Қалас жамалов философия


Х тарау. ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫ



бет50/62
Дата03.10.2022
өлшемі417,48 Kb.
#151479
түріОқулық
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   62
Байланысты:
филос.учебн.
КИС 2-курс ОМ каз-конвертирован, Реферат на тему Разговорный стиль речи , Срсп9.Педзерттеу.М.Адилям
Х тарау. ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫ

Жалпы Еуроорталық көзқарас бойынша, тек Европа ғана өз уақытында грек мұраларынан көрінісін тапқан таза парасат идеяларының қолданушысы болады. Ал Шығыс халықтарының ең жақсысы оны ұғынуға, меңгеруге ғана қабілетті. Мысалы, Гегель оқырман қауымды уақыт жағынан алғанда бірінші саналатын шығыс философиясы теориялық ойға ешқандай қатысы жоқ алғашқы белгісіздік болып көрінеді, деген ұстанымға сендіргісі келеді. «Жалпы философия деп жеңіл қабылдауға болатын Шығыс халықтарының діни дүниетанымдық көзқарасы, ең көп болғанда діни түсінік тәсілі», дейді [16. 108 б.]. Демек, келтірілген пікір теориялық ойдың тек Европа халықтарының табиғи қасиеті болатынына ал, Шығыс халықтары ойының қандай да бір өзіндік құндылығының болмайтынына меңзейді.


Философияның мәдениет, тарихи дәуір ерекшеліктерімен байланысты болатыны дау туғызбайды. «Философия дегеніміздің өзі нақты тіл арқылы, сол халықтың дүниетанымын объектіге айналдыра алған – сана... Дүниетанымы жоқ халық болмайды, халық (яғни ұлт) дегеннің өзі адамдардың дүниетанымдық консолидациясының көрінісі, дәлелі, шындығы ...философияны жоқ деу халықтың тарихын, мәдениетін, менталитетін білмеуден туған түсінік деуге әбден болады» [17, 6-8 бб.].
Түркі философиясы. Шығыстық мұсылман философиясының бір бұтағы әлемдік философия тарихында өзіндік орны бар түркі философиясы, араб мұсылман философиясы мен мәдениетінен нәр алып, рухани дәстүр жалғастығына ұласты. Қазақ философиясының зерттеушілері ІХ-ХІІ ғасырлар аралықтарындағы материалдық игілік өзгерістерінен, Сырдария, Іле өңірлерінде ірге тасы қаланған қалаларда, отырықшы және жартылай көшпенді шаруашылықтар жүргізген түркілерде философиялық ой, әр түрлі ғылым салаларының, мәдениеттің өрбуі орын алғанын көрсетеді. Ұлы Жібек жолы бойында жатқан «аймақтар саяси өмірдің қайнаған ортасына айналды». Елді мекендерде еңбек құрал-жабдықтары, егіншілік дәнді-дақылдары, мал, тері, жүн, қару-жарақ, ат әбзелдері т.б. бұйымдар саудасы жүргізілді. Маңызды сауда орталықтары орналасқан қалалар арқылы өтетін Жібек жолы бойында әр түрлі діни, мәдени ағымдар, әр түрлі халықтардың өзіндік ерекшеліктеріне тән күрделі таным үрдістері де түйісіп жатты.
Көшпенді тірліктің дүниетанымдық бағдарын тәңіріге, отқа, суға, жерге, төрт түлік мал иелеріне, әруаққа табыну көрсетеді. Қоғамдық санада әлеуметтік жүйе қағидалары, ережелері тарихи қалыптасқан қауымдастық мүшелерінің ғасырлар бойы жинақталған өмірлік тағылымдары реттеліп отырды. «Көпті көрген көнеден» ақыл сұрап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан бай тәжірибені естерінде сақтаған «кәріқұлақ» қариялар күнделікті өмірдің әр түрлі салалары ережелерін саралап, шешімдер қабылдауы замана тұрғысына сай қалыптасқан заңдылық еді.
Бағзы замандардан қазіргі Қазақстан аймағы әр түрлі бостандық сүйгіш, қайталанбас өзіндік мәдениет пен мемлекеттілігін құрған көшпенді, жартылай көшпенді, отырықшы ру, тайпалардың отаны болған. Оларды ежелгі иран халқының қасиетті кітабы «Авеста» Соғды мемлекетінің солтүстігінде өмір сүретін, мал шаруашылығымен айналысатын көшпенділерді «жүйрік атқа мінген «турлар» (түрлер) деп атаған. Ежелгі парсылар бұл халықты «сақтар», Қытайлар – «сэ», ал гректер – «скифтер» атандырған. Скифтер өмірінен мәлімет беретін деректерге сүйенетін болсақ, Грек жеріне өз елін таныстыру және олардың дәстүрлерін, әдет ғұрыптарын зерттеу үшін келген және «Таңқаларлық парасаты мен ұстамдылығы үшін әлемнің жеті данышпанының бірі деп мойындалған атақты Анахарсис туралы ежелгі грек саяхатшысы, көптомды «Географияның» авторы Страбон (б.д.д. 68–23 жж.) оның бидайға бай Асиданы қоныстанғанын, тегінің скиф болғанын, «көшпенділер жері, әділетті адамдардан» шыққанын, грек еліне олардың әдет-ғұрыптарын, дәстүрлерін зерттеу және сонымен қатар өзінің отандастарын таныстыру мақсатында келгенін жазады.
Данышпанның «Крезге» деген № 9 хатында: «Менің өз көзіммен көрген әңгіме туралы тыңдаңыз. Скифтер жері арқылы Истра деп аталатын үлкен өзен ағады. Бірде саудагерлер өздерінің баркасын (үсті ашық жүк таситын үлкен сүйретпе қайық.) қайраңға отырғызып алады және өздерінің қасіретіне ешбір амал жасай алмай, жыларман күйде одан алыстай береді. Оларды көрген қарақшылар бос қайықпен келіп, жүкке шапшаң бас салып, баркадағы барлық қозғауға болатындарды қайықтарына тасымалдап, саудагерлер бақытсыздығын байқаусыз өздеріне көшіреді. Жүктен жеңілдеген барка жүзе алатын мүмкіндікке ие болады, ал оның жүгін тиеп алған қарақшылар қайығы бөтеннің мүлкін ұрлағаны салдарынан көп ұзамай батып кетті. Бұл әрқашан байлардың басында болып қалуы мүмкін.
Скифтер мұның бәрінен тысқары тұрды: біз бәріміз барлық жерге иеміз; біз оның өз еркімен бергенін аламыз, ал оның жасырғанын қалдырамыз; табындарды жабайы аңдардан қорғап, біз олардан сүт пен ірімшік аламыз; біз қаруды басқаларды жаулау үшін емес, керек кезінде өзімізді қорғау үшін қолымызға аламыз; бірақ ол бүгінге дейін керек болған жоқ, өйткені біз жаулап алушыларға қарсы, жеңіс үшін күресушілер боламыз (демек, жеңгендерге біздің өзімізден басқа алатын еш нәрсе жоқ)». Айтылып отырған көшпенді елдің бір орталыққа бағынған билік жүйесі қалыптасқан. Оның саяси ойының шынайы көрінісі, әлеуметтік өрбу сұрақтарының өзіндік шешімі деп, туған жер, ел, Отанға деген сүйіспеншілік, оның мүддесін қорғап, болашағы үшін күресу жолдарын жан-жақты көрсетуінде.
Қоғамдық болмысы орта ғасыр уақытына сәйкес келетін, мемлекеттік құрылымға жеткен ежелгі түркі мемлекеті саяси ойының асыл мұрасы–жазба ескерткіштерінің өркениет тарихында алатын орны ерекше. Тарихи дәуірдің саяси-қоғамдық өмірін баяндайтын «Күлтегін», «Білге Қаған», «Тоныкөк» жазба ескерткіштерін шежіреші Йолығтегіннің жазып қалдырғаны арнайы әдебиеттерде көрсетіледі. Ол бұл еңбегінде Түркі Қағанатының қашан және қалай құрылғанын, оны нығайтқан ел басшылары мен қолбасшыларының өмірбаянын, жүргізген күрестерін баяндайды. Л.Н. Гумилев Орта Азия халықтарының, соның ішінде көшпенділердің Қытай мәдениетін қабылдамай қойғанына назар аударады. Ол: «Түріктердің өзіне тән идеологиялық жүйесі болған, олар оны көпе-көрнеу Қытай жүйесіне қарсы қойған». Осының арқасында Түрік қағанаты құлағаннан кейін де Азияда дін алмасу, яғни әр түрлі діндер кең таралымын таба бастаған кездің өзінде де, «Қытай идеологиясы Ұлы даладан аттап өте алмады», - деп атап көрсетеді.
Түркілер түсінігіндегі төрт бұрышты дүниенің бәрі дұшпан болып тұрғанда Бумын, Естиме қағандардың ел-жұртты қалыптастырған, «бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» саяси әрекеттері тарихта аты қалған ұлы мемлекеттің күш-қуатынан дерек береді. Мемлекеттік құрылымға ерте жеткен елдерден қысым көрген олардың өздері де әр түрлі тайпалық одақтарға бірде күшпен, бірде өз еріктерімен бірігіп отырды. Десек те, уакытында құдіретті болған елдің әлсіреуіне, ыдырауына, құлауына оның ішкі және сыртқы қайшылықтары себеп болғанын тарихи жәдігерлер көрсетеді. Тарихқа көз тіксек, онда Қытай империясы билік иелерінің осы кезде «...бұрынғы тайпа аралық алауыз араздықты өршіту орнына, енді түріктің билеуші ру басылары арасындағы ұрыс-керіс, дау-жанжал отына май...» құйғанын көреміз.
Жалпы билік, ел басқару мәселесі шығыс елдерінің қоғамдық-саяси тарихында ерекше орын алады. Өздерін көк аспан–Тәңірінің қалауымен билік құрып отырмыз деп түсінген және осындай пікірді кең насихаттаған түркі қағандарының, ертедегі жазба ескерткіштерінің бірі–«Күлтегінде» Білге Қаған: «Тәңірі жарылқағандықтан, өзімнің бақытым бар болғандықтан... Қаған болып, жоқ кедей халықты көп көтердім, кедей халықты бай қылдым», - дейді [18. 8 б.].
Йолығтегін ойынша, парасатты адам басқарған халықтың әдет- ғұрыптары мен заңдары мүлтіксіз орындалады, бұзық ниетті кісілер болмайды. Билеушісі нашар болса, бұрынғы әдет-ғұрып, жоралғылар сақталмаса, ауыз бірлік болмаса мемлекеттің шаңырағы шайқалады, қолдан билік кетеді. «Зердесіз қаған ел билегенге ұқсайды... Бектері мен халқы түзу жолдан шыққаны себепті, тағбаш халқының арбаушылығы себепті, аға-інілердің кектескені себепті, әкімі бар халықты шығыстырғаны себепті түркі халқы ел етіп құрған мемлекетін қолдан берген екен... Тағбаш жұртына текті ұлың құл болды, сұлу қызың күң болды» [18. 12 б.]. Қаған түркі халқының жоқтаушысы, оның басты мақсаты «іші ассыз, сырты тонсыз», жұртының қамын ойлау, халқын қорғау, күшін мемлекет мүддесіне жұмсау.
Шежірелердің жалпы мазмұны елі үшін жасалған ерлікті, тәуелсіздік, еркіндік ұғымдарының құндылығын насихаттаумен қатар, біреуге бас ұрған құлдық, сатқындық, ездік пиғылдарды да көрсетеді... «Қандай қағанат болмасын, оның халқының арасында пәтуасыз (жалқау, арамза) табылса, онда сол халықтың қанша соры бар десеңізші!» [18. 37 б.]. Шежіре тұрмыс-салт мәселелерін де көтеріп, жас ұрпақты елін, жерін сүюі, үлкенді сыйлау, әдептілік, зерек ойшылдық, батырлық пен тапқырлыққа тәрбиелейтін әлеуметтік-саяси ұлағатты пікірлер айтады. Қағанат басшыларының талас-тартыстар құрбаны болғанын, қорғаушысынан айрылған елдің болашақ тағдырын ойлап, өткен оқиғаларды жай сипаттап қоймай, талдаулар жасап, бағасын береді.
Ежелгі түркі дәуірінің тағы бір құнды дерегі–ауыз әдебиетімен осы заманға жеткен Қорқыт Ата туралы түркі тілдес халықтар арасындағы аңыздар. Қорқыт ата мұралары сараланатын зерттеушілер еңбектерінде халықтық дүниетанымның айқын көрініс тапқаны, өмірдің мәні мен мағынасы, мақсат-мұраттары, адамгершілік, өмір мен өлім туралы мәселелердің көтерілгені ерекшеленеді. Оғыз мемлекеті тұсында /ҮІІІ ғ./ өмір сүрген оның шығармаларының тақырыбы–тарихи дәуірдің саяси-әлеуметтік мәселелері, халықтың мұң-мұқтажы, мәңгілік ғұмыр, жан өлмейтін жерді табуға талпыну, философиялық ой толғаулар.
«Қорқыт Ата кітабы» ғалам, тәңірі, сұр қасқыр, Ұмай ана, адам өмірінің мол тіршілік бастаулары, аңыздық тұлғалардың жандүниесі, толғаныстары туралы мәліметтер береді. Көк тәңіріне, Жерге, Суға табынған Қорқыт Атаның барлық мақсат-мұраты халқына қызмет ету болған, болашақты көре білген, сәуегей. Желмаяға мініп, дүниенің төрт бұрышына барса да, көр қазып жатқан адамдарды көреді, «қайда барса да Қорқыттың көріне» кездеседі. Сондықтан өлімнен қашып құтылуға болмайтыны туралы ой түйіндеген данышпан қария өмірін ұзарту үшін, қобызымен алуан түрлі күйлер шығарады. Бұл өнердің өлімнен күштілігі, сол арқылы өліммен күресуге болатыны туралы қорытындыға келуге болатынына меңзейді. Қорқыт тылсым дарыған білгіш, оның ой-санасы өзгелерден ерекше, өзі ақын, музыкант, болашақты болжайды, әрі дәрігер. Ә. Марғұлан Қорқыт Ата айтты деген мақал-мәтелдерді көптеп келтіреді. Атадан жеткен «Өшкен келмейді, өлген тірілмейді», «Қыдыр тәңірі бермесе ер байымас» деген даналық сөздер осы кезге дейін өзінің тағылымдық мәнін жоймаған рухани қазыналар.
Қорқыт Ата тағылымдарынан имандылық, кісілік, қанағат, ата-ананы құрметтеу, ұл мен қыз тәрбиесі, әр түрлі мінез-құлық сипаттары, елі мен жерін қорғау туралы айтқан тәлімдік пікірлерінің қай заман ұрпақтарына болса да тәрбиелік мәні зор.
ХІ-ХІІ ғасырларда қазақ даласында Қарахан мемлекетінің күшеюімен бірге, мәдениет те жаңа бір даму деңгейіне көтерілді. Тарихи дәуір әдебиет пен ғылымның, философиялық пайымдаулардың өркендеуіне тікелей әсерін тигізді. «Мұсылмандық Ренессанс» деп аталған осы уақытта өмір сүрген Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Ахмет Йассауи, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Иүгінеки және тағы басқа ғұламалар шығармалары мен еңбектері кеңінен мәлім болды.
ХІ-ХІІ ғасырлардағы әдеби поэзиялық көрнекті шығармалардың бірі Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» поэмасы. Түркі танушы А.Н. Кононов «Бұл адам өмірінің мәні мен мағынасы талданатын және адамдардың қоғамдағы іс, әрекетшілдік үлесі мен міндеттері анықталатын философиялық шығарма, ... Жүсіп өзі өмір сүріп отырған қоғамды қорықпай сынайды» десе, қазақ философиясының тарихын зеттеуші ғалым М. Орынбековтің ойынша: «...бұл еңбекте ғылым мен мәдениеттің әр қилы салалары саяси жағының басымдығымен әр қырынан ашылды, мінсіз қоғам қағидалары беріліп, үлкен өмірлік деректер жалпыланып, жазушы өмірінің дүниетанымдық негіздері ашылды. Белгілі бір теориялық тұжырымдар негізінде адамның өмір сүруінің нақты, күнделікті бағыттары белгіленді, өмір мәні пайымдалды».
Шығарма мемлекет қызметкерлерінің өзара әңгімесіне негізделген. Ол әділдікке «Күнтолды» /Ел басшысы/, бақытқа «Айтолды» /уәзір/, игілікке «Оғдұрмыш» /уәзірдің інісі/, ақылға «Өлдірміш» /уәзірдің баласы/ есімдерін береді. Негізгі өмірлік қағидалар–әділеттілік, ізгілік, парасаттылық, қанағат, бақыт, білімділік, т.б. Бұл қасиеттерді жеке-жеке сипаттаған автор ойынша, олар жеке-дара қалыпта кісіні бақытқа жеткізе алмайды, тек бірлік пен ынтымақта болғанда ғана адамның бақыты туралы айтуға болатынын дәріптейді.
Ел мүддесімен санаса жүргізілген билік елге ұнамды, сондықтан халықтың бақыты билеушінің басты мұраты болуға тиіс. Дәреже, құзыр жоғарылаған сайын халық алдындағы жауапкершілік те күшейеді. Билеушінің сыйлы болуы орнықтырған билік жүйесіне, ал елдегі тыныштық пен бейбіт өмір тәртіпке келіп тіреледі. Ол әділдіктен, заңнан аттамаса ғана қоғамда құрметке ие бола алады. Сондықтан ел басшысы қарамағындағы әкімдері мен халыққа қайырымдылық, рухани құнды мұраттарға өзінің өнегелі ісімен үлгі бола білуі керек. Басшы рухани болмысымен ізгілікке ұмтылатын болса ғана әлем гүлге оранады [19. 127 б.].
Әр түрлі саяси топтардың болмысын қызмет бабымен, еңбегімен бағалау ғана ел ішіндегі әлеуметтік қатынастарды айқын түсінуге мүмкіндік береді. Бұлардың ара салмағы, қарым-қатынасы талданып, өз бағасын алмаған жерде бүлік, толқулар орын алады. Әкімдер қызметінің бағаланбауынан әртүрлі жүгенсіздіктер–парақорлық пен ұйымдасқан қылмыстың, жағымпаздық, мәймөңке жарамсақтықтың үдейтіні елді күйзелтеді.
«Тұзды судай–байлық шөлің қанбайды,
Қанша ішсең құрғатар тіл-таңдайды» [19. 169 б.].
Ғұлама «Жақпас саған бір күндікке алданба»,-деп бір күнгі өмірлік қажеттілік үшін адамдардың өзін-өзі төменетпеуін дәріптейді [19. 129 б.]. Алайда мансапқорлық, мақсат еткен билік тұғырына қол жеткізу үшін дәрежесі жоғары адамдардың алдында ойсыз бас шұлғу, өзіндік келбетті жоюға, еріксіздікке алып келеді. Бұл–мемлекет қызметіндегі адам үшін басты кемшілік. Осы осалдықтың ғасырлар бойы жазылмас дерт болғанын бүгінгі күн келеңсіздіктері де дәлелдеп отыр.
Міне, осыдан еліне қызмет көрсетпейтін, қолы жеткен мансап дәрежесін, жеке басының жетістігін ел мүддесіне жаратпайтын парақорлар, жемқорларды тек қылыш түзейді:
«Кісі міні ақылменен түзелер,
Халық міні білімменен түзелер,
Бұл екеумен қыла алмасаң жұмысты,
Білімді қой, ал қолыңа қылышты» [19. 70 б.].
Демек, қоғам тұрақтылығы, халықтың әл-ауқаты жоғары деңгейде болатын тұрмысты құруын көздемейтін, халық қозғалса ханның да тағында отыра алмайтынымен есептеспейтін жүгенсіз кеткендер мен бұзақыларға күш қолданбаса, мемлекеттің тыныштығымен тұтастығы сақталмайды. Мемлекет тұтастығы ғұлама өмір сүрген тарихи дәуір үшін ғана маңызды болып қоймай, заңды бұзғандар мен опасыздық жасағандарға шаралар қолданылуы керектігін білдіретін бұл ой бүгінгі күн үшін де өзекті. Билік иесінің күші қаруда болғанымен, ол мақсатты түрде, мемлекеттің игілігі үшін қолданылса ғана оны қолдауға, жақтауға болады.
Мемлекет басшысының күнделікті қызметі халықтың бақылауында, көз алдында. «Сондықтан оның ессіздігінен тек жауыздық туады, ал жауыздақ орын алған жерде, әр түрлі әлуметтік күштер арасында ізгілік жоқ» [19. 128 б.].
Баласағұнның айтуынша, саясат дегеніміз–мемлекетті басқарудың сан қилы әдістерін игеру, әр түрлі күрделі өмір салаларынан тұратын қоғамды ықпалдан шығармау, тентекті тыйып, әлсізді қорғау, қажетті жағдайда күш те қолдана білу. Көреген басшы саясатпен жұртын, заңын түзейді, саясатпен елін-жерін күзетеді. Сондықтан икемді де, ойлы саясат халық мүддесін көздеп, мемлекеттің гүлденуіне қызмет етеді.
Мемлекетті басқару әдістерімен билеушінің қасиеттері туралы ақыл кеңестерді Италияның орта ғасырлардағы мемлекет қайраткері, заңгер Н. Макиавеллиден бес жүз жыл бұрын айтқан Ж. Баласағұн «Саясат-өнер ғана емес, ол білім мен даналық»,- деген қорытынды жасайды. Оның Макиавеллиден айырмашылығы-ел билеу әдісі туралы көзқарастарында басшының қатыгездігі мен алдап-арбауы жайында сөз қозғамайды, зорлық тәсіл емес, халық жүрегіне жол таба білуді ұсынады. Қалың елдің қарапайым, адалдығы мен есептесіп жүргізілген шаралардың көңілден шығатынына меңзейді. Халықпен үнемі араласу, оның көңіл-күйін назардан тыс қалдырмау билеуші беделін көтереді деп есептейді. Н. Макиавелли де саяси билікті жүзеге асырудың міндетті ережелерінің бірі–қол астындағылардың сеніміне ие болу деп санаған болатын. Бірақ ол сүйіспеншілік пен қорқыныштың біреуін ғана таңдау қажет болғанда, екіншісіне басымдық берсе, Ж. Баласағұн көпшіліктің ойынан шығатын, халықтың көкейіндегі мәселелер өз шешімдерін тапқанда ғана, олардың қолдауына сүйенуге болатынына меңзеп, халық жүрегіне жол табуды алдыңғы орынға қояды. Бұл үшін бектің сөзі берік, ісі анық, болуы керек. Оған халқы сенгенде ғана ол өзіне сенімді алып күшке ие болады [19. 222 б.].
Мемлекеттің ісі дұрыс жүруі үшін басшылық қызметке іскер адамдарды тартудың тиімділігін ескерген Жүсіп Баласағұн парасатты іс-әрекеттерге білімді игеру нәтижесінде, ғылым нәрімен сусындаған адамның қол жеткізуге мүмкіндігінің молдығын айтады. Басшының көңілінен шығуға, оған жақсы көрінуге тырысқандар халықтың мүддесін емес, өзінің қара басын күйттейтіндер. Қандай заманда да билік иелерінің білімсіздігі, надандығы халықты күйзелткен, шаруашылықты тұралатқандығына келтіруге болатын деректер мол. Сондықтан ғұлама білімсіздік, надандық жайлы өткір сөздер айтады:
«Қорлығынан надан, таяз бегінің,
Азап шегіп бағы таяр елінің» [19. 200 б.].
Баласағұн білікті адамдардың өз дәрежесінде бағаланбайтынын, олардың орнына надандардың жолы болып, қоғам өмірінде білім, адам тағдыры, адамзаттық құндылықтар аяққа басылатынына меңзейді. Білім–жауыздық, рухани кемтарлық, зұлымдықпен күрестің басты құралы. Ол адамға қоғамның әлеуметтік құрылымдағы орнын табуға, адамгершілікті іс, мейірбандыққа жаны жайсаң, ізгілікке жетуге мүмкіндік береді. Кісіден кісінің айырмасы болатын белгілер көп, ал білім осы айырмашылық негізі [19. 68 б.].
Бүгінгі күні де тәлімдік мәнін жоймаған, өзектілігі мен күн тәртібінен түспеген:
«Білімді аз, білімсіздер қаптаған,


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет