«Әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а дінге енгізілген жаңалықтардан (бидғаттардан) және Аллаһ туралы білімсіз сөйлеуден сақтандырады»
Аллаһ Тағала былай деді:
﴿ ثُمَّ قَفَّيْنَا عَلَى آثَارِهِم بِرُسُلِنَا وَقَفَّيْنَا بِعِيسَى ابْنِ مَرْيَمَ وَآتَيْنَاهُ الإِنجِيلَ وَجَعَلْنَا فِي قُلُوبِ الَّذِينَ اتَّبَعُوهُ رَأْفَةً وَرَحْمَةً وَرَهْبَانِيَّةً ابْتَدَعُوهَا مَا كَتَبْنَاهَا عَلَيْهِمْ إِلاَّ ابْتِغَاء رِضْوَانِ اللَّهِ فَمَا رَعَوْهَا حَقَّ رِعَايَتِهَا فَآتَيْنَا الَّذِينَ آمَنُوا مِنْهُمْ أَجْرَهُمْ وَكَثِيرٌ مِّنْهُمْ فَاسِقُونَ ﴾
«Сосын олардың артынан жалғасты түрде елшілерімізді жібере отырып, Мәриям ұлы Исаны да жібердік, және оған Інжілді сыйладық. Оған ілескендердің жүректеріне аяныш пен мейірімділік салдық, ал монахтықты олар өздері ойлап шығарды. Біз оны оларға бұйырмадық. Біз оларға Аллаһтың разылығына ұмтылуды ғана бұйырған едік. Бірақ олар оны лайықты деңгейде орындай алмады. Олардан иман келтіргендерге сый-сауаптарын бердік, бірақ олардың көбі бұзақылар» («әл-Хадид» сүресі, 27-аят).
Шейхул-Ислам ибн Таймийя (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: “Бұл аятта монахтыққа мақтау жоқ әрі Исаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) дінін ауыстырғандарға да мақтау жоқ. Бұл аятта Исаға (оған Аллаһтың сәлемі болсын) ізінен ілескендерге мақтау айтылады. Аллаһ Тағала: «Оған ілескендердің жүректеріне аяныш пен мейірімділік салдық», - деп айтқанындай, олардың жүректеріне аяушылық пен мейірімділік салды. Ал содан соң Аллаһ Тағала: «...ал монахтықты олар өздері ойлап шығарды. Біз оны оларға бұйырмадық», - деді. Аллаһ Тағала олардың шариғатында монахтық деген ғибадатты орнатпады. Керісінше, Ол көпқұдайшылдардың ойдан шығарған нәрселерін теріске шағарғандай, мұны да теріске шығарды. Аллаһ Тағала былай деді: «Аллаһ бахираға, саибаға, уасиләға және хамға қатысты бұйрық еткен жоқ» («әл-Мәида» сүресі, 103-аят)10. Аллаһ Тағала бұл бидғаттарды теріске шығарып, Өзі орнатқан нәрсесін растады: «Сендердің (пайғамбарлардың) әрбіріңе Біз шариғат пен жол (мәнһаж) орнаттық» («әл-Мәида» сүресі, 48-аят). (Ол) сондай-ақ (былай деді): «Біз әрбір үмметке олар орындайтын рәсімдерді орнаттық» («әл-Хажж» сүресі, 67-аят). Ал монахтыққа келер болсақ, оны олардың өздері дінге енгізді.
Кейін Аллаһ: «Біз оларға Аллаһтың разылығына ұмтылуды ғана бұйырған едік», - деді. Аллаһтың разылығына ұмтылу бидғаттар арқылы емес, Аллаһ әмір еткен нәрселер арқылы бұйырылған” (Қз.: “әл-Жәуаб әс-Сахих лиман баддалә дин әл-масих”, 2/191).
Әнастың былай деп айтқаны хабарланады: “Бірде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерінің үйлерінің жанына үш адам келіп, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа қалай құлшылық ететіні туралы сұрай бастады. Оларға бұл туралы айтылған кезде, олар, бәлкім, бұны көп емес деп санап: «Бізге Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жету қайда!.. Оның өткен күнәлары да, болашақ күнәлары да кешірілген!», - деді. Кейін олардың біреуі: «Маған келсек, мен әр түн сайын тоқтамай намаз оқимын», - деп айтты. Басқасы: «Мен үзбей ораза ұстаймын», - деді. Үшінші болса: «Ал мен әйелдерден аулақ боламын әрі ешқашан үйленбеймін», - деді. Ал біраз уақыт өткен соң олардың жанына Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Пәлен және пәлен нәрселерді айтқан сендер екенсіңдер ғой?! Аллаһпен ант етемін, мен сендерден көбірек Аллаһтан қорқамын әрі сендерден көбірек Одан жасқанамын, алайда мен кейбір күндерде ораза ұстаймын, ал басқаларында мұны істемеймін, мен (түндерде) намаз да оқимын, ұйықтаймын да, сондай-ақ мен әйелдермен де некелесемін, ал кім менің Сүннетіме (ілескісі) келмесе, оның маған қатысы жоқ!», - деді” (әл-Бухари 5063, Муслим 1401).
Бірде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құтпа айтып тұрған кезінде тұрып тұрған адамға көзі түсті де, ол туралы сұрады. Адамдар оған: «Бұл Абу Исраил. Ол (бүгін) отырмай тұрып тұруға, көлеңкеге паналамауға, сөйлемеуге және ораза ұстауға нәзір берді», - деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (сол жердегі) біреуге: «Оған айт: сөйлесін, көлеңкеге паналасын және отырсын, ал оразасын соңына дейін жеткізсін», - деді (әл-Бухари, 6704).
Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз құтпаларында: «Ең жақсы сөз – бұл Аллаһтың Сөзі, ал ең жақсы жол – бұл Мухаммадтың жолы. Амалдардың ең жаманы – бидғаттар, ал әрбір бидғат – бұл адасушылық», - деп айтатыны хабарланады (Муслим, 867).
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ Абу Бурда бин Нийарға: «Сенің қойың тек етке ғана жүреді», - деп те айтқан (әл-Бухари, 955; Муслим, 1961)11.
Аллаһ Тағала былай деді:
﴿ قُلْ إِنَّمَا حَرَّمَ رَبِّيَ الْفَوَاحِشَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَمَا بَطَنَ وَالإِثْمَ وَالْبَغْيَ بِغَيْرِ الْحَقِّ وَأَن تُشْرِكُواْ بِاللَّهِ مَا لَمْ يُنَزِّلْ بِهِ سُلْطَانًا وَأَن تَقُولُواْ عَلَى اللَّهِ مَا لاَ تَعْلَمُونَ ﴾
“«Күдіксіз, Раббым, арсыздықтарды, олардың көрнеуін де, көмесін де, күнә жасауды, орынсыз озбырлықты, оған байланысты ешбір дәлел түсірілмеген нәрсені Аллаһқа серік қосуларыңды және білмейтін нәрселеріңді Аллаһқа қарсы сөйлеулеріңді арам қылды», - де” («әл-Әғраф» сүресі, 33-аят).
Ибн ул-Каййим (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: ”Аллаһ туралы білімсіз сөйлеу барлық тыйымдардың ішіндегі ең қатал тыйыммен тыйым салынған және күнәлардың ең қорқыныштысы болып табылады. Бұл аятта осы тыйым барлық шариғаттар мен діндер оларға қатысты үйлескен тыйымдардың ішіндегі төртіншісі болып аталған. Бұл ешбір жағдайларда рұқсат етілмейтін тыйым салынған нәрселер. Аятта аталып кеткен нәрселер тек тыйым салынған (мухаррам) ғана бола алады. Олар кейбір жағдайда рұқсат етілген, ал кейбірде тыйым салынған болатын өлексе, қан немесе доңыздың еті сияқты емес. Тыйым салынған (мухаррам) нәрселер екі түрге бөлінеді: 1 — өз болмысында тыйым салынған нәрсе, әрі ол ешқашан рұқсат етілген болуы мүмкін емес; 2 — кейде тыйым салынатын, ал кейде тыйым салынбайтын харам нәрселер. Аллаһ Тағала тыйым салынғанның бірінші түрі туралы былай деді: «Күдіксіз, Раббым, арсыздықтарды тыйым, олардың көрнеуін де, көмесін де..., ...арам қылды», - де», - деп айтты. Кейін Аллаһ Тағала: «...күнә жасауды, орынсыз озбырлықты...», - деп одан да қатал тыйымды айтуға көшті. Ал содан соң Аллаһ: «...оған байланысты ешбір дәлел түсірілмеген нәрсені Аллаһқа серік қосуларыңды және білмейтін нәрселеріңді Аллаһқа қарсы сөйлеулеріңді арам қылды», - деп, бұдан да жаман нәрсеге өтті. Әрі бұл – Аллаһтың ең үлкен тыйымы, әрі ең үлкен күнә. Бұл – Аллаһ Тағалаға өтірік жапсыру, Оған Оның Ұлықтығына сәйкес келмейтін нәрсені телу, Оның дінін өзгерту, Ол растаған нәрсені теріске шығару және Ол теріске шығарған нәрсені растау. Бұл – ақиқатты жалған деп, ал жалғанды ақиқат деп айту. Бұл күнә Аллаһ жақсы көретін кісімен жауласуға және Аллаһ жек көретін кісіні жақсы көруге алып барады. Бұл күнә Аллаһты Оған лайық болмаған сипаттармен сипаттауды меңзейді. Сондықтан да Аллаһ тыйым салған нәрселердің арасында бұған ең қатаң түрде тыйым салынған. Бұл күнә көпқұдайшылық пен күпірліктің негізі болып табылады! Осының үстіне барлық бидғаттар мен адасушылықтар құрылған.
Адамды дінде адастыратын кез-келген бидғаттың негізі Аллаһ туралы білімсіз сөйлеу болып табылады. Дәл сондықтан да мұсылмандардың алғашқы ұрпақтары Аллаһ туралы білімсіз сөлейтіндерді өте қатал сөгетін. Олар бұл (күнәдан) жердің түпкір-түпкірінде ең қатал ескертумен сақтандыратын. Олар мұны тіпті арсыздықтардан да, зұлымдықтар мен әділетсіздіктерден де қаттырақ сөгетін. Өйткені бидғаттан және оның дінді қалайша бұзатынынан келетін зиян анағұрлым үлкен. Аллаһ Тағала әлдебір нәрсенің хәлал, не харам екені туралы Аллаһтан келген дәлелсіз айтатындарды (былай деп) сөгеді: «Тілдеріңмен: «Мынау – хәлал, мынау - харам», - деп өтірікті сөйлемеңдер» («ән-Нәхл» сүресі, 116-аят)” (Қз.: «Мәдариж әс-Саликин», 1/372).
Сондай-ақ Ибн ул-Каййим (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: “Дүние тіршілігін абзал көріп таңдаған кез-келген білім иесі міндетті түрде Аллаһ туралы ақиқат болып табылмайтын нәрсені айтады. Өйткені Аллаһ Тағаланың заң-ережелері жиі жағдайда адамдардың талаптарына сәйкес келмейді. Әсіресе, бұл билік иелері мен күмән-шүбәлардың соңына ілесетіндерге қатысты. Әдетте олар өз мақсаттарына тек ақиқатты теріске шығарғанда, оған қарама-қарсы шыққанда ғана қол жеткізе алады. Мысалы, ғалымдар немесе билікті сүйетін және көңіл қалауларына еретін билеушілер өздерінің шариғатқа қайшы келетін мақсаттарына тек ақиқатты теріске шағару арқылы ғана жете алады. Әсіресе, егер бұл адамдарда қандай да бір өтірік түсінік пайда болған болса әрі оларға өздерін ақыр аяғында жеңетін әрі соның нәтижесінде ақиқат жасырылатын әуестік үстем ететін болса. Ал егер ақиқат айқын болып қала берсе, онда мұндай адамдарға тек оған қарама-қарсы шығу ғана қалады. Олар: «Біз (болашақта) бәрібір тәубе келтіреміз», - дейді. Мұндайлар туралы Аллаһ Тағала былай деді: «Олардан кейін намазды қойып, көңіл қалауларының жетегінде кеткен ұрпақтар келді» («әл-Мәриям» сүресі, 59-аят). (Ол) сондай-ақ (былай деді): «Олардан кейін Кітапқа мұрагер болып, осы сапасыз дүниенің игіліктеріне жармасатын топ келіп: «Жуықта кешірілеміз», - деді. Оларға осындай игіліктер тағы кездессе, олар қайтадан соларға жармасар еді. Олардан Аллаһ туралы тек шындықты ғана айтуларына Кітапта уәде алынбады ма? Олар ондағы (Кітаптағы) нәрселерді оқып-үйренді. Негізінде, Ақырет мекені тақуалар үшін хайырлырақ. Сонда да түсінбейсіңдер ме?» («әл-Әғраф» сүресі, 169-аят)..
Аллаһ Тағала олар өздерінің: «Біз кешірілеміз», - деп, харам нәрселер істеп жатқанын білсе де, осы мардымсыз дүниенің игіліктерін абзал көргенін хабарлады. Егер осыдан кейін оларға басқа бір игілік тап болса, олар тағы да соларға жармасады. Мұның барлығы олардың Аллаһ туралы өтірік сөйлеуіне әкеп соғады. Олар: «Бұл – Аллаһтың шариғаты және Оның діні», - деп айтады, бірақ Аллаһтың шариғаты мен Оның діні бұған мүлде қайшы екенін біледі.
Ал тақуаларға қатысты айтар болсақ, олар Ақырет мекені бұл дүние тіршілігінен жақсырақ екенін біледі. Сондықтан да билікке деген махаббат пен әуестік оларды Ақыретті қалдырып дүние тіршілігін абзал көруге мәжбүрлей алмайды. Ал Ақырет мекеніне апаратын жол Құран мен Сүннетте және сабырлық пен намазға көмек сұрап жүгінуде.
Ал дүние тіршілігін артық көріп таңдап алған ғалымдар (немесе билеушілер) туралы айтар болсақ, онда олар енгізген бидғаттарынан басқа, міндетті түрде күнәларға да батады. Олардың бойларында (осы) екі нәрсе бірігеді. Әуестікке еру жүректі соқыр етеді де, содан кейін ол Сүннет пен бидғатты ажырата алмайды. Бұл – дүние тіршілігі мен билікке деген ұмтылысты таңдап алған білім иелерінің қасіреті” (Қз.: «әл-Фауаид», 101-бет).
Шейхул-Ислам ибн Таймийя (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: «Құран мен Сүннеттен әлдебір нәрсені жек көретін әрбір адам (Құран мен Сүннетті) жек көруінің дәрежесіне сәйкес өз бойында Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) деген дұшпандықты алып жүреді. Ал кім Құран мен Сүннетті сүйсе, сол өзінің Құран мен Сүннетке деген махаббатының дәрежесіне сәйкес өз бойында Пайғамбарға деген (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) махаббатты алып жүреді» (Қз.: «Дару та‘аруд әл-‘ақль уә ән-нәқл», 5/219).
Жиырма жетінші ереже:
«Әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а салиқалы мұсылмандардың алғашқы ұрпақтарының жолына ілесетін ғалымдарды дөрекілік пен қаталдықта айыптап, жамандап-қаралайтын бидғаттарды жақтаушылардың (әһлю-л-бид’а) жолынан сақтандырады»
Аллаһ Тағала былай деді:
﴿ وَإِن كَادُواْ لَيَفْتِنُونَكَ عَنِ الَّذِي أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ لِتَفْتَرِيَ عَلَيْنَا غَيْرَهُ وَإِذًا لاَّتَّخَذُوكَ خَلِيلاً ﴾
«(Мухаммад,) олар сені саған уахи еткенімізден басқа нәрсені бізге жала жапсыртып бұзуға дейін жақындата жаздады. Міне, сол уақытта олар сені дос тұтар еді» («әл-Исра» сүресі, 73-аят)..
(Ол) сондай-ақ (былай деп айтты):
﴿ لَوْ خَرَجُواْ فِيكُم مَّا زَادُوكُمْ إِلاَّ خَبَالاً ولأَوْضَعُواْ خِلالَكُمْ يَبْغُونَكُمُ الْفِتْنَةَ وَفِيكُمْ سَمَّاعُونَ لَهُمْ وَاللَّهُ عَلِيمٌ بِالظَّالِمِينَ ﴾
«Егер олар сендермен бірге жорыққа шыққанда, сендерге тәртіпсіздіктен басқа еш нәрсе қоспас еді, араларыңда бүлік сеуіп жүгірер еді. Сендердің араларыңда оларға құлақ салатындар да табылады. Аллаһ залымдарды жақсы біледі» («әт-Тәуба» сүресі, 47-аят).
Сондай-ақ (былай деп те):
﴿ أَشِحَّةً عَلَيْكُمْ فَإِذَا جَاءَ الْخَوْفُ رَأَيْتَهُمْ يَنظُرُونَ إِلَيْكَ تَدُورُ أَعْيُنُهُمْ كَالَّذِي يُغْشَى عَلَيْهِ مِنَ الْمَوْتِ فَإِذَا ذَهَبَ الْخَوْفُ سَلَقُوكُم بِأَلْسِنَةٍ حِدَادٍ أَشِحَّةً عَلَى الْخَيْرِ أُوْلَئِكَ لَمْ يُؤْمِنُوا فَأَحْبَطَ اللَّهُ أَعْمَالَهُمْ وَكَانَ ذَلِكَ عَلَى اللَّهِ يَسِيرًا ﴾
«Олар сендерге қатысты тым сараң. Ал қашан оларды бір қорқыныш билесе, саған өздерін өлім есірігі басып бара жатқандай, көздері төңкеріліп қарағаның көресің. Ал қорқыныштары кетсе, ізгілікке сараң болып, сендерге өткір тілдерін тигізеді. Міне, осылар иман келтірмегендер. Сондықтан Аллаһ олардың ғамалдарын жойды. Бұл Аллаһқа оңай» («әл-Әхзаб» сүресі, 19-аят).
Әрі былай деп:
﴿ أُوْلَئِكَ الَّذِينَ يَعْلَمُ اللَّهُ مَا فِي قُلُوبِهِمْ فَأَعْرِضْ عَنْهُمْ وَعِظْهُمْ وَقُل لَّهُمْ فِي أَنفُسِهِمْ قَوْلاً بَلِيغًا ﴾
«Аллаһ олардың жүректеріндегісін біледі. Сондықтан олардан бет бұр, бірақ оларға үгіт бер, әрі оңаша түрде әсерлі сөздер айт» («ән-Ниса» сүресі, 63-аят).
Шейхул-Ислам ибн Таймийя (Аллаһ оны рахым етсін) өз қарсыластарына былай деген екен: “Сіздер жұмсақ сөз қолдану қажеттігі туралы айтасыздар, алайда мен оларды өте жиі қолданатымды білесіңдер. Бірақ әрбір зат өз орнында болса жақсы болады. Аллаһ Тағала мен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһтың Кітабына және Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне қол сұғатын адамға қаталдық танытуды бұйырды. Бізге олар айтып жатқан нәрселерді теріске шығару бұйырылды. Бізге мұндай адамдарға жақсырақ нәрсе арқылы сөйлеу бұйырылмады. Аллаһ Тағала былай деді: «Босамаңдар да, қайғырмаңдар. Егер мүмин болсаңдар, әлбетте үстем боласыңдар» («Әли-Имран» сүресі, 139-аят). Құран Кәрімнің осы аятында айтылғандай, кім иман келтірсе, сол үстемдікте (болады).
Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Негізінде, күш-қуат Аллаһқа, Елшісіне әрі мұсылмандарға тән» («әл-Мунафиқун» сүресі, 8-аят). (Ол) сондай-ақ (былай деді): “Сөзсіз, Аллаһқа және Оның Елшісіне қарсы жауласқандар, солар ең қорланғандардың қатарында болады. Аллаһ: «Әлбетте, Мен және елшілерім жеңіске иеміз», - деп жазған!” («әл-Мужәдәлә» сүресі, 20-21 аяттар).
Бұл адамдар кім болатынына қарамастан, Аллаһ Тағала міндетті түрде Өзінің уәдесін орындайды. Сондай-ақ ақыл да, дін де адамдардың разылығын іздеуге екі себептен тыйым салады. Біріншіден, бұл мүмкін емес. Имам әш-Шәфи‘и: «Адамдардың разылығы – бұл қол жетпес мақсат, сондықтан да өзіңді түзейтін нәрсеге ұмтыл. Осы нәрсені ұстан да, өзіңді басқа нәрселермен мазалама», - деген екен. Екіншіден, бізге Аллаһ Тағала мен Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) разылығын іздеу бұйырылған. Аллаһ Тағала былай деді: «Бірақ оларға Аллаһты және Оның Елшісін разы етулері жақсырақ еді» («әт-Тәуба» сүресі, 62-аят). Біз тек Аллаһ Тағаладан қорқуымыз қажет, және Одан басқа ешкімнен қорықпауға тиістіміз. Аллаһ Тағала былай деді: «Егер иман келтірген болсаңдар, олардан қорықпаңдар да, Менен қорқыңдар» («Әли-Имран» сүресі, 175-аят). (Ол) сондай-ақ (былай деп айтты): «Ендеше, олардан қорықпаңдар да, Менен қорқыңдар» («әл-Мәида» сүресі, 44-аят). Сондай-ақ: «Менен ғана қорқыңдар», - деп те («ән-Нәхл» сүресі, 51-аят).
Сондықтан да біз Аллаһ Тағаладан қорқуымыз керек. Біз Одан адамдармен жасасатын қарым-қатынасымызда да қорқуға тиістіміз. Оларға жүрегімізбен де, дене мүшелерімізбен де зәбір-қысым көрсетпеуіміз керек. Бірақ біз адамдардан қорқып, Аллаһ пен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйырған нәрселерді тастамауымыз керек. Кім Аллаһтан осылайша қорықса, соның соңы игі болмақ. ‘Айша (Аллаһ оған разы болсын) Му‘ауийяға (Аллаһ оған және оның әкесіне разы болсын) былай деп жазған екен: «Кім Аллаһты ызаландырып, адамдардың разылығын іздесе, сол Аллаһтың әрі адамдардың ашу-ызасына ие болады! Адамдардан кім оны (кезінде) мақтаған болса, сол оны сөге бастайды. Ал кім Аллаһтың разылығын іздесе, тіпті бұл адамдарды ызаландырса да, сол Аллаһтың разылығына да, адамдардың разылығына да ие болады!» (Қз.: «Силсилә әс-Сахиха», 2311). Мүмин адам Аллаһ Тағаланың разылығына ғана лайықты болуға және Оның ашуынан аман қалуға ұмтылуы керек. Аллаһтан басқа ешкімде күш те, қуат та жоқ!” (Қз.: «Мәжму‘ әл-Фатауа», 3/233).
Сондай-ақ шейхул-Ислам ибн Таймийя (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: «Бидғатты жақтаушыларды теріске шығару да дәл осылай! Егер адам оларды теріске шығарып жатып, ақиқатты түсіндіру, жаратылыстарға тура жолды нұсқау ниеті болмаса, онда оның амалы ізгі-салиқалы болмайды. Кісі бидғаттар мен күнәларды сөгуде қатал болуы керек, бірақ оның мақсаты адамдар осы күнәлардан сақ болуы үшін, олардан келіп жатқан жамандықты түсіндіру болуы тиіс. Адам (күнәларынан) тыйылуы үшін, әрі өзгелер мұндайға салынудан сақтануы үшін, онымен қарым-қатынасты тоқтатуға (оған бойкот жасауға) да болады. Бірақ мұның барлығы бидғатты жақтаушыларға деген игілік ретінде жасалады. Бұл өш алу және өз нәпсіңді жұбату үшін істелмейді. Мысалы, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (Табук жорығына шықпай) артта қалып қойған үш сахабасына бойкот жариялады. Осы орайда осы жорыққа шықпаған басқалар да болды, бірақ олар ақтала, ант ете бастады, алайда Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) о бастан өтірік айтқан болатын. Ал бұл үшеуіне келер болсақ, олар шындықты айтты және бойкотпен жазаланды. Кейін Аллаһ Тағала олардың шыншылдығы себепті тәубелерін қабыл етті» (Қз.: «Минһажу-с-Сунна ән-Нәбауийа», 5/239).
Сондай-ақ шейхул-Ислам ибн Таймийя (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: «Егер сен белгілі бір имамның әлдебіреудің қандай да бір сөздері үшін оны қатал түрде тілге алғанын немесе тіпті оған такфир жасағанын (күпірлікте айыптағанын) көрсең, бұл сол сөздерді айтқан әрбір адамға қолдануға болатын жалпы үкім болып есептелмейді. Сен оған мұндай қарым-қатынасты тек сол адамның бойында ол қаталдыққа немесе тіпті такфирге (күпірлікте айыптауға) лайық болатындай шарттар жиналған кезде ғана қолдана аласың. Өйткені біреу Исламның айқын рәсімдерінен әлдебірін жоққа шығаруы мүмкін, бірақ осы орайда ол Исламды жақында ғана қабылдаған, немесе білім жоқ елде өмір сүріп жатқан жағдайда ол өзіне пайғамбарлық дәлел жетпейінше кәпір болмайды. Сондай-ақ егер сен қандай да бір ежелгі имамның қате сөздерін көрсең, оған бұл кешіріледі, өйткені оған дәлел жетпеді. Бірақ дәлел жеткенге бірінші кісіге кешірілген нәрсе кешірілмейді. Сондықтан да біз бидғатшылар деп – қабірдегі азап туралы хадистер жеткен, бірақ оны қабылдамай қойғандарды айтамыз. Бірақ біз өлілер қабірлерінде еститінін білмеген Айшаны (Аллаһ оған разы болсын айыптамаймыз). Бұл – маңызды негіз! Оcы туралы ойланшы, өйткені бұл пайда әкеледі» (Қз.: «Мәжму‘ әл-Фатауа», 6/61).
Жиырма сегізінші ереже:
«Әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а өз достығын немесе дұшпандығын Аллаһтың разылығынан өзге нәрсенің үстінде құрмайды»
Аллаһ Тағала былай деді:
﴿ وَالَّذِينَ كَفَرُواْ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاء بَعْضٍ إِلاَّ تَفْعَلُوهُ تَكُن فِتْنَةٌ فِي الأَرْضِ وَفَسَادٌ كَبِيرٌ ﴾
«Кәпірлер бір-біріне көмекші әрі дос болып табылады. Әрі егер мүминдер бір-біріне көмекші және дос болмаса, онда жер бетінде бүлік пен ұлы тәртіпсіздік пайда болады» («әл-Әнфәл» сүресі, 73-аят).
(Ол) сондай-ақ (былай деп айтты):
﴿ وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاء بَعْضٍ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَيُطِيعُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ أُوْلَئِكَ سَيَرْحَمُهُمُ اللَّهُ إِنَّ اللَّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ ﴾
«Мүмин ерлер мен мүмин әйелдер бір-біріне көмекші. Олар жақсылықты бұйырып, жамандыққа тыйым салады, намазды орындайды, зекет төлейді, Аллаһ пен Оның Елшісіне мойынсұнады. Аллаһ оларды рахым етеді. Ақиқатында, Аллаһ – барлық нәрсеге Күші Жетуші, Дана» («әт-Тәуба» сүресі, 71-аят).
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Иманның ләззатын (мына) үш (сипатпен) ерекшеленетін кісі сезеді: ол Аллаһ пен Оның Елшісін барлық нәрседен артық жақсы көреді; кімді жақсы көрсе де тек Аллаһ үшін жақсы көреді; әрі күпірлікке оралуды Отқа тасталуды қаламайтынындай қаламайды» (әл-Бухари, 16; Муслим, 43).
Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ақиқатында, Исламдағы ең бекем байланыс – бұл Аллаһ үшін жақсы көру және Аллаһ үшін жек көру» (Ахмад, 4/286. Сондай-ақ «Силсилә әс-Сахиха», 998).
Шейхул-Ислам ибн Таймийя (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: “Әуестігі үшін жақсы көретін және жауласатын адам да осы сияқты. Мысалы, әлдебіреу бидғатшыны ол өзінің бидғатына шақыратындығы және өтірікті тарататындығы себепті жақсы көреді. Сондықтан да кәпірлердің ғалымдары мен бидғатты ұстанушылар өздерінің ұстанатын нәрселері өтірік екенін білсе де, өз ізбасарларына және өзін жақсы көретін (адамдарға) ие болу үшін, бәрібір осы өтірікті таратуға көмектеседі. Олар ақиқатты ұстанушылармен жауласады, оларды жаман кейіпте көрсетеді. Кім Аллаһтың разылығы үшін емес (өзге нәрсе үшін) жақсы көрсе, Аллаһтың разылығы үшін емес (өзге нәрсе үшін) көмектессе, сол Аллаһты жақсы көретіндерді жақсы көрмейді. Егер достарың сені Аллаһтың разылығы үшін емес (өзге нәрсе үшін) жақсы көрсе, онда олар саған дұшпандарыңнан да көбірек зиян келтіреді. Өйткені дұшпандар адамның жақсы көретін дүниелік нәрселерге ие болғанын қаламайды, бірақ оның осыған ие болмауында ол үшін игілік бар. Ал бұл достар, керісінше, оған осы игіліктен айырылып қалуға көмектеседі. Ендеше, бұл қандай достық?! Олар адамда ол сүйетін нәрсесінің қалуын тілейді, өйткені осыны өз мақсаттарында қолдануды көздейді. Аллаһ Тағала былай деді: «Сол уақытта ерілгендер (бастағандар) өздеріне ергендерден бас тартатын және азапты көретін кезде, олардың өзара байланыстары үзіледі» («әл-Бақара» сүресі, 166-аят).
Фудәйл ибн ‘Ийад Ләйстан, ал ол Мужаһидтен, оның былай деп айтқанын жеткізеді: «Бұл аятта Аллаһ үшін болмаған байланыстар туралы айтылады».
Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: “Ал ерушілер: «Әттең! Бізге (дүниеге) қайтар күн болса, олар бізден безгендей, біз де олардан безер едік», - дер. Солайша Аллаһ олардың істеген істерін өздеріне өкініш етіп көрсетеді. Сондай-ақ олар Тозақтан ешқашан шықпайды” («әл-Бақара» сүресі, 167-аят). Аллаһ Тағала оларды қайғырту үшін, амалдарын өздеріне көрсетеді. (Бұл аятта) олардың дүние тіршілігінде Аллаһ үшін емес (өзге нәрсе үшін) істеген амалдары туралы сөз болуда. Мысалы, Аллаһ Тағала үшін болмаған достық, ынтымақтастық және сүйіспеншілік. Ал барлық игілік жалғыз Аллаһ Тағалаға еш нәрсені серік қоспастан құлшылық етуде қамтылған. Әрі Аллаһтан басқа ешкімде күш те, қуат та жоқ” (Қз.: «Мәжму‘ әл-Фатауа», 10/606).
Сондай-ақ шейхул-Ислам ибн Таймийя (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: «Сондықтан да сен әлдебіреуді тек өздерінің әуестігінің себебінен жақсы көретін және жек көретін адамдарды көре аласың. Олар Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және мұсылмандардың алғашқы ұрпақтарынан жеткен ешқандай сенімді (сахих) дәлелдерсіз сүйіспеншілік пен жек көру танытады. Сондықтан да ешкім Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) басқа әлдебір тұлғаны таңдап алып, оны дінге шақыруға қоя алмайды, әрі сондай-ақ тек сол жеке тұлғаның себебімен жақсы көріп және жек көре алмайды. Әрі Аллаһ Тағаланың, Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздері мен осы үммет бірауызды келісімге келген нәрселерден өзге бір нәрселерді үммет үшін орнатуға және содан кейін осы сөздердің себебімен жақсы көруге және жек көруге болмайды. Өздері үшін белгілі бір жеке тұлғаны немесе идеяны таңдап алып, содан кейін соның негізінде үмметті бөлетін бидғатты ұстанушылар ғана осылай істейді. Олар адамдарды осы идея үшін немесе жеке тұлға үшін жақсы көреді және жек көреді. Мысалы, хауариждер Құранның аяттарын өз сенімдерінің негізінде түсініп алып, өздерімен келіспейтіндерді кәпір деп атады. Ал ендеше, тіпті Құранда негізі жоқ әлдебір идеяны ойдан шығарып алып, сол идеяға қайшы келетіндердің барлығын кәпірлер деп атағандар туралы не айтуға болмақ?! Бұл хауариждердің сөздерінен де жаман» (Қз.: «Мәжму‘ әл-Фатауа», 20/164).
Жиырма тоғызыншы ереже:
Достарыңызбен бөлісу: |