Қамиева Г. Б. Орта ғасырлар тарихы оқу құралы АҚтау 2019



Pdf көрінісі
бет12/35
Дата08.02.2023
өлшемі1,41 Mb.
#167869
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   35
Байланысты:
ҚАМИЕВА Г.Б.-ОҒТ-ОҚУ ҚҰРАЛЫ-2019

Бақылау сұрақтары: 
1.
Англиядағы бір орталыққа бағынған мемлекеттің қалыптасу үрдісі 
қалай жүрді? 
 
2.
Норман жаулап алушылығының Англия тарихы үшін маңызы болды 
ма?
 
3.
«Еркіндіктің Ұлы Хартиясы» кімдердің мүддесін көздеді?
 
4.
Англиядағы азамат соғыстарының басты нәтижесі қандай болды?
 
5.
«Ескі» және «жаңа» дворяндардың арасындағы айырмашылықтар 
қандай?
 
6.
«Алқызыл раушан» және «Ақ раушан» гүлдер соғысының нәтижесінде 
Англияда қандай өзгерістер болды?
 
 
§ 3. 
ХІ – ХV ғасырлардағы Германия 
 
ХІІ – ХІІІ ғасырлардағы Германияның аграрлық дамуының 
ерекшеліктері. Қалалардың өсуі. ХІІ – ХІІІ ғасырлардың өн бойына 
Германияның өндіргіш күштері әжептәуір ілгері басты және алғашқы 
феодалдық дәуірге қарағанда олар неғұрлым интенсивті түрде өсті. Ауыл 
шаруашылығындағы прогрестің елеулі элементі ішкі отарлау болып табылды. 
ХІІІ ғасырда Германиядағы ішкі отарлау жұмысы негізінде аяқталды. 
Өңделетін жерлердің көлемін шұғыл арттырудың арқасында ел ішінде 
өндірілетін ауыл шаруашылық өнімінің көлемі де өсіп, ұлғая берді. 
Сонымен қатар ауыл шаруашылығын қарқындандыру үрдісі де жүріп 
жатты. Дәнді дақылдардың ең жақсы құндылары енгізілді. Егіншілік құрал-
саймандары да жетіле түсті – қол орақтың орнына шалғы келді, астық басатын 
таяқ – шынжырмен алмастырылды. Жерді жақсырақ және жиірек жыртып, 
құмды ізбеспен, көң және қимен мұқият тыңайтты. 
Германияда ауыл шаруашылығының өсіп өрлеуінің ең маңызды нәтижесі, 
Батыс Еуропаның басқа елдеріндегі сияқты, осы уақытта қолөнердің ауыл 
73 


шаруашылығынан бөлініп, орта ғасырлық қаланың өркендеуі болып табылады. 
Бәрінен де гөрі ерте Германиядағы қалалар Рейн бассейнінде (Кельн, Кобленц, 
Майнц, Вормс, Шпейер, Страсбург, Бонн), Дунай бассейнінде (Ульм, 
Регенсбург, Донауверт және басқалары) және Эльба бассейнінде (Гамбург, 
Магдебург және басқалары) пайда бола бастады. Германиядағы қаланың 
деревнядан бөліну үрдісін К.Маркс ХІ – ХІІ ғасырларға жатқызады. ХІ 
ғасырдың өзінде-ақ елде 50-ге жуық қала болса, ал ХІІІ ғасыр ішінде олардың 
саны 500-ге дейін жетті. 
Германияның ХІІ – ХІІІ ғасырлардағы қалалық қолөнерінің табыстары ең 
алдымен оның жіктелуінен айқындалды. Қалалық өндірістің металл өңдеу, 
тоқыма және басқа салаларында жаңа қолөнерлік кәсіптер мен жаңа цехтар 
пайда болды. Олар еңбек бөлінісінің әлдеқайда жақсарып, соның негізінде жаңа 
өндірістік мамандықтардың шығуынан барып туды. 
Полаб және Прибалтика славяндарына қарсы неміс басқыншылығы. 
Герман императорларының Италиядағы саясаты.
 
Немістің аумақтық 
князьдарының нығайып күшейе түсулері неміс феодалдарының шығыстағы 
(
Drang nack Osten деп аталған) полаб славяндары мен Шығыстық Прибалтика 
халықтарына қарсы жасаған агрессиясымен едәуір байланысты болды. Неміс 
феодалдарының славяндарға қарсы ХІІ ғасырда басталған агрессиясының жаңа 
кезеңінің өзгешелік мәні, онда императорлардың емес, князьдердің атқарған 
басшылық ролінде болды. Олар өздерінің жаулап алу әрекеттерін тек 
католиктік шіркеудің – неміс агрессиясының ең маңызды идеологиялық және 
ұйымдастырушылық күші болған одағына сүйене отырып, қауіп-қатердің 
барын біле тұра, ойланбастан жүргізді. Князьдар шығыстағы ұсақталып 
бытырап жатырған славян князьдықтарын басып алу арқылы ұлан-байтақ 
иеліктер құрып, оларды империя ішіндегі өздерінің тәуелсіздік жағдайларының 
негізі етуге жанталаса ұмтылды. Оларға қарсы жүргізілген жорықтардың ең 
негізгі соғыс күштері – ұсақ феодалдар-рыцарьлар болды. Италияда және крест 
жорықтарында кездескен көптеген сәтсіздіктерден соң көршілес отырған 
славян жерлерін басып алып, құлдыққа салу оларға біршама пайдалы да және 
оңай олжа сияқты болып көрінді. Шығысқа қарай жасалған басқыншылық 
қимылға немістің қалалары да қатысып, жаңа жаулап алынған елдермен 
тұрақты сауда-саттық қарым-қатынастарын орнатуға тырысты. 
Неміс феодалдарының Эльбаның (Лабаның) төменгі жағалауын 
ммекендеуші славян тайпалары – ободриттерге қарсы шабуылын, Бавария мен 
Саксонияның Вельфтер руынан шыққан герцогы Лев Генрих басқарды. Ол 
папаның рұқсатын алып, князь Никлот басқарған ободриттерге қарсы екі рет 
крест жорығын (1147 – 1160 ж.ж.) жасады. Бірінші жорық неміс 
рыцарьларының жеңілуімен аяқталды. Алайда екінші рет жасаған жорықтың 
нәтижесінде, табанды және қаһарман қарсылығына қарамастан ободриттер Лев 
Генрихтың қоластына бағындырылды. 
Ободриттердің оңтүстік жағында, Эльба жағалауынан жоғарырақ 
орналасқан славяндардың екінші бір тайпасы – лютичтердің жерін неміс 
феодалдарының басып алуын князь Альбрехт Медведь басқарды. 
74 


Ұзаққа созылған күрестен соң 1170 жылы немістердің славяндардан 
басып алған жерлерінде Лев Генрихқа тәуелді Мекленбург герцогтығы 
құрылды (Славяндардың ободриттер тайпасының аумағында). Сол кезеңде 
лютичтер жерінде Альбрехт Медведь басқарған Бранденбург маркграфтығы 
құрылды. ХІІІ ғасырда Бранденбург маркграфтығының орталығы Берлин 
қаласы болды (ең алғаш рет бұл қала 1230 жылы аталды). 1180 жылы Лев 
Генрих славяндық Поморьені басып алды (Одер мен Висланың арасындағы). 
Басып алынған аумақтардағы жергілікті славян халықтар жаппай қырылды. 
Аман қалған славян тайпаларын басқыншылар ата-мекендерінен қуып шығып, 
егіншілікке жарамсыз жерлерге апарып орналастырды. Олардың жерлеріне енді 
неміс феодалдары ие болып, жаңа аумақтарды өңдеп егістікке пайдалану үшін 
немістің отарлаушы-шаруаларын орналастырды. 
ХІІІ ғасырдың басында неміс феодалдары Шығыс Прибалтиканы жаулап 
алуға кірісті. Осы мақсатпен 1202 жылы папа ІІІ Иннокентийдің белсенді 
қатысуымен жаңа діни-рыцарьлық – Семсершілер ордені құрылды. Ол ХІІІ 
ғасырдың орта шеніне таман қазіргі Латвия аумағын, одан кейін қазіргі 
Эстонияның оңтүстік бөлігін басып алды. 1226 жылы папа жарлығы бойынша 
Палестинадан Прибалтикаға көшірілген Тевтон ордені, Висла мен Неманның 
аралығындағы Балтық жағалауын мекендеуші литвандық тайпа – прусстардың 
жерлерін жаулап алуды бастады. Прусстар басқыншыларға қарсы ұзақ және 
табанды түрде күресті. Осы аумақты жаулап алу тек ХІІІ ғасырдың аяғына 
таман аяқталды және басқыншылар прусстарды аяусыз қырды. 1237 жылы екі 
рыцарьлық ордендер біртұтас – Тевтондық орден болып қосылды. Оның 
иеліктері Балтық теңізінің бүкіл оңтүстік-шығыс жағалауын түгелге дерлік 
қамтыды. Бұл князьдық ХІІІ ғасырда шведтермен одақтасып, өзінің аумағын 
одан әрі шығысқа қарай шекаралас отырған орыстың Псков және Новгород 
жерлерінің есебінен ұлғайту әрекетін жасады. Алайда бұл әрекеттерге үзілді-
кесілді түрде тойтарыс берілді: новгородтықтар князь Александр 
Ярославовичтің басшылығымен 1240 жылы Невадағы қырғын соғыста 
шведтерді талқандады, ал екі жылдан соң – 1242 жылы Чуд көлінің мұзында 
болған атақты қырғын соғыста Тевтондық орденнің әскерлері жеңілді.
Сонымен қатар немістердің отарлау әрекеті оңтүстік-шығысқа қарай, 
славяндардың мекендері Дунай маңындағы жерлерге де жайылды. Мұндағы 
орталық Дунайда Х ғасырдың аяғында-ақ Шығыстық немесе Австриялық марка 
құрылып, ХІІ ғасырда ол герцогтыққа айналған еді. Өз иеліктерін бірте-бірте 
оңтүстікке қарай кеңейте отырып, австриялық герцогтар көршілес отырған 
славяндық аймақтарды Штирия, Каринтия және Крайнаны басып алды. 
Немістің белсенді түрде жүргізген отарлаушылық саясаты рыцарьлар мен 
шіркеулердің, әсіресе монастырьлардың және сауда-қолөнерші элементтерінің 
қатысуымен Чехияға қарай да бағытталды. 1158 жылы Чехия дербес корольдік 
болғанымен, чех королі герман императорының ресми вассалы болды және 
оның басқыншылық саясатын қолдады. Бұл чех халқына өте ауыр тиді.
Шығыста жүргізген агрессиялық саясатымен қатар неміс феодалдары 
Италия мен папаны бағындыру ниеттерін де ұмыта қоймады. Италияны басып 
75 


алу саясатының ең басты рухтандырушылары мен ұйымдастырушылары герман 
императорлары болды.
Осы саясатты нағыз агрессиялық түрде жүзеге асырушылардың бірі, 
Гогенштауфендердің (1138 – 1254 ж.ж.) жаңа әулетінің өкілі І Фридрих 
Барбаросса (1152 – 1190 ж.ж.) болды. Оның негізінде әулеттік мақсатпен бірге 
Италияның бай ресурстарын пайдалануға тырысушылық жатқан еді. 
Бастапқы кезде І Фридрих бірқатар табыстарға қол жеткізді. Ол 1154 
жылы өзінің ең алғашқы италияндық жорығына аттанды. Оның бұл жолғы 
мақсаты Римге барып, император тағына отыру еді. Қала халқының Арнольд 
Брешианский басқарған папаға қарсы көтерілісі қамтыған Римге, германдық 
әскерлер келіп кірді. Алайда Фридрих қала халқының көтерілісін қолдамады 
және оған қарсы шықты. Мұнысына алғыс айтқан папа оны Рим тағына 
отырғызды. Бұл Римде жаппай көтеріліс туғызды және осының нәтижесінде 
Фридрих қаланы тастап кетуге мәжбүр болды.
1158 жылы І Фридрих Италияға екінші рет жорыққа аттанды. Сол жылы 
Ронкаль алқабында (Пьяченцының жанында) ол бүкіл солтүстік италиялық 
қалалардың уәкілдерін жинады. Олардың өзара қарым-қатынастарының 
бытыраңқылығын және бір-біріне дұшпандықтарын пайдалана отырып, ол 
барлық қалалардың өзін-өзі басқаруын жойып, оларға императордың уәлилерін 
– 
подесталарды тағайындау туралы шешім қабылдады. Бұл уәлилер қаланың 
сайланбалы консулдарын алмастыруы керек еді. Фридрих өзіне Солтүстік 
Италияның қалаларындағы жоғары сот өкіметтерінің құқығын алып, оларға 
алым-салық салды. Қалалардың қарауына тек император берген грамоталарға 
негізделген құқық қана қалдырылды. Бұл Италияның ең бай қалаларын герман 
императорына бағындыру болды. Герман императорын танудан бірден бас 
тартып, тағайындалған подестаны қабылдамаған миландықтарды І Фридрих 
қатаң жазалады. 1162 жылы екі жылға созылған қоршаудан соң Фридрих 
Миланды басып алып, қаланы толық қиратты.
І Фридрих қатал шаралар қолдану арқылы бүкіл Солтүстік италияндық 
қалаларды қорқытып, өзінің Италиядағы үстемдігін нығайтуды ойлаған еді. 
Бірақ мұнысы басқаша болып шықты. Герман императорымен күресу үшін 
миландықтардың басшылығымен барлық қалалар бас қосып, Ломбардия 
лигасын құрды, оған Солтүстік Италияның 22 қаласы кірді. Папа ІІІ Александр 
одаққа белсенді көмек көрсетті және императорға қарсы кең коалицияны 
ұйымдастырды. Оның бер жағында көптеген неміс князьдері, соның ішінде 
олардың ішіндегі ең құдіреттісі – Лев Генрих І Фридрихқа соғыс көмегін 
беруден бас тартты. 
Император мен Ломбардия лигасының ең шешуші шайқасы 1176 жылы 
Леньяноның маңында (Миланның солтүстік-батысында) өтті. Бұл жолы неміс 
рыцарьлары күл-талқан болып жеңілді. Бұл орта ғасырлар тарихындағы ең 
ғажап соғыс болды, себебі мұнда рыцарьлардың әскерін қалалардың бас қосқан 
қолөнершілер мен көпестерінің жаяу жасақшылары тұнғыш рет жеңіп шықты. 
Келесі жылы Венецияда өткізілген конгресте І Фридрих папаның алдында тізе 
бүгіп, алты жылдық уақытша келісім жасады. Оның шарттары 1183 жылы 
Констанц бітімімен баянды етілді. Іс жүзінде бұл бітім Италия қалаларының 
76 


өзін-өзі басқаруын қайта қалпына келтіріп, олардың саяси дербестіктерін 
нығайту болып табылды. 
Барбароссаның немересі ІІ Фридрих ((1212) 1220 – 1250 ж.ж.) Италияда 
орын теуіп, беку үшін ең соңғы әрекет жасады. Оның базасы Сицилия 
корольдігі болды. Біршама орталықтандырылған Сицилия корольдігінің барлық 
күш-қуатын ІІ Фридрих Солтүстік және Орталық Италияны жаулап алуға 
сарқыды, бірақ мұнда ол І Фридрих сияқты, қалалар мен папаның тегеуірінді 
қарсылығына тап болды. ІІ Фридрихтің қалалар және папамен жүргізген тым 
ауыр және қалжыратқан күресі азғантай үзілістермен 30 жылға созылып, 
Сицилия мен Оңтүстік Италияның ресурстарын тауысты және ақыр аяғында 
Гогенштауфендер әулетінің күйреуімен аяқталды. 
ХІV – ХV ғ.ғ. Германияның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы.
 
«Қасиетті Рим империясының» (Х ғасырда І Оттон негізін қалаған және сол 
кезде «Рим империясы» болып аталған герман империясы ХІІ ғасырдың 
аяғынан «Қасиетті Рим империясы» деп аталды) бұрын ХІІІ ғасырда басталған 
ыдырауы ХІV ғасырдың ішінде одан әрі жалғасты. Империяның шығыста – 
Тевтон ордені, Польша, Венгрия, батыста – Фландрия мен Франция және 
Бургундия герцогтығына дейін, солтүстікте – Солтүстік және Балтық теңіздері 
мен даттық Шлезвигке дейін, ал оңтүстікте – Адриат пен Жерорта теңіздеріне 
дейін жеткен шекаралары біраз дәрежеде тек номиналды ғана еді. Осы 
шекаралардың шеңберлерінде іс жүзінде Солтүстік Италия, Чехия және ХІІІ 
ғасырдың аяқ кезінде құрылған швейцариялық одақтың дербес мемлекеттері 
орналасқан еді. Ал Германияның өз аумақтарында, олардың батыс 
славяндардан басып алған жерлерімен қосып алып қарағанда, елдің әр түрлі 
аудандарының араларында не саяси, не экономикалық жағынан ешбір ішкі 
бірлік болмаған. 
Германия үшін ХІV – ХV ғ.ғ. қала өмірінің өрлеуі және қолөнер мен 
сауданың одан дамуымен сипатталды. ХІV ғасырдың қарсаңында Еуропа мен 
Азияның әрбір бөліктерінде өндіргіш күштер мен еңбек бөлінісінің дамуы 
халықаралық сауданың неғұрлым ұлғаюына әкелді, Балтық және Солтүстік 
теңіздердің жағалауларына орналасқан елдерді қамтыған еуропалық сауданың 
солтүстік ауданы және Батыс Еуропа мен Шығыс елдерінің арасында қызу 
жүргізілген транзитты сауданың Жерорта теңізіндегі ең ірі сауда орталықтары – 
Венеция мен Генуя, Альпі өткелдері арқылы және Рейн өзенінің бойымен 
Германия арқылы жүретін сауда жолымен өзара қарым-қатынастар жасап 
тұрды. Дүниежүзілік сауда жолындағы өздерінің қолайлы жағдайының 
арқасында, солтүстік герман мен оңтүстік герман және Рейн қалалары – ХІV 
ғасырда Батыс Еуропа мен Шығыс елдерінің, Еуропаның солтүстігі мен 
оңтүстігінің аралығындағы, сондай-ақ сауданың солтүстік ауданының қалалары 
мен елдерінің араларындағы сауда үрдістеріне барған сайын белсене қатыса 
бастады. Сонымен Рейн бойындағы үлкен жолдарда орналасқан Кельн, Майнц, 
Страсбург, Ульм, Шпейер, Вормс қалалары көбіне тек делдалдық сауда 
жөніндегі ірі орталықтар болып қоймай, сонымен қатар жүн мен зығыр 
маталарын өндіретін, металл өңдейтін аса маңызды орталықтар да болды. 
Алайда, алдыңғы кезеңдердегі тәрізді, қарастырылып отырған кездегі 
77 


Германияның экономикалық өмірінің ерекшелігі оның өскелең және өркендей 
бастаған қалаларының арасындағы тығыз қарым-қатынастардың пайда болып, 
бүкіл елдің бірыңғай экономикалық орталығының құрылуына әкеліп жеткізе 
алмауына болды. 
Неміс қалаларының сыртқы дүниемен қарым-қатынастары және 
байлықтары өскен сайын, осы ішкі қарым-қатынастың бытыраңқылығының 
маңызы да барған сайын күштірек сезіле түсті. 
Қалалар және қалалық одақтар. ХІV – ХV ғасырлардағы қалаларда 
әлеуметтік жанжалдар, патрициаттық ақсүйектер және цехтардың арасындағы 
шиеленіскен күрес жиілей түсті. Көптеген қалаларда жүргізілген осы 
күрестердің нәтижесінде цехтар өкіметті басып алды, ал бұл жағдай өз ретімен, 
цехтардың ерекше жеңілдіктері бар тобы – қала халқының демократиялық 
топтарының арасындағы ішкі жанжалдардың одан әрі өрши түсуіне жетеледі. 
Қалалар Германияның ішіндегі және сол сияқты сыртындағы өз мүдделерін 
қорғауды өз міндеттеріне алуға мәжбүр болды. Осы мақсатта олар 
Германияның әрбір бөліктерінде қалалық одақтарға біріге бастады. 
Мұндай одақтардың ең ірілерінің бірі солтүстік германдық Ганза одағы 
болды. Одақтың нақ қай уақытта пайда болғандығы туралы тарихшылар нақты 
мәліметтер келтіре алмайды. Оның себебін одақ тарихының жеке қалалардың 
немесе қалалар топтарының араларындағы жасалған келісіммен басталды ма 
әлде жоқ па, осы мәселенің белгісіздігімен түсіндіреді.
ХІV ғасырдың ортасына таман Ганза Солтүстік және Балтық теңіздерінің 
жағалауларына орналасқан солтүстік герман қалаларының барлығын толыққа 
жуық және Еуропаның солтүстік жағалауларындағы өзен жолдары арқылы 
сауда жүргізген бірқатар қалаларды да қамтыды. Штральзунд, Росток, Висмар, 
Любек, Гамбург және Бремен сол кездің өзінде-ақ Ганза одағының негізгі өзегі 
болып табылды. Солтүстік сауда жолдарының орталығында тұрған осы және 
басқа да солтүстік герман қалалары, Ресей және Скандинавия елдерімен, 
Англия және Нидерланды арасында жүргізілетін барлық делдалдық сауданы өз 
қолдарына шоғырлап ұстауға тырысты. Осы мақсат үшін Ганза одағы Новгород 
пен Каунаста, Берген мен Стокгольмде, Брюгге мен Лондонда және басқа 
қалаларда өзінің шетелдік сауда кеңселерін ашты. 
Германияда саяси бытыраңқылықтың орын алған жағдайында Ганза 
одағы дербес саяси күш ретінде әрекет жасады. ХІV ғасырдың екінші 
жартысынан бастап аталмыш одақтың құрамына енген қалалар уәкілдерінің 
жүйелі съездері өткізіліп тұрды. Съездер қабылдаған шешімдерді бұлжытпай 
орындауға Ганза одағы мүшелерінің барлығы міндетті болды. Ганза ХІV 
ғасырда өзінің дербес сыртқы саясатын жүргізді және соғыс ашу үшін бір 
мемлекеттермен бірігіп, екінші мемлекеттерге қарсы шығып отырды. 1367 
жылы Ганза Швейцария және герцог Мекленбургскиймен одақтасып, Даниямен 
соғысты. Оның нәтижесінде 1370 жылы Штральзунд бітімі жасалды. Бітім 
шарты бойынша Ганза одағы Скандинавия түбегінің оңтүстігіндегі 
қамалдардың бірқатарын басып алды және Данияның өз ішінде де саяси 
ықпалын асыруға ие болды. 
78 


Алайда Ганза одағы Германия не экономикалық, не саяси жағынан 
орталықтандырудың қозғаушы күші бола алмады. Одаққа мүше болған әрбір 
қала өз жұмыстарын дербес жүргізді. Одақтың өз алдына ортақ басқарушылығы 
да, жалпы ортақ қаржысы да, жалпы ортақ флоты да болмады. Оның алдына 
қойған мақсаты көбінесе, ганзалық сауда ауданында өздерінің мүшелері үшін 
бірлесіп әрекеттер жасау арқылы ерекше жеңілдіктерге ие болуда ғана болды. 
ХІV ғасырдың екінші жартысында батыс және оңтүстік-батыс 
Германияның қалалары да одақтарға біріге бастады. ХІV ғасырдың 70-
жылдарында қалалардың Швабия одағы және рейндік қалалардың Одағы пайда 
болды. Бұл одақтар 1381 жылы бірігіп кетті. Одақ болып біріккен қалаларға 
қарама-қарсы рыцарьлар одақтары да пайда болды. ХІV ғасырдың аяғында 
қалалар мен рыцарлар одақтарының арасында басталған күрес князьдердің 
мүддесіне сай келді, себебі ол күресуші екі жақты да бірдей әлсіретті. Швабтық 
және рейндік қалалардың одақтары алғашқыда рыцарьлардың шабуылына 
жақсы тойтарыс беріп отырды және олардың ойында рыцарьларлық анархияны 
жойып жіберу де болды. Алайда рыцарьларды жақтап күреске араласқан 
князьдер, 1388 жылы қалалардың біріккен одағының күл-талқанын шығарды. 
XV ғасырдағы өнеркәсіптің дамуындағы жаңа құбылыстар.
 
Германияның 
дүние жүзілік сауда жолдарының түйіскен торабына орналасуының қолайлы 
жағдайының қолөнеркәсібін өркендету үшін маңызы өте зор болды. ХІV 
ғасырдың аяқ кезінен бастап және ХV ғасырда мақта-мата мен полотно 
өндірісінің сапасында біраз табыстарға қол жеткізілді. Бұлар тек жергілікті 
базарға емес, сонымен қатар Италия мен Испанияға және басқа елдерге де 
шығарылды. Металл өңдеу ісі де жетілдірілді, бұл Германияның сол кездегі ең 
ірі қаласы Нюрнбергте ерекше көзге түсті. 
Тауарларды неғұрлым мол өндіріп, олардың бірқатарына сұранысты 
үнемі қанағаттандырып отыру үшін күрделі құрал-жабдықтың болуы талап 
етілді. Сондықтан да көпес капиталы өндірістің бүкіл үрдісінің 
ұйымдастырушысы және жетекшісі болып табылды; ол өндірісті бірқатар жеке-
жеке сатыға бөліп, олардың әрқайсысын бөлек-бөлек қолөнерші-мамандардың 
міндеті етіп құрды және сонан соң сатылардың барлығын жинақтап әкеліп бір 
жүйеге байланыстырды. 
Өндірісті ұйымдастырудың бұл нысаны, ең алдымен, тоқыма 
өнеркәсібінің кейбір салаларында басталып, көбіне қалалардан тыс жерлерде, 
жұмыс тәртібі белгіленген цехтары жоқ, селолық аудандарда өркендеді. 
Капиталистік қатынас элементтері сол замандағы өндірістің жаңа 
тармағы – кітап бастыру саласында да ерекше қарқынмен дами бастады. 
Кен жұмысы ерекше орын алды. Орта ғасырлық Еуропа елдерінің 
арасында әбден кемелденген кен өнеркәсібінің ішінен бірінші орында Германия 
тұрды. Өндірістің бұл саласында алғашқы кезден-ақ капиталистік қатынас 
элементтерінің тууы үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Кен қазушылар еңбек 
серіктестіктерін (Gewerkscahten) құрды және оларға қатысушылардың 
(Gewerken) өздері тікелей шахталарда жұмыс істеп, кен өндірді және оны 
балқытты. ХV ғасырдың соңғы онжылдықтарында кен шығатын учаскелерден 
өнім алу үшін серіктестіктердің мүшелігіне тек ақша қаражаттары бар адамдар 
79 


ғана кіре алатын болды. Германияның кен кәсіпшіліктерінде ХV ғасырда көп 
жалдамалы жұмысшылар жасады және олар енді капиталистік үлгідегі қанауға 
аяусыз тартылды. 
ХV ғасырдың жартысындағы деректер бойынша, кеншілердің өздерінің 
еңбек ақыларын жоғарылатып, жалпы еңбек жағдайларын жақсартуды талап 
еткен толқулары болған. Бірақ, бұл қозғалыстар кәсіпкерлерден гөрі көбінесе 
өнімнің ең көп бөлігін қолына жинап алып, іс жүзінде көптеген 
аудандарындағы кен кәсіпорындарын билеген князьдік әкімшіліктерге қарсы 
бағытталды. 
ХV ғасырдағы неміс қалаларының экономикалық өрлеуі және 
Германияның қолөнеркәсібінің кейбір жеке салаларында өндірістің жаңа 
нысандарының пайда болуы бірқатар кедергілерге де ұшырап отырды. Осындай 
кедергі, ең алдымен, елдің экономикалық дамуының әркелкілігі болып 
табылды. Германияның бір қалалары мен жерлерінің экономикалық жағынан 
өрлеуі, екіншілерінің тоқырап артта қалушылығымен ұштасып отырды. Бұл 
жөнінде елдің жеке-жеке бөліктерінің арасындағы экономикалық қарым-
қатынастардың нашарлығының мәні де аз болған жоқ. Осының салдарынан 
Германияда бірыңғай ішкі нарық қалыптасып, жетіле алмады. Ал, Германияның 
прогрессивтік экономикалық дамуына үлкен кедергі жасаған себептердің бірі 
елдің саяси бытыраңқылығы болды.
Ауыл шаруашылығының және шаруалардың жағдайы. Солтүстік-Шығыс 
Еуропаның бірқатар елдерінен шетелдерге, көбіне Фландрия мен Солтүстік 
Нидерландыға, астық шығарып сатудың басталуына байланысты Германияның 
шығысында ХV ғасырда-ақ дворяндардың арасында шаруашылықты жүргізу 
белсенділігінің өрлеуі байқалды. Польшаның Гданьск қаласымен қатар, 
немістің Любек, Росток, Висмар және Штральзунд бола бастады. Астықты 
шетелге шығарудың күшеюі солтүстік-шығыс Германияның өз қалаларындағы 
астықтың бағасын арттырды. Неміс феодалдарынан тартқан езгінің ең негізгі 
ауыртпалығы славян және литва шаруаларына түсті.
Солтүстік-батыс Германияның аудандарында ауыл шаруашылығының 
алға басып, өркендеуі үшін жергілікті нарықтың дами түсуі, яғни жақын 
жердегі және жедел өсе бастаған қалалардың тарапынан егіншілік кәсібінің 
өнімдеріне деген сұраныстың үсті-үстіне ұлғая беруінің маңызы зор болды. 
Вестфалия мен Саксония қалаларында жүн маталарын өндірудің табыстары, 
бұл жерлерде жүнге деген сұранысты барынша ұлғайтып, қой шаруашылығын 
өркендетуге дем берді.
Германия халқының басым бөлігі елдің оңтүстігі мен оңтүстік-батысында 
орналасты. Бұларда шетке шығарылатын астық өндіретін ірі бай ауыл 
шаруашылығының дамуы үшін қолайлы жағдайлар қалыптасып жетпеген еді. 
Бұл жағдай ұсақ шаруа шаруашылықтарында ХІV – ХV ғасырларда қайта 
басталған қысымның ерекше өзгешелігінің мәнін анықтап берді. Феодалдық 
қанауды барынша күшейту көбіне зығыр және басқа техникалық дақылдарды 
өңдеуде барщинаны ұлғайтып, қауымның пайдаланатын жерлерін басып алу 
есебінен помещиктердің қой шаруашылығын кеңінен өсіру және әртүрлі алым-
салықтарды көбейтіп, шаруалардың басыбайлылық тәуелділігін күшейту, 
80 


мұрагерлікпен ұсталатын жерлерді жедел және қысқа мерзімді жалға беру 
арқылы жүзеге асырылды. Феодалдық езгі күшейген сайын шаруалардың күресі 
өсе берді және ХV ғасырда ол ашық толқуларға және ірі көтерілістерге айналып 
отырды.
Императорлар және аумақтық князьдар.
 
Қалаларда оппозициялық 
қозғалыстың өрлеуі. Германияның тарихи дамуына тән ерекшеліктері оның 
әрбір бөліктерінің арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың 
нашарлығында және мұндағы орталықтандыру үрдісінің тек жеке 
провинциялар мен аумақтарының шеңберінде ғана өткендігінде болды. Бұл 
жағдайлар аумақтық князьдардың одан әрі күшейіп, императорлар өкіметінің 
әлсіреуінен көрінді. Өз аумақтарының толық деңгейдегі иелері болған неміс 
князьдары император өкіметінің қажеттілігін, оны тек өздерінің иеліктерін 
қалалар мен рыцарьлардың есебінен ұлғайтып, көршілес отырған халықтарға 
қарсы басқыншылық жоспарларын жүзеге асыруда керек болғандықтан 
мойындады. Императордың да, рейхстагтың да қолында атқарушы билік 
аппараты болмады. Император тек аумақтық князьдықтардың бірі болып, өз 
князьдығының күшіне сүйенгендігінен ғана өкіметке иелік ете алды. Елдің заң 
шығаратын немесе қаржылық билікті атқаратын органдарының бірі де 
болмады. 
Кейбір князьдықтарда ландтагтар – дворяндар мен дін басыларынан және 
қалалардың өкілдерінен құрылған жиналыстар шақырылып тұрды. Ландтагтар 
өз аумақтарындағы барлық күш-қаражат пен мүмкіндіктерді өздеріне 
бағындырып, қажет қаражатты халықтан жинауға тырысқан князьдарға қызмет 
етті және олардың ешбір әрекетіне шек қоймады.
Император сонымен қатар, князьдар әулетінің және оны қолдаушының 
ықпалын күшейту құралына айналды. Императорды сайлауға құқығы бар 
князьдар курфюрстер (сайлаушы-князь) деп аталды. Курфюрстер өздері 
сайлаған императордан олардың дербестігіне ешбір шек қоймауды талап етті. 
Император тағына отырған Габсбургтер мұрагерлік иеліктерді ұлғайтуға 
кіріскен кезде мұны басқа князьдардың егемендігіне төнген қауіп деп түсінген 
курфюрстер Люксембургтер әулетінен екінші императорды сайлады. Ал VІІ 
Генрих Люксембургский (1308 – 1313 ж.ж.) әулеттік некенің нәтижесінде өз 
иеліктеріне Чехияны қосып алып, чех князы болған кезде, курфюрстер оның 
өлімінен кейін император етіп баварлық герцогтар Виттельсбахтардың 
әулетінен Людвиг Баварскийді (1314 – 1347 ж.ж.) сайлады.
Өз әулетінің мұрагерлік иеліктерін ұлғайту туралы ғана ойлаған Людвиг 
Баварский, сонымен бірге өзге князьдардың мүдделері үшін Италияға қайтадан 
жорық жасау әрекетіне кірісті. Осы мақсатын орындауды көздеген Людвиг 
1328 жылы Италиядағы партиялардың күресіне араласып, папа ХХІІ Иоаннға 
қарсы Римнің қалалық ақсүйектерінің жағына шықты. Алайда Людвиг 
Баварскийдің Италияға жасаған жорығы масқара сәтсіздікпен аяқталды. Ал 
Баварлық князьдық рудан шыққан Виттелсбахтардың одан әрі күшеюін 
тілемеген неміс князьдары, әлі оның тірі кезінде-ақ Люксембургтардың руынан 
шыққан және сол кездің қарсаңында І Карл деген атпен чех королі болған – IV 
Карлды жаңа император етіп сайлап қойды.
81 


IV Карлдың (1347 – 1378 ж.ж.) тұсында Германияның саяси 
бытыраңқылығын осы императордың 1356 жылы шығарған «Алтын булласы» 
заң жүзінде баянды етті. Князьдардың өз князьдықтарындағы толық егемендігі: 
сот ісін жүргізу, баж салықтарын жинау, монета соғып шығару, кен 
байлықтарын пайдалану құқықтары танылды. Феодалдардың араларындағы 
жеке соғыстар заңдастырылды; тек қана вассалдарының тікелей өз 
сеньорларына қарсы соғыс жүргізулеріне тиым салынды.
Неміс бюргерлерінің (мещандарының) оппозициялық пиғылдары XIV 
ғасырда-ақ көріне бастады. Қала халықтары саяси былықтың және князьдардың 
құдіреттілігі мен зорлық-зомбылықтарының нәтижесінен шыққан тоқпақ 
құқықтың үстемдігіне наразы болды. Сарай өмірінің сән-салтанатын тойлап, 
үнемі өзара соғыстарды туғызып, жалдамалы әскерлерінің санын арттыра беру 
үшін бір-бірімен жарысқа түскен князьдардың ауыр алым-салықтарына қарсы 
наразылық бюргерліктің арасында да өсе түсті. Бюргерлік оппозиция өзінің 
идеологиялық бейнесін XIV ғасырда мистиктер деп аталғандардың діни 
қозғалысынан тапты. 
Алайда, мистиктердің XIV ғасырдағы қозғалысы айтарлықтай қанат жая 
алмады. 1439 жылғы «император Сигизмундтың реформациясы» деген саяси 
памфлетте бюргерліктің осы прогресшіл тобының мүдделерін бейнелеуші: 
Германияны бір орталыққа бағынған мемлекетке айналдырып, үздіксіз 
феодалдық соғыстарды тоқтату, жергілікті өкіметтерді жалпы германдық 
заңдарға бағындырып, феодалдық ерекше жеңілдіктерді мемлекеттік құқықтар 
мен міндеттердің жүйесімен алмастыру және бірыңғай сот жұмысын құрып, 
бірыңғай баж салықтары мен бірыңғай ақша жүйесін жасау туралы нақтылы 
талаптар қойылды. Қолөнер кәсібі мен сауданың жағдайларын жақсарту 
мақсатында памфлет цехтарға шек қоюшылықты тоқтатып, ірі сауда 
өсімқорлық компанияларды жоюды талап етті. 
XV ғасырдағы шаруалар қозғалыстары. «Башмак» туының шығуы. 
Бытыраңқы Германиядағы әлеуметтік-саяси реакцияшылдықпен және князьдық 
зорлық-зомбылықпен күрестегі шаруалар қозғалысының маңызы XV ғасырдың 
1-
жартысында әсіресе Чехиядағы гусшілдер соғыстарының кездерінен бастап 
анықтала түсті. 
Гусшілдерге қарсы герман императоры мен Рим папасының 
ұйымдастырған крест жорықтары күйреуге ұшырап, табориттердің 
революцияшыл чех армиясы Чехияның сыртына шығып, Бавария мен 
Австрияға, Силезия мен Венгрияға кіргеннен кейін, Германияның әрбір 
бөліктерінде 
шаруалардың 
революциялық 
қозғалыстары 
басталды. 
Шаруалардың 1431 жылы Вормс ауданында феодалдар мен өсімқорларға қарсы 
жүргізген ірі көтерілісі князьдар мен қалалық ақсүйектердің қаупін туғызды.
XV ғасырдың 30-жылдары Жүз жылдық соғыстың тұсында Германияның 
оңтүстік-батыстағы жерлеріне француз королінің қызметінде болған жат жерлік 
арманьяктардың жалдамалы қарулы бандалары шабуыл жасады. Германияның 
оңтүстік-батысындағы рейндік жерлерді өзінің иеліктеріне қосып алғысы 
келген француз королі VII Карл, Дофин Людовиктің (болашақ король ХІ 
Людовиктің) басшылығымен оған сансыз көп жалдамалы отрядтарды 
82 


аттандырды. Герман императоры сияқты неміс князьдары мен феодалдары 
арманьяктардың дұшпандық әрекеттеріне қарсы әрекеттер жасамағанымен 
қоймай, елдегі шаруалардың қозғалыстарын басып, қалалардағы үдей түскен 
оппозицияны құрту үшін, оларды неміс жерлеріне арнайы шақырып, елге 
кіргізеді. Арманьяктарға қарсы тек бұқара халық, ең алдымен, шаруалар батыл 
тойтарыс берді. Дофин Людовиктің үлкен армиясы 1444 – 1445 жылдары 
бытырап кеткен қаңғыбас топтарға айналды.
Тұңғыш рет арманьяктармен күрестің кезінде «Башмак» туы көтерілді. 
Кейін ол шаруаларды феодалдар мен князьдарға қарсы күреске шақырушы 
белгі болып табылды. 1460 жылы Гегау жерінің шаруалары «Башмак» туының 
астына топтасып, үлкен көтеріліс жасады. 1493 жылы Эльзаста шаруалар мен 
қала халықтарының ұйымдастырған жасырын одағының бүлігі ашылып қалады.
XV ғасырдағы герман өмірінің ішкі оқиғалары Германияның 
революциялық өрлеу кезеңіне енуімен белгілі болды. Бұл өрлеу XVI ғасырдағы 
Еуропадағы феодалдық құрылысқа қарсы ең алғашқы ірі шайқаспен – 
реформациямен және Ұлы шаруалар соғысымен аяқталды. 
Князьдар, феодалдар және қалалардың патрициандық төбелтоптары 
халықтық наразылықтың қандайын болса да қатал басып тастап отырды. XV 
ғасырда Еуропада бір орталыққа біріккен мемлекеттердің құрылуы жағдайында 
жүргізілген халықтық қозғалыстың өзгешелігі, ел ішіндегі шаруалар 
қозғалысының неміс феодалдарының озбырлығының азабын тартқан 
халықтардың қозғалысымен ұштасып кету қаупін туғызып, князьдық 
олигархияны үрейге түсіруінде болды. Тевтон орденінің Польша мен Литваға 
қарсы XV ғасырдың алғашқы жылдарында жүргізген басқыншылық саясаты 
күйреді. Тевтон орденінің Бранденбург маркрафтарымен одақтаса отырып, XIV 
ғасырдың 40-жылдары Поморьені басып алуына байланысты Польша теңізден 
қол үзіп қалды. XV ғасырдың басында Литваның жмудь тайпасының аумағын 
басып алу арқылы өзінің ливондық және прусстық иеліктерін біріктірген орден 
Литваны да теңізден ығыстырды. 
Осыдан кейін ол Висланың оң жақ жағалауын бойлай отырып, Польша 
жерлеріне шабуыл бастады. Алайда, 1410 жылдың өзінде-ақ Грюнвальд түбінде 
болған қырғын соғыста, поляктар мен литвандардың, орыстар мен чехтардың 
біріккен күштері Тевтон орденінің рыцарьларын күйрете жеңді. Бірақ орденді 
талқандау XV ғасыр ішінде аяқталды. Бұл арқылы Шығыс Еуропаның ішкі 
жағына қарай ілгері жылжи беруге бағыт алған неміс рыцарьларының 
әрекеттеріне мәңгі-бақи тиым салынды.
Шығыстағы жағдай енді Германияның князьдық олигархиясының 
тынышын кетіруге айналды және осыған байланысты славян халықтары 
өздерінің немістердің озбырлығына қарсы күресінде сол кезде біраз күшейе 
бастаған орыс мемлекетінің көмегіне сүйене алатын болды. Габсбургтер 
әулетінен шыққан герман императоры ІІІ Фридрих (1440 – 1493 ж.ж.) орыс 
князы ІІІ Иванды өз жағына тартуға тырысты және Польшаға қарсы бірлесіп 
әрекет жасауды ұсынды. 
Германияда болған экономикалық өзгерістер мен сауда байланыстарының 
ұлғая түсуі елдің саяси бытыраңқылығын айғақтады. Германия үшін қиындала 
83 


түскен халықаралық жағдай және ел ішіндегі халықтық қозғалыстың дамуы 
неміс князьдарын империялық реформа жолдарын іздестіруге мәжбүр етті. XV 
ғасырдың 80-жылдарының аяқ кезінде Оңтүстік-Батыс Германияда «Швабия 
одағы» деген атпен ірі саяси және соғыс бірлестігі құрылды. Формальды 
тұрғыда бұл Оңтүстік-Батыс Германияның рыцарьлары мен империялық 
қалаларының бірлестігі болып саналып, оған жеке ірі князьдықтар да қосылды. 
Ал, шын мәнінде одақ сол князьдардың қолдарында болды және олар өздерінің 
басшысы етіп – архиепископ Майнцскийді қойды.
Швабия одағының басында тұрған князьдар 1495 және 1500 жылдардағы 
рейхстагтарда «империялық реформа» жөніндегі өздерінің жобаларын өткізді. 
Бұл жоба бойынша империяда – «земство білімін», яғни ішкі соғыстарды 
тоқтатып, жалпы империялық басқару орнын құру және князьдардың 
арасындағы дау-жанжалдарды реттеп отыратын империялық сотты 
ұйымдастыру мәселелерін жариялау шешілді. Осыларды жүзеге асыру арқылы 
жалпы империялық мекемелер қиын-қыстау жағдайларда князьдар мен 
феодалдарға қажетті реакциялық ішкі және сыртқы саясатты жүргізе алады деп 
үміт артылды. Осы реакциялық саясатты жүзеге асыруда князьдар Швабия 
одағына және елде құрылуға тиісті сол сияқты одақтарға сенді. 
Сонымен, «империялық реформа» ұсақ мемлекеттілік пен саяси 
бытыраңқылықты жою емес, керісінше оларды баянды ету болып табылды. Ал, 
осы «реформаның» өзін де князьдық топтардың арасындағы ұрыс-керістің 
салдарынан жүзеге асыру мүмкін болмады. Швабия одағы мен император І 
Максимилиан Габсбургтің (1493 – 1519 ж.ж.) Швейцарияны қайтадан 
бағындыру жөнінде жасаған әрекеттері сәтсіздікпен аяқталды. Олардың 
Швейцариялық одаққа қарсы 1499 жылы ашқан соғысы жеңіліспен аяқталып, іс 
жүзінде Швейцарияның империямен арадағы барлық байланыстарының 
бұзылуына әкелген еді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   35




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет