жатырдың ақаулары; қағанақ суының көптігі; ұрык қимылының артуы; жатырдың төменгі сегментіндегі миоматозды түйіншіктері; егіз жүктілік;
2. Функционалдық себептері: ретсіз толғақ.
Диагноз. Нәрестенің жамбаспен жатуын анықтау үшін сыртқы, ішкі акушерия зерттеулерінің тәсілдеріне сүйенеді. Бұл жағдайда жатыр деңгейі жоғары тұрады, себебі нәрестенің жамбасы басына қарағанда көлемді, осыған байланысты жамбас қуысының кіреберісіне біте орнықпайды.
Сыртқы зерттеу кезінде Леопольд тәсілдерін қолданады, жамбастың кіреберіс жазықтығына жақын, нәрестенің көлемді, жұмсақ, шамалы қозғалмалы бөлігі анықталады. Нәрестенің жүрек соғуы кіндік деңгейінде немесе одан сәл жоғарыда естіледі.
Қынаптық зерттеу кезінде: бөксеаралық сызығы жамбас қуысының бір қиғаш өлшемдеріне сәйкес келеді, сегізкөз, құйымшақ сүйектерін анықтауға болады. Егер бөксе аяқпен аралас жатса, оның қасында жатқан өкшені де анықтайды. Нәресте бөксемен орналасқанда, көбінесе оны бетпен шатастырады, сондықтан сегізкөз, құйымшақ және өкшені табу қажет; нөресте бетпен жатқан жағдайда қас жиегін, мұрын түбін анықтайды. Нәрестенің жамбаспен жатуын анықтағанда - қосымша ультрадыбыспен амниоскопия зерттеулерін қолданады. УДЗ-де ұрықтың жамбаспен жатуын анықтаумен бірге, оның жынысын, салмағын, басының бағытын (бүгілгенін не шалқайғанын), плацентаның орнын, қағанақ суының көлемін және ұрықтың ауытқуларын анықтауға болады.
Жүктілік және босанудың ағымы. Нәресте жатырда жамбаспен жатқанда жүктілік пен босану ағымындағы асқынуларды ескере отырып, көптеген акушерлер нәрестенің жату қалпын өзгертуді (профилактикалық сыртқы акушерлік бұру операциясы арқылы) ұсынған. Бірақ бұл операцияда көптеген асқынулар болып, жүктіліктің мезгілсіз үзілуі, қалыпты орналасқан плацентаның мезгілсіз бөлінуі т.б. операциялар нәтижесіз болды.
Көптеген авторлар Грищенко және Шулешова, Дикань түрлі гимнастикалар көмегімен жатырда нәрестенің жату қалпын өзгертуді ұсынды (35 апталық жүктіліктен бастап). Диканьнің гимнастикасы бойынша: жүкті әйел қатты төсекте, кезекпен оң және сол бүйіріне 10 минуттан жатады (1 сағат бойы). Гимнастиканы күніне 3 рет тамақ алдында жасайды. Бір апта аралығында нәрестенің жату қалпы өзгеру мүмкін (жамбастың орнына нәресте басы орнығады).