарламаларында көрсетіледі. Ал, тарих бағдарламаларында, көптеген іскерліктер пәнаралық сипатта болады. Мысалы, ІХ сынып тарихы бағдарламасында басқаіскеріктермен қоса,оқушылардың реферат жазуды үйренуі көрсетілген. Бұл іскерліктің ретроспективалық та, перспективалық та байланысы бар. Оны қалыптастырудың бастапқы кезеңі 8 сыныпта қазақ тілі және әдебиет пәнінде басталады. Осыдан соң бұл іскерліктің қажеттілігі тарих пәнінің бағдарламасында көрсетілген (9 сынып). Бұл іскерлікті қалыптастыру Х-ХІ сыныптарда әдебиет пәні бойынша шығарма жазу кезінде аяқталады.
Тарих сабақтарында арнайы жұмыстар жүргізбейінше тарихи-саяси тақырыптарға реферат жазып, оны қорғау сол бетінде қалыптаспай қалатындығын тәжірибе көрсетті.
Пәнаралық байланысты жүзеге асырудың мынадай тәсілдері бар: мұғалімнің бұрын оқып, таныстырылған фактіні, түсініктерді, заңдылықтарды, идеяларды оқушы есіне түсіру; алдыңғы білімдерді қолдануды талап ететін сұрақтарды қоюы; қорытынды кестелер құру; оқушылардың басқа пәндердің деректерінің негізінде мәлімдемелер мен баяндамалар жасауы; тарих пәні сабағы үстінде басқа пәндерден жазған дәптерлерін пайдалануы және осыған ұқсас басқа да тәсілдерді қолдау жақсы нәтиже береді.
Пәнаралық немесе пәнішілік байланысты оқушылардың мұғалім сауалына жауап бере отырып өздері орнатқаны маңызды екендігі түсінікті.
Бұл тәсіл оқушыға тәрбие беруші және дамытушы ықпалын жасайды, сонымен қатар оның есте сақтау қабілетінің қаншалықты дамығандығын,логикалық тұрғыдан ойлай алуының, білім жүйесін құрастыра алуын көрсетеді. Сондықтан, еске түсіру мен білім синтездеуді немесе басқа пәндерден үйренген іскерліктерін жаңа жағдайға пайдалануды қажет ететін репродуктивті және проблемалық сұрақтар мен тапсырмаларды беру – пәнаралық байланыстың басты мақсатын жүзеге асырудың маңызды әдістемелік тәсілі болып табылады. Алайда, бұл тәсіл барлық сыныптардың барлық сабақтарында толық қолданылмайды. Оны пайдаланудың тиімділігі сыныптың білім және іскерлік деңгейінің дамуына тәуелді болады.
Пәнаралық және пәнішілік байланыстарды жүзеге асыруда оқушыларға басқа пәндерден алынған білім мен іскерліктерді пайдалануды талап ететін тапсырмаларды орындау немесе проблемалық сұрақтарға жауап беру үшін бұрын алынған білім мен іскерліктерді тез еске түсіруге жәрдем беретін бірқатар дидактикалық құралдар да бар. Олар: оқулықтар мен құждат мәтіндері, оқукинофильмдері фрагменттері, мәтіндік және сандық кестелер, өнер шығармаларының репродукциялары, нұсқаулар, әптердегі әртүрлі жазбалар. Сыныптың көпшілігі пәнаралық байланысты орната алмай жатса, немесе берілген сұраққа жауап бере алмаса, онда мұғалім сондай тапсырманың үлгісін көрсете отырып, оқушылардың тапсырманы орындауына қол жеткізе алады. Оқушылардың пәнаралық сипаттағы білімін пайдалана алуына дағдыландыру үшін, мұндай жаттығуларды бірнеше рет жасату керек, оның өзінде оларды біртіе-бірте күрделелендіріп отыру маңызды.
Жоғары деңгейде тұжырымдалған жалпытарихи және әлеуметтік түсініктер жүйесін меңгеру оқушыларды тарихи даму заңдылықтарын түсінуге алып келеді. Тарихи даму заңдылығын ашу дегеніміз – тарихи құбылыстар мен процесстер арасындағы объективті, ішкі, маңызды, үнемі қайталанып отыратын байланыстырды анықтау деген сөз. Бұл байланыстарды анықтау үшін оқушы фактылық білімнің үлкен қорын меңгеруі керек. Сондықтан, тарихи даму заңдылықтарын түсінуді қалыптастыру ұзақ та күрделі болып келеді.
Тарихи үдерістің заңдылығын меңгеру үшін тарихи құбылыстардың арасындағы белгілі-бір байланыстар тобын анықтай алу керек. Оның алғашқысы – себеп-салдарлық байланыстар. Оны саналы түрде меңгеру үшін байланысқа түсуші әрбір түсінік пен құбылыс туралы және олардың байланысының себебі мен салдары, яғни нәтижесі туралы толық білім оқушы санасынан орын алуы тиіс.
Мысалы, мемлекеттің пайда болуын түсіндіре отырып мұғалім өзара байланысты образды фактілердің тізбегін құрайды. Яғни, еңбек құралының жетілуі, еңбек өнімділігінің артуы, артық өнімнің және бір адамның екінші адамды қанауының мүмкіндігінің, қарама-қарсы таптардың, мемлекеттің пайда болуы. Осы тақырыпқа байланысты кесте мектеп оқулығында бар, бірақ соның аппликациялық түрін сабақ үстінде оқушылардың көзалдында біртіндеп құру маңызды. Мұғалім түсіндіруін тыңдап және көрнекі образдарды көре отырып, олар заңдылық тізбесінің әрбір бөлігінің кезектілігін тереңірек түсетін болады. Ең алғаш рет бұл схема Ежелгі Египет тарихы материалын меңгеру кезінде түсіндіріледі. Дәл осы тізбе Қосөзен және Грекия мемлекеттерінің пайда болуын түсіндірген кезде де пайдаланылады. Оқушылар бұл тізбені өзбеттерінше құрастыра бастаған кезде мұғалім тапсырманы күрделілендіреді. Индия мен Қытайдағы мемлекеттердің пайда болуын қарастыру кезінде (оқу жылының соңы, оқушылар нақты фактілік материалдың үлкен қорын жинақтаған, кесте тізбесінің кезектілігін меңгерген кез) мұғалім тізбе байланыстарының алғашқы және соңғы нүктелерін ғана көрсетеді де, қарастырылатын елдің нақты материалының негізінде еңбек құралының жетілуі мен мемлекеттің пайда болуы тізбесін оқушылардың өздерінің толық құрастыруын талап етеді.
Байланыстардың екінші тобы – аймақтық байланыстар. Мысалы, ежелгі дүние мемлекеттеріндегі табиғат жағдайы мен шаруашылық түрлері арасындағы байланыстар, адамзат қоғамының белгілі-бір бағытта дамуына оның географиялық жағдайының ықпалы және т.б. Тарихпен таныса отырып, оқушылар қоғам өміріне табиғат жағдайлары бірқатар ықпал етеді; ежелгі заманда адам табиғатқа тәуелді болады; табиғатты толық меңгергеннен кейін адам оны қорғай бастады деген қорытындыларға келеді. Жоғарғы сыныптарда экологиялық мәселелерге үлкен көңіл бөліне бастайды.
Байланыстардың үшінші тобы – мерзімдік байланыстар, яғни, белгілі-бір кезең ішінде болған оқиғалар мен құбылыстардың реттілігі мен бірмерзімділігін анықтау. Мысалы, феодалдық қоғамның дамуының белгілі-бір кезінде феодалдық бытыраңқылықтың пайда болуы мен орталықтандырылған мемлекеттердің қалыптасуы ортағасырлық мемлекеттерде ғана жүзеге асып отырды.
Заңдылық – көптеген заңдардың қызметінің нәтижесі. Сондықтан, оқушыларға заңдылық түсінігін айтпас бұрын, оларды «заң» түсінігімен таныстырған жөн. Бұл үшін жоғарғы сынып оқушыларын «қоғамдық даму заңдылығы» түсінігімен таныстырамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |