Классикалық патристика өкілдерінің қызметі Бірінші Никей (325 ж.) жиынында христиандық догмалар ресми қабылдағаннан кейін басталды. Осыдан христиан философиясының міндеті шіркеу догмаларын түсіндіру, дәлелдеумен шектеліп, грек идеалистік философиясының қажетті қағидалары кеңінен пайдаланылады.
Батыс Еуропада орта ғасырлық философияның қалыптасуына үлкен ықпалын тигізген, классикалық патристиканың белді өкілі Августин Блаженный (354-430 ж.ж.) көптеген діни және философиялық еңбектердің авторы. Соның ішінде «Тәубе», «Құдай қаласы туралы» еңбектері айрықша бөлектенеді.
Тарихи дәуірде кең танымал болған еңбегі «Тәубе» пұтқа табынушылардың христиан дініне кіруіне түрткі болды. Кітапта ол өзінің көңілін қанағаттандырған және дүниетанымдық ізденістеріне жауап берген христиан дініне келудегі азапты жолын сипаттап жазады. Оның 13 жыл бойына жазылған «Құдай қаласы туралы» еңбегі де кең таралым табады. Кітап 413 жылы Рим қаласының қиратылу әсерімен өмірге келеді. Августиннің замандастары осы оқиғадан күшті психологиялық тебіреніске, терең жан күйзелісіне түседі, жолдан тайған римдіктерден ежелгі рим құдайларының кек алуы, христиан дініне өткені үшін олардың жазалануы деп түсінеді.
Августин еңбегі осындай көңіл-күйге қарсы шықты және көптеген христиандыққа жатпайтын пікір, көзқарастарға қарсы тұруға икемді, бейім жалғыз сапалық бүтін ілім турінде көрсетті. Оның ойынша адам өмірінің ең жоғарғы мақсаты – Құдайға сүйіспеншілік және Ең жоғарғы иеге толық тәуелділігін жете түсінуі. Құдай – адамдардың ой-пікірлері мен іс-әрекеттерінің бастапқы және соңғы түйіні.
Августин адамзат тарихының қалыптасуы мен дамуын егжей-тегжейлі зерттегеннен кейін, бұл тарих екі патшалықта «Жер қаласында» және «Құдай қаласында» өріс алады – деп қорытынды жасайды. Жер қаласы – бұл жауыздық пен шайтандар әлемі, мұнда «оның әкім, басқарушылары мен оған бағынатын халықтарда» күншілдік үстемдік жүргізеді. Құдай қаласы – бұл мейірімділік, сүйіспеншілік пен құдайлық әлем, мұнда «алдыңғы қатарда тұрушылар басшылығына бағыныштылар бағынып, бір-біріне өзара қызмет етеді».
«Әлем неге ерте жаратылған жоқ? Соған қарағанда, ешқашан «ерте» болған жоқ. Уақыт әлем жаратылған кезде жаратылды. Құдай мәңгі, өйткені ол уақыттан тыс өмір сүреді; Құдайда ешқандай «ерте» де, «кеш» те жоқ, бары тек қана осы күн, құдайдың мәңгілігі уақыт қатынастарынан алынған; онда бірден барлық уақыт көрініп тұрады» [11. 369 б.]. Уақыт шынайылық есебінде әлемнің жаратылу үдерісінде көрініс тапты және ол Құдай жаратқан өткінші заттардың өлшемі болатын шамасынан өзге еш нәрсе емес. Уақыт әлем жаратылғанға дейін өмір сүрген жоқ, ол тек осы күнді ғана білдіреді. Осыдан өткеннің бәрі – адам есінің қасиеті болады, ал болашақ – тек қана үміт. Құдай тек уақыттан тыс болып қоймады, сонымен қатар адамдар мен материалдық әлемдерге тән өзгерістерден де тыс. «Енді әбден түсінікті,–дейді Августин,– ешқандай болашақ та, ешқандай өткен уақыт та жоқ, және үш уақыттың: өткен күн, осы күн, болашақтың өмір сүретіні туралы айту да дұрыс емес. Мүмкін уақытты: өткеннің осы күні, осының осы күні және болашақтың осы күні деп бөлген дұрысырақ болатын шығар. Біздің жанымызда өмір сүретін осы белгісіз үш уақытты мен басқа еш жерде көрмеймін: өткеннің осы күні бұл ес; осының осы күні – оның тікелей пайымдалуы, болашақтың осы күні – оның күтімі» [12. 170 б.].
Таным теориясына Августин айтарлықтай көңіл бөлді. Оның гносеологиясының негізін құдай жаратқан әлем адам ақылы жетпейтін ғажайыптарға толы дегенге саятын ирроционализм (ақыл жетпейтін) құрайды. Августин сенімді ақыл, парасаттан өлшеусіз жоғары қояды, ал Құдайлық Ашылуды адам білімнің негізгі бастауы деп есептейді. Өзінің таным теориясын «Түсіну үшін сен» деп қысқа тұжырымдайды.
Рим империясының құлдырауы және ақсүйектер билігінің әлсіреген уақытында христиан шіркеулері үлкен ықпалға ие болып, саяси орталық ретінде қалыптасып, өз идеологиясының теориялық және философиялық дәлелденуін қажет етеді. Осыдан Августиннің ірі философ, діни оқымысты есебіндегі жетістіктері христиан әлемінде келесі ғасырларда үлкен беделге ие болды.