Алматы экономика және статистика академиясы



бет25/32
Дата18.03.2017
өлшемі7,39 Mb.
#11795
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   32

Енді реализмге келер болсақ, бұл бағыт Шындықтың екі жағын да толығынан мойындап, я болмаса, оларды Болмыстың құндылығы жағынан тең екі жағы ретінде түсінеді. Олай болса, бұл бағыт материализм мен идеализмнің біржақтылығын мойындамайды. Философия тарихында алғашқы реалистік жүйе жасаған “бірінші мұғалім” – Аристотель болған-ды. Ол грек философиясының натурфилософиясындағы негізгі жетістіктерді Платонның идеалистік идеяларымен ұштастырып “материя” мен “форманың” екеуінің де тең құндылықтығын айтады. Оның формуласы: “материясыз - форма, формасыз – материя жоқ”. Бұл формуланы нақтылай келе, материяны “мүмкіндік” (dynamіs), форманы “шындық” (energeіa), іске асушылық ретінде түсінеді. Форма мақсатқа лайықтылық арқылы өмірге енеді. Оны ол энтелехия, яғни, рухани күш ретінде қарайды, бұл жағынан ол Платонның “эйдостарына” жақын. Бірақ, Платонның идеялары ерекше Әлемді құрайтын болса, Аристотельдің рухани күштері материямен бірге берілген. Өйткені, Шындық - материя мен форманың бірлігінен туады, соның негізінде жеке заттар мен құбылыстар өмір сүреді. Жоғарыдағы көзқарас “жан-дүние” категориясын талдауға да үлкен жаңалық енгізеді. Ол Платонның философиясына сәйкес “сезімдік” өтпелі Дүние мен “Эйдос әлемі” екі ортасындағы дәнекер емес, ол – белсенді рухани өмірлік күш-қуат.

Реализм өзінің жалғасын Орта ғасырлардағы схоластика ағымында тапты. Бірақ, олар рухани күштің басымдылығын Құдай идеясынан іздеді.

Жаңа дәурірдегі Декарттың философиясында реализм бағыты ашық дуализмге айналады. Өйткен себебі, Декарт екі бір-біріне тәуелсіз субстанцияны – дене мен жанды мойындайды. Мұндай қайшылықты шешу жолында ол оларды бір-бірімен біріктіретін Құдайды мойындауға мәжбүр болды. Құдай- мәңгілік Абсолютті субстанция, ал дене мен жан субстанцияларына келсек, оларды жаратқан сол Құдайдың өзі. Декарттың философиясына қанағат тұтпай, голландия ойшылы Б.Спиноза монистік реализм бағытын тудырады. Оның ойынша, бір ғана субстанция бар – ол Құдай, немесе Табиғат, - шексіз субстанция. Ал, дене мен жанға келер болсақ, олар осы субстанцияның негізгі атрибуттары, яғни, қасиеттері. Сонымен, тағы да Аристотельге қайтып оралғандай болдық. Бірақ, “материя” мен “форманың” орнына “созылу” мен “ойлау” принциптері келеді. Осындай көзқарасқа сәйкес, енді материя мен формадан тұратын жеке зат – субстанция емес, ол жоғарыдағы шексіз қасиеттердің шектелген көрінісі – модустары ғана. Өйткені, созылған заттың шегі бар, ол кеңістіктің шектелуі деген сөз, қабылдау болғаннан кейін ойлаудың да шектелуіне әкеледі.

Сонымен, реализм бағытында пайда болған “материя мен форма” категориялары, “дене мен жанға”, соңында “созылу мен ойлауға” ауысты.

Енді “материя” мен “рух” жөніндегі қазіргі ғылымдағы тұжырымдарға тоқталған жөн сияқты.



а)материалдық болмыс

Бүгінгі таңдағы ғылыми деректерге сүйенсек, материалдық Дүние осыдан 20 млрд. жыл бұрын болған “Ұлы Жарылыстың” нәтижесінде пайда болды. Оған дейін материя өзінің сингулярлық, яғни бірнүктелік орасан-зор қысымдық жағдайында болған (нүкте көлемі – атомдай – 10 - минус 8 дәрежедегі см., болса, қысымдығы 10 – 94 дәрежедегі г./см!!!). Мұндай жағдайда өмір сүрген материяның ішінде қандай үрдістердің болғаны жөнінде ешкім ешқандай болжам айта алмайды.

Қорыта келе, материалдық Дүние үне бойы өзгерісте, қозғалыс пен даму үрдісінде екенін қазіргі жаратылыстану ғылымдары көрсетіп отыр. Біздің білетініміз - өкінішке орай, өте аз.

4.Сана адам миының қызметі

5.Сана проблемасы туралы тұжырымдар.

6.Сана объективті дүниені бейнесі

Болмыстың екінші таңғажайып түрі – ол сана, рух, жалпы алғанда, адамның психикасы. Гносеологиялық (танымдық) тұрғыдан қарағанда, сана – Дүниені бейнелеудің ең биік, тек адамға ғана тән идеалдық формасы. Оны біз болашақ “танымға” арналған тарауда көлемді түрде талдаймыз. Сана – материя емес, оны қолға ұстап сындырып, я болмаса, ауызға салып дәмін байқап, мұрынға жақындатып иісін анықтауға т.с.с. болмайды. Болмыстық тұрғыдан кең түрде қарағанда, сана – адамның ішкі жан-дүниесі, адам белсенділігінің психикалық деңгейі. Ал оны нақтылай келсек, ол, әрине, адамның ой толғаулары. Бірақ, ол онымен бітпейді. Ойлау, рационалдық таным – сананың өзегі болғанмен, оған адамның сезім толқындары да кіреді: адам қуанады, ренжиді, ашуланады, шаттанады, сүйеді, жек көреді т.с.с. Егер де біз кең түрде адамның психикасын алатын болсақ, оған санамен қатар бейсаналық та кіреді. З.Фрейдтің уақытында ашқан бұл жаңалығының қазіргі өмірдегі маңызы өте зор. Сонымен қатар, санаға тең емес адамның ырқы да (воля) бар. Кейбір жағдайларда адам санаға сыймайтын, оған қарсы нәрселерді жасауы мүмкін. Ф.Ницше уақытында айтқандай “нағыз адам” толқынмен бірге емес, оған қарсы жүзиді.



Адам Дүниені саналы түрде бейнелеп қана қоймай, сонымен қатар, өз ішкі жан-дүниесіне сараптау жасайды – міне, осы сәтте оның рухы оянады. Рух категориясы біздің жақында өткен тарихымызда дінмен байланыстырылып, ал “кеңес тоталитаризмі” соңғыға қарсы болғаннан кейін, философиялық әдебиетте өте аз қолданды. Негізінен алғанда, рухқа ғылымдағы жетістіктер, қоғамдық сана формалары жатқызылды.

Жалпы алғанда, рух дегеніміз – адамның өзіндік сана-сезімі, өз-өзіне “сырттай қарап” баға беруі, өз өмірінің мән-мағнасы мен қатар, жалпы Дүние жөнінде ойлауы-толғауы, тебіренісі жатады. Бұл тек дамыған адамға ғана тән нәрсе. Қайсыбір жануарды алсақ, ол өз-өзін бұлдыр сезінеді, өзін жағалай ортадан бөлек алып, оған қарсы қойып қарай алмайды. Оған қабілетті – адам ғана. Жеке адамның рухымен қатар, белгілі бір халықтың рухы жөнінде де айтуға болады. Мысалы, қазақ халқының руханияты, демек, оның өзіне тән дүниесезімі, құндылықтары. Оны әдебиетте “объективті рух” деген категория арқылы береді. Сонымен қатар, рухтың жетістіктері ғылыми, көркем шығармалар арқылы өмір сүруі мүмкін. Оны “объективизацияланған рух” дейміз. Мысалы, қайсыбір ұлы суретшінің туындысын қабылдағанда, біздің рухани өміріміз үлкен тебіреністе болып, сан-алуан сезімдер мен ойлар жан-дүниемізге келеді. Әрбір адам өзінің рухани болмысына байланысты “Венера” мүсініне әр-түрлі қарайды. Біреуі оны “құдіретті теңдесі жоқ әсемдік” ретінде қабылдаса, тайыз надан адам оған “нәпсілік” тұрғыдан қарауы мүмкін. Симфония, я болмаса, басқа саз формаларын қабылдағанда да соған ұқсас тебіреністе боламыз, т.с.с. Дегенмен де, рухтың “негізгі үйі” – нақтылы өмір сүріп жатқан тірі адамның ішінде. Оған ақыл-ой, парасат, борыш, ар-ұждан мен ұяттық аяныш, адалдық, махаббат пен сүйіспеншілік, ізгілік пен ақиқат, әсемдік, үміт пен сенім, еріктік пен әділеттілік т.с.с. жүздеген категориялар жатады. Мысалы, Н.А.Бердяевтің айтуына қарағанда, “рух дегеніміз ақиқат, ізгілік, әсемдік, еріктік пен мән-мағна…Рух дегеніміз – адам ішіндегі оның құдайлығы” (қараңыз: Н.А.Бердяев. Философия свободного духа., М.,Мысль, 1994). Расында да, “Сенің осы Құдайың бар ма?”,- деп ашына айтқанымызда – адам руханиятының тайыздығын көрсетпейміз бе? Олай болса, адам руханиятының өзегі неде?,- деген сұрақ пайда болады. Бұл талай ойшылдарды тебіренткен сұрақ болатын.

Орыстың ұлы ойшылы Ф.М.Достоевский “Дүниені сақтап қалатын Әсемдік қана”,- дейді. Әрине, көбісінде, әсемдікке ұмтылған адам зұлымдыққа бармайтыны хақ. Сонымен қатар, біз өмірде “салқын лебі” бар – адамды адамнан алшақтататын - әсемдікті көріп жүрген жоқпыз ба?

Рухты білім, ғылыммен де теңеуге болмайды. Ядролық физиканың жетістіктерін пайдалану жолында адамзат атомдық электр стансаларынан басқа неше-түрлі жан түршігерлік қару-жарақ жасаған жоқ па ? Қазақтың ұлы ойшылы Шәкәрімнің ХХ ғ. басында-ақ ар-ұжданның бақылауынан шыққан ғылымның адам түршігерлік салдарларға әкелуі жөніндегі идеяларын еске алсақ-та болғаны. Сондықтан, Шәкәрім рухтың өзегін ар-ұжданнан көрген болатын. Бұл пікірді ұстаған философия тарихындағы И.Кант, Абай, С.Л.Франк сияқты ойшылдарды келтіруге болады. ХХ ғ. экзистенциализмнің көрнекті өкілі В.Франкл “ар-ұждан – адамның ішкі Құдайы”,- деген болатын.



сана мен ми

Сана қаншалықты идеалдық құбылыс болғанмен белгілі-бір материалдық негізсіз өмір сүре алмайды. Осы арада психо-физиологиялық мәселе пайда болады. Бүгінгі деректерге сүйенсек, сананың физиологиялық негізі адамның миында жатыр. Ол негізінен алғанда екі жарты шарды құрайды. Оның үсті өте нәзік қабықтан – нейрон клеткаларынан тұрады. Орташа есеппен алғанда олардың саны 14,5 млрд.!!! Әрбір нейрон клеткасы адам саусақтары сияқты 4-5 өсіндіден тұрып, солар арқылы бір-бірімен байланысады. Сонда орташа есеппен алғанда 65-70 млрд. жуық байланыс нүктелері пайда болады. Егер де шахмат ойыншылары 64 клеткада 32 фигуралармен миллиондаған ойын варианттарын тудыра алса, 70 млрд. жуық “клеткалары” бар мидың потенциалы шексіздікке кетпей ме ?! Адамның миы өз салмағының 2,5% құрғанмен организмнің қабылдайтын от тегінің 20% жағады екен – бұл да ғажап емес пе? Яғни, жүрекпен қатар ми да өте интенсивті жұмыс істейтін мүше екені анықталды.

Адам өз түйсіктері арқылы сыртқы Дүниедегі құбылыстарды қабылдап алынған ақпаратты жүйке жүйелерімен арнаулы ми бөлімдеріне жеткізеді – міне осы сәтте оларды сараптау басталады. Қазіргі деректерге сүйенсек, ол өте күрделі биоэлектрлік “кванттық өрістер” негізінде жүреді.Ал, мидың ішкі құрылымдарына келер болсақ, олар әлі дұрыс танылмаған, өте күрделі де көне болып танылады. Олар бүкіл физиологиялық үрдістерді бейсаналық жолмен ретке келтіріп отырады деп болжауға болады. Мысалы, сіздің жүрегіңіз минутына 60 рет соқса, оны басқаратын мидың бөлігі сіздің жүрегіңізге 60 рет элктроимпульс жіберіп оны соқтыртады… Адамның бауыры әсіресе интенсивті түрде таңғы сағат 4-тен 6-ға шейін істейді екен. Бұл үрдістің уақытын анықтап басқаратын мидың арнаулы бөлігі бар т.с.с.Миды зерттеудегі негізгі қиындық - адамның ең биік құндылық екендігі, олай болса, оған ешқандай эксперименттер жасауға болмайтындығы. Сондықтан, адамның миы тек жанама түрде ғана зерттеледі. Мұндағы зерттелмеген нәрселер – шаштан да көп.

Сана және оның әлеуметтік табиғаты

Ми – сананың өмір сүруінің физиологиялық негізін құрғанына қарамастан, ол – тек құрал ғана. Сондықтан да, тарихта өмір сүрген ұлы адамдардың миының ерекшелігі зерттелген кезде, онда ешқандай ерекшелік байқалмады. Мысалы, француз жазушысы А.Франстың миының салмағы 1100 г. болса, И.С.Тургеневтікі – 2200 г. болған. Лениннің миынан да ешқандай ерекшелік табылмаған. Адам ми арқылы ойлағанмен, оның негізгі органоны - қоғамның өзі болып табылады. Адам басқа адамдар, жалпы қоғаммен, кітаптар арқылы өткен ұрпақтармен сан-қилы шым-шытырық байланысқа түсудің негізінде өз ойын дамыта алады. Сана – адамдар жасаған әр затта, жағалай оны қоршаған “жасанды табиғатта” сөнген. Өзінің өмірінің барысында сол заттарды пайдаланып, адам ондағы сөнген рухты қайта тірілтіп өз санасының құрамына айналдырады.

“Ұлы мәртебелі Табиғаттың” жасаған “аянышты тәжірибелеріне” тоқталсақ, жоғарыда айтылған ойдың ақиқаттығына көзіміз жетеді. 1920 ж. Үнді еліндегі орманда қасқырдың соңында төртаяқтап жүгіріп бара жатқан екі егіз қыз ұсталады. Олар қасқыр алып кетіп өсірген Амала мен Камала болып шығады. Оларды адами өмірге қайтару мақсатында Дели университетінің психология факультетінде зерттейді. Ақырында, адами қатынастарға шыдай алмай Амала өледі де, Камала 16 жасқа шейін өмір сүріп не бары 30-ға тарта сөздің мән-мағнасын ұғады. Бірақ, ол сөздерді сөйлем ретінде бір-бірімен ұштастырып айта алмайды. Олар күндіз енжар болып қалғу үстінде болса, түнге қарай көздері жарқырап, қасқырша ұлып, белсенділік көрсетеді…

сана және тіл

Ойлау үрдісін тілсіз көзге елестету - өте қиын шаруа. Егер ми сананың физиологиялық негізі болатын болса, тілді шынайы ойдың “материясы” ретінде түсінуге болады. Айтылған сөз – дыбыс толқындары – материалдық құбылыс екені ешкімнің дауын тудырмайтын жәйт. Тіл дегеніміз ойды, адами қатынастарды қамтитын белгілі бір белгі жүйесі. Тіл – ойдың сыртқы материалдық қабығы, соның арқасында адамдар бір-біріне неше-түрлі ақпараттарды, өз ойларын жеткізе алады. Сонымен қатар, адамның өзіндік санасының өзі тілмен берілген – тілсіз ойлау тіпті мүмкін емес. Тіл мен сана – күміс ақшаның оңы мен астары сияқты – бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Тарихи қоғамның Дүниеге келуі – тіл мен сананың да пайда болуымен тең. Тілдің Дүниеге келуінің биологиялық алғышарттары ретінде жоғарғы жануарлардың неше-түрлі дене қозғалыстары мен дыбыс сигналдарын айтуға болады. Алғашқы тобырда бірігіп аң аулау барысында ең алдымен “ымдасу тілі”, дене қозғалыстары арқылы адамдар әр-түрлі хабарларды бір-біріне жеткізеді, сонымен қатар, неше-түрлі сезім толқындары (қуаныш, я болмаса, қайғы, ауыру т.с.с.) олардың аузынан неше-түрлі дыбыстарды шығарады. Соңында, еңбек құралдарын жасауға көшкен кезде, ой мен тіл шынайы тез қарқынмен дами бастайды.



Әр халық өзінің дүниеге келуі мен даму барысында өзіне тән тілін қалыптастырады. Тілде мыңдаған жылдар бойы жасалған өмір тәжірибелері қорытылып, халықтың рухани байлығына айналады.

сана және кибернетикалық құралдар

Электрондық-есептеу құралдары пайда болысымен-ақ оларды адамның миымен салыстыру, олардың бір-бірінен айырмашылығын зерттеу үрдістері басталып кетті. Бұл сала өте тез қарқынмен дами бастаған сайын бұл мәселе де философиядағы өзекті салаға айналды. Бүгінгі таңда неше-түрлі роботехника пайда болып, тіпті толығынан автоматизацияланған адамның қатысуынсыз жұмыс істейтін цехтар, тіпті заводтар дүниеге келді. Бүгінгі таңдағы адам электрондық әуенді тыңдай алады, жобалау институттарын компьютерлік жабдықтарсыз көзге елестету өте қиын. “Genіus” деген өте күрделі компьютер Әлем чемпионы Г.Каспаровтың өзін жеңіп кеткені бүкіл адамзат қауымын таңғалдырған болатын. Аса күрделі компьютерлік бағдарламаларда шығармашылық тұрғыдан ізденіс жасай алатын жасанды интеллекті де байқауға болады. Американ фантастика жазушысы А.Азимов болашақта адамның өзіне пара-пар роботтар дүниеге келіп, адамға қарсы көтеріліс жасап, өз еркіне көндіру әрекетін жасауы мүмкін деген қиял айтады.

Олай болса, мәселе тікелей қойылып, жасанды интеллект алдағы уақытта адамның өзін ауыстыруы мүмкін бе?,- деген ашық сұрақ пайда болады. Әрине, адамның миы – бүгінгі таңдағы ашылған ең күрделі биік дәрежеде ұйымдасқан материя – ол кванттық деңгейде жұмыс істейтін өте нәзік ойлау құралы. Сонымен қатар, электрондық-есептеу құралдары да жартылай өткізгіштердің негізінде жұмыс істейтін сандық құрылымдармен байланысты материалдық үрдіс. Міне, осы жақтарынан ми мен компьютерді салыстыруға болады. Информациялық қабылдаулар мен байланыстар, басқару мен бақылау жүйелерінің заңдылықтары тірі организмдер мен автоматикалық құралдарда сандық жағынан алып қарағанда ортақ болуы мүмкін. Мысалы, компьютердегі информацияны қабылдау, өңдеу және жауап қайтаруы мидың түйсіктер арқылы деректер алып оларды өңдеп жауап беруіне өте ұқсас. Әрине, тірі организмде болып жатқан нәзік физика-химиялық үрдістерді өлі табиғаттағымен толығынан тепе-тең салыстыру мүмкін емес. Бірақ, соған қарамастан олардың ұқсас жақтары да болғандықтан, математика ғылымының негізінде оларды модельдеуге болады.

Бүгінгі таңда кибернетикалық құралдар өте күрделі өндіріс жүйелерін басқаруға көмектеседі. Бірақ, сол басқару бағдарламасын компьютердің “жасанды санасына” еңгізетін сол адамның өзі емес пе? Компьютер миллиондаған ақпараттан ең тиімдісін бірнеше секундта таңдап алып адамға ұсынады. Ол адамның миын тұрпайы есептеу үрдістерінен босатып оның шығармашылық мүмкіндіктерін іске асыруға жағдай тудырады. Әрине, кейбір аса күрделі компьютерлік бағдарламаларда шығармашылық ізденістердің элементтері еңгізілген. Дегенмен де, жасанды интеллект шынайы шығармашылық ізденіс жасай алмайды. Бұл мәселеге толығырақ тоқталайық.



Жалқылық пен жалпылық

Болмыстың ішкі астарын ширатып талдауды неден бастауымыз керек ? - Әрине, бұл сұраққа жауап беру оңай шаруа емес. Діни философия оны Құдаймен теңестіреді. Идеалистік философияның көрнекті өкілдерінің бірі Г.Гегель өз философиясын "абсолюттік идея" ұғымынан бастайды. Ал материалистік бағыт ұстаған ойшылдар оны "материя" ұғымынан бастайды. Бірақ, уақытында ұлы Гегельдің өзі-ақ айтып кеткендей, ешкімде ешқашан абстрактылық "материяны" көрген жоқ, дүниеде тау-тас, ағаш, ауа, қой, ешкі т.с.с. нақтылы заттар бар, ал материяның өзі-ақ абстрактылық ұғым емес пе? Ал Л.Фейербахқа келер болсақ, болмысты талдауда күнбе-күнгі көз алдымызда өмір сүріп жатқан заттар мен құбылыстардан, яғни "міне", "мынау", "анаудан" бастап әрі қарай өрлеуіміз қажет деген пікір айтады. Біздің ойымызша, соңғы ойшылдың пікірі дұрыс сияқты. Расында да, осы пікірді талдап көрейікші. Егерде біз адамды қайсыбір жануармен салыстырып байқасақ, онда оның шексіз айырмашылығын байқаймыз, өйткені, жануар өзін жағалай қоршаған ортадан айырып ала алмайды, ол өзінің туа біткен инстинктері мен шартты рефлекстері арқылы табиғатпен біртұтас өмір сүреді. Ал адамға келер болсақ, оның санасы пайда болған сәттен бастап, ол өзінің басқа заттардан бөлек ерекше болмысын сезінеді, сонымен қатар, басқа заттардың да дара, ерекше өмір сүретінін байқайды. Осы ерекшелікті сезінудің нәтижесінде адамдардың санасында даралық, жалқылық, ерекшелік, зат, құбылыс т.с.с. ұғымдар пайда бола бастайды. Сонымен қатар, адам өз дербестігін, ерекше болмысын сезініп қана қоймай, оны қоршаған жағалай ортамен байланысын, сонда өмір сүріп жатқан заттар мен құбылыстардың өзара байланыстарын да байқайды. Өйткені, оған тірі жан ретінде тамақ ішуі, баспана іздеуі, басқа аңдардан қорғануы т.с.с. қажет. Бұл қажеттіктердің өтелуі жағалай қоршаған заттар мен құбылыстарды пайдалану арқылы ғана іске асуы мүмкін.

Енді бүгінгі таңдағы философиялық тұрғыдан қарасақ, онда біз жалқылық, даралық болмыстың өмір сүру формасы екенін байқаймыз. Дара, жалқы дегеніміз – кеңістік пен уақыттың шеңберінде шектелген зат, я болмаса құбылыс. Болмыстағы нақтылы да шынайы өмір сүріп жатқан заттар мен құбылыстар – дара, жалқы, ешқашанда қайталанбайтын, тек өзіне тән ерекшеліктерімен көрінеді. Қазақ халқы оны "бес саусақ бірдей емес" деген нақыл сөзбен берген. Мысалы, қазіргі жер бетінде өмір сүріп жатқан 6 млрд. адамның ішінен екі бір-біріне толығынан пішін-түрі жағынан ұқсасты табу мүмкін емес. Сондай-ақ олардың әрбіреуінің ой-өрісі, руханияты да өзгеше қайталанбайтын жақтарымен суреттеледі. Элементарлық бөлшектерден бастап жұлдыздар әлеміне дейін ғалымдар толығынан бір-біріне ұқсас ешқандай екі затты тапқан жоқ. Қорыта келе, даралық, жалқылық дегеніміз – шындықтың болмысының өмір сүру тәсілі болып шықты.

Сонымен қатар, бұл Дүниеде екі бір-бірімен толық ұқсастығы жоқ екі затты табу да мүмкін емес. Егерде олай болатын болса, Дүние өмір сүре алмас еді, заттар мен құбылыстар бір-бірімен байланысқа түсіп біртұтас әлемді құра алмаған болар еді. Дүниеге ұқыпты көзбен қараған адам заттар мен құбылыстардың бір-бірімен шытырман байланыста екенін байқайды – ал оның астарында олардың ұқсас жақтары, тектік бірлігі, жалпы қасиеттері жатқан жоқ па? -Әрине, солай. Жалқы заттар мен құбылыстар үне бойы бір-бірімен байланыста, өзара әрекет жасауда, бір-бірін анықтауда. Оның өзі олардың жалпыға бірдей қасиеттері арқылы ғана іске асады. Сонымен, жалпылық дегеніміз де болмыстағы жалқы заттар, құбылыстар мен үрдістердің өмір сүру заңдылығы болып шықты.

Жалпылық пен жалқылық Орта ғасырдағы негізгі философиялық мәселеге айналып реализм (realіs,- латын сөзі,- шынайы) мен номинализм ( nomіnіs,- латын сөзі, -есім, ат) бағыттарын тудырады. Негізгі мәселе – жалпылықтың (сол кездегі терминмен айтсақ- универсалиялардың) онтологиялық (болмыстық) статусын (орнын) анықтауда болды. Реалистер жалпылық жеке заттардан бөлек өмір сүреді деген пікірге келіп, қалай айтқанда да, заттар әлемінен бөлек өмір сүретін идеалдық әлемді, я болмаса Құдайды мойындайды. Мысалы Орта ғасырлық схоластиканың көрнекті өкілі Ф.Аквинский универсалиялар үш түрлі өмір сүреді деген пікірге келеді. Біріншіден, ол Құдайдың ойынан шыққан болашақ заттардың идеалдық үлгілері, екіншіден заттардың ішкі мән-мағнасы, үшіншіден, заттарды зерттеудің нәтижесінде пайда болған адамның басындағы ұғымдар. Ал номиналистерге келер болсақ, олар тек дара жеке өмір сүретін заттар ғана шынайы, ал жалпылық дегеніміз – заттардың ұқсас жақтарын пайымдаудың негізінде қойылған есімдер ғана деген пікірге келеді.

Жаңа дәуірдегі ойшылдар көбіне номинализм бағытына жақынырақ болды. Мысалы, Дж. Локк жалпылық заттарда өмір сүрмейді, оларды ойлап шығарған адамның зердесі деген пікірге келеді – олар неше-түрлі сөздер, идеялар, белгілер ғана. Б.Спиноза ұғымдардың шығу тегін заттардан іздеу керек деген дұрыс пікір айтқанмен, жалпылықты тек қана заттардың қарапайым ұқсастықтарынан іздеді.

И.Кант бұл ойды тереңдетіп жалпылықтың екі түрін мойындайды. Олар – тәжірибеден шығатын және априорлық (тәжірибеге дейін берілген) жалпылықтар. Ғылыми зерттеулер, тәжірибе арқылы жасалатын жалпы ұғымдар әрқашанда жеткіліксіз, өйткені, күндердің бір күнінде жаңа деректер пайда болып ұғымның шеңберін бұзуы мүмкін. Априорлық жалпылықтарға келер болсақ, олар трансцендентальды (transcendens,- латын сөзі,- аттап өту, яғни бұл Дүниенің әржағындағы деген мағна береді.) санаға жатады, оның табиғатын біз ешқашанда тани алмаймыз.

Г.Гегельге келер болсақ, ол жалпылықты "абсолюттік идеямен" теңейді. Бірақ ол заттардың ұқсас жақтарын қамтитын қарапайым абстрактылық жалпылық емес, ол – шынайы нақтылы жалпылық. Соңғыны ол заттар мен құбылыстардың даму заңдылықтарына теңеп, ал оның өзі әрқашанда даралықтың негізінде ерекше көрініп, жекенің де өзіне тән байлығын бойына сіңіреді,- деген терең ой айтады. Жас жігіт пен пісіп-жетілген азамат та белгілі бір нақыл сөзді айтуы мүмкін, бірақ олар оған әр-түрлі мағна береді, өйткені, екінші өзінің бай өмірден алған тәжірибесі мен білімі арқылы оны жете түсінеді.

Маркстік философияда Гегельдің "нақтылы жалпылық" идеясы жоғары бағаланып, сонымен қатар, жалпылықтың қайнар көзін "абсолюттік идеяға" теңеуін сынға алады. Жалпы ұғымдарда объективті шындықтағы жалпылық бейнеленеді, ал оның өзі заттар мен құбылыстардың ішкі нақтылы теңдігі. Ол заттардың өмір сүруінің негізі, оның көрінісі – заң.

Сонымен, оқырманның байқағанындай, философия тарихында даралық, жалқылық пен жалпылықтың өзара диалектикасы ғасырлар бойы зерттеліп бүгінгі таңдағы мәресіне жетті. Оған қорытынды жасасақ, жалқылық жалпылыққа әкеледі, ал соңғы жалқылықтың бойында өмір сүреді. Алайда, олардың екеуінің арасындағы дәнекер – ол ерекшелік. Сондықтан, Дүниедегі әр зат, құбылыс, үрдіс - өзінің ерекшелігімен танылады. Ерекше зат өз бойына жалқы мен жалпыны тек өзіне ғана тән жолмен біріктіреді. Соның арқасында Дүниедегі көпттүрліктің бірлігі қамтамасыз етіледі.

Жалқылық пен жалпылық диалектикасын жете түсіну арқылы өткен Кеңес қоғамы мен қазіргі Егемен елімізде жүріп жатқан үрдістерді талдауға мүмкіншілік аламыз. Кеңес заманында жалпылық басымқы категорияға айналып, жеке адамдардың құқтары, олардың шығармашылық ерекшеліктері дұрыс ескерілмеді, сондықтан, қоғам тоқырауға ұшырады. Бүгінгі таңда біз керісінше ағымды байқаймыз. Жекелік, адамдардың құқтарын сақтау, оларды шығармашылық жолға, ізденіске бағыттау - қазіргі саясаттың негізгі арқауы болып отыр. Ол, бір жағынан, экономикалық дағдарыстан тезірек шығуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, ұжымдық мүдделердің іске асуына нұқсан келтіруде – ол бүгінгі таңда баршаға аян.

Тәуелсіздік пен тәуелділік

Жалқы мен жалпы категорияларымен тығыз байланысты, болмыста терең тамырланған ұғымдар – тәуелсіздік пен тәуелділік ұғымдары.

Бұрынғы философия оқулықтарында бұл ұғымдар жоқ болатын-ды. Бірақ, бүгінгі таңда қазақ елі тәуелсіз мемлекет орнатып жатқан кезде, олардың мән-мағнасы күрт өсуде, өйткені, тәуелсіздік – кейбір әдебиетте кездесетіндей, бұрынғы одақтас кеңес республикаларындағы ұлттық элитаның билікке деген ұмтылысынан пайда болған құбылыс емес, оның түп-тамыры тереңде – болмыстың өзінде жатыр. Тәуелсіздіктің баянды болуы, оның ауадай қазақ халқына қажеттігінің негізінде осындай философиялық пайымдау жатыр.Енді осы айтылған тұжырым жалаң болып көрінбес үшін, оны дәлелдеп көрелік. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Дүниеде – Жер болсын, Аспан болсын – біз екі бір-біріне толық ұқсас зат, я болмаса, құбылысты таба алмаймыз. Микроәлемдегі элементарлық бөлшектерден бастап Мегаәлемдегі жұлдыздарға дейін әрбір зат, я болмаса, құбылыс тек өзіне тән болмысымен сипатталады. Даралық және қайталанбастық, басқаға ұқсамастық, жалпы алғанда, материалдық және рухани болмыстың өмір сүру тәсілі болып табылады. Оны өз уақытында Эпикур болжамдаған болатын. Оның ойынша, атомдар кеңістікте құлдырап бара жатқан кезде алғашқы бағытынан “өз еркімен” ауытқиды. Қазіргі ядролық физиканың деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңдағы ашылған 300 – ге жуық элементарлық бөлшектердің әрқайсысының өз табиғаты, сыры бар. Ең ақырында, бүгінгі таңдағы ашылған ең ұсақ бөлшектер – адрондардың құрылымын құрайтын кварктардың өздері "бір-бірінен салыстырмалы түрде тәуелсіз және біршама еріктіктің деңгейінде өмір сүреді" (қараңыз: Материалистическая диалектика., М., Мысль,1983, стр.61). Әсіресе, көрнекі түрде тәуелсіздіктің сипатын тірі және өлі табиғаттағы, қоғам өміріндегі статистикалық үрдістерден байқауға болады. Мысалы, газ табиғаты жөніндегі қазіргі теориялар әрбір молекуланың бір-бірінен тәуелсіздігін көрсетеді. Тек қана сырттай шектеу қойылған кезде ғана (белгілі бір құйманың ішінде) олар бір-бірімен болуы мүмкін байланыстарға түседі. Сол себепті, статистикалық заңдылықтардың негізінде әрбір бөлшектің бағытын білу мүмкін емес, ол оның дербестігін, тәуелсіздігін көрсетеді, тек олардың жиынтығының заңдылықтарын ғана анықтауға болады. (қараңыз: П.В.Алексеев., А.В.Панин. Философия., М., Проспект, 1998, стр.424). Термодинамиканың екінші бастамасы Дүниеде дезинтеграция (ыдырау), энтропия (күш-қуаттың төмендеуі), хаос (бытырау) үрдістері жүріп жатқанын мойындайды. Ал мұның өзі де заттар мен құбылыстардың болмыстағы "өз еріктігіне” деген “ұмтылысын” көрсетпей ме? Өйткені, олардың әрбіреуінің болмыстағы өз негізі бар ! Классикалық механиканың негізгі қағидаларының бірі - әрбір зат өзінің массасы (салмағы) арқылы ерекшеленеді, ал оның өзі бастапқыдан бір-бірінен тәуелсіз берілген.

Ал егерде адам болмысына келер болсақ, "Дүниеде болу - ерекшеленуге" теңеледі, яғни, әр тұлға өз бойындағы табиғи дарындарын өрістетіп дамыту арқылы өмір сүреді. "Адам құқтары" аталатын бүгінгі таңдағы кең таралған қағида өзінің тереңге кететін түп-тамырында тәуелсіздік ұғымына, тұлғаның басымдылығына негізделген. Бүгінгі қоғамдардағы шарпыған әлеуметтік аномияның (ауытқудың) терең себептерінде адамдардың өз болмыстық негіздерінің дамуына қанағаттанбаушылық жатыр. Сондай-ақ, әр халық өз тәуелсіздігіне жетуге, соның негізінде мәдени құндылықтарын, дүниесезімі мен дүниеқабылдауын сақтауға тырысады.

Қоғамның рухани саласына келер болсақ, тек қана өзіндік болмысымен көрілетін төл шығарма ғана құндылығымен танылады. Сол себепті Құрманғазы мен Абайдың, Қастеев пен Тәттімбеттің т.с.с. шығармалары халықтың санасында мәңгілік сақталады. Ал өзіндік негізі жоқ "біркүндік" туындылар бүгін дүниеге келіп, ертең-ақ ұмытылып қалады. Тіпті математиканың ең абстрактылық саласы - метаматематиканың өзін алсақ, оның өзі де ауыспалы тәуелсіздікке негізделген.

Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, тәуелсіздік категориясының болмыстық статусын (орнын) мойындауға тура келеді.

Сонымен қатар, Дүниедегі өмір сүріп жатқан бірде-бір зат, құбылыс өзіндік болмысына қаншалықты "ұмтылса да" толығынан өзімен-өзі бола алмайды, сондықтан ол өз тәуелсіздігінің белгілі бір бөлігінен айырылуға мәжбүр болады. Мұны соғыстан кейінгі Албанияның әлеуметтік тәжірибесі айқын көрсетті. Батыспен де, Шығыс социалистік елдерімен де байланыстарын үзген сол елдің басшылары өз Отанын толық апатқа дейін әкеліп тіреді емес пе? Бүгінгі әлемде адамзатқа қажет 2,5 млн. жуық әртүрлі заттар өндірілсе, бірде-бір мемлекет, қанша алып болса да, басқа елдермен қарым-қатынасқа, кооперацияға түспей дербес өмір сүре алмайды. Олай болса, тәуелділік тәуелсіздікке контрарлы, яғни қарсы бағытталған категория болып шықты. Егер тәуелсіздік жалқының қайталанбайтын өзіндік жақтарымен тығыз байланысты болса, тәуелділік жалпылықтың негізінде өмір сүреді. Аталған екі категорияның "басын біріктіретін" дәнекер – заттар мен құбылыстардың өзара тәуелділігі, өйткені, зат пен құбылыстың өзіне тән қайталанбас жақтарымен есептеспейтін біржақты тәуелділік – ертелі-кеш бұзылады, басқа жағдайда – тәуелді заттың құруына әкеледі. Мысалы, бұрынғы Кеңес Одағының күрт жарылуының негізгі себептерінің бірі ретінде оның халықтардың тілі мен діні, әдет-ғұрпына тигізген зәбірлігі болды емес пе? Барлық халықтарды "орыстандыруға" бағытталған саясат ішкі наразылықты тудырып, ұлт-азаттық сезімді, халықтың ар-намысын оятты. Егер де Ресей саясатшылары уақытында шешен халқына федерацияның шеңберінде дербес даму мүмкіншілігін бергенде -бүгінгі қантөгіс болмаған еді.

Тәуелсіздіктің соңғы 10 жылында елімізді бүкіл әлемге таныту мен мойындату жолында көп жұмыстар жасалды. Бұрынғы Кеңес қоғамының ядрорлық қаруларынан бас тартудың арқасында, ең ірі мемлекеттерден, соның ішінде АҚШ, Ресей, Қытай елдері де бар, тәуелсіз өмір сүруіміздің кепілін алдық. Бұл біздің жас дипломатиямыздың ең ірі жетістіктеріне жатады. Соның арқасында Қазақ елі бүкіләлемдік қауымдастыққа бейбіт өмір аңсайтын қоғам болып танылып, мәртебесі көтерілді. Біздің несібемізге тиген мол табиғи байлықтың арқасында көп дамыған елдердің мүдделерін елімізде қалыптастырдық, миллиардтаған доллар инвестицияларды тартып, халық шаруашылығын жаңа жолға қойдық. Бұл да тәуелсіздіктің негізгі факторларын құрайды. Ел астанасын жаңа жерге көшіру - жаңа мемлекетті құрудың символы, тәуелсіздік жолындағы қажымас саяси ырықтың көрінісі болды. Отандық мәдениет дамуының жаңа сапалы сатысы ашылып, ұлттық руханияттың қайнар көздері ой елегінен өткізіле басталды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет