КІРІСПЕ Көз – жануарлардың қоршаған ортаны көретін аса маңызды дене мүшесі. Көру арқылы олар кеңестікте еркін қозғалады, азығын тауып жейді. Қажет болғанда жауынан қорғанады, қашып кете алады.
Жануарлардың көздері ауруларға біршама жиі шалдығады. Себептері де сан алуан. Көз ауруларына шалдыққан, көзі нашар көретін немесе мүлде көрмейтін жануарлардың өнімділігі төмендейді, арнайы күтімді қажет етеді. Кейде мертігіп өлімге де ұшырайды. Ал, асыл тұқымды малдар құнсызданады. Шаруашылықтарға біршама экономикалық зиян тигізуі мүмкін.
Жануарлардың көз ауруларын ветеринария ғылымдарының бір саласы - ветеринариялық офтальмология зерттейді.
Офтальмология – гректің екі сөзінен құралған. Ophthalmos – көз, logos – оқу, білім, көз туралы ғылым дегенді білдіреді. Қазіргі ғылыми түсінік бойынша офтальмология – көздің анатомиясы, физиологиясы, көз ауруларының пайда болу себептері, патогенезі, анықтау, зерттеу, емдеу әдіс – тәсілдері мен алдын алу шаралары жөніндегі ғылым.
Ветеринариялық офтальмология – көптеген ветеринариялық ғылым салаларымен тығыз байланыста және олармен бірге дамып келеді. Көздің анатомиясы мен физиологиясын және әртүрлі жануарлардағы ерекшеліктерін білмей оның ауруларын зерттеу, анықтау, емдеу мүмкін емес. Көздегі патологиялық үрдістердің (процестердің) ағымын, ерекшеліктерін түсіну үшін патологиялық анатомия мен патологиялық физиологияны меңгеру керек. Көздің инфекциялық ауруларын зерттеу үшін микробиология, вирусология, індет тану, иммунология пәндерін білу қажет. Ал, паразиттер туғызатын ауруларын паразитологияны білмей зерттеу, анықтау, емдеу, алдын алу мүмкін емес. Ветеринариялық фармокология – көз ауруларын емдеуге қолданылатын дәрілердің фармадинамикасын түсіндіреді. Дәрілерді таңдау және қолданудың ең тиімді мөлшерін белгілеуге мүмкіндік береді. Көзді зерттеудің клиникалық әдістері мен тәсілдерін клиникалық диагностика пәні оқытады. Көздің көптеген ауруларын емдеуде хирургиялық әдіс - тәсілдер кеңінен қолданылады. Ол үшін хирургиялық әдіс – тәсілдерді меңгеру қажет.
ХҮ111 – ғасырдың ортасына дейін жануарлардың көз аурулары жан – жақты зерттелмеді. Малдың көз аурулары «соқырлық» деген атпен ғана белгілі болды. Х1Х – ғасырдың басынан бастап ветеринариялық офтальмология ғылымы тез дамып, хирургияның үлкен бір саласына айналды. Жануарлардың көз ауруларының этиологиясы, даму механизмі, анықтау және емдеу әдістері біршама терең зерттелді. 1888 – ші жылы Н.Н. Маридің алғашқы ветеринариялық офтальмология оқулығы, 1904 - жылы В.Г Гутманның оқулығы жарық көрді. Ветеринария мамандарын дайындайтын оқу орындарында ветеринариялық офтальмология оқытыла бастады. Ветеринариялық офтальмология қазір де даму үстінде.
Қазақстанда жануарлардың көз ауруын зерттеуге елеулі еңбек сіңірген ғалымдардан Р.Д Даутбаевты., Б.К. Ілиясовты., М.Н Жолановты және тағы басқаларды атауға болады.
Бүгінгі таңда ветериариялық офтальмологияға төмендегі міндеттерді шешу жүктелген :
Жануарлардың көз ауруларын анықтау мен емдеуге осы заманғы әдіс - тәсілдерді кеңінен енгізу,
Көз ауруларының алдын алу шараларын жетілдіру,
Көз ауруларынан болатын экономикалық шығындарды азайту.
Ветеринариялық офтальмологияның мақсаттары:
Бүгінгі таңда ветеринариялық офтальмологияның жетістіктері мен бірге шешімін толық таппаған мәселелері де бар. Ветеринариялық офтальмологияның мақсаты соларды шешу. Олар:
Ірі шаруашылықтардағы (құс фабрикалары, сүт кешендері) жануарлардың жаппай көз ауруларына шалдығу себептерін толық анықтау,
Көз ауруларын топтап емдеу мен алдын алудың тиімді әдіс – тәсілдерін ұсыну,
Жануарлардың көзінің аллергиялық ауруларын түпкілікті зерттеу, себебін анықтау, емдеу мен алдын алу шараларын жетілдіру,
Жануарлардың көз ауруларын зерттеу мен емдеуде қазіргі заманғы ветеринариялық құрал – жабдықтар мен дәрілерді кеңінен қолдануға жетісу.
Қазіргі кезде мал дәрігерлері жануарлардың көптеген көз ауруларын емдеп жазуға қол жеткізіліп отыр. Кейінгі кезде көптеген дамыған елдерде мал дәрігерлеріұсақ үй жануарларының, ит пен мысықтардың көз ауруларын зерттеу, емдеу әдістерін жетілдіруді қарқынды жүргізуде. Ветеринариялық клиникаларда жануарлардың көз ауруларын анықтауда, емдеуде қазіргі заманғы тәсілдер, құралдар мен дәрілер кеңінен пайдаланылуда.
Ветеринариялық офтальмологияның жетістіктерімен қатар жануарлардың көзін зерттеудің кейбір қиындықтарына байланысты әлі толық шешімін таппаған мәселелері де бар. Олар:
Жануарлардың түсті ажырата алатыны белгілі болғанымен оны анықтау әдістері әлі табылған жоқ.
Медициналық офтальмологияда көздің рефракция дәрежесін арнайы кестелердің көмегімен анықтаса, ветеринариялық офтальмологияда ол әлі өз шешімін таппаған мәселе.
Жануарлардың кейбір көз ауруларының емі әлі толық ұсынылмаған (торлы қабықтың түсуін емдеу, рефракцияны түзеу).
Қазақстанда жануарлардың көз ауруларын емдеуге қолданылатын, жаңадан шығарылып жатқан тиімділігі жоғары дәрілер тапшы және қымбат. Олар көбіне алыс шет елдерден (АҚШ, Англия) әкелінеді.
Қазіргі заманғы көзді зерттеуге, емдеуге пайдаланылатын құрал – саймандар (микрохирургиялық операциялар жасауға арналған құралдар) тапшы және қымбат.
Мұнымен қоса әр түрлі жан – жануарлардың көздерінің өздеріне тән кейбір анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктері бар. Мысалы әр түрлі жануарлардың қарашығының тұрпаты мен көз түбінің суреттері әртүрлі. Бұл зерттеушіге белгілі қиындықтар туғызады. Жоғарыда айтылған шешімін тосып тұрған мәселелерге қарамай бүгінгі таңда ветеринариялық офтальмология айтарлықтай жетістіктерге жетті.
«Жануарлардың көз аурулары» пәні 2009 – 2010 оқу жылынан бастап таңдау компоненті бойынша Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің 5В120100 - «Ветеринариялық медицина» мамандығы бойынша оқитын студенттеріне оқытылады. Студенттерге пәнді менгеруге қиындық туғызып отырған мәселе арнайы оқулықтар мен оқу құралдарының жетімсіздігі. Ертеректе шыққандары тапшы және көптеген деректері ескірген, қайта өңдеуді, толықтыруды қажет етеді. Қазақ тілінде ветеринариялық офтальмология оқулығы бұрын - соңды жарық көрмеген. Ұсынылып отырған оқу құралы осы олқылықтың орнын толтыруға жасалған алғашқы қадам.