Қалас жамалов философия


ХІХ ғасыр қоғамдық ойындағы әлеуметтік өмір қайшылықтарының көрінісі



бет53/62
Дата03.10.2022
өлшемі417,48 Kb.
#151479
түріОқулық
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   62
Байланысты:
филос.учебн.
КИС 2-курс ОМ каз-конвертирован, Реферат на тему Разговорный стиль речи , Срсп9.Педзерттеу.М.Адилям
ХІХ ғасыр қоғамдық ойындағы әлеуметтік өмір қайшылықтарының көрінісі. Ресей отарлауына ұшыраған Ұлы далада жүргізілген реформалар, қайшылықты өмір туындатқан салдарлар қоғамдық ой, пікірлердің қалыптасуына әсерін тигізді.
Қазақ қоғамының болмыс өзгерістеріне сай, саяси күштерінің өзара жаулық, араздықтары, бір - біріне өшіккен талас - тартыстары күшейіп, елдің ішкі қайшылықтарының шиеленісуі, орыс үкіметіне қазақ даласын толық жаулап алудың жолдарын қолайлы шешуге мүмкіндік береді. ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде М.М. Сперанскийдің басшылығымен “Сібір қырғыздарының /қазақтарының/ Жарғысы” жарияланып, Орта жүз округтерге, болыс және ауылдарға, бірнеше әкімшілік құрылымдарға бөлінеді. Қазақтардың саяси бірігуіне мүмкіндік бермеудің шараларын қарастырған ереже, Орынбор мен Сібір ведомствосы қазақтарын біріктірудің мемлекет мүддесіне зияндылығын және қазақ халқы бірлігінің империя мақсатына қайшылығын көрсетеді. “...шындығында бұл... қазақ қоғамын әлсірететін, мемлекеттік бүліншілікті, бассыздықты қолдаушы, патша үкіметіне қазақ жерінде кең көлемді озбырлық көрсетуге мүмкіндік беретін саясат болды”. “Жаңа уставтың” ауыр салдары ХІХ ғасырда Саржан, Жоламан, Кенесары, Исатай, Жанқожа сияқты халық ұлдарын тарих сахнасына, азаттық үшін күрес жолына шығарды.
Күшпен отарлау саясаты туындатқан өмір өзгерістері азаттық жыршыларының іс - әрекеттеріне арқау болды, елді толғандырған сұрақтар шешімі, еркіндік жолдары күрестен ізделді. Дулат ақын еркін өмірге халықтың сарқылмас күші арқылы қол жеткізуге болатынын тұспалдаса, жауынгер жыршы Махамбет тарихи дәуір тұрғысынан халық қозғалса, хан да тағында отыра алмайтын, халықтың қоғам дамуындағы шешуші күш екендігі туралы озық ой, пікірін айтады. Еркіндікті көксеп қолға қару алып, күреске шыққан ақындармен қатар, кедейліктен халықтың мінез - құлқы азып, өмірге жат әдет көбеюіне “Зар заман” ақындары наразылық білдіреді. Елдің мақсат - мүддесі қорғалмаса, бірлігі сақталмаса, алдағы үмітсіз бұлдыр келешектен, қайшылықты өмір иірімдерінен, құлдықтан сақтана алмайтындығын болжайды.
Билік иелерінің баю жолында еш нәрседен бас тартпайтыны азғындық, ақырзаманның белгісі деп сыналады, елге қайыры тимейтін байлардан, ел қонбайтын шөлдің артық болатыны айтылып, бай мен кедей тұрмысының қайшылығын үгіт-насихат арқылы шешуге ұмтылыс байқалады. Отырықшылыққа бет бұрғандар мен көшпенді тірліктен әлі де бас тартпағандар арасындағы айырмашылықты, болыс атанып, ел билеу мүмкіндігіне ие болғандардың артықшылығы ақыл - парасатында емес, қалтасындағы пұлы мен сүйеніштерінің күштілігінде екендігін тілге тиек етеді. Сынға ұшырағандар ішінде “құдай жолында” жүрген қожа, молдалар да, заман талабына сай дүниеге келген жаңа әлеуметтік топ – орыс отарлау әкімшілігінің қызметкерлері: тілмаш, заңгерлер де бар. Елдің ішкі қайшылықтары мазмұнын көре білген Әбубәкір өз замандастарының тек бірін - бірі қорықса сыйлайтынын, айтар сөзін екі түрлі сөйлеген сұрқиялығын әшкерелеп, айтқан пікірімді тек білімді адамдар ғана түсінер, – деп жаңа әлеуметтік қатынастар куәгері екенін білдіреді. Ақындар билік иелері, би - болыстардың іс - әрекеттерін сынап, дау - дамайдың көбеюіне қынжылыс білдіреді; экономикалық, мәдени мешеулік өнер - білім, ғылымнан кейін қалудан болғандығын және одан құтылудың жолын білім алу, дамыған елдер мәдениетін игерумен байланыстырып өнегелі өмір идеяларын таратады.
Ресейдің отарлау саясатына байланысты, өз дамуының ерекше сатысына көтерілген даланың айтарлықтай үлкен өзгерістері де болды. Олар: көшпенділік өмір салтынан отырықшылыққа бет бұру, сауда - саттықпен айналысу, әр түрлі шаруашылықтар жүргізу әдістері мен оқу - білім алу мүмкіндіктерінің алғы шарттары пайда болуы еді. Халықтың мұң -мұқтжын әлеуметтік мәселе есебінде көтерген толғаулардың қазақ қоғамдық ойының өзекті арнасы болғаны, заман тұрғысынан көтерілген өзекті мәселелердің бүгінмен де үндес болуы, қазіргі өмірдің өз дамуында алысқа ұзай қоймағанын көрсетеді.
Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев және Ш. Құдайберді ұлы ойларының философиялық мәні. ХІХ ғасырдың орта шенінде қазақ даласының экономикалық, саяси, мәдени дамуы өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан тыныс - тіршілігінің аясына сиыспайтын ерекшеліктерге толы сатысына көтерілгені, капиталистік қатынастар етек жайып, материалдық игіліктердің көлемі өсіп, елдің рухани өміріне салдарын тигізгені, ежелгі түркі, шығыстың даналық ғибраттары, орыс халықшылдары, жазушылары мен ғалымдарының игі ықпалынан ұлттық философиялық ой, толғаныстардың әлеуметтік дамуға қатысы көрсетіледі.
Заманында жан - жақты білім алған, оқымысты Ш. Уәлиханов (1835-1865 ж.ж.) көшпенді қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, оның өзгерістері, дамуында ескі мен жаңаның арасында бірден байқала қоймайтын, бірақ өте қатал күрес жүріп жатқанына сілтеме жасап, тарихи дәуірде өмір сүрген қазақ ойшылдары көзқарастарындағы қайшылықты көрсетеді. Тарихи дәуір қайшылықтарын көре білген Шоқан қазақ қоғамының сұлтандар мен қожалар, билер мен байлар және “дала пролетариатына” бөлінетінін айтады. Билік иелері пікірлерінің қадір тұтуға лайық еместігін ұлттық мүддемен санаспайтынымен байланыстырады. Әділін айтқанда, жеке үстем топтың көретін пайдасынан жалпы халық мүддесінің анағұрлым жоғары тұруы керектігін дәріптеп, бұқара сұранысына сай келетін билік жүйесін қолдаған. Ол қоғам өмірі салаларының даму сатыларына тарихи дәуір тұрғысынан жаңа пікір танытқан “Сот реформасы жайында” еңбегінде қалың бұқара мен үстем тап өкілдері мақсат - мүдделерінің айырмашылығын, қазақ даласында жүргізілмекші реформаның өзектілігі төңірегінде мәселе көтереді. Материалдық тұрмыс жақсаруымен қоғамдық өмір салалары өрбуін тікелей байланыстыруы оның әлеуметтік дамуды философиялық тұрғыдан дұрыс түсінуінің бірден - бір белгісі болады. Қандай да болмасын қабылданатын реформалардың халықтың мүддесі, пайдасы үшін жасалатыны материалдық мұқтаждыққа шақталып, әрі сол қоғамның ұлттық мінез-құлқына сай келуі қажеттігін, бұл жағдайдан тыс жасалған өзгерістердің бәрінің зиянды болып, қоғамды айықпас дертке шалдықтырып, тұралатып, мешеулетуі мүмкіндігін пайымдайды. Шоқанның бұл еңбегінде қазақ даласына отарлау әкімшілігі тағайындаған соттардан гөрі, ғасырлар бойы қалыптасқан, халықтың тұрмыс - салт, әдет - ғұрпын, дәстүрлерін жақсы білетін билер сотының тиімділігін, халық арасында шешендігімен, әділеттілігімен көптің көңілінен шыққан адамдардың ғана билікке қол жеткізуі керектігін түйіндейді. Ал патша үкіметі сайлаған сот белгілі уақытқа дейін өз міндетін атқарады, сондықтан олардың іс – әрекеттерінде немкеттік пен мансапқорлық басым, баю жолына түсіп, әділетсіз, парақор болатыны көрсетіледі. Ғұлама пікірінше, халықтың дұрыс дамуы үшін алдымен оған қажет нәрселер: өзіндік даму, өзін-өзі қорғау, өзін-өзі басқару және өз соты болуы керек. Олай болса, “қисынсыз теорияларға, немесе өзге халықтың өміріне негізделіп, зорлықпен ырықсыз жасалған реформа адам баласын жойқын апатқа душар етіп келеді” [24, 41 б.]. “...христиандарға, отырықшы орыс тұрғындарына арналып жобаланған әкімшілік өзгеріс... Ресейдің...Азиялық бөлігінде көшіп, қонып жүрген бұратана халықты басқаруға бүтіндей қолданылса, онда мұндай өзгерістен ешқандай пайда келуі былай тұрсын, нағыз тұрпайылық болар еді” [24, 38 б.]. Билер соты қай жағынан алып қарағанда да, Ресей өкіметі дайындаған сот реформасынан әділ, онда “қазақтың әдеттегі құқығының адамгершілік жағы басымдау” болатыны дәріптеледі.
“Баянауыл округі туралы” /1857 ж./ мақаласында жаңа әкімшілік аймақтарды басқару үшін қазақ халқының тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын, мұң-мұқтажын жақсы түсінетін адамдардың билікке тағайындалуы қажеттігі туралы тұжырым жасалады. Ғұлама бұл мақаласында сырттан келген әкімдердің халықтың дәстүрлі тұрмыс-салтын, оның өзіндік ерекшеліктерін білмейтіндігін, сондықтан ел басқаруға қабілетсіз болатындығын және зорлық-зомбылықтарға жол беретіндігін дәлелдейді. Ол әкімшілік аймақтар басында халыққа беделді, халық мүддесін қорғай алатын білімді сұлтандар тұрса ғана әлеуметтік әділдікті орнатуға болатынынан үміттенеді.
ХІХ ғасыр саяси-әлеуметтік өмірінен елеулі орын алатын, тұңғыш қазақ мектептерін ашқан, ағартушылық ой, пікірлерді кеңінен таратушы-жазушы Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 ж.ж.) шығармаларында отырықшы тұрмыс артықшылығы, еуропалық мәдениет жетістіктері дәріптеліп, қазақ халқының келешегі біліммен байланыстырылады. Ұстаз оқушыларының тәрбие жұмыстарына да үлкен мән береді, “... адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын”,-деп халыққа адал қызмет көрсететін жоғарғы мәдениет иелерінің қалыптасуына көңіл аударады [25, 274 б.]. Француз ағартушысы, Вольтер халық бұқарасының жаппай сауат ашуына қарсы болып, оны қауіпті деп есептесе, Ы. Алтынсарин жалпы халыққа әлеуметтік жағдайларына қарамай білім беру мәселесін күн тәртібіне қояды. Ол тек ер балалар ғана емес, қыз балалардың да сауат ашуларын қолдайды.
Шығармашылық мұрасы өлең, поэма, философиялық мазмұндағы қара сөздерден, аудармалардан тұратын Абай Құнанбаевтың (1845-1904 ж.ж.) рухани қалыптасуы патша үкіметі отарлау саясатының өз жемісін берген, сауда капиталы мен өндіріс капиталының дендеп кіре бастаған, көшпенді өмірдің, салт - дәстүрлер мен құқық негіздердің өткен шаққа айналған кезі болды.
Абайдың қара сөздерінде ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып, дін бағу, бала бағу туралы сөз қозғағанына, дәстүрлі қоғамның ел билеу салтын білдіретін “ел бағу” түсінігін қоғамдық өмірдің саяси саласына байланысты қолданған, заманының келелі мәселесін көтерген. Абай заманы отарлықтың қамытын толық киіп, ел еркінен, билік тұтқасынан айрылған, халық көтерілістері сәтсіздікке ұшырап, елдікке ұмтылыстың елеске айналған уақыты болды. Осыдан “...елге бағым жоқ... дертке ұшырайын деген кісі болмаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе”... Ендігі жерде қазақтың өзін өзі баға алмайтыны, бағатын адамының жоқтығына сілтеме жасаған ой айтылады. “Мал бағу” түсінігінде қазақ қоғамын жайлаған жалқаулық, өсек, өтірік, ұрлық және тағы да басқа келеңсіздіктен аулақ болу, кәсіппен айналысу, пайда табу ұғымы жатыр. Өмірдің өзекті жақтары туындатқан мәселелерді ашық талқылауға, адамдарды өзара сұхбатқа шақырған ақын сұрақтары тіршілік мәселелерін терең түсінуге деген талпыныстардан тұрады. Ақын түсінігіндегі дін бағуға тыныштық керек, ал бала тәрбиесіне де мән беріп, келелі мәселе ретінде қарастырғанда болашақтың бұлыңғырлығынан баланы “бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай қаракетке қосайын” деп толғанады.
Қоғамда рулық қатынастардың берік сақталуы, отарлау әкімшілігінің ру тартыстарын қоздырып, саяси ахуалды шиеленістіріп, өз мақсаттарына тиімді пайдалана білуі ақынды күйіндіреді. Қазақ даласының қарапайым құқықтық ережелерін жақсы білген Абай, кез келген айтысты шешуде әділетті әдет заңдарына сүйенуді қолдайды. Билер сотының артықшылықтарын көре білген, Ресей үкіметі ұсынған заңдар жобасы көшпенділердің дәстүрлі ел басқару жүйесін бұзып, тұрмыс - тіршіліктерімен үйлеспегенін, тыныш жатқан елдің “шала бүлінгенін” отарлау әкімшілігі реформасының, билік жүйесінің жарамсыздығы деп түсініп, оны жетілдірудің жолдарын қарастырады. Көшпенділер ортасында да билік айта алатын адамдардың өте аз қалғанына, ол үшін “бұрынғы Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, әз Тәуке ханның “Күл төбенің” басында күнде кеңес құрған “Жеті жарғысын” білмек керек; ондай адам аз, яки тіпті жоқ”,– деп қынжылыс білдіреді.
Елді басқаруға сайланған, құлқынының құлы болған би мен болыстардан түңілген Абай өзі өмір сүрген қоғамдағы әрбір әлеуметтік топ өкілдерінің мінез-құлқы мен қасиеттерін: “Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса өз басының, өз малының еркі өзінде жоқ. Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреуді бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр. Мықтыны сыйлайын десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі есті”,– деп түсіндіріп, өз қоғамынан қадірлі адам таба алмауының себебін заманның өзгеруінен көреді. Көптің жүрген жерінде дау-дамай, бас араздықтың қоса жүретінін білген ол, көп тобырдың билігін дұрыс көрмейді. “Сократқа у ішкізген, Жанна д Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ”. Ақылсыз тобыр – өзінің есінен айрылып, басқаның жетегіне ергендер, сондықтан “көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел”,– деп ой түйеді.
Ұлы ақынды ұстаз тұтқан, оның дүниетанымдық көзқарасын жалғастырған, халқының өркениет көшіне ілесуін, мәдениетті даму жолына түсуін көксеген Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931ж.ж.) қоғам келеңсіздіктерін, халықтың ауыр тұрмысын Еуропа өнер - ғылымы, мәдениет жетістіктерінен кенде қалудың салдары ретінде қарастырады. Ақынның ойынша жер жүзі халықтары біліммен сусындауға бет бұрғанда, қазақтар тек құр атаққа құмарланып, бос жүр, осыдан алға ұмтылудың орнына күн өткен сайын тұрмыстары кері кетіп, адамдары кісіліктен айрылып, елдігін жоғалтып алудың алдында тұр. Бірін - бірі алдап, “Жуанның қылғаны зорлық, момынның көргені қорлық” болған елдің ертеңгі тірлігін, тұрмысын байыптаған. Шәкәрім шығармалары білім туралы қайшылықты пікірге жетелейді. Біріншіден, ол батыстың оқу - ғылымын, өнер - білімін игеру арқылы қазақ та өркениет көшіне ілеседі, басқалармен теңеседі, өйткені ғылым жұрттың бәрін бақыт, байлыққа кенелтетін, рухани дерт атаулыны аластайтын, елге күш, қуат беретін дәру деп есептесе, екіншіден, батыс елдерінің отаршыл, басқыншылық саясатын нақты танып, ХХ ғасыр басында болған соғыстар салдарының елге тигізген зардаптарынан: “Европа білімді жұрт осы күнде, Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде” деп, ғылымның елді ізгілікке жеткізбейтініне меңзейді.
Тек сырттай қарағанда ғана ғылымы жетілген елдер, жеткілікті тұрмыс құратындай көрінгенімен, білім жетілуімен қару-жарақтардың да күрделеніп, зұлымдықтың шектен шыққанын пайымдаған ол: “Ғылым деген бұл болса – адыра қалсын”,– деп ой түйіндейді. Ғылым, білім “әлсізді аңша қыруға”, күштілерге құл болып, қызмет көсетуге мәжбүр ететініне мысал болған дүние жүзіндегі өркениеті өте жоғары деп есептелетін Англия мен Америка мемлекеттері. Ол өзінің жиырмасыншы ғасырдың адамы ретінде, анық өнегелілікке ұмтылған таза елді көрмегеніне өкінішін білдіреді. Шәкәрім ойынша жауыз халық жоқ, келеңсіздіктердің бәрі адамның пиғылында, жемқор қиянатшылдығында жатыр. Кісіде қанағат, рахым, мейрім, шапағат та жеткілікті, сондықтан адамзат достық, бауырластық, жолдастық жолына түсуі үшін, зұлымдыққа тоқтау салатын, “ар түзейтін ғылым” керек. “Қандай игіліктермен адам табиғатын түзеуге болады? Адамзаттың бейбіт өмір сүруді үйренуі үшін не істеу керек? Бұл, ғасырлар бойы алдыңғы қатарлы ойшылдардың ақылы мен арын, көңілін тыншытпаған сұрақтар”,– деп оның жауаптарының бірнеше бағыттарын қарастырады. Адамзатты құтқарудың бірінші жолы – бұл Жаратушы Иені танудың жолы және өзіңді құдайға қызметшілікке бағыттау дегенді дәріптейтін діннен тұрады. Бірақ, бұл жол қажетсіз, өйткені мұсылман діні қызметкерлері құран мен исламды өздерінің келеңсіз қылықтарын жасыруы үшін пайдаланып, халықты алдайды, сонда олардың қасиеттілігі неде, деп ой толғайды ақын.
Адамзат қауымдастығының үндестікті қатынасын үкіметті құрту жолымен орнатуға, қол жеткізуге болады дейтіндердің де пікірлері қате. Бұл жағдайда “адамдар баршаға ортақ әділетті заңдарға бағынбайтын, бір – біріне мейрімділік көрсетпейтін, жыртқыштар әлсіздер мен қорғансыздарға зорлық көрсететін болады”. Қоғамда “барлығының еркіндігі үшін, әрбір адам өзінің ұғымымен және ықыласымен өмір сүрсін”, деген анархистік көзқарас та Шәкәрім назарынан тыс қалмайды. Социализм идеясы да қанағаттандырмайды, өйткені байлар мен кедейлерді теңестіруді талап ету еш нәрсе бермейді, мәнсіз. Ол жалпының жалқаулығымен, шарасыздығымен, Абай айтқандай көптің ессіздігімен байланысты. Өмір үшін күрес маңыздылыққа ие болатын биологиялық заңды қоғам өміріне байланыстыруды дәріптейтін әлеуметтік дарвинистер ілімдерін қарастырған Шәкәрім оны “адамға жат және еш қандай негізсіз”,– деп әділетті сынайды.
Шәкәрім адамзат қауымдастығының өзіндік ақауларынан құтылуының жолдарын қарастырып, оны мынадай шешімдер ұстанымымен байланыстырады: біріншісі, мемлекет билігіне шыншыл, ақылды, риясыз адамдар тағайындалуы керек. Ресми адам орнына қызметін әділетті атқаратын, адамгершілікті, халыққа тиімді заңдарды шығара да, және олардың сақталуын қадағалай алатын тұлғалардың тағайындалуын дәріптейді. Екіншісі, адамдарға еңбекке үйрету, білім беру керек. Бірақ, бұлардың бәрі де адамдардың өнегесіздігін, рухани кемтарлықтарын аластауға жеткіліксіз. Сондықтан тәрбие үдерісіне Шәкәрімнің ойынша ар, ұждан ғылымдарын кіргізу орынды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет