«Баланы жастан», − деп халқымыз текке айтпаған. Сол сияқты: «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» − деген өнегелі сөзде, баланы жастайынан талаптана білуге, тәрбиеге бағыттайды. Бұдан балаларды ұрып-соғу, қатты сөзбен жәбірлеу, өте қатал ұстау арқылы тәрбиелеу деген ұғым тумау керек, керісінше, талап қоя білуде, сол қойған талапты орындатуда мықтылық, беріктілік, ұстамдық көрсетіп, баланы кішкене кезінен әлеуметтік ортаны танып, болып жатқан әр-түрлі өзгерістерді ерінбей түсіндіріп, жаңалыққа үйір қылу деген сөз. Ата-аналар тәрбиесінде әлсіз болуы опық жегізеді. Бала тәрбиесі ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбектенуді қажет ететін, аз сөйлеп көп күтетін, төзімділік пен әділеттілікті, қайырымдылықты қажет ететін үлкен үрдіс екеніне көңіл бөлуі қажет.
Кейбір ата-ана баланы шектен тыс әлпештеп, қымбаттық ешкімде жоқ киімді кигізіп, жанын қинап оқуға, еңбектенуге араша түсіп, бала үшін өздері еңбектеніп, қамқорлықты күшейтіп, ыстық пен суықтың азғарын сездірмей өсіреді. Мұндай жайма шуақта өскен бала бойында өзімшілдік, менменшілдік, менсінбеушілік, немқұрайдылық, тік жауап қайтару, жауапсыздық, өз бетімен тіршілік етуге бейімсіздік тағы да басқа жағымсыз қасиеттер пайда болады. Осы қасиеттер оның мінез-құлқы мен жеке бас психологиясына әсер етеді және қоғамға пайдалы еңбек етуге енжар, жолдасының жағдайын түсінуі төмен, қоғамда, әлеуметтік ортада жағымды қарым-қатынасқа келуі қиындап, жиі кикілжің жағдайға түседі.
Бүгінде бір шаңырақ астындағы ата-аналарымен балалары, қандас туыстар, бір мектеп қабырғасында, бір сыныпта оқып жүрген оқушылар арасында келіспей қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Әр оқушының жанұясында, мектепте, әлеуметтік ортада, еңбек дағдысын, бос уақытын тиімді ұйымдастырып өткізуі, айналасындағы басқа адамдармен қарым-қатынасы, өзін ұстауы, киінуі, жеке басына, жанұяның басқа мүшелеріне қажетті нәрселерді бағалауы, сергек жүруі, жанұя тіршілігіне еңбек сіңіруі, іс-әрекетте байыпты, парасатты болуы, өзгенің жағдайын өзіндей ұсынуы керек. Жоғарыдағы барлық қасиеттер ең бірінші жанұядағы ата-ана үлгісінен, тәлім-тәрбиесінен, олардың арасындағы өз ара қарым-қатынасынан дарып қалыптасады. Сондықтан, ата-ана өз тәрбиесіне, жаңа заман ағымына лайық болып, көңіл бөлсе.
Достарыңызбен бөлісу: |