Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет


АДАМГЕРШІЛІК-ТҰРМЫСТЫҚ ТРАГЕДИЯ



бет8/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   29
АДАМГЕРШІЛІК-ТҰРМЫСТЫҚ ТРАГЕДИЯ
Қат-қабат қайшылықтарды, үлкен тартыстарды аз ғана адамдардың тағдыры, тіпті бір отбасы мүшелерінің қым-қиғаш тірлігі арқылы көрсетіп беру тәжірибесі дүниежүзілік әдебиеттің ұзына бойы тарихынан белгілі дәстүр. Басқа жанрларды ауызға алмаған күннің өзінде, драматургиядан ондаған мысал келтіруге болар еді: көне грек әдебиетіндегі «Патша Эдип», ағылшын әдебиетіндегі «Любовь Яровая» пьесалары.

Бір отбасындағы мінез-пиғыл, арман-тілек, білім-өре, характер-сипат айырмашылықтары – ерекше шиеленіскен түйін ретінде, әсіресе, драмалық шығармаға жақсы өмірлік материал.

1918 жылы жазылып, 1932 жылы жарық көрген «Бәйбіше-тоқал» трагедиясы - Әуезовтың төңкеріс алдындағы қазақ өмірін суреттейтін драмалық, прозалық шығармалар циклі ішіндегі бір алуаны. Бұл трагедия тақырыптық жағынан Қошке Кемеңгеровтің « Алтын сақина» пьесасымен ыңғайлас келеді. Негізінен, бір семья ішіндегі рухани қақтығыстардың шиеленісін, көк жұлын болып, ішкі-сыртқы соққылардың дүмпуінен жиылып келіп, ақыры кісі өлімімен аяқталуын көрсететін пьесаның қаһармандары, олардың әлеуметтік ортасы, тұрмыс-салты типтік жағдайда берілгендігін бірден айту қажет. Материалды іріктеу принципінен жас драматургтің әлемдік әдебиеттің классикалық үлгілерінен сабақ алғандығы жақсы аңғарылады.

Сюжеттік желісі, басты қаһармандары халықтық аңыздан өрбіген «Еңлік – Кебек» трагедиясынан кейін араға небәрі бір-ақ жыл салып, фабуласын, композициясын, архитектоникасын, образдарын, идеясын өз жанынан шығарып, соны, оригиналды драматургиялық шығарма тудыру - Әуезовтың творчестволық эволюциясының тез өскендігін, жылдам марқайғандығын дәлелдейтін факторлардың бірі.

Бұл күрт өсу тенденциясы Мұхтардың өзінен бұрын қазақ әдебиетінде қозғалмаған қабатты қопарумен қоса, драматургияның жанрлық ерекшеліктері мен объективті көркемдік заңдылықтарын бажайлап түсініп, материалды еркін баурап пайдалануынан да байқалады.

«Бәйбіше-тоқал» трагедиясын тақырыптық жағынан алғанда, Спандияр Көбеевтің «Қалыңмал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» тәрізді шығармаларымен сабақтастыра қарау қажет.

Талант, тәжрибе, шеберлік әр қилылығынан туған өзгешеліктерге қарамастан, бұл шығармалардың бәрін ұқсас ететін нәрсе бар. Ол – қалыңмал кесапатын сынау, әйел теңсіздігін әшкерлеу. «Еңлік-Кебектің» алғашқы нұсқасындағы негізгі сарынның бірі осы болса, «Бәйбіше-тоқалда» бұл тақырыпты Әуезов басқа қазақ жазушыларынан өзгеше кемерде шешеді, жаңа бір пайымдау жасайды.

Әуезов трагедиясына әйел теңдігі мәселесі дара күйде алынбайды. Билікке таласу, партиягершілік сұмдығы, түрлі ситуациялар көрініс береді,әлденеше типті адамдар өзіндік психологиясымен ашылып, қазақ қоғамының бір қыры көз алдымызға келеді.

Жоғарыда аталған шығармалардың қайсысында болмасын әйелдер запы көрген, соры қайнап, сорпасы төгілген пұшаймен жандар ретінде суреттелсе, Әуезов суреттің екінші қырын қақас жібермейді. Кейбір әйелдердің өзінің де зорлықшы, тізе батырушы, қолшыл сипатын бейнелейді.

Мұхтар Әуезовтің жиырмасыншы жылдардағы драматургиясына қатысты бір деректі Семей губерниялық атқару комитетінің органы «Қазақ тілі» газетінің 1926 жылғы 26 ақпандағы санынан оқимыз. «Қала жастары Затондағы қазақ жұмысшыларына қазақша сауық жасады. Тамашада жас жазушы Мұхтар Әуезовтың «Ел ағасы» драмасы сөз болып отырған мақаладан пьесаның ұзын-ырға сюжетін аңғарамыз.

Дүтбай атты бай немересіне Битемір деген момынның қызын айттырған. Аяқ астынан әйелі өліп, жас иіске Дүтбайдың өзінің көңілі кетеді де, күйеу баласы Жұмақанға салмақ салады. Битемірдің жалғыз қызы Әсия сол жердегі Қабыш деген мұғаліммен көңіл қосып, уәде байлап жүреді. Бірақ содырлы Жұмақан тапа тал түсте Әсияны байлап-матап, зорлықпен атасы Дүтбайға әкеліп береді.

Әсияның жақын ағасы, оқыған жігіт Ермек, сүйген жары Қабыш қаладан милиция әкеп , зорлықты тияды. Қабыш пен Әсия қосылады.

Мақалада Дүтбай болып Кенжебек, Битемір болып Латиф, Ермек болып Уәли, Жұмақан болып Сейтқазы, Әсия болып Үшкенбике деген кісілердің ойнағандығы айтылады. Спектакьден соң концерт қойылып, онда атақты Әміре, Әлмағанбет ән салады, Әндерке дейтін адам бақсы болып шығады.

«Ел ағасы» драмасы қандай жағдайда, неліктен жоғалғандығы бізге әзірше беймәлім. Газет дерегінің өзіне қарап-ақ, «Ел ағасы» пьесасы әйел теңсіздігін сынайтын прогресшіл идеядағы шығарма екенін көреміз.

«Бәйбіше-тоқал» трагедиясы Есендік байдың қызы Дәмеш пен келіні Күләштің қоңыр қабақ, қамкөңіл пішінде төмен қарап, мұңайып отырып айтатын әңгімесінен басталады. Авторлық ремаркадан бұл үйдің қаралы екендігі белгілі болады. «Еңлік-Кебектің» алғашқы нұсқасындағыдай тұрмыстық детальдары санап көрсеткен ремарка емес, көңіл күйге, психологияға қатысты дәлді, қысқа ремарка бар.

Бір қарағанда, алғашқы көрністе қимыл, сахналық әрекет аз сияқты. Ал, шындығында «шу» дегеннен көп сырдың беті ашылады: Есендіктің бәйбішесі Бәтима дүние салғалы жиырма күн болыпты; тоқалы Қайшаның бәйбішемен, одан туған балалармен қаны қас; Есендіктің тоқалына бүйрегі бұрған сыңайы бар; от басы, ошақ бұтының күндестігі емес, мал-мүлікке, дүние-байлыққа таласу – бұл шаңыраққа түскен жарықшақтың ең үлкені.

Дәмен мен Күләш арасындағы диалог көп түйіннің қарасын көрсетіп, әр кемерге сілтеп, тартыстар ауданын аңғартады.

Сырттай аз мінездеудің өзінен Қайша сырынан хабардар болып қаламыз. Бұл көрініс – трагедияның экспозициясы. Салған жерден негізгі тартыс арнасының бағыты айқындалады. Рас, Дәмештің көбіне сұрақ қойып, оған Күләштің жауап беруі ретінде қиыстырылған бұл сценада ширыққан драмалық әрекеттен эпикалық баяндау басым.

Пьесаның әр пердесі бірнеше көрініске бөлінген. Бірақ сол көріністер арасында пышақ кесті су ағар жоқ, оқиға бөлшектенбес ағын сияқты тұтасып келіп отырады. Кішкентай-кішкентай эпизодтар өзара байланысып, сюжет бірлігін құрайды.

Шағын экспозиция арқылы тартыс өрнегінің шетін шығарып алған драматург біртіндеп оқиғағанегізгі қаһармандардыараластыра отырып, характерлерді кескіндейді. «Бәйбіше-тоқал» трагедиясында Әуезов, әсіресе, интриганы шебер пайдаланған. Өздерінің түпкі, астарлы мақсаттары үшін Есендікті, оның ұлдары Төлеужанды, Демеужанды, Қуатжанды, тоқалы Қайшаны, бір жағынан Әбділдә жем еткісі келсе, екінші жағынан Бейсенбінің де табан тіреп, тістесіп, сеніп отырғаны – осы үйдің байлығы мен дүниесі. Есендік отбасы қос оттың ортасында.

Табалдырық аттағаннан Әбділдә Қайшаны бәйбіше балаларына қарсы қоя келеді. Дүние салған Бәтиманы сырттай мақтап, тоқалды жер қыла сөйлейді. Әбділдәнің сөздері ширақ, өткір, драмалы. Үшінші көріністегі Әбділдә мен Қайшаның бетпе-бет кездесуі екуінің де характерін бірталай ашып беретін сахналық ішкі әрекетті сцена болып табылады.

Қайша бірден Әбділдані бас салады. Адуын, апайтөс, орақ ауыз, от тілді әйел көз алдымызда тұр! Кішірею, сыпайылық қаймығу дегеннің бәрін жиып тастаған. Шапшыған көк айыл Қайша аузынан шыққан әр сөз өткір пышақ жүзіндей, тиген жерін кесіп түсіп жатыр. Қайша дүмше молданың құмға түскен құмырсқа ізіндей жазуымен шимайлап бергені шірткісінен зәреқұты қалмай қорқатын әйелдерден емес. Ол өзі айтқандай: «Байды да, баланы да, дүниені де билейді». Жұлқынып шыққан қалпында құранның өзін бір теуіп, жүріп кететін кескін танытады.

Бет бақтырмас ызақорлық, кеуде соққан менмендік – Қайша сөздерінің ішкі рухы. Ел арасы дауының жауырыны жерге тимес палуаны Әбділдә жымысқы, зымиян, жырындылығын көрсетіп, Қайшаны ықтырып алмақ болып, тізеге салады. Бірақ жеңілер, мойынсұнар, қолтыққа кірер Қайша жоқ. Бала-шағаның, шұрай топтың көзінше Әбділдә Қайшаның жасырын көмбелерін ашып, тіпті ашыналық қылмысын бетіне салық етіп басқанымен, еңсеріп кете алмайды. Өйткені, Қайша оларын өзі де жасырмайды. Ақыры, олай-бұлай ырғағанына құламаған Қайшадан Әбділдәнің өзі қашып құтылады.

Трагедиядағы тартыстың түйін-шиесін бесінші көріністе жақсы аңғарамыз. Конфликтіні қоздырушы күштің бірі – Бейсенбі алғаш осы орайда сахнаға шығып, өзінің де, басқаның да талай жұмбағын шешеді.

Революция қарсаңындағы қазақ қоғамында халық басына кеселді зардабын тигізген қырсықтардың бірі - әділетсіз сайлау системасы. Жалған, сорақы әдістер арқылы елді алдап, арбап билікті қолға алушылар,әсіресе, сайлау науқаны басталарда өз тобына кісі тарту үшін әрлі-берлі шапқылап, ала өкпе, қызыл танау болатынын, неше түрлі әдіс-айла қолданатынын Абай:

Болыс болдым, мінеки,

Бар малымды шығындап.

Түйеде қом, атта жал,

Қалмады елге тығындап, -
деп келетін әйгілі сатиралық өлеңінде мансаптың жуандар қолына қалай түсетінін дәл бейнелеп, олардың күйкі тірлігін өлтіре, уытты тілмен өртей сынаса, жас драматург Әуезов «Бәйбіше-тоқал» трагедиясында осы мәселені кең қамтып, жан-жақты суреттейді. Болыстыққа, билікке таласушылардың қарақан бастарының қамы үшін қисапсыз сұрқиялық жасап, қолдарынан келгеннің бәрін істейтіні көрсетіледі. Бұл қадамдар аткөпір дүние шашу, мал шығыны, қыруар ақшамен ғана тынбайтын, адамдардың өмірі мен тағдыр-талайымен мидай араласып жатқан кесірлі, шырғалаңды, қылмысты істермен сабақтастығын болыс сайлауы алдында жасақ жиып, өкпесін қолына алып, шапқылап жүрген Әбділдә, Бейсенбілердің қылығы жақсы дәлелдейді. Бірінші пердедегі бесінші көріністі маңызды дегенде осы мәселені айрықша бөліп қарап отырмыз.

Пьесаның басынан-ақ бой көрсететін Есендік семьясындағы қайшылықтардың өрбіп, өршіп бітеу жараға айналған қалпына екінші арна, болыс сайлау алдындағы топ жию сұмдықтары кимелей қосылады. Қанды қақпаның бір басында - Әбділдә, екінші басында – Бейсенбі, таразының тасы – Есендіктің үй іші қалай қарай жалт береріне байланысты. Екі құзғын текке шүйлікпейді бір жерге.

Ел арасының аужайынан сыр түйгендей боп, сұрақ тастап отырған Есендіктің сонау терең, алыс сұңғылалығы аңғарылмайды. Байлыққа бөккен, дүниеқоңыз, малқор байдың тізелі біреу шыпдап кіріссе, жетекте кете барар тауансыздығы алғашқы адымынан білініп қалады. Есендік – жігерсіз, жасық. Алғаш осы сценада шығатын Төлеш сөз арасында кірісіп отырғаны болмаса, мінезін, жан сарайын көрсетердей қимылды әрекетке бармайды. Тоқалдан туған Қуатжанның тыз етпелігі, тез тұтанып, тез лап етер шапшаңдығы, малсақтығы салғаннан белгілі болады.

Бірнеше адам қатысатын бұл сцена драмалық ситуацияның өткірлігін күшейтіп, әр түрлі сезім күйіндегі жандардың психологиясын айқындауда Бейсенбінің өткір тілінің бірден тиіп жатқан әсері, артқа тастап отырған зіл салмағы аз емес.

Ру арасының итжығыс күресіне сан рет түсіп, талайдың жағасын жыртып, кеңірдегінен алған, талайға жағасын жыртқызып, жер соққан Бейсенбі кімге болсын есесін жібермес жырынды. Аяр, қу, алаяқ.

Бейсенбі Есендік сияқты танауынан арғыны, алдында қыбырлаған малынан өзгені көрмейтін тауық соқыр емес, реалды жағдайды жіті бақылап, әділ мөлшерлеп, дәл таразылайтын әккі. Бейсенбі – дипломат. Ол – билік үшін қырық пышақ болып таласып, топ-топқа бөлінген пәлелі ротаның бел баласы, сол атырапта күй талғамай шабар жүйрік.

«Баяғыдан партияның ісі мәлім емес пе? Партияның тауқыметін көретін кісі алдымен белсеніп өзі шығуға керек. Өзің бұғып жатып, алдыма сен түс дегеніне кім жүреді?» – деп, партиягершілідіктің бір үлкен кілтін ашып отырған Бейсенбі әр нәрсе туралы өз қөзқарасы, өз топшылауы, бір алуан дүниетанымы бар адам. «Ел сорлы бақтың құлы емес пе? Біреудің басына байыздап отыра ма? Болымсыз жем шашсаң, талайы-ақ теріп кетейін деп отыр», - деген сөздерінде де көп астар жатыр. Жұртты кемсітіп, оны атқа жеңіл телпекбай, пышақ жатар май жамбас көретін пиғыл бар.

Сайлау кезінде қайтсе жеңу ниетін көздеген Бейсенбі жаңа адамдар тарту, қол көбейту үшін Есендіктің Бәтима бәйбішеден туған қызы Дәмешті Байсалбайдың Аманбай деген ұлына беруге, сөйтіп құдалықты билік үшін күрестегі мықты қарудың біріне айналдыруға белді бекем буады. Шалқайғандай болған Есендікті, Төлешті, Қуатжанды тіземен күшпен ықтырып, дегенін қылмаққа сол жерде көндіреді. Бұл тұста Бейсенбі шырғасы толып жатыр: аярлыққа да басады, өтірік жаны ашыған да болады, сұмдық атаулыны төндіріп шошытады да.

Әлгі байламнан кейін қолма-қол сахнаға Байсалбайдың шығуы жасанды, сәл саығыстау жағдай болып көрінгенімен, бұл жерде жақсы шеберлік үлгісін танимыз. Драаматургияның жанрлық ерекшелігінен туатын көркемдіктің объективті заңдылығы образды әрекет үстінде қалыптауды басты шарт етіп қойса да, қажетті, келісті кезде прозаға, поэзияға хас әдістері пайдалануды мүлде мансұқ етпейді.

Әбділдәні оның жаулары Байсалбай, Бейсенбілердің сырттай мінездеуін трагедияның әрекетсіз олқы тұсы емес, қайта қысқа да болса, шымыр қайрылған, аз сөзбен кесек характердің болмысын ұғындырған дәлді штрихтар деп қабылдаймыз. Бейсенбі, Есендік, Байсалбайлар төс түйістіріп құда болып, тобын қарайтып жатқандарымен, алысар дұшпандарының айбары арыстандай, қулығы түлкідей, ожарлығы қасқырдай екендігін өздеріне мойындатып, солардың өз аузымен айтқызу арқылы автор Әбділдә образының салмағын күшейте түседі.

Алтыншы көріністегі Қайша монологы – ішіне қан қатқан, өшпенділіктің қара шоқпарын сүйреткен жанның журек жарды сыры. Зұлымдық пиғылымен оңаша өз-өзіне серт еткен Қайшаның Дәмешті көрген бойда өп-өтірік жайма-шуақ, маймөңке бола қалуы – оның характерінің жан-жақты, сан қырлы қалыпта құйылғанының куәсы.

Құдалық жайын Қайша аузынан естіген сезімтал Дәмеш басаяғын жиып ойланып үлгермей жатып, сүйген жары Ғазизбен кездеседі. Бұл сцена жүректегі жалын атқан махаббат алауын дірілді, толқынды күйімен мөлдіретіп алдыға жайып салмайды. Өйткені, Ғазиз бен Дәмеш – бұрыннан талай рет жолығысып, хат берісіп, хат алысып жүрген етене таныстар. Сондықтан бұлардың мына кездесу сәтіндегі диалогтары өз қалыптарына ыңғайлас, сабырлы күйде өтеді.

Бірінші пердеде тамамдалды. Сайлау басталар алдындағы қарбалас. Сол жолдағы сауда-құдалық. Өрмекшідей тор тоқыған Бейсенбі. Сыртқы жоны күдірейген Әбділдә. Соншама алыс-жұлыстан аулақ, жырақта сезімге сезім қосып, үнсіз сүйісіп тұрған Ғазиз – Дәмеш.

Әр жерде шаң берген тартыс атаулыны ұмар-жұмар етер құйын Дәмешті сыртынан билеп, Аманбайға бермек болған қадам бұдан былай трагедиядағы жарып шықты әрекет арнасы іспетті боп кетеді. Дәмештің торға түскенін Ғазизден хат алуы, Рақыштың келіп айтуы арқылы бейнелеп, драматург созалаң екі көрініс жасап жіберген. Бұл творчестволық балаңдықтан туған кемшілік, әйтпесе, екінші перде Дәмеш – Күләш арасындағы диалогтан басталып кетсе, тартыстың өрбуі ширай түсер еді.

Қаһармандардың аса қымбат, іш тартқан дүниесіне, ұмытылып жүрген мақсатына басқа біреу қол салса, характер шын қалпын, басты, өзекті күйін әсте жасырып қала алмайды, еріксіз ашылады. Өгей шеше Қайшаның тас бауырлығына, аямастығына, үй ішінен үй тігіп, дүниені бөлектеп, мал-мүлікті өз ауқымына қарай тартқан менмендігіне іштей ыза боп, қапаланған Дәмеш күтпеген суық хабар естіп отыр.

Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі үлкен тақырып - әйел теңдігі – жастардың бас бостандығы үшін күресуі. Әуезовтің Дәмеші де сол сезім азаттығы үшін алысушылардың бірі. Оның бұл қалпы сауда-құдалық жайын білген соң, әсіресе, айқындалып, драмалық әрекет арнасында өрлігі, өжеттілігі, естілігі жақсы көрінеді. Дәмеш – Күләш, Дәмеш – Төлеужан линияларында ілініс жанданып, әрқайсысының характері өз тарапынан ситуацияға әсер етеді. Сөйтіп, Дәмешті Бейсенбінің түпкі есебімен Байсалбайдың ұлына беруге қпрсылық жай күңкіл, жыбырға сыймайды, ашық қимыл ретінде қаһармандарды екі полюске бөліп тастайды.

Дәмештің әуелі мұңын шаққан адамы сырлас, сыйлас жеңгесі Күләш. Тартысқа екпінді ықпал жасап тұрмағанымен, Күләш – шығармадағы образдар галереясында қызықты тип. Қазақтың ескі дәстүрлерінің ішіндегі ең бір әдемісі – жеңгелік, қайын сіңлілік орайындағы наз, еркелеу, өзімсіну, жаны ашу, пейілмен құлап жақсы көру салтын жас Әуезов Дәмеш – Күләш арасында өтетін шағын көрініс арқылы бейнелеп береді. Бұдан кейін Дәмеш ағалары Төлеш пен Демеужанға сауда-құдалық жайын өз аузымен айтады. Олардың әділетсіздік көрген жүрегін ашу буып тұрған шақта, оқиғаға Қайшаның араласуы тартысты, тіпті, асқындырып әкетеді.

Драмалық шығарма, Станиславский айтқандай, бүгінгіні көрсетіп отырып, кешкгіден хабар беріп, болашаққа меңзейді. Пьесада бәйбіше мен тоқал арасындағы арпалыс, қиян-кескі қақтығыс көрсетілмейді, оқиға Бәтима қайтыс болғаннан кейінгі уақытты қамтиды. Алайда, күндестік қырсығынан туған алауыздық пьеса басталысымен бірден сезіледі.

Драматург шеберлігі бәйбіше мен тоқал тартысын қуып кетпей, содан шыққан зардаптардың әлеуметтік қайшылықтарымен қабаттасып, асқынған күйін алуында жатыр.

Құдалық – бұрыннан онсыз да қырбай тоқал – Төлештер арасына түскен пәленің қызыл шоғы. Алғаш Дәмешке сөздің шетін шығарғанда, майда бүлкілмен жеткізген Қайша емес бұл. Басқаларды жан деп менсініп, осылар не ойлайды, не айтады деген түйткілі жоқ, апыра-жапыра: «Бұйырдым-тынды», - деген келіс.

Бәйбіше балаларын бойымен басып құлата беруге еті үйренген тоқал бұл жолы да жығып кетем деген аусарлықпен аналардың қас-қабағына, терісіне сыймай бара жатқан ыза-ашуына қарамай, сойқанды тілін жүрекке қадап, жыланша ысқырып тұр. Әділетсіздік қамшысы бастарына сар-сұрт тисе де, бір жағы, момындықпен, екінші жағы, әке абыройы үшін Төлеш пен Демеужан әрең шыдайды. Жандарындай жақсы көретін жалғыз көретін жалғыз қарындастарын тас бауыр Қайша ақылсыз інісі Аманбайға зорлықпен бермек. Сабырмен айтқанға бой тартар Қайша жоқ. Уытты тілмен өртеп, тіпті Дәмешті күшпен әкетер сыңайы бар.

Тепкі көріп, запы шегіп, ақыры намыстары өртеніп, сілкініп оянған бәйбіше балаларына әбден тізе батырып, есесін арттырған, көк айыл Қайшаның шартта-шұрт айқасып қалған осы сәті өте драмалы, өте әрекетті ситуация болып табылады. Семсердей өткір, серіппедей қуатты диалогтардың кейінгі салмақ, артқы зардабын айтпағанда, қолма-қол әсерінің өзі күшті. Төлеш пен Демеужанның намысты ашуы, Қайшаның шымбалақ қаққан, жалған ойбайы қысқа, орамды, ырғақты сөйлемдер арқылы берілген.

Бет қаратпас шоқ тілділігіне, кесірлігіне қоса, Қайша бірді-біргше соққыш, өз ниеті үшін өтірікті жүнше сабар алдамшы. Ызақорлықпен жер-көкті жұлып, Есендікті шақырады аттандап . Өп-өтірік көпе-көрнеу әкесін балаларына айдап салады. Өзіндік беті, табанының бұдыры жоқ, тоқал шылауында жүрген Есендік арандайды. Сөзге қызып, екі ұлын сабаймын деп жүріп, шекесіне қалай шоқпар тигізіп алғанын аңғармай қалады.

Осы кішкентай детальді драматург онсыз да асқынып кеткен конфликтіні одан әрі шилеленістіру үшін өте орынды пайдаланады.

Бұдан соң, екінші перде біткенше, Қайшаның сахнаға шықпауы заңды, өйткені ол жоғарыдағы ситуацияда өз характеріне лайық қылықтар жасап, бірді-бірге соғып, жаңа драмалық жағдай тудырып кетті.

Сырт көзге әкелерін сабаған кісі қылып, Қайша арандатқан бәйбіше балаларының осыдан кейінгі сөздері болған істі, басқа түскен жағдайды бағалау, ой толғау ретінде келеді.

Есендік уйінің мал басының қожасы – Бейсенбі, одан соң – Қайша. Екеуінің ойлап жүргені бұл үйдің берекесі емес, өздерінің мақсаты.

«Дүние-ай, айналамыз толған жауыздық, қастық болып кетті-ау! Ылғи дұшпанның арамдығы мен қулығына шырмалып бітіппіз ғой», - деген Төлеш сөздеріне Есендік балаларының бәрінің қоршаған ортаға, өздерінің болмысына көзқарасы, семьядағы әлек, қайшылықтар себебіне берген жауабы аңғарылады. Олардың бастарына құлаған күллі пәленің айыпкері тоқал секілді. Одан әріні бұлар көре алмайды, ой-өрісінің бар жеткен жері – осы-ақ.Айналып келгенде, ұстанған принциптері – жаумен жауша алысу. Ол үшін не керек? Топ керек. Жасақ керек. Белі жуан біреудің қолтығына ену керек - Әбділдә қолтығына.

Төлештердің кетуі алғашқы пердедегі тартысты – Бейсенбі - Әбділдә арасындағы тартыстың күш-салмағын күрт өзгертіп, күрес шеңберіне жаңа өзгерістер енгізеді. Әбділдә, Бейсенбі, Төлештердің екінші перденің соңғы көрінісіндегі тоқайласуы пьесадағы күшті сцена.

Әбділдә мен Бейсенбі бір-біріне сырттай оқ атып, әрқайсысы өзінше жасақ жиып жүргенмен, бүкіл трагедия бойында жалғыз-ақ рет шоқпар қағыстырады. Бұл өте әрекетті сцена "Е«лік – Кебектегі» билер дауын еске түсіреді. Жау да болса өзімен үзеңгілес Әбділдәға Бейсенбінің: «Үйден шық, Төлеш ісін оңаша тексерем», - дегенді айтуымен басталатын күрес тентек өзеннің әп-сәтте айналдырып, тұңғиығына батырып әкетер асау иіріміндей тартып бара жатады.

Бейсенбі: «Оңбаған, құдай жүзін көрмегір», «қан ішер, арам», «ит», «қуарған», «қанды шелек», - деген сөздерді дауылдай сапырып, Төлеш басына үйіп-төгіп қорқытып, шошытпақ болып екпіндей жөнеледі. Бірақ тайталас пен тартыс Төлештің де көзін ашқан, неге бұқсын, өлсе жағаласып өлер. Бұрынғы «сіз-біз» қалған, «сен» дейді. «Қайшаның жасақшысысың», - дейді, «тоқал да бір, сен де бірсің», - дейді. Беттен алады, қарсы ұмтылады, қоса жұлқысады.

Алғашқы қара борақ дөңайбатпен түк қыла алмаған Бейсенбі жамбасқа салып: «Әке сабаған адамда не иман бар?» – деп жерлейді, бетіне басып табалайды, ұятпен өртемек болады.

Осы кезде тұра ұмтылған Әбділдә Бейсенбіні шайнап тастар, қапыда соғар көкжалдай. Төлеш былай қала беріп, екі арлан өзара жұлқысып кетеді.

Тосқауылдың тар кезеңін пайдаланып, өз жағына Төлешті еліктіріп, тартып әкеткен Әюділдә сөзі Бейсенбіден зор. Сайлауға аз күн қалғанда жауын жер соқтырып, табалап, көзін шұқып отырған без бүйрек Әбділдә Бейсенбі қан құсып, зар илеп қалса қуанар еді. Шоқ-шоқ!

Қанша қара жон болса да, бел алып кеткен жаудан ығып қалды Бкйсенбі. Балқыған қорғасындай отты тілмен дұшпанының жанын күйдіріп жатыр. Қарғыспен атып жатыр. Әюділдәнің соңғы сөзі қарымта қайыру орайына айтыла салған ашу лебізінен гөрі, кесесіп, әбден өштескен, жауына у сойқыдай тиер қара жүрек, долы қолдың қанды қанжарды жарқ еткізіп сілтер алдындағы сертіндей естіледі.

«Бәйбіше-тоқал» трагедиясының бір ерекшелігі – каһармандар характерін айқындап ашып, тартыс айрықша ширығып барып сабасына түскен көріністерден соң монологтар келеді. Осы ретте бірінші пердедегі тоғызыншы көріністегі Дәмештің, екінші пердедегі тоғызыншы көріністегі Төлештің, үшінші пердедегі бірінші көріністегі Бейсенбінің, алтыншы көріністегі Ғазиздің, не бірінші көріністегі күзетшінің монологтарын алайық. Бұларда болған жайтты бағалау, өзгеге баға беру, өтіп жатқан оқиғаға көзқарас бар, ниет-пиғылды, тілек-мақсатты білдіретін логикалы, жүйелі монологтар.

Әбділдәмен арадағы қақтығыстан соң, сахнада Бейсенбі жапа-жалғыз қалады. Өзімен-өзі сөйлесіп отыр. Бұған дейін жауып, бүркеп келген көмбесін ашады жасырмай. Айла, амалдарын әлдекімге түсіндіргендей сыңай танытады. Бейсенбінің осы монологында Есендік семьясына, оның бәйбішеден туған ұлдары мен тоқалдан туған ұлына дәл, дұрыс кесік айтылады. Кісі танығыш, алыс-жұлыспен тісі шыққан Бейсенбі дүниеқоңыз Қуатжанды болыс қоям дегенде, оған жаны ашығандықтан жасамайды, айтқанына көніп, айдауына жүрер, құр атаққа мәз болар жан керек оған. Баға бере сөйлеу, өз өресін таныту басқа қаһармандар диалогтарына да тән. Бейсенбімен оңаша жолығысып, Есендіктің көзіне шөп салып жүрген тоқал: «Пәлені үйреткен – күндестік», - дейді. Қайшаның кісі аямастығы, тас бауырлығы күндестіктен туған. Соның қырсықты әсерімен қалыптасқан мінездер екендігін драматург пьесаның ұзына бойына аршынды әрекеттер арқылы көрсеткен.

Бәйбіше өлімімен тынбаған, қайта үдеп, өршіп, өсіп кеткен пәленің аумағы кең де зор. Осы қып-қызыл оттың шоғын әккі Бейсенбі өзінің түпкі мақсаты – сайлауда жеңуі үшін өкпесі қабынғанша үрлей түседі. Соқыр нәпсінің ұрлық ләззатын бірге татып жүрген жемтіктес Қайша бәйбіше балалары тапа-тал түсте өртеніп кетсе, қыңқ етпейді.

Төлештердің Қайшаны соққыға жығуынан кейін, Әбділдә мен Бейсенбінің қанды серт байласуынан соң ширатылып кеткен тартыс желісіне тағы бір бұрау түседі. Ол – Дәмешті алып қашу ниеті.

Ғазиз бен Дәмештің тағы бір оңаша жолығысуының куәгері боламыз. Шығармадағы негізгі кейіпкердің бірі – Ғазиз характері драмалы үлкен әрекет арнасында күрес, тайталас, қақтығыс, ілініс үстінде көріне алмайды. Трагедияның басты конфликтісі Ғазиздің жан дүниесін, ішкі сарайын ұйқы-тұйқы етіп, дауыл соққандай күйге жеткізер халге соқпайды. Күндестіктен туған семьядағы алауыздық, мансап-билік ушін күресте соны пайдаланудың айла-шарғысы, осы орайда қимыл жасаған адамдар Әбділдә, Қайша, Бейсенбі, Төлештер бірінші қатарға шығып кеткен.

Негізінен, Ғазиз үшінші перденің жетінші, сегізінші көріністерінде өзінің есті, алды-артын аңғарғыш, ақылды екендігін көрсетеді. Есендік үй ішіндегі бүліктің айналып келгендегі бас айыпкері – шапқа шоқ тастап жүрген Бейсенбі болғандығын, құдалық құр сөз емес, енді кешіксе Дәмештің зорлық құрбандығына ұшырарын Ғазиз жақсы ұсынған зерделі жігіт. Өз мақсаты үшін, адал жолда күресе білер бетін танытып, Дәмеш босаңдығын жеңбек пиғылдағы сөздері дәлелді, орнықты қиыстырылған.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет