Мәтінді мұқият оқып, тыныс белгілерін қойып шығыңыз.
Мәтін
Ертеде бір кедейдің жалғыз түйесі болыпты. Жазғытұрым түйесі боталап екі күннен кейін ботасы өледі. Ботасыз қалған жануар иімей желіні сыздап күңірене боздайды. Бұл жағдай кедейдің жанына қатты батады. Иесі бір күні сыртқа шығып қараса түйенің екі көзінен жас парлап ағып тұр екен. Сол ауылда Әуелбек деген білгір адам болады. Түйенің иесі соған барады. Сонда Әуекең «Оны тек сазбен иітуге болады. Бұл шебер домбырашының ғана қолынан келеді. Сен елге жар сал. Маяны иіткен адамға үлкен сый-тарту бересің» деп ақыл-кеңес береді. Содан әлгі кедей Егер сазбен маяны иіте алатындай өнерпаз табылса тарту берумен бірге жалғыз қызымды да соған қосар едім - деп елге жар салады. Қыздан үміткер болып, өздерінің бақтарын сынамақшы оймен хабар жеткен жерден талай домбырашы келеді. Бірақ мая иімейді.
Бірде түйені иітуге үш домбырашы келеді. Шарт бойынша маяны кім иітсе қыз сол кісіге тұрмысқа шығуы керек. Қыз маяны құдықтың басына әкеліп шелегін қолына алып саууға дайын тұрады. Үш домбырашы келісіп бірінші кезекті жасы үлкен шалға береді. Шал домбыраның үнін түйенің боздағанындай күңіренте тартқанда маяның алпыс екі тамыры шымырлап ий бастайды.
Нардың иігенін сезсе де қыз желінді қатты қысып тұрып, - Иімеді! Домбыраны келесі кісіге беріңіз - деп шалға бұйырады. Бұл шалға бармау үшін қыздың істеген әрекеті екен. Екінші кезекті алған жігіт домбыраны күңіренте тартады. Қыз өз ісін сол жерде отырғандарға сездірмес үшін күй біраз тартылғаннан кейін маяның желінін босатып сауа беріпті.
Үшінші домбырашы балаға кезек жетпейді. Бұған қатты қиналған бала қыздан айрылған өкінішіне арнап «Күйдім, жандым» деген күй тартыпты.
Осылайша үш домбырашы күйлерін тартып болған соң өз өнеріне сенімі мол шал қызға қарап:
- Шырағым! Маяны иіткен мен едім сіз зорлық жасап отырсыз. Егер осы айтқанымды бекер десеңіз біз әлгі тартқан күйлерімізді тартып үш жаққа кетелік. Осы жануар кімге «ботам» деп еміне ерер екен - дейді. Қыз маяны иіткен кім екенін біле тұрса да шалдың талабын орындауға мәжбүр болады.
Айтқандай ақ, мая шалдың артынан қалмай шапанын иіскелеп ере беріпті. Мұны көрген халық маяны кім иіткенін біледі. Бұл жағдайды жұртшылық тегіс көрген соң шал қайта келіп қызға:
Қарағым, бұдан былай өтірікке үйір болма қалаған қосағыңмен бірге қартай - деп батасын беріп қызды жігітке қосып кетіпті.
Дұрыс нұсқасы
Ертеде бір кедейдің жалғыз түйесі болыпты. Жазғытұрым түйесі боталап, екі күннен кейін ботасы өледі. Ботасыз қалған жануар иімей, желіні сыздап күңірене боздайды. Бұл жағдай кедейдің жанына қатты батады. Иесі бір күні сыртқа шығып қараса, түйенің екі көзінен жас парлап ағып тұр екен. Сол ауылда Әуелбек деген білгір адам болады. Түйенің иесі соған барады. Сонда Әуекең: «Оны тек сазбен иітуге болады. Бұл шебер домбырашының ғана қолынан келеді. Сен елге жар сал. Маяны иіткен адамға үлкен сый-тарту бересің», - деп ақыл-кеңес береді. Содан әлгі кедей: «Егер сазбен маяны иіте алатындай өнерпаз табылса, тарту берумен бірге жалғыз қызымды да соған қосар едім», - деп елге жар салады. Қыздан үміткер болып, өздерінің бақтарын сынамақшы оймен хабар жеткен жерден талай домбырашы келеді. Бірақ мая иімейді.
Бірде түйені иітуге үш домбырашы келеді. Шарт бойынша маяны кім иітсе, қыз сол кісіге тұрмысқа шығуы керек. Қыз маяны құдықтың басына әкеліп, шелегін қолына алып, саууға дайын тұрады. Үш домбырашы келісіп, бірінші кезекті жасы үлкен шалға береді. Шал домбыраның үнін түйенің боздағанындай күңіренте тартқанда, маяның алпыс екі тамыры шымырлап ий бастайды.
Нардың иігенін сезсе де, қыз желінді қатты қысып тұрып: - Иімеді! Домбыраны келесі кісіге беріңіз, - деп шалға бұйырады. Бұл шалға бармау үшін қыздың істеген әрекеті екен. Екінші кезекті алған жігіт домбыраны күңіренте тартады. Қыз өз ісін сол жерде отырғандарға сездірмес үшін, күй біраз тартылғаннан кейін маяның желінін босатып, сауа беріпті.
Үшінші домбырашы балаға кезек жетпейді. Бұған қатты қиналған бала, қыздан айрылған өкінішіне арнап, «Күйдім, жандым» деген күй тартыпты.
Осылайша үш домбырашы күйлерін тартып болған соң, өз өнеріне сенімі мол шал қызға қарап:
- Шырағым! Маяны иіткен мен едім, сіз зорлық жасап отырсыз. Егер осы айтқанымды бекер десеңіз, біз әлгі тартқан күйлерімізді тартып үш жаққа кетелік. Осы жануар кімге «ботам» деп еміне ерер екен, - дейді. Қыз маяны иіткен кім екенін біле тұрса да, шалдың талабын орындауға мәжбүр болады.
Айтқандай-ақ, мая шалдың артынан қалмай, шапанын иіскелеп ере беріпті. Мұны көрген халық маяны кім иіткенін біледі. Бұл жағдайды жұртшылық тегіс көрген соң, шал қайта келіп қызға:
- Қарағым, бұдан былай өтірікке үйір болма, қалаған қосағыңмен бірге қартай, - деп батасын беріп, қызды жігітке қосып кетіпті.